ӘЖ ажыратылған бір тізбегіндегі әсерден пайда болған кернеу келіп тұрған көп тізбекті ӘЖ жұмыстар
395. ӘЖ қызмет көрсететін персоналдың қолында токтан ажыратылғаннан кейін әсерден пайда болатын кернеу келіп тұратын желілердің тізбесі болуға тиіс, қызметкердің бұл тізбені оқып, әсер мөлшерін білуі керек. ӘЖ әсерден пайда болған кернеудің бар екендігі осы Қағидалардың 2 - қосымшасында көрсетілген нарядтың «Ерекше тапсырмалар» деген жолында жазылады.
396. Ажыратылған ӘЖ және әуе байланыс желісінде әсерден пайда болған кернеу бар жағдайда, электрлік байланыстағы учаскелерді (сымдарды, арқансымдарды) жалғаудың немесе үзудің алдында бұл учаскелердің әлеуетін теңестіріп алу керек. Әлеуетті теңестіру бұл учаскелердің өткізгіші арқылы жалғау жолымен немесе болжалды үзіктің екі жағымен бір жерге тұйықтағышқа (жерге тұйықтағыш құрылғыға) жалғау арқылы жерге тұйықтау жұмысын жүргізу жолымен жүзеге асырылады.
397. Әсерден пайда болған кернеу келіп тұрған ӘЖ тіректен жерге жеткенге дейін төмен түсірілген сымға жанасуға қатысты жұмыстарды жерде тұрып орындағанда, электрден қорғау құралдарын пайдалану қажет немесе ондай жұмыстар өткізгіштердің әлеуетін теңестіру үшін осы сымға жалғастырылған металл алаңда орындалуға тиіс. Жерде немесе металл аланда тұрып электрден қорғау құралдарынсыз жұмыс істеуге сымды тікелей әрбір жанасу орнына жақын маңнан жерге тұйықтағанда ғана рұқсат беріледі.
398. Әсерден пайда болған кернеу келіп тұрған ӘЖ сымдарды құрастыру кезінде пайдаланылатын тартқыш болат арқандар алдымен тартқыш механизмге бекітіледі және әлеуетін теңестіру үшін сымды жерге тұйықтайтын жерге тұйықтағышқа тұйықталады. Осыдан кейін ғана арқанды сымға бекітуге рұқсат етіледі.
399. Сым мен тартқыш арқанды ажырату олардың әрқайсысын ортақ жерге тұйықтағышқа жалғағаннан кейін ажыратуға болады.
400. Әсерден пайда болған кернеу келіп тұрған ӘЖ құрастыру жұмыстарын (сымдарды көтеру, нысаналау, созу, тегістеп жазғыш роликтерден қысқыштарға ауыстырып салу) жүргізген кезде сым - созу жүргізілетін қарнақты тіректе және сым көтерілетін әрбір аралық тіректе жерге қосады.
401. ӘЖ немесе әуе байланыс желісінде электрлік байланыстағы учаскелерді (сымдарды, арқансымдарды) жалғау немесе үзу алдында осы учаскелердің әлеуетін теңестіру қажет. Әлеуеттерді теңестіру осы учаскелердің өткізгіштерін жалғау немесе үзіктің екі жағынан жерге қосу құралдарын бір жерге тұйықтағышқа (тұйықтау құрылғысына) жалғау арқылы жүзеге асырылады.
402. Аралық тіректе жұмысты аяқтағаннан кейін осы тіректегі сымның жерге тұйықтағышты алуға рұқсат етіледі. Аралық тіректе сымға жанасуға байланысты жұмыс жалғастырылған жағдайда, сым сол тіректе қайтадан жерге тұйықталады.
403. Әсерден пайда болған кернеу келіп тұрған ӘЖ сымдарды тегістеп жазғыш роликтерден сүйемелдеуші қысқыштарға ауыстырып салу жұмысын тегістеп жазуға кері бағытта жүргізу қажет. Ауыстырып салудан бұрын, сымдарды соған қарай ауыстырып салу жүргізілетін қарнақты тіректе жерге тұйықталған күйінде қалдыра тұрып, ауыстырып салу басталатын қарнақты тіректегі сымдардан жерге тұйықтау құралын алу керек.
