8.Әдеби дәстүр және жаңашылдық
Дәстүр мен жаңашылдық - әдебиет пен өнердің даму барысында сабақтастық пен жаңғыртуды, мұрагерлік пен қайта жасауды, бұрынғы мен соңғының байланысын білдіретін ұғым. Дәстүрге ғасырлар бойы қалыптасып, сұрыпталған әдет-ғұрыптар, жол-жобалар көзқарас түсініктер жатады.
Жаңашылдық - өткен өмірдің, кешегі күннің тәжірибесі мен жемістерінің ішінде мән-мағынасы бай, дәрежесі жоғары заман талабына жауап беретін, бұрынғы-соңғының шеңберінен шығып, болашаққа кең жол ашатын аса маңызды ізденіс-әрекеттер. Ол жалпы өркениеттің дамуына әсер етеді, осы жолда туып, орнығады. Дәстүр мен жаңашылдық - диалектикалық бірлестікте болып, ескі мен жаңаны жалғастырады, тарихпен бірге дамиды, өндірістің базисі ретінде өзгеріске ұшырап отырады. Дәстүр мен жаңашылдық арасындағы заңды байланыс - материалдық және рухани мәдениеттің, өндіріс пен техниканың, философия мен әдебиеттің, өнердің барлығына тән. Жаңашылдық - әрқашан асқан шеберлік пен зор таланттың нәтижесі, ол әдебиет пен өнердің өрісін кеңейте түседі. Дәстүр мен жаңашылдық әдебиетте, өнерде ұлттық ерекшелікті сақтай отырып, жаңа заманның талап-тілегіне сай келу қағидасын қажет етеді. Тұрмыстың, қоғамдық тіршіліктің өзгеруіне, адамның өмір танудағы жаңа ұғым-түсініктеріне байланысты әдебиетте мазмұн мен түр жағынан жаңашыл шығармалар туады. Бұл тұрғыда кейбір дәстүрлік әдіс-тәсілдер сақталумен қатар жаңаша суреттеу, бейнелеу, сөз қолдану амалдары пайда болады. Әсіресе жаңа өзгерістер мен құбылыстарды аңғаратын соны бейнелеу құралдары жасалады. Бұл - әдебиеттегі жаңашылдықтың белгісі. Дәстүр мен жаңашылдық тек түрді, сыртқы өзгерістерді білдірумен қатар, ішкі мазмұнды, мағынаны білдіреді, түр мен мазмұнды бірдей қамтып, шығарманың идеялық-көркемдік немесе ұлттық сипатын жаңа сатыда елестетеді. Енген жаңалық әдебиетке сіңіп, дәстүрге айналып кетуі мүмкін.
Қазақ поэзиясына Абай Құнанбайұлы енгізген жаңашыл үлкен дәстүр болып қалыптасты. Абай қазақ поэзиясын әсіре шешендікпен, әсіре бояудан құтқарып, терең ойлылықты арттырды. Ол ақын орнын, оның қоғамдық, әлеуметтік мәнін танып, көркем сөзді жоғары сатыға көтерді, ауыз әдебиетінің дәстүрінде келе жатқан поэзияны түрлендірін, жаңа арнаға салады. Мысалы, "Көлеңке басын үзартып" өлеңінде; "Адасқан күшік секілді, ұлып жұртқа қайтқан ой" дегенде тынымсыз, мазасыз ойды, жабырқау көңілдің суретін "адасқан күшікке" балайды.
С.Сейфуллин қазақ әдебиетіне, соның ішінде поэзияға жаңа леп, жаңа серпін әкелді. Қоғамдағы тың өзгерістерді экспресс түрінде суреттеді ("Экспресс"). С. Мұқанов поэзиясы ("Бостандық") өлең түрі жағынан ескіше болғанмен, идеялық мазмұны, тілек-мақсаты жағынан жаңа. М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов өз шығармаларында шешендік дәстүрді шебер пайдалана отырып, үлкен жаңалық әкелді.
Күллі советтік шығыс халықтарының әдебиеттері іспетті, қазақ совет әдебиеті де Октябрьдің қолтума бел баласы. Оның даму заңдылықтары да біздің халықтарымыздың социализмге, ал қазіргі кезеңде коммунизмге қарай алға басқан қозғалысымен тарихи шартты байланыста.
