Кең көлемді эпикалық түрде жазылған шығармаларда адам мен қоғам тіршілігі мейлінше кең қамтылып, алуан даму кезеңдерімен тұтас жүйеленіп, толассыз қимыл-қозғалыс қалпында жан-жақты жинақталады. Роман– композициялық құрылымы күрделі, уақыт жағынан тұтас бір кезеңді қамтитын, қоғам, адам өмірін жан-жақты, қырынан, терең қамтып, саралайтын ең үлкен эпостық жанр.
7.Лирикалық тек, түрлері
Лирика (грекше lyra – ежелгі гректер үніне қосылып ән салған музыка аспабы) – әдебиеттің Аристотель заманынан бері келе жатқан дәстүрлі үш тегінің бері, шындықты адамның ішкі көңіл-күйіне бөлеп, ойы мен сезіміне астастыра суреттейтін терең психологиялық шығармалардың түрі.
Лирикалық шығарма көлемі жағынан эпосқа қарағанда әлдеқайда ықшам. Сюжетке де көп бара бермейді. Оқиғадан гөрі отты сезім басымдау, барлық сюжет сол сезім маңына, бас-аяғы тұжырымды бірер философиялық ой маңына жинақталады. Лириканың бас қаһарманы – ақынның өзі. Лириканы жалпы поэзияның басқа түрлерінен ажыратып алып, жеке-дара қарау жемісті бола бермейді. Өйткені эпостық шығармаларда лирикалық нәзік сезімдер, көтеріңкі пафос, сондай-ақ лирикалық шығармаларда эпостың элементтері кездесе береді. Сондықтан, лириканы жалаң тексеріп, түр- түрге болудің өзі – шартты нәрсе.
Баллада (итальянша ballare – билеу) – орта ғасырда роман (француз, испан, итальян) елдерінің поэзиясында туып қалыптасқан лириканың ерекше түрі, лиро-эпостық сипаттағы, шағын сюжетті өлең. Балладада ақын өзінің көңіл-күйін, толғанысын жырлап қана тыңбайды, сол сезімді туғызған себептерді оқиғаға айналдыра суреттеп көрсетеді.
Идиллия (грекше eidyllion – суреттеу, сурет) – лириканың антик әдебиетінде көп тараған түрлерінің бірі, әлдебір парықсыздау салтанат, қаракетсіз қызық, уайым-қайғысыз қызғылт өмір туралы жыр.
Мадригал (madrigal – малшы сазы) – ХІҮ ғ. француз әдебиетінде идиллияны ауыстырған түр. Мадригал басында рақат тіршілікті адақтайтын өлең болды, кейін әйелдерге арналған альбомдық сипатқа көшті. Мадригалды орыс әдебиетінде Карамзин, Батюшков жазды.
Ода (грекше ode – ән) – есімі елге тараған жеке адамдарды не батырларды мадақтаған, ел ішіндегі елеулі оқиғаларды дәріптеген аса көтеріңкі, көңілді жыр. Мұндай мақтау жырлар Жәңгір ханның сарай ақыны Байтоқта бар.
Сонет «итальянша sonetto, sonare – сылдырлау, сыңғырлау) арнаулы өлшеммен, әр түрлі тақырыпқа жазылатын сыршыл өлең. ХІІІ ғ. Сицилияда туған. Данте, Петрарка көп жазған. Кейін Батыс Еуропаның басқа елдеріне кең тараған. Классикалық үлгілерін Шекспир жасаған.
Лириканың басқа да түрлері:
Арнау – кейде арнайы шарықтау, кейде көлемді лиро-эпикалық шығармаға беташар, кейде жеке адамдарға бағыштау түрінде жазылған өлең.
Ой – әр тақырыпта туған әр алуан философиялық толғау.
Канцонетта – бұрынғының серілік сезімдерін мадақтайтын көне әуен.
Романс – жалт еткен бір жақсы сезімді, көбінесе сүюді жырлау.
Пастораль – мадригал тәрізді малшы сазының бір түрі.
Элегия – бір мұң, бір сыр аралас назды сарын.
Эпиталама – жаңа қосылған жас жұбайлардың жарастығын құттықтайтын көне өлең.
Эпитафия – дүниеден кеткен қадірлі кісі жайлы жоқтау.
Эпиграмма – жеке біреулерді мінеп, мысқылдайтын сықақ өлең.
Достарыңызбен бөлісу: |