404. Әсерден пайда болған кернеу келіп тұрған ӘЖ сымдарды құрастыру кезінде олардан жерге тұйықтау құралын - сымдарды сүйемелдеуші қысқыштарға ауыстырып салғаннан кейін және аталған тіректе жұмыс аяқталған соң ғана алуға рұқсат етіледі.
405. Сымдарды қысқыштарға ауыстырып салу кезінде, ауыстырып салу аяқталған шектес қарнақты аралықты әсерден пайда болған кернеу деп қарастыру қажет. Онда сымдармен жанасуға байланысты жұмыстарды орындауға оларды жұмыс орнында жерге тұйықтағаннан кейін ғана рұқсат беріледі.
406. Жұмыс жүргізетін ұйымдар әсерден пайда болған кернеу келіп тұрған ӘЖ-нің ішінен жұмыс істеп тұрған ӘЖ-нің ең көп жұмыстық тогында желілерді ажыратқан және жерге қосқан кезде жерге тұйықталған сымдардың ұштарында (ТҚ) әсерден пайда болған кернеудің 25 В асатын әлеуеті қалатын желілерді өлшеу жолымен анықтап алулары керек.
Осы ӘЖ негізгі электрден қорғау құралдарын қолданбай сымдарға жанасуға байланысты орындалатын жұмыстардың барлық түрлері технологиялық карталар немесе жұмыс жүргізу жобасы бойынша орындалуға тиіс, ал оларда әсерден пайда болған кернеудің 25 В аспайтын әлеуеттерін қамтамасыз ету талаптарына қарай, жұмыс орнында жерге тұйықтау құралдарының орналасуы көрсетіледі.
407. Егер әсерден пайда болған кернеу беріліп тұрған ажыратылған ӘЖ (тізбекте) бұл кернеуді 25 В дейін төмендету мүмкін болмаса, онда бір немесе шектес екі тіректе ғана сымдарды жерге тұйықтап жұмыс істеу қажет. Бұл ретте ӘЖ (тізбекті) ТҚ жерге тұйықтауға тыйым салынады. Бригаданың жерге тұйықталған тіректерде немесе олардың аралығындағы сымдарда жұмыс істеуіне жол берілмейді.
408. Қажет болған жағдайда екі немесе одан көп аралықтарда (учаскелерде) ӘЖ (тізбек) анкерлі тіректерде ілмектерді айыру жолымен электрге байланыссыз учаскелерге бөлінеді. Мұндай учаскелердің жерге тұйықтау құралын орнатқан желілерінің әрқайсысында бір бригада жұмыс істейді.
409. Көп тізбекті ӘЖ бірінен бірі жоғары орналасқан тізбектері токтан ажыратылған тізбегінде жұмыс істеуге бұл тізбек кернеу келіп тұрған тізбектерден төмен ілінген жағдайда ғана жол беріледі. Ажыратылған тізбектің сымдарын ауыстыруға немесе реттеуге рұқсат берілмейді.
410. Тізбектері көлденең орналасқан көп тізбекті ӘЖ токтан ажыратылған бір тізбегінде жұмыс істегенде, тіректерге кернеуде қалған тізбектер жағынан қызыл жалаушалар ілінеді. Жалаушаларды жерден 2-3 м биіктікте жұмыс жүргізуші және бригаданың III топтағы мүшесі іледі.
411. Кернеу келіп тұрған тізбек жағынан тірекке көтерілуге және осы тізбекті сүйемелдеп тұрған траверс учаскелеріне өтуге рұқсат берілмейді. Егер тіректің степ-болты болса, қай тізбектің астында тұрғанына қарамастан, оның бойымен көтерілуге жол берілмейді. Степ-болттар кернеуде қалған тізбектер жағынан орналасқан кезде, тірекке жерде тұрған жұмыс жүргізушінің немесе IV топтағы бригада мүшесінің бақылауымен талап етіледі.
412. Көп тізбекті ӘЖ токтан ажыратқан кезде қалған тізбе сымдарына кернеу келіп тұрғанда жерге тұйықтау құралы жұмыс жүргізілетін әрбір тірекке орнатылады.
