Бақсылық дәстүрге байланысты туған сарындар аз болмаса да, олардың насихатталуы өз дәрежесiнде емес. Сол себептi бiр кездерi халықтың ән мәдениетiнен орын тепкен бақсы сарыны қазiрде тарих еншiсiне берiлiп, көне мұраға айналған.
С. Қасиман орындауында жазып алған мына бiр жолдарға назар салып көрелiк:
Әкемдi-ау ақбоз атқа мiнгiзгесiң,
Қолына-ау қылыш алып жүргiзгесiң.
“Ақ” десе ауруларға шипа болып,
Атағын алты алашқа бiлгiзгесiң.
Бұл – бақсы сарыны. Мазмұны да бақсының емшiлiк жасау әрекетiмен байланысты. Музыкалық сарыны қобыздың көне сарынына құрылған. Поэзиялық арқауы – кәдуiлгi қазақтың қара өлеңi.
Кейде бақсы сарыны 7-8 буындық жыр өлшеуiнде көрiнедi:
Қазулы тұрған көр бар ма?
Қайғылы тұрған ер бар ма?
Қамығып жылар ел бар ма?
Тебiнгiде тер бар ма?
Терiстен соғар жел бар ма?
Бүгiлiп тұрған бел бар ма?
Бiлгенiңдi айтып бер,
Көкке шық та, қайтып кел.
Кел, менiң пiрлерiм!
Ақ сөйле! –
деген жолдар бақсылықпен қайтар ел сасып, етегiн басқанда қол бастаған батырлар сөзiн еске салады. Өлшеуi шұбыртпалы ұйқасқа құрылған жыр үлгiсi. Бақсы сарынының мазмұны үнемi әруақ, әулие, пiрлерге қатысты бола бермейдi. Кейде ол қасиеттi қобыз аспабына байланысты да жырланады.
«Айбергеннiң сарыны». Бiрде есiмi елге мәлiм Айберген бақсы өзiнiң сиқырлы қобызымен сырласыпты. Оны сылап-сипап, құлағын келтiрiп, әбден баптайды, үйеңкi түбiнен ойып алғанын, ағаштан тиек, қылдан iшек, терiден шанақ жасағанын айтып, дұрыс сөйлеуге шақырады. Осы сөздерден соң бақсының қобызы жанданып, сиқырлы күшке ие бола бастайды. Сол кезде Айберген бақсы:
Ай, ақбурам, ақбурам!
Екi өркешiң аспанда,
Жер солқылдар басқанда,
Қара асаукер, асаукер,
Бұлғақтамай жылдам кел! –
деп, жынын шақыруға кiрiскен екен деседi.
Бақсылық құралы – қобыз. Қазақтар оны киелi санаған. Жоғарыда келтiрген бақсы сарыны соны аңғартады.
Кейде үлкен жиын немесе той үстiнде ақындар атынан айтылатын әндер де сарын деп аталған. Олардың мазмұны да қазақ халқының ежелгi тұрмыс-тiршiлiгi, наным-сенiмiмен сабақтасып жатады.
Тарихи әндер. Қазақ халқының аса бай қазыналарының бiрi – созылмалы әндер. Оны бiз таңғажайып хикаяларды суреттейтiн ертегiлiк әндер, белгiлi бiр оқиғаларға құрылған тарихи әндер, адамның iшкi жан-сезiмiн бiлдiретiн, табиғаттың әсем көрiнiсiн суреттейтiн лирикалық әндер деп бөлемiз. Осы ерекшелiктерiне орай бұл әндердiң көркемдiк деңгейлерi де әр түрлi болып отырады.
Қазақ халқының тарихында күрделi кезеңдер аз болмаған. Сол оқиғалар көп жайда ел аузында сақталып, халықтың көркем қиялы арқылы өнер туындыларына арқау болып отырған. Олардың өзi бiрде ән, бiрде жыр үлгiсiнде көрiнедi. “Батыр Тәуке”, “Исатай”, “Қайран, елiм” сияқты тарихи ән-жырлар соның айғағы.
