Жамбыл облысы
Байзақ ауданы
Түймекент ауылы
Түймекент орта мектебінің
І санатты бастауыш сынып мұғалімі
Мустафаева Биғайша Абубакировна
Мақсаты: -құқық мәдениеті және құқықтық сананы жетілдіру, заңды іс-әрекетке саналы түрде ұмтылуға баулу
Міндеттері: -оқушылардың бойына жағымды қасиеттерді жетілдіру. -құқықтық нормалар және заңның талаптарына сәйкес өзінің құқықтық білімін күнделікті өмірдің нақты жағдайларына пайдалана білуін дағдыландыру. - «Қазақстан-2050» стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты туралы түсінік беру.
Әдісі: ойталқы, топтармен жұмыс,сауалнама, пікірталас.
Көрнекілігі: нақыл сөздер, сызба,бүктеме,үнтаспа.
Барысы: Кіріспе
Жеке тұлғаны жан-жақты дамытатын тәрбие саласының бірі-құқықтық тәрбие. Егеменді Қазақстан Республикасы Ата Заңына сәйкес азаматтарының құқығы мен талап тілегін, мұқтаждарын қорғап, оларды қамқорлығына алады.Әрбір азамат өз мемлекетінің Заңына жауапкершілікпен қарап, оны орындауы өз міндеті деп есептеуі керек. Бүгінгі тәрбие сағатымыз «Өз құқығыңды білесің бе ?» деп аталуының мәні де осында болмақ. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері- Туы, Елтаңбасы, Гимні бар. Олардың сипаттамасы және ресми пайдалану тәртібі Конституциялық заңмен белгіленді. (9 бап) ҚР мемлекеттік нышандар туралы Конституция мен заң күші бар Жарғысының 3-бабында «ҚР азаматтары,ҚР аумағында жүрген адамдар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздерін қастерлеуге міндетті» делінген.
Ту. Елтаңба.
Гимн
Ел рәміздері – елдігімнің реңі
Ата заңым – теңдігімнің тірегі.
ҚР Конституциясы
ҚР Мемлекеттік Гимн орындау
Ойталқы:
1.Адам құқығы дегеніміз не ? -Адам құқығы – аса маңызды демократиялық құндылық, ол өз бойына әдетте жеке адамның заң мойындаған және мемлекет қорғайтын еркіндігі мен құқығын жинақтайды.
2.Заң дегеніміз не? -Заң дегеніміз, ол сенің бостандығыңды,еркіңді басқалардан қорғау.
Мұғалім: Иә, балалар, адам құқығы халықаралық заң нормалары ретінде 1948 жылы БҰҰ қабылданған Адам құқықтарының жалпыға бірдей Декларациясында қабылданған.
3.Декларация дегеніміз не? - Адам өмірі туралы заң. Мұғалім: Адам дүниеге шыр етіп келген күннен оның өмірін, денсаулығын, тыныштығын мемлекетіміздің Ата Заңы- Конституция қорғайды. Адамдардың не нәрсеге құқығы бар, не нәрсеге құқығы жоқ? Осы сияқты сұрақтардың шешімін табу үшін біз, әрине адам құқығының жалпыға бірдей Декларациясына үңілеміз.
Егер онда жазылғанның бәрін орындаса өмірдегі шатасу да, тәртіп бұзушылық та болмайды деп сенеміз.
Ең бірінші барлық адамдар бір-бірімен достық қарым – қатынаста болуы керек.
Басқа адамға жәбір көрсетуге, кемсітуге және ренжітуге ешкімнің құқығы жоқ.
Біреудің атына кір келтіруге, жеке басының тіршілігіне араласуға ешкімнің құқығы жоқ.
Әрбір адам өз пікірінде болуына және ойындағысын еркін айтуға құқықты.
Сенің мектепке баруға, ақысыз оқуға және мамандық алуға құқығың бар.
Мектеп бала қабілетін жан-жақты дамытып көмектесуге тиіс. Олардың құқығы мен бостандығын сыйлауға,өзара түсіністікке, бейбітшілікке баулуға тиіс.
Егер барлық адамдар осы Декларациядағы ережені сақтаса жер бетінде бейбітшілік орнайды.
Өздік жұмыс: Өз құқығыңды білесің бе? (Қойылымдар көру арқылы пікірлесу.)
1-көрініс. Екі оқушы аулада ойыншықпен ойнаған сәбиді жолықтырады. -Ойыншығың әдемі екен кім алып берді? -Ата-анам. -Ата-анаң тағы не үйретті? -Үлкендерді сыйлауды. -Біз үлкенбіз бе? -Иә. -Онда аяқ-қолыңды көтеріп тұр. Сәби аяқ-қолын көтеріп тұрады. Оқушылар мазақ етіп кетіп қалады.