ӘЖ-ні әрбір фаза бойынша жөндеу
413. ӘЖ әрбір фаза бойынша жөндеген кезде ТҚ ажыратылған фазаның сымын жерге тұйықтауға рұқсат берілмейді. Сым жұмыс орнында ғана жерге тұйықталады. Кернеуі 35 кВ және одан жоғары ӘЖ бір фазаның сымдарында немесе әрбір фазаның сымдарында кезекпен жұмыс жүргізген кезде жұмыс орнында жұмыс жүргізіліп жатқан фазаның ғана сымы жерге тұйықталады. Сымдарына осы Қағидаларға 2-қосымшасының 18-тармағында көрсетілген қашықтықтан кем қашықтықта жерге қосылмаған фазаларда қалған сымдарға жақындауға рұқсат берілмейді.
414. Әрбір фаза бойынша жөндеу кезінде жерге тұйықтау құралының сенімділігін арттыру үшін ол екі жеке қатарлас жерге тұйықтағышпен қосарлы орындалады. Орнатылған жерге қосу құралынан 20 м алыс емес сымда жұмыс істеуге рұқсат етіледі.
415. Бірнеше бригада бір мезгілде жұмыс істеген кезде, ажыратылған сым электрлік байланыссыз учаскелерге бөлінеді. Әр бригадаға бір қосарлы жерге тұйықтағыш орнатылған жеке учаске бөлініп беріледі.
416. Кернеуі 110 В және одан жоғары ӘЖ-де әрбір фаза бойынша жөндеу кезінде жерге тұйықтау құралын орнату немесе түсіру алдында басқа разрядты оқшаулау үшін сым алдын ала доғалы сөндіргіш сом темірдің көмегімен жерге тұйықталады. Штанганың жерге тұйықтағыш сымы алдын ала жерге тұйықтағышқа жалғанады. Бұл штанга тасымалды жерге тұйықтау құралын орнатқаннан (немесе түсіргеннен) кейін ғана алынады.
417. Фазалар көлденең орналасқан ӘЖ-де әрбір фаза бойынша жөндеу кезінде кернеу келіп тұрған фазалардың сымдарын сүйемелдеуші траверс учаскесіне өтуге жол берілмейді.
Кернеуі 35 кВ және одан жоғары ӘЖ-де әр фаза бойынша жөндеу кезінде жұмыстардың талаптары осы Қағидаларға 2-қосымшасында көрсетілген нарядтың «Жеке нұсқаулар» деген жолында көрсетіледі.
Трассаларды ағаштардан тазарту
418. ӘЖ трассаларын ағаштардан тазарту жұмыстары наряд бойынша орындалады.
419. Ағаштарды кесіп құлату басталғанға дейін, жұмыс орны тазартылады. Қыс мезгілінде құлайтын ағаштан жылдам шегініп кету үшін оның құлайтын сызығының бұрышы астынан құлайтын жаққа қарама-қарсы жаққа қарай қарды ұзындығы 5-6 м екі жол салынады. Балтамен шабылған және арамен кесілген ағаштарға шығуға рұқсат берілмейді.
420. Жұмыс жүргізуші жұмыс басталар алдында бригаданың барлық мүшелеріне құлатылып жатқан ағаштарға, сымдарына арқандарда жақындаудың қауіптілігі туралы ескертіледі.
421. Ағаштардың сымдарға құлауын болдырмау үшін кесуді бастағанға дейін, кергіштер қолданылады.
Ағаштарды арамен кеспей немесе балтамен шаппай құлатуға, сондай-ақ ағашты кесіп өтетіндей аралауға рұқсат берілмейді. Еңкейтілген ағаштарды еңкейген жағына қарай құлатылады, бірақ ағаштардың ӘЖ құлау қаупі туса, оларды токтан ажыратқанға дейін құлатуға жол берілмейді.
422. Ағаш сымға құлаған жағдайда, ӘЖ-нен кернеу алынғанға дейін, оған кемінде 8 м қашықтықта жақындауға рұқсат берілмейді.