Тарихи әндер қазақ ән мәдениетiнiң жеке бiр саласын құрайды. Олар бiр ғана дәуiрде тумаған. Сол себептi мазмұны мен музыкалық әуенi жағынан бiр-бiрiнен дараланады. Терме, толғау үлгiсiндегi тарихи әндер әдетте термелеп айту дәстүрiне негiзделсе, әсем де созылмалы әндердiң лирикалық сипаты басым жатады. Әндердiң бiрi – “Елiм-ай”.
Бұл ән ХVII-ХVIII ғасырларда қазақ жерiнде болған iрi тарихи оқиғалармен ерекшеленедi. Ол кезде үш жүздiң төңiрегiне топтасқан жеке-жеке хандықтар көп болған. Сол дәуiрде Қазақ пен қалмақтардың арасында ұзақ жылдарға созылған күрес туады. Оған негiзiнен жер, жайылым дауы себеп болған сияқты.
1723 жылы жоңғар әскерi қазақ жерiне баса көктеп кiріп, бұл оқиға тарихқа “Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама” деген атпен енген. Алғаш жоңғар әскерiне төтеп бере алмаған қазақ елi Талас, Арыс, Сырдария бойына қарай үлкен шығынмен үдере көшкен. Елi, жерiнен безiп Қаратаудың бөктерiне қоныс аударып бара жатқан осындай көштiң қайғылы суреттемесi “Елiм-ай” әнi арқылы берiлген:
Қаратаудың басынан көш келедi,
Көшкен сайын бiр тайлақ бос келедi.
Қарындастан айрылған жаман екен,
Екi көзден мөлтiлдеп жас келедi.
Осы жолдар кейiн сан-алуан өзгерiске түсiп, ел аузында жырланатын болған.
Басынан Қаратаудың көш келедi,
Бiр тайлақ көшкен сайын бос келедi.
Хабары Сыр-Дуанның естiлгенде,
Мөлдiр-мөлдiр көзiмнен жас келедi, –
деп келетiн «Сыр-Дуан» әнi осы «Елiм-аймен» мазмұндас, бiрақ әуенi басқа. Мұны қазақтың қара өлең дәстүрiне негiзделген әншiлiк өнерi деймiз.
“Елiм-ай” – халық туындысы. Ел басына ауыр күн туғанда халықтың өз елiне деген сүйiспеншiлiк сезiмi арта түсiп, соны ән қуатымен сыртқа шығарып отырған. “Елiм-ай” осындай кезеңде туып, сан рет қайта өңделiп, халықтың елiне, жерiне деген сүйiспеншiлiгiн, сол арқылы қайғы-қасiретiн бойына жинақтаған қайғылы ән.
Әрбiр тарихи кезеңде халық бұл әндi қайта жаңғыртып, мазмұнын сол жаңа оқиғаларға бейiмдеп отырған. Ән әуенi де үнемi даму, жетiлу үстiнде болған.
Олай болса, “Елiм-ай” замана елегiнен өте келiп ұшталған, шыңдалған, халық шығармашылығының ұжымдық қуатымен барынша көркемделген, айрықша айшықталған, үлкен рәмiздiк мән-мазмұнға, айта берсек, Қазақ халқының белгiлi бiр тарихи кезеңiндегi әнұранына айналған құдiретi ән, мұңды әуен.
«Қалмақ қызының әнi». Ұзақ жылдарға созылған қалмақ-қазақ соғысына байланысты туған тарихи әндердiң бiрi – “Қалмақ қызының әнi”. Оны белгiлi музыка жинаушысы Т. Бекхожина жазып алып, нотаға түсiрген әннiң қысқаша мазмұны мынадай.