Сұрақ: -Қандай жағымсыз әдет көрдіңдер? Бұл заң бұзушылыққа жата ма? -Сәбиді ата-анасы дұрыс тәрбиелеген бе? (Оқушы пікірлерін тыңдау)
Түйінді ой: Сәбиді ата-анасы дұрыс тәрбиелепті. Бірақ Ата-Заңымыздағы 17-бапты үйретпепті. Ата Заңымыздың 27-бабында «балаларды тәрбиелеу ата-ананың басты міндеті» делінген. Ата-заңымыздың 17-бабында «ешкімді азаптауға,оған зорлық- зомбылық жасауға, адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге болмайды» делінген.
2-көрініс. Үш оқушы келе жатыр. Олардың біреуі: -Бүгін демалыс қой, қалай демаламыз? Ішім пысты. Бірдене жасайықшы. Екіншісі: - Биік жанатын алау жасайықшы. Үшіншісі: -Таптым,таптым бәрің ауыздарынды ашып қаласыңдар, мына үлкен ағашқа от тигізсек үлкен алау болады. От тигізейік, - деп жүгіре жөнеледі. Қалған екі оқушы «мұндай қызығынның керегі жоқ» деп оны әрең тоқтатады. Сұрақ: - Қандай жағымсыз әдеттер байқадыңдар? - Жақсы қасиеттер байқалды ма? -Бұл заң бұзушылыққа жатама? ( Оқушы пікірлерін тыңдау) Түйінді ой: Балалар 24-бапты білгенімен, 38-бапты білмейді екен. 1.Ата Заңның 24-бабында «Әркімнің тынығу құқұғы бар» делінген. 2. Ата Заңның 38-бабында «Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға міндетті» делінген.
3-көрініс: Баласы көршісінің тауық қорасынан жұмыртқа ұрлап әкелді де, шешесіне жұмыртқа қуырып беруін сұрады. Анасы жұмыртқаны қуырып береді...
Сұрақ. Жігіттің ұры болып өсуіне кінәлі кім? Өзі ме, әлде анасы ма? (Оқушы пікірін тыңдау.)
Не байқадым, не білдім? (Оқушлардың сұрақтарға жауап беруі.) 1. Адам дүниеге келгенде алғашқы құжаты қалай аталады? (Туу туралы куәлігі) 2. Күнделікті алған бағаңды мұғалім қайда қояды? (Күнделікке) 3. Бір нәрсені хабарлау үшін немесе оны әйгілеу үшін не жазылады? (Хабарландыру) 4. Мектепте 1-сыныпта қай жастан келеді? (7 жастан) 5. Бас әріптен басталып жазылатын сөздер: (Кісінің аты-жөні, жер-су атаулары, газет-журнал аттары)
6. Оқушылар неше тоқсан оқиды? (4) 7. «Конституция» деген сөз нені білдіреді? (Мемлекетіміздің Ата заңы) 8. Біздің еліміз Конституция күнін қашан мерекелейді? (30 тамыз) 9. Біздің елімізде қандай құжатта адамдар құқығы туралы айтылған? (Адам құқығының жалпыға бірдей Декларациясында).
Ұлағатты сөздер. 1. Тәрбиелі – тәртіптің құлы, Тәртіпті – елдің ұлы. (Бауыржан Момышұлы) 2. Тәртіптің ең тамаша мектебі – отбасы (С.Смайс) 3. Әділ адамның адамгершілік қасиеттері заңды жоқтатпайды. (Менандр) 4. Заң адамды бағындырады. (Фуллер) 5. Әділ заң – аспан тірегі. (Ж. Баласағұн) 6.Заң жоқ жерде, бостандық та жоқ. (Дж. Лок) 7. Құқықтың ең қас жауы – артықшылық. (М. Эбнер- Эшенбах) 8.Жазылмаған кейбір заңдар жазылған заңдардан да қатаңрақ. (Сенека)
Қорытынды: Сонымен Конституцияда жас ұрпақтың жақсы өмір сүруіне , оның болашағына үлкен қамқорлық жасалған... Біз сол қамқорлықты дұрыс пайдалана білуіміз керек. Әрбір жарқын істердің басталуы –адалдық, тәртіп деп ұғына жүрейік.
Балалар, елдігіміздің бағытын айқындаған Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын тыңдаған боларсыңдар. Елбасы Жолдауының тарихи маңызы зор. Өйткені, 2050 жылға дейінгі Қазақстанның әлемдегі орны мен бағындырар биіктерін айқындап берді. Осы Жолдау арқылы еліміздің стратегиялық бағыты тағы да айқындала түсті. Жаңашыл бастамалармен тың ойлар ұсынды. Сондықтан да бұл Жолдаудың елдің болашағы үшін, әсіресе, тәуелсіздіктің ұрпағы сендер үшін маңызы зор деп есептеймін.
Оқушы: Құлақ түрем елімнің тынысына, Мақтанам, қуанамын табысына. Елбасы мен халқымыз аман болса, Айналар Орта Азия «барысына»
Біз намыскер қазақ елі ұланымыз, Қорғайтын жерді оттан қыранымыз. «Талап, Еңбек, Терең ой, Қанағат, Рақым» деп Ұлы Абай айтқан ұланымыз.
Ән
Достарыңызбен бөлісу: |