423. Құлатылатын ағаштың құлатылуы туралы ағаш кесушілер басқа жұмыскерлерге ескертеді. Ағаштар құлайтын немесе оған қарама-қарсы жақта тұруға рұқсат берілмейді.
424. Жұмыстағы үзіліс кезінде немесе басқа ағаштарға ауысқан кезде, шабылған және кесілген ағашты құлатпай қалдырып кетуге рұқсат берілмейді.
425. Шіріген және қураған ағаштарды құлатпас бұрын олардың беріктігін сынап алып, одан кейін араланады. Ондай ағаштарды шабуға рұқсат берілмейді.
Ағаштарды алдын ала аралап, топтастырып құлатуға және бір ағашты екінші ағашқа жығу арқылы құлатуға рұқсат берілмейді. Бірінші кезекте түбі шіріген және күйген ағаштар құлатылады.
ӘЖ аралау және тексеру
426. ӘЖ аралау және тексеру кезінде жұмыс жүргізушіні тағайындау міндетті емес. ӘЖ-ні аралау кезінде қандай да бір жөндеу немесе қалпына келтіру жұмыстарын орындауға, сондай-ақ тірекке және оның конструкциялық элементтеріне көтерілуге рұқсат берілмейді. ӘЖ жоғарыдан тексеру кезінде тірекке көтерілуге жол берілмейді. Мақсатты нұсқаулық өткізу міндетті.
427. Өту қиын жерлерде (батпақ, сулы кедергілер, тау, ағаш үйінділері) және қолайсыз ауа райы жағдайында (жаңбыр, қар, қатты аяз), сондай-ақ тәуліктің қараңғы мезгілінде, бірі аға жұмыскер болып тагайындалатын электр қауіпсіздігі бойынша II топтағы жұмыскер ӘЖ-ні тексереді. Басқа жағдайларда ӘЖ-ні қарауға электр қауіпсіздігі бойынша II топтың бір жұмыскеріне рұқсат беріледі.
ӘЖ түнгі уақытта тексеру кезінде сымдардың астымен жүруге рұқсат берілмейді.
Ақауларды іздеген кезде ӘЖ тексерушілер ескерту белгілері мен плакаттарды іледі.
Аралау кезінде диспетчермен байланыс қамтамасыз етіледі.
428. Тұйықталу тогының жерге ену белгілері (оқшаулағыштардың ақауы, сымның тірек денесіне жанасуы, топырақтағы ылғалдың булануы, тіректерде және тіректі топыраққа бекіткен және басқа жерлерде электр доғасының пайда болуы) байқалғанда кернеуі 1000 В жоғары ӘЖ жерде жатқан сымына және кернеуі 6-35 кВ ӘЖ кернеу беріліп тұрған темір-бетон тіректеріне 8 м кем қашықтықта жақындауға рұқсат берілмейді. Мұндай жағдайларда сымға немесе тірекке жақын маңда күзет ұйымдастырылуы, тұйықталу орнына адамдар мен жануарлардың жақындауын болдырмау үшін, мүмкіндігіне қарай, ескерту белгілері мен плакаттар орнатылуға және ӘЖ иесіне оқиға туралы хабарлау қажет.
ӘЖ жолмен қиылысқан және жолға жуықтаған жерде жүргізілетін жұмыстар
429. ӘЖ-нің көлік магистралімен қиылысу учаскелеріндегі (теміржолдар, кеме жүретін өзендер мен арналар) жұмыстар кезінде көлік қозғалысын уақытша тоқтата тұру немесе көлік қозғалысы кезінде ӘЖ жұмыстарды уақытша тоқтата тұру талап етілгенде, наряд беруші жұмыскер жұмыс орнына көлік магистралі қозғалысы қызметінің өкілін шақырады. Өкіл көлік қозғалысын қажет уақытқа тоқтата тұруды қамтамасыз етеді немесе желідегі бригадаға жақындап келе жатқан көлік туралы ескертеді. Көлікті өткізіп жіберу үшін қозғалысқа кедергі жасайтын сымдар қауіпсіз биіктікке көтеріледі.