ХVII-ХVIII ғасырлардағы үлкен бiр қақтығыс үстiнде қазақ әскерiнiң қолына қалмақтың әйгiлi ханы Ғалдан Цереннiң сұлу қызы тұтқынға түседi. қазақ ханымы Айкүнiм өрiмдей жас қызға жаны ашып, оны өз баласындай бағады.
Арада уақыт өтiп, екi жақ бiтiмге келген соң, қалмақ қызы өз елiне оралады. Сонда ол Қазақ халқының асқан бауырмалдығын, өзiне көрсеткен ерекше ықыласын, қамқорлығын осы ән арқылы жеткiзген екен деседi.
Айдарымды Айкүнiм моншақтаған,
Қадiрiмдi бұл елде кiм сақтаған.
Биiк таудың басына шығып тұрып,
Жоқтайыншы елiмдi ардақтаған, –
деп келетiн ән әуенi өте сазды, сағыныш сезiмiне толы. Одан қыздың өзiне құрмет көрсеткен қазақ елiне деген зор сүйiспеншiлiгi, қимастық сезiмi анық байқалады.
«Еркем-ай». Көшпелi өмiрге негiзделген Қазақ халқының қонысы тұрақты болмағаны мәлiм. Жайма шуақ жаз айларында ел көгi қалың шұрайлы жерлердi жайласа, аязы қатты қыс айларында жылы жақты паналаған.
Жем, Сағыз маңындағы қазақтар ертеде дәл осылайша күй кешiптi. Қыс түсе олар қарақалпақ жерiндегi Қараылдиға көшiп, жаз шыға жайлауға қайта оралады екен.
Бiздiң елдiң жайлауы Жем болады,
Жем жағалай отырған ел болады.
Одан әрi өткен соң Темiр Арқаш,
Арғы жағы Сахара, шөл болады.
Бiздiң елдiң жайлауы Қарақамыс,
Адыра қалғыр, қайран ел, қалдың алыс.
Одан көшiп бiз келдiк Хорезмге,
Жастарменен бiлiсiп, болдық таныс, –
деп келетiн “Елiм-ай”, “Қалмақ қызының әнi”, «Еркем-ай» әндерi Қазақ жерiнде болып өткен түрлi тарихи оқиғалардың ел аузында сақталып, келе-келе көркем шығармаларға өтіп отырғанын байқатады. Ән – халықтың көркем тарихы дегенiмiз осы.
Лирикалық әндер. Қазақ халқының терең сүйiспеншiлiк сезiмге құрылған лирикалық әндерi өзiнiң көркемдiк келбетi, әуездiк құрылысы мен жырлаған тақырыбы жағынан аса қомақты. Олардың арғы дәуiрлерден келе жатқан үлгiлерi де жоқ емес. Мұндай әндердiң әуен-сазы әдетте қысқа, өлең шумағы да ықшам, қос жолдық болып отырады. Сонымен қатар қара өлең өлшеуiне құрылған үлгiлерi де баршылық.
Лирикалық әндердiң басты ерекшелiгi – адамның жеке басына байланысты сүйiспеншiлiк сезiмге негiзделуi. Сол себептi олардың туған кезеңiн дөп басып айту қиын. Әннiң мазмұны бiрде ашық та айқын болса, бiрде астарлы ойға құрылады.
Жаз болса жарқыраған көлдiң бетi,
Көгерiп толқындайды, япур-ай, алыс шетi.
Дiрiлдеп толқын басқан мөлдiр суын,
Шайқайды жас баладай, япур-ай, желдiң лебi, –
деп басталатын «япур-ай» әні жайма шуақ жаз мезгiлiндегi табиғат құбылыстарын аса бiр нәзiк сезiммен жырласа:
Алтын бу ақ көбiктiң бетiн жабар,
Судан бу көкке төнiп, япур-ай, маржан тағар.
Есiме ақ еркемдi алған кезде,
Ақ маржан жылт-жылт етiп, япур-ай, жерге тамар,-
деген келесi шумағында сол сезiм табиғат аясынан шығып, сүйген жанның iшкi жан-күйiн, толғанысын бiлдiредi.
