102-бап. Сыртқы сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган және оның жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау саласындағы құзыреті
1. Сыртқы сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган сыртқы сауда қызметін реттеу саласындағы басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган болып табылады.
2. Сыртқы сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган:
1) арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану мәселелері бойынша тергеп-тексеру жүргізетін органмен өзара іс-қимыл жасайды;
2) тергеп-тексеру жүргізетін органға арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану алдындағы тергеп-тексерулерге бастама жасау жөнінде ұсыныстар енгізеді;
3) арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының жұмысын үйлестіреді;
4) арнайы қорғау, демпингке қарсы немесе өтемақы шараларын қолдану туралы ұсыныстарды қалыптастырады және Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарымен келіседі;
5) арнайы қорғау, демпингке қарсы немесе өтемақы шараларын қолдану мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілер әзірлейді;
6) басқа елдердің ресми органдарымен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
103-бап. Өзге де мемлекеттік органдардың индустриялық-инновациялық қызметті қолдау саласындағы құзыреті
Мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде индустриялық-инновациялық қызметті қолдау саласында:
1) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысады;
1-1) құзыреті шегінде шикізаттық емес экспортты ілгерілетуді жүзеге асырады;
2) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға экономиканың басым секторларын айқындау жөнінде ұсыныстар енгізеді;
3) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шараларының іске асырылуы туралы ақпарат береді;
3-1) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға шикізаттық емес экспортты ілгерілету жөнінде ақпарат береді;
3-2) Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін ескере отырып, өз құзыреті шегінде шикізаттық емес экспортты ілгерілету жөніндегі шараларды әзірлейді;
3-3) өз құзыреті шеңберінде мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы мен орындалуын қамтамасыз етеді және оған жауапты болады;
4) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға инновациялық гранттар берудің басым бағыттарын айқындау жөнінде ұсыныстар береді;
5) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Ескерту. 103-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
104-бап. Өзге де мемлекеттік органдардың жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау саласындағы құзыреті
Мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау cаласында:
1) жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысады;
2) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
105-бап. Жергілікті атқарушы органдардың жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және дамыту саласындағы құзыреті
1. Қазақстан Республикасының жергiлiктi атқарушы органдары:
1) жеке кәсiпкерлiктi қолдау мен дамытудың мемлекеттiк саясатының iске асырылуын жүзеге асырады;
2) жеке кәсiпкерлiктi дамыту үшiн жағдайлар жасайды;
3) өңірлерде мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы мен орындалуын қамтамасыз етеді және соған жауапты болады;
4) өңiрде шағын және орта кәсiпкерлiк пен инновациялық қызметтi қолдау инфрақұрылымы объектiлерiн құру мен дамытуды қамтамасыз етедi;
5) жергiлiктi атқарушы органдардың жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнің бiрлестiктерiмен, Ұлттық палатамен және нарықтық инфрақұрылым объектілерімен өзара қарым-қатынастарын дамыту стратегиясын айқындайды;
6) сараптама кеңестерінiң қызметiн ұйымдастырады;
7) жергілікті деңгейде жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдауды қамтамасыз етеді;
8) шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерi үшiн мамандар мен персоналды оқытуды, даярлауды, қайта даярлауды және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастырады;
8-1) құзыреті шегінде шикізаттық емес экспортты ілгерілетуді жүзеге асырады;
8-2) құзыреті шегінде шикізаттық емес экспортты дамыту үшін жағдайлар жасайды;
9) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары:
1) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты тиісті аумақта қалыптастыруға және іске асыруға қатысады;
2) өңірлік кәсіпкерлер палаталарының қатысуымен өңірлерде кәсіпкерлікті қолдау карталарын әзірлейді және бекітеді;
3) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауды жүзеге асыратын индустриялық-инновациялық инфрақұрылым элементтеріне, индустриялық-инновациялық жүйе субъектілеріне әдістемелік, консультациялық, практикалық және өзге де көмек көрсетуге құқылы;
4) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға экономиканың басым секторларын айқындау жөнінде ұсыныстар енгізеді;
5) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбеге сәйкес, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нысан бойынша және мерзімдерде ұйымдардың сатып алуындағы жергілікті қамту жөнінде ақпарат жинауды, талдауды жүзеге асырады және оны индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға береді;
6) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шараларының іске асырылуы туралы ақпарат береді;
7) негізгі қызметі инновацияларды дамытуға бағытталған заңды тұлғаларды құруға және (немесе) олардың жарғылық капиталына қатысуға құқылы;
8) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Ескерту. 105-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
3-БӨЛІМ. КӘСІПКЕРЛІКТІ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУДІҢ НЫСАНДАРЫ МЕН ҚҰРАЛДАРЫ
9-тарау. РҰҚСАТТАР ЖӘНЕ ХАБАРЛАМАЛАР
106-бап. Рұқсаттар және хабарламалар саласындағы мемлекеттік реттеу
Рұқсаттар және хабарламалар саласындағы мемлекеттік реттеу осы Кодекске және "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кәсіпкерлік субъектілерінің жекелеген қызмет түрлерін немесе әрекеттерді жүзеге асыруының рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін енгізу болып табылады.