430. ӘЖ-нің тас жолмен және ауыл аралық жолмен қиылысқан учаскелерінде немесе жақындасқан учаскелерінде жұмыс кезінде көлік жүргізушілеріне ескерту үшін немесе жол полициясының келісімі бойынша оның қозғалысын тоқтату үшін жұмыс жүргізуші тас жолға немесе жолға дабыл берушілерді тұрғызады.
Дабыл берушілер ӘЖ-нің жолдармен қиылысатын немесе жақындағанда екі жағынан 100 м қашықтықта тұрады және күндіз - қызыл жалаушалармен, ал түнде - қызыл шамдармен қамтамасыз етіледі.
Көшені жарықтандыру желілерінде қызмет көрсету
431. Өкім бойынша көшені жарықтандыру желілерін ажыратпай мынадай жағдайларда жұмыс істеуге:
1) оқшаулағыш буыны бар телескопия мұнарасын пайдаланғанда;
2) шамдарды сымнан кемінде 0,6 м қашықтықта жерге қосатын төмен түсіргіш басқыштары жоқ ағаш тіректерде орналастырған кезде тіректе немесе сүйеп қоятын ағаш сатыда тұрып жұмыс істегенде жол беріледі.
Басқа жағдайларда тірекке ілінген барлық сымдарды ажырату және жерге қосу, жұмыстарды наряд бойынша орындау талап етіледі.
432. Газдан разрядталатын шамдарды қосу-реттеу аппаратурасында жұмыс кезінде оны шырақтың жалпы схемасынан ажыратқанға дейін сымдарды қоректендіру желісінен ажыратып, статикалық конденсаторларды (разрядтағыш резисторларының бар екендігіне қарамастан) разрядтау талап етіледі.
Қорғағыш жабыны бар (6-20 кВ) кернеуі 6-20 кВ сымдармен жүргізілетін жұмыстар
433. 6-20 кВ сымдарындағы жұмыстар ӘЖ ажыратқан кезде жүргізілуге тиіс.
434. Жұмыскерлерден ӘЖ сымдарына және сымға жалғанған басқа элементтерге дейінгі, ӘЖ сымдарынан механизмдерге және жүк көтергіш машиналарға дейінгі аралық осы Қағидалардың 10-қосымшасы 1-кестесінде көрсетілген қашықтықтан кем болмауға тиіс.
435. Құлаған ағаштарды сымдардан алып тастау үшін ӘЖ ажыратуға және жерге қосуға тиіс.
436. Токтан ажыратылмаған ӘЖ-ден қоқыстардан және ағаштың бұтақтарынан арылту жұмыстарын оқшаулағыш штангаларды пайдаланып орындауға рұқсат етіледі. Аталған жұмыстарды қорғаныс құралдарын қолданбай орындау үшін ӘЖ-ден токтан ажыратуға және жерге қосуға тиіс.
Оқшаулағыш жабыны (0,38 кВ) бар, кернеуі 0,38 кВ ӘЖ жүргізілетін жұмыстар
437. 0,38 кВ жұмыстарды ӘЖ ажыратып немесе ажыратпай орындауға болады.
438. 0,38 кВ ажыратып орындайтын жұмыстар сымдардың ширатылған сымын тұтастай ауыстыру, жарылу және өрт қаупі бар аймақтардағы (бензин құю және газ тарату орындары) желілердің сымдарын (біреуін немесе бірнешесін) ажырату немесе қосу қажет болғанда жүргізіледі. Желіні түгелдей емес, тек жұмыс істелгелі жатқан сымды ғана ажыратуға рұқсат етіледі. Таңбасы және ондағы кернеу тексерілгеннен кейін сым кернеу берілуі мүмкін жақтардың бәрінен де ажыратылып және жұмыс жүргізілетін орында жерге қосуға тиіс.
439. 0,38 кВ кернеу түсірілмей:
1) тіректі және оның элементтерін, желі арматурасын ауыстыру;
2) сымдарды қайта тарту;
3) жалғағыш, тармақтандырғыш және сорғыш қысқыштарды ауыстыру;
4) тармақтарды электр қабылдағыштарға қосу немесе ажырату;
5) учаскені ауыстыру немесе жеке фаза сымының оқшауламасын қалпына келтіру бойынша жұмыстарды орындауға болады.