Ән бастан-ақ бiркелкi созылмалы түрде орындалады. Алғаш оның әсерлi әуенi жоғары шарықтап, соңынан төмен түсiп, баяулап барып аяқталады. Бұл төменгi дыбыстың тұрақтылығына негiзделген халық сазы.
Әннiң осындай лирикалық мазмұнына сай әуен-сазы да барынша көркем, әсем әрi сырлы. Ол өлең әр жолының ой-мазмұнымен тығыз байланыста көрiнедi. Халық әндерiнiң көне үлгiлерi сияқты “япур-ай” сазы да ықшам, әрбiр қос жол сайын әуенi қайталанып отырады. Алғаш баяу басталатын ән әуенi бiрте-бiрте көтерiледi де, ұзамай қайта басылып, алғашқы сезiм күйiне оралады. Әннiң осы қарапайым құрылысы оның ел арасына кең таралуына себеп болған.
«Сусамыр – елдiң жайлауы» - ел арасына тарап кеткен әндердiң бiрi. Соған қарамастан лирикалық әуені мен сөз саптауы оның нағыз халық туындысы екенiн байқатады.
Айналайын, қарағым, хал жақсы ма,
Сала берме көзiңдi әр жақсыға.
Сусамыр елдiң жайлауы,
өмiрдiң бар ма байлауы, –
деген жерде әннiң негiзгi шумағы да, қайырмасы да екi жолдан құралып тұр. Бiрi – 11, екiншiсi – 8 буындық өлшеммен берiлген. Қайырмасы ықшам, тұрақты.
Әннiң әуенi мен мазмұны да назар аударады. Бұл әдеттегiдей кең тынысты саздардың бiрi емес. Мұнда халықтың көшпелi тұрмысына, көркем ойлау жүйесiне тән бiрқатар белгiлер бар. Ән жастарды әсем сезiмге бөлей отырып, орныққан ел дәстүрiнен, әдептен озбауға үндейдi. Оның астарында ер жiгiт қандай болу керек, сұлу қызға не жарасқан деген тәрбиелiк мәнi бар ұғымдар жатыр. Мұның өзi халықтық тәлiм-тәрбиенiң ән өнерiндегi көрiнiсi болуға тиiс. Әннiң халық атынан айтылуының бiр сыры осында.
«Қоғалы-ай». Бұл да соңғы кездерi жиi айтылып, ел арасына кең тараған әндердiң бiрi. Жерi шұрайлы, шөбi шүйгiн, малға жайлы қонысты, белгiлi бiр кезеңінің тыныс-тiршiлiгiн суреттейтiн ән. Әуенi созылмалы, қайырмасы сазды, әсерлi.
Боз беткейлi, ендеше, боз беткейлi,
Боз беткейден, ендеше, мал кетпейдi.
Шөбi жұмсақ, шаруаға жерi шүйгiн,
Бағаналы Мансарға жер жетпейдi, –
деп басталатын әннiң өлең кестесi шалыс ұйқасқа құрылған Қазақтың қара өлең үлгiсiн еске салады. Әрбiр екi жолдан соң қайталанатын “қоғалы-ай, қоңыр салқын-ай малға жай деген жолдар әндi толық аяқтап отырады. Мұны халық әндерiне тән көркемдiк тәсiлдердiң бiрi деп ұғынған жөн. “Қоғалы-ай” әнiнiң осы сипаты оны ғасырлар қойнауынан бiздiң дәуiрiмiзге жеткiзiп отыр.
«Замандас». Өзiнiң айрықша бiр әуен-сазы, лирикалық нақышымен дараланатын әндердің бiрi. Соңғы кезде бұл әннiң әсем әуенi айтыс поэзиясында жиi қолданылып келедi.