107-бап. Реттелетін қызметтің немесе әрекеттердің (операциялардың) қауіптілік деңгейлері
1. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі алда жүзеге асырылатын қызметтің немесе әрекеттердің (операциялардың) қауіптілік деңгейіне қарай енгізіледі және мынадай деңгейлерге бөлінеді:
1) бірінші санаттағы рұқсаттар – қауіптіліктің жоғары деңгейіне байланысты қызмет түрлеріне (кіші түрлеріне) немесе әрекеттерге (операцияларға) қатысты енгізілетін лицензиялар;
2) екінші санаттағы рұқсаттар – лицензиялар болып табылмайтын, қауіптіліктің орташа деңгейіне байланысты қызмет түрлеріне (кіші түрлеріне) немесе әрекеттерге (операцияларға) қатысты енгізілетін барлық рұқсаттар;
3) хабарламалар қауіптіліктің төмен деңгейіне байланысты, бірақ мемлекеттік органдардың осындай қызметтің немесе осындай әрекеттердің басталғандығы немесе тоқтатылғандығы туралы ақпарат алуын талап ететін қызмет түрлеріне немесе әрекеттерге қатысты енгізіледі.
2. Қызметтің немесе әрекеттердің (операциялардың) қауіптілік деңгейлері осы Кодекстің 83-бабына сәйкес жүргізілетін реттеушілік әсерді талдау негізінде белгіленеді.
Ескерту. 107-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
108-бап. Рұқсат беру және хабарлама жасау тәртібі
1. Кәсіпкерлік субъектілерінің жекелеген қызмет түрлерін немесе әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыруды бастау және кейіннен жүзеге асыру үшін жарамды рұқсаты болуға немесе "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен хабарламалар қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға хабарлама жіберуге міндетті.
Лицензиясы бар кәсіпкерлік субъектісі лицензиат деп танылады.
Екінші санаттағы жарамды рұқсаты бар кәсіпкерлік субъектісі екінші санаттағы рұқсатты иеленуші болып табылады.
2. Кәсіпкерлік субъектілерінің "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі белгіленген қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) тиісті рұқсатты алмай немесе тиісті хабарламаны жібермей жүзеге асыруына жол берілмейді.
"Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі белгіленген қызметті немесе әрекетті (операцияны) жүзеге асыру басталғанға дейін кәсіпкерлік субъектілері рұқсатты алуға және ол жарамды болуға тиіс, ал хабарламаны кәсіпкерлік субъектісі жіберуге тиіс.
3. "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін белгілеу адамдардың өмірі мен денсаулығын, қоршаған ортаны, меншікті қорғау, ұлттық қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында қызметтің немесе әрекеттің (операцияның) қауіптілік деңгейіне қарай жүргізіледі.
4. Рұқсаттардың және хабарламалардың түпкілікті тізбесі "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделеді.