440. Кернеуді түсірмей оқшауланбаған нөлдік сымы бар өздігінен тасымалданатын оқшауланған сымдарда жұмыстар орындау кезінде, нөлдік сымды және металл арматураны оқшаулағыш жапсырмалар мен қақпақтардың көмегімен оқшаулау қажет.
441. 0,38 кВ кернеу түсірілмей:
1) бригаданың қателігінен ӘЖ ажыратқан;
2) жұмыс технологиясын бұзбай ӘЖ табылған ақауларды жою мүмкін емес;
3) техникалық және қорғаныс құралдары болмаған немесе олардың ақаулары болған;
4) нөсерлі жаңбыр, қар жауған, қалың тұман түскен, тіректерді мұз басқан (тірекке көтерілу қажет болғанда);
5) жұмыс қауіпсіздігіне қатер төндіретін басқа да жағдайларда жұмыс орындауға рұқсат берілмейді.
442. Кернеуді түсірмей 0,38 кВ жұмыстар нарядпен орындалуға тиіс. Бір немесе бірнеше ӘЖ-нің әртүрлі учаскелеріндегі жұмыс үшін әр жұмыс орнына кезекпен рұқсат бере отырып, бір наряд жазуға рұқсат етіледі.
443. Кернеуді түсірмей жұмыс орындайтын бригаданың құрамында екіден кем емес жұмыскерлер болуға тиіс: IV топтағы жұмыс жүргізуші және III топтағы бригада мүшесі.
Жұмыс жүргізуші және бригада мүшесі дайындықтан өтуге және кернеуді түсірмей 0,38 кВ жұмыс істеу құқын, сондай-ақ жоғарыға шығып істейтін жұмысқа рұқсат алуға тиіс, ол жөнінде электр қондырғыларында жұмыс істеу нормалары мен біліктілігін тексеру туралы куәліктің «Арнайы жұмыстарды жүргізу құқығын беру куәлігі» деген жолында 4-қосымшаға сәйкес тиісті жазу болуға тиіс.
Кернеулі оқшаулағыштарды жуу және тазалау
444. Электр қондырғыларында оқшаулағыштардың тіркестерін, тіректі оқшаулағыштарды және жоғары вольтты жабдықтың фарфор оқшауламасын ток өткізгіш бөліктерден кернеуді түсірмей, үздіксіз аққан су екпінімен (ӘЖ үшін - меншікті өткізуі 1430 мкСм/см, ал ашық ТҚ үшін - 667 мкСм/см) жууға рұқсат етіледі. Су екпінінің ұзындығы осы Қағидалардың 10-қосымшасының 3-кестесінде көрсетілген ұзындықтан кем болмауы керек.
Бұл жұмыстар ЖӨЖ-ге сәйкес орындалады.
445. Жуу кезінде жуылатын қондырғының діңгегі, телескопиялық мұнара және су құйылған цистерна жерге тұйықтауға тиіс.
Телескопиялық мұнарада тұрып жуу кезінде түтікше кигізілген діңгек мұнараның себетіне және цистернаның рамасына қиыспасы 25 мм2 кем емес майысқақ сым өткізгішпен жалғануға тиіс.
Жерде, телескопия мұнарасының үстінде немесе арнайы металл алаңда тұрып жуу кезінде диэлектрлік қолғаптарды пайдалану қажет.
446. Жерде тұрып жуу барысында жуу кезінде қолданылатын машина-цистернаға немесе механизмге (құрылғыға) жанасуға, кабинадан, шанақтан шығуға және оларға кіруге рұқсат берілмейді. Жуу кезінде қолданылатын машиналар мен механизмдерге бөгде адамдардың жақындауын болдырмау шаралары қабылдануға тиіс.
Су шашқышты (шланг) жуу жұмысы аяқталғаннан кейін ғана тасымалдауға рұқсат етіледі.
