40. Мәдени мұра бағдарламасына қатысты өз ойыңызды дәйектеңіз
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы о баста Елбасының тапсырмасымен құрылған. Өте сәтті, тиімді бағдарламалардың бірі. «Мәдени мұра» туралы айтқанда, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды десек артық емес. Осы бағдарламаның арқасында жоғымызды тауып, төрт құбыламызды түгелдеуге күш салдық.
Естеріңізде болса, осыдан он үш жыл бұрын, яғни 2003 жылы мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстанның үлкен мәдени мұрасын, мемлекеттік тілде гуманитарлы білім қорын, тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру, ұлттық әдебиетіміздің жауһарларын жаңғырту үшін бірыңғай жүйе қалыптастыру мақсатында арнайы бағдарлама жасау қажеттігін айтқан еді. Араға бір жыл салып, 2004 жылы бағдарлама жүзеге аса бастады. Әу баста «Мәдени мұра» екі жылға есептелген болатын. Кейін екі кезең бойынша жүзеге асты: 2007 жылдан 2009 жылға дейін алғашқы кезеңі атқарылса, екінші кезеңі 2009 жылдан 2011 жылға дейін жалғасты.
Жобаның басты мақсаты – еліміздің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, зерттеп қана қоймай, оны қайта қалыпқа келтіру және сақтау, тарихи-мәдени дәстүрлерді қайтару, өзге елдерде қалған рухани мұрамызды жинақтау.
«Мәдени мұра» бірнеше бағыт бойынша жүзеге асты:
Біріншіден, ұлттық мәдениетке ерекше маңызы бар тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалыпқа келтіру.
Екіншіден, археологиялық зерттеулер жасау.
Үшіншіден, қазақ халқының мәдени мұрасы саласындағы ғылыми жұмыстарды атқару.
Төртіншіден, ұлттық әдебиет пен жазулар тәжірибесін ортақтастыру. Біз бүгін «Мәдени мұра» бағдарламасының үшінші бағыты бойынша нақты қандай шаралар атқарылды? Аталмыш бағдарлама аясында еліміздің мәдени-рухани саласында қандай ұлттық жаңғырулар болды? Нендей көлемді жұмыстар жасалды? Осы жағына көбірек тоқталғымыз келіп отыр.
Сонымен, «Мәдени мұра» бағдарламасы жүзеге асқан он екі жыл ішінде қазақ тіліндегі толымды гуманитарлық білім беру қоры құрылды. Осы жылдар ішінде 537 кітап бір жарым миллионан астам таралыммен шықты. Ол кітаптардың арасында тарихқа, археологияға, этнографияға, жаңа энциклопедиялық сөздіктерге арналған қаншама туындылар бар. Бағдарлама аясында жүзеге асырылған сәтті жобалардың бірі – «Мәңгілік сарын: қазақтың 1000 күйі мен 1000 әні» болатын. Бұл антологияда ұлттық мәдениет тарихындағы қазақ халық әндерінің тұпнұсқалық орындауларын жинау, даярлау, өңдеу, реставрациялау мен СD-дискілерін шығару бойынша орасан зор еңбек атқарылды.
Одан бөлек, «Қазақфильм» АҚ киностудиясы ұлттық мәдениеттің маңызды тарихи орындары мен мұралары туралы 20 деректі фильм түсірді. Олардың қатарында «Мәдени мұра», «Қорқыт. Күй тарихы», «Номадтардың музыкалық мұрасы», «Ежелгі Түркістан сәулет ескерткіштері», «Жүсіп ата кесенесі», «Тамғалы петроглифтері» сияқты деректі дүниелер бар.
Бағдарлама аясында жарық көрген кітаптардың арасында «Бабалар сөзі» де бар. Бұдан бөлек, «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Қазақ музыкасының антологиясы», «Қазақ өнерінің тарихы», «Әдеби жәдігерлер», «Әлемдік фольклор» және тағы басқа томдықтар жарық көрді.
Қазақтың философиялық мұрасы өте бай. Оны «Қазақ халқының ежелгі заманнан қазіргі кезге дейінгі философиялық мұрасынан» табуға болады. Қорқыт ата сөздерінен бастап Абай мен Шәкәрімнің көзқарастарымен жалғасып жатқан Ұлы дала ойшылдарының философиялық ілімі мәдениетіміздің алтын қазынасы болып саналады.
Достарыңызбен бөлісу: |