5. Рұқсаттарға, сондай-ақ оларға қосымшаларға қатысты беру, ұзарту, қайта ресімдеу, жаңарту және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да әрекеттерді жүзеге асыру мемлекеттік көрсетілетін қызметтер болып табылады және "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қайшы келмейтін бөлігінде "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
109-бап. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін енгізу және оның күшін жою тәртібі
1. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі тиісті рұқсатты немесе хабарламаны "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына 1, 2 және 3-қосымшаларда көзделген рұқсаттар немесе хабарламалар тізбелеріне енгізу арқылы ғана енгізіледі.
2. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін енгізу үшін реттеуші мемлекеттік органдар осы Кодекстің 83-бабына сәйкес реттеушілік әсерді талдау рәсімін алдын ала жүргізуге тиіс.
3. Бұрын рұқсат беру тәртібіне жатқызылмаған қызметке немесе әрекетке (операцияға) қатысты рұқсат беру тәртібі енгізілген кезде рұқсат алу міндеті қызметті немесе әрекетті (операцияны) жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектісінде рұқсат алу тәртібін регламенттейтін және (немесе) рұқсат алу үшін міндетті талаптарды белгілейтін нормативтік құқықтық акт қолданысқа енгізілген күннен бастап туындайды.
4. Рұқсат алу тәртібін регламенттейтін, рұқсат беру немесе біліктілік талаптарын және (немесе) өтініш берушілердің осындай талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар тізбесін бекітетін нормативтік құқықтық актілер алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткенге дейін қолданысқа енгізілмейді.
Бұрын рұқсат беру тәртібіне жатқызылмаған қызметке немесе әрекеттерге (операцияларға) қатысты рұқсат беру тәртібі енгізілген жағдайда, өтініш берушілер рұқсат алу тәртібін регламенттейтін, рұқсат беру немесе біліктілік талаптарын және (немесе) өтініш берушілердің осындай талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар тізбесін бекітетін нормативтік құқықтық актілер қолданысқа енгізілгенге дейін, бірақ көрсетілген актілер қолданысқа енгізілгенге дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей рұқсат алуға өтініш беруге құқылы.
Бұл ретте осы тармақтың екінші бөлігіне сәйкес берілген өтініштер бойынша рұқсаттар беруді немесе оларды беруден уәжді бас тартуды рұқсат беру органдары осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген нормативтік құқықтық актілер қолданысқа енгізілгеннен кейін оларды беру үшін белгіленген мерзімдерде және тәртіппен жүзеге асыруға тиіс.
5. "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларды қоспағанда, осы баптың 4-тармағына сәйкес рұқсат алуға өтініш берген өтініш берушілер рұқсат берілгенге дейін немесе оны беруден уәжді түрде бас тартылғанға дейін рұқсат беру тәртібі енгізілген қызметті немесе әрекетті (операцияны) рұқсаты болмай-ақ жүзеге асыруға құқылы.
6. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібінің күшін жою "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына 1, 2 және 3-қосымшаларда көзделген рұқсаттар және хабарламалар тізбелерінен рұқсатты немесе хабарламаны алып тастау арқылы жүзеге асырылады және кәсіпкерлік субъектісінің қызметті немесе әрекетті (операцияны) рұқсаты болмай немесе хабарлама жібермей жүзеге асыру құқығына әкеп соғады.
Ескерту. 109-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
110-бап. Өтініш берушілер. Өтініш берушілердің құқықтары
1. Лицензиялаудан немесе рұқсат беру рәсімінен өту үшін тиісті рұқсат беру органына жүгінген немесе хабарлама жіберген мынадай кәсіпкерлік субъектілері өтініш берушілер бола алады:
дара кәсіпкер;
заңды тұлға;
заңды тұлғаның филиалы немесе өкілдігі;
лицензиат;
екінші санаттағы рұқсатты иеленуші.
2. Өтініш берушілердің:
1) рұқсаттар және хабарламалар туралы толық және анық ақпарат алуға;
РҚАО-ның ескертпесі!
2) тармақшаның қолданысқа енгізілу тәртібін ҚР 29.10.2015 N 375-V Кодексінің 324-бабының 6-тармағынан қараңыз.