447. Ток өткізгіш бөліктерде және оларға жақын маңда кернеуді түсірмей оқшауламаны тазалау - жабық ТҚ арнайы щеткалардың немесе электр қондырғысының кернеуіне есептелінген, арнайы аспаптар бекітілген, іші қуыс оқшаулағыш штангалармен жабдықталған шаңсорғыштың көмегімен жүзеге асырылады. Бұл штангалардың тығындалып қалмауы және ішінен шаң-тозанды шығару үшін жұмыс басталар алдында және жұмыс барысында оларды мезгіл-мезгіл тазалап отыру қажет.
448. Іші қуыс оқшаулағыш штангаларға орнатылған бастиектер оқшауламаны тазалау кезінде көршілес фазалар арасында тұйықталу мүмкіндігін мүлдем болдырмайтындай етіп құрастырылған болуы тиіс.
449. Ток өткізгіш бөліктерде және оларға жақын маңда кернеуді түсірмей оқшауламаны тазалау диэлектрлік қолғаптарды пайдаланып, еденде немесе орнықты төсеме тақтайда тұрып жүргізіледі.
450. Ток өткізгіш бөліктерде және оларға жақын маңда кернеуді түсірмей кез келген тәсілмен оқшауламаны тазалауды наряд бойынша кем дегенде екі адам орындауы керек, олардың біреуінің электр қауіпсіздігі бойынша IV топтан төмен емес біліктілігі болса, ал қалғандарынікі - III топтан төмен болмауға тиіс.
Оқшауламаны тазалау жұмысы бригада мүшелерінің бірі жұмыс жүргізушінің немесе электр қауіпсіздігі бойынша IV топтан төмен емес бригаданың басқа мүшесінің үздіксіз бақылауымен орыңдалуы мүмкін.
451. Ток өткізгіш бөліктерде және оларға жақын жабық ТҚ кернеуді түсірмей оқшауламаны тазалау оларда шаң шығарғыш құралдарды еркін қолдануға мүмкіндік беретін, өтетін жері барынша кең болғанда жүргізіледі.
452. Ток өткізгіш бөліктерде және оларға жақын маңда кернеуді түсірмей оқшауламаны жуу және (немесе) тазалау жұмысымен айналысатын жұмыскерлер арнайы аталған жұмыстарды жүргізуге оқытылады және рұқсат етіледі, бұл жөнінде осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес электр қондырғыларындағы жұмыс нормалары мен қағидаларын білуін тексеру туралы куәлікте белгі жасалады.
29. Релелі қорғаныс және электроавтоматиканың құрылғылары, электр энергиясын өлшеу және есепке алуы аспаптары, екінші реттік тізбектер
453. Өлшеу аспаптарының, релелік қорғаныс және электравтоматика құрылғыларының тізбектерінде жүргізілетін жұмыстардың қауіпсіздігі үшін, ток өлшейтін және кернеу трансформаторларының екінші реттік тізбектерінің тұрақты жерге тұйықтағыш қамтамасыз етіледі. Релелік қорғанысының күрделі схемаларында өлшегіш трансформаторлардың электрмен қосылған екінші реттік орамаларының тобы үшін жерге тұйықтау жұмысын тек бір нүктеде орындауға рұқсат беріледі.
454. Өлшегіш аспаптардың, релелік қорғаныс пен электр автоматика құрылғыларының ток тізбегін үзу қажет болғанда, ток трансформаторының екінші реттік орамаларының тізбегі алдын ала сол үшін арнайы арналған қысқыштарда немесе сынақ блоктарының көмегімен қысқартылады.
Ток трансформаторлары мен орнатылған қысқа тұйықтағыштың арасындағы екінші реттік тізбекте тізбектің ажыратуына әкелуі мүмкін жұмыстарды жүргізуге рұқсат берілмейді.
455. Екінші реттік құрылғыларда және кернеу трансформаторының бөгде көзден кернеу берілетін тізбектерінде жұмыс істегенде, кері трасформация мүмкіндігін болдырмайтын шаралар қолданылады.
456. Релелік қорғаныстың, электр автоматика құрылғыларының жұмысын, оның ішінде коммутация аппараттарын ажырату немесе қосу арқылы тексеру және сынау осы Қағидалардың 78-тармағына сәйкес жүргізіледі.