Қазақ совет әдебиеті жарыса аққан арналы қос бұлақтан: ауыз әдебиеті мен жазба профессионал әдебиеттен өмірлік нәр алып келді. Осынау қос бұлақ қосыла ағып, қазақ әдебиетінде әлі де жұптаса өркенін жайып келеді. Олардың даму, дәйектелу сапарының ең бір өзгеше сипаты — бір-бірімен қанаттаса қимылдап, бірін-бірі молықтырып, байытып отыруында. Бұл кездейсоқ құбылыс деуге бола ма? Жоқ, ол заңды құбылыс. Қазақ фольклорының ең асыл дәстүрлері — кең арналы эпикалық толғанысқа, халықтың қаһарман тұлғасын бейнелеуге ұмтылу, поэтикалық шебер тіл — осының бәр-бәрі арғы атасы ұлы ақын Абай Құнанбаев бастаған классикалық қазақ әдебиетіне игі әсерін игізбей қоймады.
Қазақ фольклорының тамаша білгіші Абай халықтық қара өлеңнің әдеттегі формаларын бұзып, ана тілінің күллі асыл қазынасын өз творчествосына сіңіре білді. Ол дүниежүзінің, ең алдымен орыстың классикалық әдебиетін терең зерттеу нәтижесінде қазақ поэзиясында бұрын болып көрмеген, соны формалар тудырып, жаңашылдыққа жол салды. Гүл жарған жазба поэзия өте-мөте совет дәуірінде ауыз әдебиетінің өрби өсуіне айрықша күшті әсер етті; халықтың жыр дәстүрлерін тал бойына таза сақтаған Жамбыл Жабаевтың құдіретті дарыны осыған айғақ.
Орыс әдебиетінің осынау кәусар бұлағы мен творчестволық ықпалы қазақ совет әдебиетін реалистік көркем өнердің даңғыл жолына жеткізді. СССР халықтарының көп ұлтты әдебиетінің бір жасағы — қазақ әдебиетінің де өзіндік ұлттық стилі туып қалыптасты. Қазақ совет әдебиеті қаз басқан тұңғыш қадамынан ересек шаққа жеткенше қиыр-қиыр жолдан өтті. Ұлтшыл жазушылармен идеялық творчестволық күрес, жоғары көркемдік шеберлікті игеру, социалистік реализм әдісін ойға тоқу, әдебиетті жаңа жанрлармен молықтыру және өткен дәуірдің мәдени мұраларын іріктеп игеру — қазақтың советтік жас әдебиетінің алдында тұрған міндеттері осындай еді.
Әдебиет пен көркем өнердегі ұлттық дәстүрлер ұрпақтың дүниені көркем оймен тану жолындағы озат тәжірибелерінен жасалғаны мәлім. Дәстүр — болмысты көркем образға айналдырудың ғасырлар бойы машықталған тәсілдерінен және айналамызды қоршаған қоғамдық орта мен табиғатты ой таразысына сала отырып бейнелеудің ұрпақтардан ұрпақтарға мирас боп келе жатқан қағидаларынан құралады. Дәстүр тұлғасы — тарих талқысынан өткен, халықтың ой-сезіміне етене болған, халықтың эстетикалық талғамына төтеп бере алатын бейнелеу нақыштары мен күллі ұлттық тіл байлығы арқылы айқын көрінеді.
Ұлттық дәстүрлер көркемдік шеберліктің халықтар жинаған мол қазынасын ғасырдан ғасырға әкеп тапсыратын эстафета іспетті. Бірақ олар ұлттық әдебиеттердің өзара қарым-қатынасының, өзара игі ықпалының нәтижелерін міндетті түрде қамтиды. Сонымен қатар, қоғамдық өзгерістердің және халықтың ұлттық характері дамуының нәтижесінде, ұлттық дәстүрлердің кейбір элементтері күн асқан сайын құри береді. Көне заман творчествосына тән діни мифологиялық образдар мен метафорлар, немесе кейбір ежелгі ақындардың бипаздалған бал көмейлігі мен лұғатты сәуегейлігі – қазір бағзы архаика ғана. Дәстүрлер шебер суреткерлердің жаңашылдық ізденуі арқасында толысып, түрленіп отырады. Жаңа дәстүрлер туады.
Достарыңызбен бөлісу: |