2) рұқсат беру органдарының және хабарламалар қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және (немесе) олардың лауазымды адамдарының, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының және (немесе) олардың жұмыскерлерінің лицензиялауды және рұқсат беру рәсімдерін немесе хабарламалар қабылдауды жүзеге асыру мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға;
3) "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабының ережелерін ескере отырып, рұқсатты және (немесе) оған қосымшаны алу немесе хабарлама жіберу үшін өтініштің электрондық немесе қағаз нысанын таңдауға, сондай-ақ берілетін рұқсаттың және (немесе) оған қосымшаның электрондық немесе қағаз нысанын таңдауға құқығы бар.
3. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, оралмандар және шетелдік заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен тең дәрежеде рұқсаттар алады және хабарламалар жібереді.
111-бап. Рұқсат беру органдарының құқықтары мен міндеттері
1. Екінші санаттағы рұқсаттарды беруге уәкілеттік берілген лиензиарлар мен органдар рұқсат беру органдары болып табылады.
2. Рұқсат беру органдарының өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдарға лицензиялауды немесе рұқсат беру рәсімін жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратқа, оның ішінде ақпараттық жүйелер арқылы сұрау салумен жүгінуге құқығы бар.
3. Рұқсат беру органдары:
1) осы Кодекске және "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес лицензиялауды және рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыруға;
2) мүмкіндігі шектеулі адамдардың рұқсаттар алуы кезінде олар үшін қажетті жағдайлар жасауға;
3) лицензиялау, рұқсат беру рәсімдері, бұл үшін талап етілетін құжаттар тізбесі және осындай құжаттарды алу және ресімдеу тәртібі туралы толық және анық ақпаратты қолжетімді нысанда беруге;
РҚАО-ның ескертпесі!
4) тармақшаның қолданысқа енгізілу тәртібін ҚР 29.10.2015 N 375-V Кодексінің 324-бабының 7-тармағынан қараңыз.
4) мемлекеттік органдарға және "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына лицензиялауды және рұқсат беру рәсімдерін, оның ішінде ақпараттық жүйелер арқылы жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды және (немесе) ақпаратты беруге;
5) өтініш берушілердің, лицензиаттардың және екінші санаттағы рұқсаттарды иеленушілердің бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған шаралар қолдануға;
6) рұқсаттар беру үшін қажетті мәліметтерді қамтитын ақпараттық жүйелердің іркіліссіз жұмыс істеуін және толықтырылып отыруын өз құзыреті шегінде қамтамасыз етуге;
7) Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, өтініш берушілердің, лицензиаттардың және екінші санаттағы рұқсаттарды иеленушілердің рұқсаттар беру кезінде ақпараттық жүйелерде қамтылған, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын, қолжетімділігі шектеулі дербес деректерді пайдалануға жазбаша келісімін алуға, оның ішінде электрондық құжат нысанында алуға міндетті.
112-бап. Лицензиялауды, рұқсат беру рәсімдерін және хабарламаларды электрондық нысанда жүзеге асыру
1. Лицензиялау және хабарламалар жіберу рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімі пайдаланыла отырып, электрондық нысанда жүзеге асырылады.
Рұқсат беру рәсімдері рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімі пайдаланыла отырып, "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 52-бабы 3-тармағының ережелері ескеріле отырып, электрондық нысанда жүзеге асырылады.
2. Өтініш беру, рұқсаттар және (немесе) рұқсатқа қосымшалар беру тәртібі "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
3. Рұқсат беру органдары рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін тұрақты негізде жүргізеді.
Хабарламалар бойынша рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, хабарламалар қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар жүргізеді.
РҚАО-ның ескертпесі!
3-бөлімді 9-1-тараумен толықтыру көзделген - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).
10-тарау. ТЕХНИКАЛЫҚ РЕТТЕУ
113-бап. Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік реттеу
Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік реттеу осы Кодекске және Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес өнімге, көрсетілетін қызметке, процестерге, сәйкестікті растауға, аккредиттеуге, бақылауға қойылатын міндетті талаптарды айқындау, белгілеу, қолдану және орындау болып табылады.
114-бап. Техникалық реттеу объектілері
Өнім, көрсетілетін қызмет, процестер техникалық реттеу объектілері болып табылады.