457. Релелік қорғаныс, электроавтоматика құрылғыларында қызмет көрсететін персонал ішінен электр қауіпсіздігі бойынша IV топтағы жұмыс жүргізушіге рұқсат берушінің міндеттерін қоса орындауға рұқсат беріледі. Бұл ретте ол жұмыс орнын дайындауға қажетті қауіпсіздік шараларын белгілейді. Жұмыс орнын дайындау үшін ажырату, жерге қосу, кернеуі 1000 В жоғары электр қондырғыларының бір бөлігіне қатысты уақытша қоршаулар орнату жұмыстарын орындау талап етілмесе, міндеттерді осылай қоса атқаруға рұқсат етіледі.
458. Электр қауіпсіздігі бойынша IV топтағы жұмыс жүргізушіге, сондай-ақ III топтағы бригада мүшелеріне осы Қағидалардың 81-тармағында қарастырылған жағдайларда, бригаданың басқа мүшелерінен бөлек екінші реттік тізбектерде және релелік қорғаныс, электроавтоматика құрылғыларында жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Бұл жағдайда осы тізбектер және тарату құрылғылар және кернеуі 1000 В жоғары және ток өткізгіш бөліктер жоқ, толықтай қоршалған немесе қоршауды қажет етпейтін биіктіктегі үй-жайларда орналасқан болуы керек.
459. Энергиямен жабдықтау ұйымдарының персоналы есептегіш құралдармен жүргізілетін жұмысты іссапармен келген персонал құқығында жүргізеді. Бұл жұмыстарды құрамында кемінде екі жұмыскері бар бригада орындайды.
ТҚ-ның үй-жайында электр есептеуіштерінің көрсеткіштерін тұтынушы өкілінің қатысуымен энергиямен жабдықтау ұйымының электр қауіпсіздігі бойынша III топтағы жұмыскері жазып алады.
460. Тұтынушылардың қоса атқаратын немесе шарт бойынша (бала бақшалар, дүкендер, емханалар, кітапханалар) қызмет көрсетуші персоналы бар, кернеуі 1000 В дейінгі электр жабдықтарында жұмыс орнын әзірлеу және жұмысқа рұқсаттама беру жұмыстарын тиісті энергиямен жабдықтау ұйымының жедел персоналы электр қауіпсіздігі боыйынша III және IV топтағы екі жұмыскерден тұратын бригада күшімен, тұтынушы өкілінің қатысуымен күнделікті пайдалану ретінде орындалатын жұмыстардың бекітілген тізбесі бойынша орындай алады.
461. Электр энергиясын есептегіш құралдармен жұмысты кернеуді түсіріп орындау қажет. Өлшегіш трансформаторларға қосылған электр есептегіштердің тізбектерінде сынақ жасалатын қорапшалары болған жағдайда, көрсетілген қорапшаларда электр есептегіштің схемасынан кернеу түсірілуге тиіс.
462. Бір фазалы электр есептегішпен жұмысты энергиямен жабдықтайтын ұйымдардың электр қауіпсіздігі бойынша III топтағы жедел персоналы жеке өзі күнделікті пайдалану ретінде орындалатын жұмыстардың бекітілген тізбесі бойынша түсірілген кернеуде орындауға болады. Коммутация аппараты болмаса, ағаш үйлерде, аса жоғары қауіп жоқ үй-жайларда мұндай жұмысты жүктемені түсіріп, ал кернеуді түсірмей орындауға рұқсат етіледі.
463. Осы Қағидалардың 460 және 462-тармақтарында көрсетілген жұмыстарды орындаған кезде, энергиямен жабдықтайтын ұйым басшылығының бұйрығымен немесе нұсқасымен жұмыскерлерге аумақтық учаске (аудан, квартал, округ) бекітіліп берілуге тиіс. Тапсырмалардың бланкілерінде жедел жұмыс атқаратын жұмыскер электр жабдықтарыңдағы жұмыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін техникалық шаралардың орындалуын тіркеуге тиіс.
464. Энергиямен жабдықтайтын ұйымдарда есептегіш құралдармен жұмыс жүргізу үшін әрбір жұмыс түрі бойынша нұсқаулықтар немесе техникалық карталар жасалады.
Достарыңызбен бөлісу: |