Айналайын көзiңнен жалт-жұлт еткен,
Жан бар ма екен бұл жерде сенен өткен, –
деген ән шумағының құрылымы тосын. “Қоғалы-ай” әнi секiлдi мұның да әуенi қос жолмен тұйықталады. Одан әрi:
Замандас,
Кездескенде есiңе алып амандас, –
деген тұрақты ән қайырмасы келiп отырады. Оның әуенi сұрақ-жауап үлгiсiне негiзделген. Алдымен құрбысына бағышталған қаратпа сөз айтылып, одан әрi сол ой жалғаса түседi. Халық әндерiнiң пішім құрылымына тән белгiлердiң бiрi – осы.
«Замандас» әнi жiгiт атынан айтылады. Онда, бiр жағынан, ешбiр жанға тең келмейтiн қыздың әсем де сұлу келбетi суреттелсе, екiншi жағынан, сол сұлуға ынтық болған жiгiт сезiмi де байқалады.
Айналайын көзiңнен күлiмдеген,
Басқан iзiң ешкiмге бiлiнбеген.
Ақша балық шомылған айдын көлден,
Алтын қармақ салса да iлiнбеген, –
деген жерде соны көремiз.
Ән қандай әсем болса, оның мазмұны да соншалық көркем.
«Сәулем-ай». Халқымыздың мал бағу кәсiбiмен сабақтасып жатқан әндер қатарына “Сәулем-ай” да қосылады. Әннiң негiзгi идеясы – сүйiспеншiлiк сезiмi. Оған әннiң әуен-сазы толық сай келедi. Әрбiр екi жол сайын аяқталып отыратын әуен “сәулем-ай” деген сөзбен көмкерiледi:
Айдап салдым жылқымды ақ қауданға,
Жабағы арық, тай семiз көп сауғанға.
Сәулем-ай.
Одан әрi:
Қуанғаннан жүрегiм от боп жанар,
Ақ бiлегiң сыбанып қой сауғанға, –
деген жолдар дәл осы әуенмен айтылады.
Әннiң қайырмасы қысқа, ұйқас үлгiсi қара өлеңге жуық болса да (а-а-в-а), өлшеуi 7 буынды жыр. Негiзгi шумағы мен қайырма арасындағы осы ерекшелiк оған айрықша бiр әсемдiк, көркемдiк келбет берiп тұр. Ән халық тұрмысының жеке бiр көрiнiсiн суреттейдi.
Сарғайып атқан таң нұры. Осы таң шапағатының аясында толықсып жатқан қыз келбетi. Түнi бойы мал соңында жүрген жiгiттiң әлгi қызға деген ыстық сезiмi:
Екi ғана жирен-ай,
өңшең манат киген-ай.
Оймақ ауыз, күлiм көз,
ғашық жардың сүйгенi-ай, –
деген жолдарға ұласып барып аяқталады.
Қара өлең мен жыр өлшеуiн аралас қолданудың халық әндерiне тән бiр көрiнiсi – осы.
«Жиырма бес». Қазақ халқында «Жиырма бес» деп аталатын әндер көптеп саналады. Олардың бiрқатары терең лирикалық дәстүрде айтылса, ендi бiр тобы терме, толғау үлгiсiнде жырланады.
«Жиырма бес»– жайнап тұрған жiгiттiк кезең туралы толғаныс. Ән бiрде осы кезеңнiң толып жатқан артықшылықтарын суреттесе, бiрде өтiп кеткен жастық шақты еске алып, үлкен сағыныш сезiмiн әнге қосады.
Түркi тайпаларында адамның өмiр кезеңдерiн жырға қосу дәстүрi ертеден байқалады. «Жиырма бес» әндерi сол үрдiстен саға алса да ғажап емес.
Жиырма бес, қош аман бол, қайтып келмес,
Жас күндi ойлағанмен қолға бермес.
Қасында қатын, балаң күл күзетiп,
Кәрiлiк ауру болды қолдан келмес.
Жалған-ай,
Жиырма бес қайта айналып,
Шiркiн-ай, келмес саған, –
деп келетiн “Жиырма бес”әнiнiң келесi бiр үлгiсi де осы iзде, осы дәстүрде көрiнедi. Мұнда да өмiрдiң өткiншi сипаты кең ауқымды әуен арқылы берiлген. Қайырма екi әнге де ортақ. Ол негiзгi ойды толықтырып, қорытып тұр.
«Жиырма бес» әнiнiң тағы бiр үлгiсiн Т. Бекхожина «Қазақтың 200 әнi» жинағына енгiзген. Оның әуенi ойнақы, жүрдек, термеп айту дәстүрiне жақын. Бастауы мен аяқталуында жыраулық өнерге тән созылмалы сазы тағы бар.
Әннiң шығу тарихы да қызықты. Бiрде Байжан ақын мен Қодан деген кiсi жолаушылап шығып, жол-жөнекей бiр үйге ат басын тiрейдi. Оның ер адамдары шаруашылық соңында кетiп, үйде жас келiншек пен бойжеткен қыз қалған екен.
Жолаушылардың бiрi алпысты, екiншiсi жетпiстi таяп қалған кезi болса керек. Қыз-келiншекке көзi түскен Қодан жанындағы серiгiне:
Байжеке, мырза, көңiл болды қалай,
Бақшаны аралаушы ең талай-талай.
Қондырсам осынау тұрған қызыл гүлге,
Етуге ептеп сайран жайың қалай, –
деп әзiлдептi. Әннiң қайырмасына келгенде:
Ахау-ай,
Қыздар бiр гүл,
Жiгiт бұлбұл.
Өтер жастық
Ойнап күл-күл, –
деп құйқылжыта түседi.
Қоданның бұл әзiлiн түсiне қойған Байжан:
Қаршығам қызыл көрсе қызығар деп,
Алдынан миуа жемiс төксем де жоқ.
Кешегi өтiп кеткен жиырма бес жас,
Қолыма кетпен алып ексем де жоқ, –
деп жауап қайырған екен.
Жiгерлi жiгiттiк шақты аңсайтын «Жиырма бес» атты әндердiң мазмұн-тақырыбы осындай болып келедi. Ел арасында олардың халықтық және авторлық нұсқалары да бар.
«Дайдидау». Қазақ халқының терең сезiм мен әсерлi әуенге толы лирикалық әндерiнiң бiрi – “Дайдидау”. Ән жолдарынан сүйген жарынан көз жазып қалған жiгiттiң сағыныш сезiмi байқалады.
Әннiң поэтикалық жүйесiне қарап, оны ХVIII-ХIХ, тiптi ХХ ғасырдың бас кезiнде туған деп шамалауға рет бар.
Шынымен менен, достым, қалғаның ба?
Мойныңа айрылысуды алғаның ба?
Екеумiз айрылмастай болып едiк,
Қайтейiн уәдеңнiң жалғанына, –
деп келетiн әннiң соңғы шумағы соның дәлелi. Алғаш мұны қалың малға ерiксiз сатылған қызға айтылған жiгiт сөзi деп ұғынуға болатын секiлдi. Бiрақ өлеңнiң соңғы екi жолына келгенде ол ойдан ерiксiз тартынуға мәжбүр боламыз. Себебi Қазақ халқының арғы-бергi жердегi тұрмыс-тiршiлiгi мен болмыс-бiтiмiнде мұндай тұрақсыздық сезiм көрiнiсi байқалмайды. Ол дәуiрде ер сөзге, би жолға тұрған. Тұрақсыздық, тиянақсыздық, алдамшы сезiм халқымыздың әдеп-салтына түбегейлi жат құбылыс.
Ән әуеніне келгенде оның көнелiгi еркiн байқалады. Оған көз жеткiзу үшiн ән әуенi мен өлең кестесiн салыстырып көрелiк:
Хат жаздым қалам алып, сiзге, еркем,
Жүзiң бар он төртiншi айдай көркем, –
деген қос жолмен ән әуенi толық аяқталады. Одан соңғы:
Есiме сен түскенде, беу қарағым,
Қозғайсың қатып қалған iштiң дертiн, –
деген келесi жолдар дәл осы әуенмен айтылады. Демек әннiң әуенi мен өлең құрылысы бiр-бiрiне сай емес. Оның музыкалық әуенiн а-в, а-в деп көрсетер болсақ, өлең құрылысы а-а-в-а. Басқаша айтсақ, ән әуенi қос жолдық, ал өлең кестесi бiр шумақтық (төрт жолдық) қара өлеңге негiзделген. Мұның өзi ән әуенінің оның өлеңiнен көп ерте туғанын байқатады. Бұл халық әндерiнен жиi байқалатын құбылыс.
«Маусымжан». Бұл да халқымыздың тұрмыс-тiршiлiгiмен астасып жатқан әндердiң бiрi. “Маусымжан” – қыздың аты. Ән жiгiт атынан айтылып, теңiне қосылған қыздың хал-жайын суреттейдi. Мазмұнына орай әннiң әуенi көңiлдi, көтерiңкi, жүрдек.
Қыз қосылса теңiмен жыламасын-ау,
Көздiң жасын көл қылып бұламасын-ау, –
деген қос жолдан соң
Маусымжан, Маусымжан,
Танимын, қалқам, даусыңнан, –
деген тұрақты қайырмасы келiп отырады.
Ән мазмұнынан қыз сыңсуы, жас жұбайларға бата беру сияқты қазақ халқының ғұрыптық дәстүрi де көрiнiс тапқан. Мұны әннiң этнографиялық сипаты деймiз. “Маусымжан” сонысымен де қымбат.
«Қараторғай». Лирикалық әндердiң бiрқатары табиғатпен тығыз байланыста көрiнедi. Олар бiрде тау-тас, өзен-суды жырласа, ендi бiрде сол табиғат аясында қанат қағып қалықтап жүрген құстарды әнге қосады. Ел арасында мұндай әндердiң көптеген үлгiлерi бар. А. Затаевич «Қараторғай» әнiнiң тоғыз түрiн жазып алған.
Құс болса жiбектен бау тағар едiм,
Күмiстен тұғырыңды жабар едiм.
Мойныңа сары алтыннан алқа тағып,
Қолға алып, сылап-сипап бағар едiм.
Салайын мен әнiме,
Қараторғай, қараторғай, –
деп келетiн сондай әндердiң бiрi бүгiнде «Сырдың қараторғайы» атанып жүр.
«Қараторғай» әнiнiң ел арасына кең тараған көркем нұсқасы да бар.
Келедi қараторғай қанат қағып,
Астына қанатының маржан тағып.
Бiрге өскен кiшкентайдан сәулем едiң,
Айрылдым қапылыста сенен неғып, –
деп басталатын бұл әндi халық қазынасы ретiнде бағалағанымыз абзал.
«Қамажай» - көпшiлiкке танымал әндердiң бiрi. Оған арқау болған оқиға – Қамажай атты қызға iңкәр болған жiгiттiң әзiл аралас сөзi. Осы белгi әннiң жеңiл, ойнақы әуенiнен айқын байқалады. Оның би жанрына да қатысы бар.
“Қамажай” – шығысқа мәлiм атау. Шығыс жазбаларында серiлiк белгiсi ретiнде суреттелсе, серiлiк дәстүрмен сабақтастығын аңғару қиын емес.
Бұл тұста да ән әуенi мен поэзиялық өлшемi арасында сәйкессiздiк байқалады. Мысалы:
Байсында Қамажайдың бiр тал үкi,
Айырылып Қамажайдан болдым күлкi.
Айырылып Қамажайдан отырғанда,
Келедi қай жерiмнен ойын-күлкi,–
Достарыңызбен бөлісу: |