115-бап. Техникалық реттеу субъектілері
Мемлекеттік органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында қызметті жүзеге асыратын және техникалық реттеу объектілеріне қатысты Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес пайдалану құқығын иеленетін жеке және заңды тұлғалар техникалық реттеу субъектілері болып табылады.
11-тарау. БАҒАЛАР МЕН ТАРИФТЕРДІ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
116-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің бағалары мен тарифтерін мемлекеттік реттеу
1. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағалар мен тарифтерді кәсіпкерлік субъектілері дербес айқындайды.
2. Мемлекет Қазақстан Республикасында ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті сақтауды, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығын қамтамасыз ету мақсатында бағалар мен тарифтерді реттеуді белгілейді.
3. Мемлекет кәсіпкерлік субъектілерінің мынадай тауарларына, жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне:
1) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына;
2) табиғи монополия саласындағы тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге;
3) мемлекеттік монополия субъектілері өндіретін және өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге;
4) мемлекеттік бағалық реттеу енгізілген тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге);
5) трансферттік баға белгілеу кезінде туындайтын, халықаралық іскерлік операциялардағы және халықаралық іскерлік операцияларға байланысты мәмілелердегі тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге;
6) бағаларды мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдерін бөлшек сауда арқылы өткізуге;
7) арақтарға және айрықша арақтарға, күштілігі жоғары ликер-арақ бұйымдарына ең төмен бағаларды белгілеуге;
8) фильтрлі, фильтрсіз сигареттерге және папиростарға ең төмен бөлшек сауда бағаларын белгілеуге;
9) туындаған проблемаларды бәсекелестік жай-күйі үшін теріс салдары аз тәсілмен шешу мүмкін болмаған жағдайда, табиғи монополия жағдайындағы емес тауар нарықтарында белгілі бір жағдайларда, оның ішінде төтенше жағдайлар, дүлей зілзалалар, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету кезінде;
10) Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын және Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде электрондық сауда алаңдарынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бағаларын бекітуге;
11) мемлекеттің артықшылық құқығы шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын шикі және тауарлық газдың бағасын бекітуге;
12) энергия өндіруші ұйымдардың тарифтерін бекітуге;
13) субсидияланатын көрсетілетін қызметтерге;
14) қоғамдық маңызы бар нарықтарда бағалар мен тарифтерді реттейді.
Ескерту. 116-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.03.2016 № 479-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 09.04.2016 № 499-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.12.2016 № 34-VI (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.12.2017 № 122-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 04.07.2018 № 173-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
117-бап. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға белгілеу
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін бекітеді.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті мәндерін, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етiлетін шекті бөлшек сауда бағаларының мөлшерін жергілікті атқарушы органдар бекітеді.
Бағалардың негiзсiз өсуiне жол бермеу, инфляцияны рұқсат етiлген шектерде ұстау және елде макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында белгiленетiн, бөлшек сауда бағаларының рұқсат етiлген деңгейi сауда қызметiнiң субъектiсi әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына бөлшек сауда бағаларын осы деңгейге дейін айқындауға құқылы әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына бөлшек сауда бағаларының шектi мәнi болып табылады.
Әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына бөлшек сауда бағаларының шектi мәндерi артқан жағдайда, жергілікті атқарушы органдар белгiлейтiн бөлшек сауда бағаларының деңгейi әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына рұқсат етiлген шектi бөлшек сауда бағалары деп танылады.
2. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын беруге шарттар жасасу кезінде шекті сауда үстемесінің мөлшері міндетті түрде белгіленуге тиіс. Осы талапты бұза отырып жасалған мәміле жарамсыз болады.
3. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына бөлшек сауда бағаларының шектi мәндерi артқан жағдайда, жергілікті атқарушы орган сауда қызметі субъектілерімен консультациялар өткізгеннен кейін күнтiзбелiк тоқсан күннен аспайтын мерзiмге облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында оларға рұқсат етiлген шектi бөлшек сауда бағаларының мөлшерiн белгiлеуге құқылы.
Ескерту. 117-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Достарыңызбен бөлісу: |