Жетілген бәсеке.
Еркін бәсеке жеке меншікке және шаруашылықтың оңашалуына негізделеді. Өндірушілер бір-бірімен тек нарық арқылы байланысады.
Жеке фирма өз өнімін өткізуде іс жүзінде нарықтағы айырбас жағдайларына ешқандай әсер ете алмаса, онда осындай болмыс – бәсекелік қабілеттің ең жоғарғы дәрежесі болып табылатын жетілген бәсеке деп аталады.
Жетілген бәсеке нарығы төменде аталған шарттардың орындалуын тілейді:
жеке фирманың өндіріс мөлшері елеулі болмайды және ол сол фирма сататын тауардың бағасына әсер етпейді;
әр өндірушілер сататын тауарлар біртекті тауарлар болады;
сатып алушылардың баға туралы информациясы толық болады. Егер біреу өз өнімінің бағасын көтерсе, онда ол сатып алушыларынан айырылады;
сатушылар өзара баға туралы келісім жасаспайды және әрекеттерін бір-бірімен келіспей жеке жүргізеді;
өндіруші фирмалардың салаға кіруі мен шығуына жол ашық болады.
Осындай сату-сатып алу шарттарының орындалуы өндірушілер мен тұтынушылардың өзара қатынастарына еркіндік сипат береді. Жетілген бәсеке баға белгілену механизмнің және тепе-теңдік болмысы арқылы экономикалық жүйенің өзін-өзі реттеуінің қалыптасу шарты болып табылады. Осының нәтижесінде жеке индивидтердің экономикалық жетістікке жетуді көздейтін өзіндік жеке дара қимылдары бүкіл қоғамдық жетістіктерге жол ашады.
Нарықтық бәсекенің артықшылықтары мен кемшіліктері бар.
Артықшылықтары:
қоғамға қажет тауарларды өндіруде ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндіктің болуы;
тез өзгеріп отыратын өндіріс жағдайларына икемді болып, оларға тез көмектесе алатындығы;
тауарлардың жаңа түрлерін жасау саласына жаңа техника мен технология енгізуге, өндірісті ұйымдастырып басқарудың жетілген әдістерін қолдануға, ғылыми-техникалық жетістіктерді ұнамды пайдалануға жағдайлар тудыратындығы;
өндірушілерді көптүрлі қажеттіктерді қанағаттандыруға, тауарлар мен қызметтердің сапасын жоғарылатуға мақсаттандыруы.
Кемшіліктері:
ұдайы өндірілмейтін ресурстарды (ормандар, табиғи жануарлар, жер, теңіз, мұхит қоймалары) сақтауға көмектеспейді;
қоршаған ортаны қорғауда негативтік бағытта болады;
ұжымдық тауарларға бағытталған тауарлар мен қызметтер (дамбалар, жолдар, қоғамдық көлік) өндірісінің дамуын қамтамасыз етпейді;
фундаментальдық ғылымның, жалпы білім беру жүйесінің, қалалық шаруашылықтың көп элементтерінің дамуына жағдай жасамайды;
еңбек, табыс, демалу құқықтарына кепілдік бермейді;
әлеуметтік әділетсіздік пен қоғамның байлар мен кедейлерге бөлінуіне бөгет жасайтын механизмдері жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: |