7.Мәдениет және өркениет терминдеріне салыстырмалы анықтамалар беріңіз
Мәдениет ұғымын тереңірек түсіну үшін, оған мағыналық жақындығы бар кейбір басқа ұғымдармен арақатынасын қарастырайық. Осы сипатта біздің ойымызға түсетін бірінші ұғым – өркениет.
Күнделікті өмірде мәдениет пен өркениетті бір ұғым деп түсініп, бірінің орнына бірін қолданып жүрміз. Шындығына келгенде екеуінде жақындық болғанымен бір ұғым емес, сондықтан да оларды синоним ретінде қолданбай өз орнында пайдалану керек. Мәселен мына тіркестерді алып қарайық. Өркениетті мемлекет деп айтамыз. Мәдениетті мемлекет деп айтпаймыз. «Мәдени мұра» деп айтамыз. Ал «өркениетті мұра» деп айтпаймыз. «Мәдениетсіз адам» дейміз, ал «мәдениетсіз мемлекет» деп қолданбаймыз. «Өркениетті ұлт» дейміз, ал «мәдениетті ұлт» деп айта қоймаймыз. Мұның мәнісі – өркениет пен мәдениет әрдайым бірдей мағынаны білдірмейді.
Өркениет, яғни цивилизация, семантикалық жағынан алғанда латын тілінің «civilis» сөзі «азаматтық» дегенді білдіреді. Римдіктер бұл ұғымды «варварлықтар» деп өздері атаған басқа халықтар мен мемлекеттерден айырмашылықтарын көрсету мақсатында қолданған. Яғни, «өркениет» олардың түсініктері бойынша, азаматтық қоғамы, қалалық мәдениеті, заңға негізделген басқару тәртібі бар Рим империясының даму дәрежесін білдіреді.
Ал, шығыстық, нақтырақ алар болсақ, араб-мұсылмандық мәдени аймақта басым көзқарастар бойынша, арабтың «тамаддун» деген сөзі өркениет деген мағынаны білдірген. Ал сол сөздің этимологиялық тамыры «мадина» – қала деген сөзден шығып жатыр. Сол дериват түбірден құралған тамаддун – «қалалық болу, қалада жиналу» деген мағынаны беретін болған. Қарап отырсақ, араб-мұсылман дискурсивтілігінде мәдениет (маданият) пен өркениет (немесе “тамаддунның”) бір түбір сөзден таралып, бір негізгі құндылықты – қалалық өмір құндылығын паш етеді екен. Сондықтан болар, кейбір ғалымдар бұл сөздің лексикалық мағынасына мән беріп, өркениетті материалдық даму аясындағы мән-мағына тұрғысында түсіндіреді. Демек, өркениеттің негізгі белгілеріне олар көбінде материалдық жетістіктерді – қалалар, қатынас жолдарын, керемет зәулім сарайлар мен ғимараттардың салынуын жатқызады.
Өркениет ұғымы алғашқы қауымдық қоғамның орнына келген тарихи кезеңге қатысты қолданылатындығы да белгілі. Л. Морган мен Ф. Энгельстің (ХІХ ғ.) өркениетті тағылық пен варварлықтан соң келген, қоғамдық құрылыстың реттелуімен сипатталатын, сондықтан да «жоғары» сапалы қоғамның даму сатысы деп қарастыруы кездейсоқ емес. Мәдениет пен өркениет арақатынасы (бұл арақатынастың рефлексиясы емес, арақатынастың өзі) алғаш рет мәдениетті – адамның индивидуалдық-тұлғалық шығармашылық потенциалымен, ал өркениетті – азаматтық қоғамның тарихи процессімен байланыстыра бастаған Қайта Өрлеу кезеңінен көрініс тапты.
Неміс оқымыстысы О.Шпенглер болса, өркениетті мәдениеттің құлдырауынан туындайтын құбылыс ретінде қарастырады, яғни өркениет адамзат мәдениетінің жаңару, жетілу нәтижесі емес, белгілі мәдениеттің ішкі мүмкіндіктерін сарқып, одан әрі даму деңгейі шектеліп, күйреуге бет алып, жаңа өркениетке жол салуы болып табылады деген тұжырым жасайды. Әрине, өркениетті бұлай түсіну дұрыс емес.
Өркениеттің шығу тегін, әрі оны классификациялауды жан-жақты қарастырған ағылшын тарихшысы Арнольд Тойнбидің он екі томдық еңбегінің ғылми маңызы күшті. Ол өркениетке 21 қоғамды жатқызады.
Ғасырлар бойы қалыптасқан осы екі ұғымның мағыналарын төмендегідей топтастыруға болады:
1.Мәдениет пен өркениет бір, олар синонимдер (И.Гердер, Тайлор).
2.Өркениет мәдениеттің ақыры, оның кәрілік шағы, руханилықтың антикоды. (Ж.Ж.Руссо, Ш.Фурье,О.Шпенглер).
3.Өркениет – мәдениеттің прогресі, болашаққа бой сермеуі, қоғамның парасаттылық деңгейі (Ф.Вольтер, Д.Белл).
4.Өркениет – тағылық пен варварлықтан кейінгі тарихи-мәдени саты (Л.Морган).
5.Өркениет – этностар мен мемлекеттерге тән мәдениеттің оқшау түрі(А.Тойнби, Н.Я.Данилевский және т.б).
6.Өркениет мәдениеттің техникалық даму деңгейі, оның материалдық жағы.
Бұдан көретініміз, мәдениет пен өркениет бір-біріне байланысты ұғымдар екен. Мәдениеттанушы Г.Чайлдтың пікірінше, өркениетке еңбектің қоғамдық жолмен бөлінуі, қалалардың пайда болуы, жазбаша мәдениеттің дамуы, қолөнер мен сауданың өркендеуі, азаматтық қоғам мен мемлекеттің орнауы жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |