Мемлекеттік статистика туралы



жүктеу 107,5 Kb.
Дата19.11.2018
өлшемі107,5 Kb.
#21352

МЕМЛЕКЕТТІК СТАТИСТИКА ТУРАЛЫ

2010 жылғы наурыздың 19-ы. № 257-ІV ҚРЗ

Осы Заң мемлекеттік статистикалық қызмет процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді және қоғамның, мемлекет пен халықара­лық қоғамдастықтың ресми статистикалық ақпаратқа деген сұранысын қанағаттандыруға бағытталған. 

 

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР



1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) алғашқы статистикалық деректер – статистикалық нысандарда алынған немесе тіркелген деректер;

2) әкімшілік дереккөздер – статистикалық қызметті қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес стратегиялық, реттеуіш, іске асыру немесе бақылау функцияларын іске асыру процесінде есепке алу деректерін немесе өзге де деректерді жинауды жүзеге асыратын орталық және жергілікті атқарушы органдар, кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің әкімдері, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және өзге де мемлекеттік органдар;

3) әкімшілік деректер – алғашқы статистика­лық деректерді қоспағанда, әкімшілік дереккөздер қалыптастыратын жеке немесе заңды тұлға жөнін­дегі жеке-дара сандық және (немесе) сапалық дерек­тер және шаруашылық бойынша есепке алу деректері;

4) ведомстволық статистикалық байқау – мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органды қоспағанда, статистикалық жұмыс жоспарына сәйкес статистикалық жұмыс жүргізуге уәкілеттік берілген мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүргізетін статистикалық байқау;

5) жалпымемлекеттік статистикалық байқау – мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган жүргізетін статистикалық байқау;

6) мемлекеттік статистика – ресми статистикалық ақпаратты түзу;

7) мемлекеттік статистика саласындағы уәкі­летті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – өз құ­зыреті шегінде мемлекеттік статистика саласын­дағы басшылықты, сондай-ақ салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

8) пайдаланушы – ресми статистикалық ақпаратты алуға өтініш жасайтын және (немесе) оны пайдаланатын тұлға;

9) ресми статистикалық ақпарат – статис­тикалық жұмыс жоспарына сәйкес мемлекеттік ста­тистика органдары қалыптастыратын статисти­калық ақпарат;

10) ресми статистикалық ақпаратты тарату графигі – пайдаланушыларды статистикалық жұмыс жоспарына сәйкес мемлекеттік статистика органдары қалыптастыратын статистикалық көрсеткіштер туралы мәліметтермен қамтамасыз ететін құжат;

11) респондент – статистикалық әдіснамаға сәйкес статистикалық байқау объектісі бойынша деректерді ұсынатын жеке немесе заңды тұлға және оның құрылымдық және оқшауланған бөлімшелері;

12) респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді ұсыну графигі – респонденттердің тобы, статистикалық байқаулардың атаулары, рес­понденттердің алғашқы статистикалық деректерді ұсыну кезеңділігі мен мерзімдері және алғашқы статистикалық деректердің жиналуына жауапты мемлекеттік орган туралы мәліметтерді қамтитын құжат;

13) статистикалық ақпарат – алғашқы статисти­калық деректерді және (немесе) әкімшілік деректерді өңдеу процесінде алынып, біріктірілген деректер;

14) статистикалық әдіснама – статистикалық қызметте пайдаланылатын, белгіленген тәртіппен бекітілген ғылыми негізделген амалдардың, тәсілдер мен әдістердің жиынтығы;

15) статистикалық байқау – статистикалық байқау объектісі бойынша алғашқы статистикалық деректерді ғылыми-ұйымдастырып жинау;

16) статистикалық байқау объектісі – өздері туралы сандық және (немесе) сапалық сипаттама­лар жиналуға тиіс әлеуметтік-экономикалық объект және (немесе) құбылыс не олардың жиынтығы;

17) статистикалық жұмыс жоспары – ұлттық санақтарды қоспағанда, жалпымемлекеттік және ведомстволық статистикалық байқаулар жүргізудің алғашқы статистикалық деректерді жинау мерзім­дерін, ресми статистикалық ақпаратты қалыптас­тыру мерзімдерін айқындайтын жылдық жоспары;

18) статистикалық қызмет – осы қызметті жоспарлауды, статистикалық әдіснаманы әзірлеуді, статистикалық байқау жүргізуді, алғашқы статистикалық және әкімшілік деректерді өндеуді, қорғау мен сақтауды, статистикалық ақпаратты қалыптастыру мен таратуды қамтитын процесс;

19) статистикалық нысан – статистикалық құжаттың алғашқы статистикалық деректерді белгіленген тәртіппен алуға немесе тіркеуге арнал­ған қағаз немесе электрондық жеткізгіштегі форму­ляры (бланк, есептілік нысаны, сұрақтама, сауал-нама, санақ парағы және басқа да формулярлар);

20) статистикалық сыныптауыш – статисти­калық байқау объектісін топтарға, сыныптарға, разрядтарға бөлуге мүмкіндік беретін, жасау және жүйелеу принциптерінің, әдістерінің сипатталуын, сондай-ақ оны сәйкестендіру құралы болып қызмет ететін кодты қамтитын, оның нақты бір белгісі мәндерінің жүйеге түсірілген тізбесі;

21) статистикалық тіркелім – статистикалық байқау объектісі бірліктерінің сандық және (немесе) сапалық сипаттамаларымен қоса жүйеге түсірілген тізбесі;

22) ұлттық санақ – статистикалық жұмыс жоспарынан тыс Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жүргізілетін, арнайы ұйымдастырылған статистикалық байқау;

23) үй шаруашылығы – бірге тұратын, өз табыстары мен мүлкін толықтай немесе ішінара бі­ріктіретін және тауарлар мен көрсетілетін қыз­мет­терді бірлесіп тұтынатын бір немесе одан да көп жеке тұлғалардан құралған экономикалық субъект;

24) шаруашылық бойынша есепке алу – үй шаруашылықтары бойынша әкімшілік деректерді қалыптастыру процесі.

 

2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика  саласындағы заңнамасы

1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

2. Егер Қазақстан Республикасы ратификация­лаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгіленсе, халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

 

3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

1. Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында қолданылады және статистикалық ақпаратты түзу мен тарату процесіне байланысты қатынастарға қолданылады.

2. Құқықтық статистика және арнайы есепке алуды жүргізу саласындағы қатынастар “Мемлекет­тік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы” Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Заңмен реттеледі.

 

4-бап. Мемлекеттік статистика органдары

Мемлекеттік статистка органдарына:

1) уәкілетті орган;

2) статистикалық жұмыс жоспарына сәйкес ведомстволық статистикалық байқаулар жүргізетін және (немесе) ресми статистикалық ақпаратты қа­лыптастыратын мемлекеттік органдар мен Қа­зақстан Республикасының Ұлттық Банкі жатады.

 

5-бап. Мемлекеттік статистиканың принциптері

Мемлекеттік статистиканың негізгі принциптері:

1) мемлекеттік статистиканың жалпы жұрт қабылдаған халықаралық стандарттармен, сыныптамалармен және әдістермен үйлесімді және салыстырмалы болуы;

2) статистикалық қызметті жүзеге асыру кезіндегі кәсіптік тәуелсіздік және дербестік;

3) пайдаланушылардың ресми статистикалық ақпаратқа теңдей қол жеткізуін қамтамасыз ету;

4) алғашқы статистикалық деректердің құпиялылығы және олардың тек қана статистикалық мақсаттар үшін пайдаланылуы;

5) сапасын, уақтылығын, шығындарды және респонденттерге жүктемені ескере отырып, ақпарат дереккөздерінің барлық түрлерін пайдалану;

6) ресми статистикалық ақпараттың дәйекті­лігі, ғылыми негізділігі, уақтылы берілуі мен жалпыға бірдей қолжетімділігі;

7) статистикалық ақпараттың, алғашқы статис­тикалық және әкімшілік деректердің сақталуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.

 

6-бап. Мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясат

1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясаты мемлекеттік статистиканы жасауға, жұмыс істетуге, дамытуға және жетілдіруге бағытталған.

2. Мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясат мемлекеттік статистиканың принциптеріне негізделеді.

3. Орталық және жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға өздерінің осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде айқындалған құзыреті шегінде қатысады.

4. Орталық және жергілікті атқарушы органдар өздерінің қызметінде ресми статистикалық ақпа­рат­ты дереккөзге сілтеме жасай отырып пайда­ланады, қандай да бір әлеуметтік-экономикалық объект немесе құбылыс бойынша ресми статисти­калық ақпаратты алу мүмкіндігі болмаған кезде ғана ол бойынша өзге ақпаратты жинайды және пайдаланады.

 

7-бап. Мемлекеттік статистика саласындағы міндеттер

Мемлекеттік статистика саласындағы міндеттер:

1) статистикалық әдіснаманы қалыптастыру;

2) мемлекеттік статистика принциптерін сақтай отырып, статистикалық қызметті жүзеге асыру;

3) қоғамның, мемлекет пен халықаралық қоғамдастықтың ресми статистикалық ақпаратқа деген сұранысын қанағаттандыру болып табылады.

 

8-бап. Ұсынылатын деректердің құпиялылық және қорғалу кепілдіктерін қамтамасыз ету

1. Алғашқы статистикалық деректер құпия болып табылады және осы баптың 4-тармағында көрсетілген мәліметтерді қоспағанда, оны мемле­кет­тік статистика органдары тек қана статисти­калық ақпаратты түзу мақсатында пайдаланады. Мемлекеттік статистика органдары алғашқы статистикалық деректерді жинау, өңдеу және сақтау кезінде осы деректердің құпиялылығын қамтамасыз етеді.

2. Мемлекеттік органдардың және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің респондентке қатысты алғашқы статистикалық деректерді пайдалануына, оның ішінде өздері бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асырған кезде пайдалануына жол берілмейді.

3. Респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді қалыптастыру жөніндегі қызметіне орта­лық және жергілікті атқарушы органдардың және өзге де тұлғалардың араласуына жол берілмейді.

4. Дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар, олардың оқшауланған бөлімшелері туралы мынадай мәліметтер:

1) дара кәсіпкердің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) немесе заңды тұлғаның атауы;

2) экономикалық қызмет түрлерінің жалпы сыныптауышы бойынша экономикалық қызмет түрі;

3) кәсіпорындар мен ұйымдардың жалпы сыныптауышы бойынша коды;

4) бизнес-сәйкестендіру нөмірі;

5) әкімшілік-аумақтық объектілердің сыныптауышы бойынша коды;

6) кәсіпорынның жұмыспен қамтылғандар саны жөніндегі мөлшерлілік сыныптауышы бойынша коды құпия болып табылмайды.

5. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген мәліметтерді қоспағанда, респондентті тікелей не­месе жанама анықтауға немесе ол туралы алғашқы статистикалық деректерді айқындауға мүмкіндік беретін статистикалық ақпарат және деректер база­ла­ры құпия болып табылады және ол респон­денттің келісімі болғанда ғана таратылуы мүмкін.

6. Деректер базаларын ғылыми мақсаттарда уәкілетті орган белгілеген тәртіппен, сәйкестен­дірілмеген түрінде ұсынуға және пайдалануға жол беріледі.

7. Мемлекеттік құпияларды қамтитын статистикалық ақпаратты беру тәртібі Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес айқындалады.

 

9-бап. Мемлекеттік статистика саласындағы халықаралық ынтымақтастық

1. Қазақстан Республикасы мен басқа мемле­кет­тер немесе халықаралық ұйымдар арасындағы мемлекеттік статистика саласындағы ынтымақ­тастық Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.

2. Мемлекеттік статистика органдарының Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары шеңберінде статистикалық ақпаратты таратуға және пайдаланылатын статистикалық әдіснама бойынша тәжірибе алмасуға құқығы бар.

 

2-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК СТАТИСТИКА САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

10-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің құзыреті

Қазақстан Республикасының Президенті мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын айқындайды және Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

11-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік статистика саласындағы құзыреті

Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттік статистика саласында:

1) мемлекеттік статистика саласындағы мемле­кеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;

2) мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру кезінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметін үйлестіреді;

3) ұлттық санақтар жүргізу туралы шешімдер қабылдайды;

4) ұлттық санақтар жүргізудің тәртібі мен мерзімдерін айқындайды;

5) өзіне Конституцияда, осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақ­стан Республикасы Президентінің актілерінде жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

 

12-бап. Уәкілетті органның құзыреті

Уәкілетті орган:

1) мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлейді және іске асырады;

2) өз құзыреті шегінде мемлекеттік статистика саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;

3) халықаралық статистикалық стандарттарға сәйкес статистикалық әдіснаманы қалыптас­тырады;

4) жалпымемлекеттік статистикалық байқаулар жөніндегі статистикалық әдіснаманы бекітеді;

5) статистикалық жұмыс жоспарына сәйкес жалпымемлекеттік статистикалық байқауларды ұйымдастырады және жүргізеді;

6) ұлттық санақтардың бағдарламаларын әзір­лейді және олардың іске асырылуын қамтамасыз етеді;

7) жалпымемлекеттік және ведомстволық статистикалық байқаулар жүргізу үшін статисти­калық нысандарды, оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықты, сондай-ақ олардың бекітілу тәртібін бекітеді;

8) респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді ұсыну тәртібін әзірлейді және бекітеді;

9) респонденттер алғашқы статистикалық деректерді ұсынған кезде оларды статистикалық нысандармен және осы нысандарды толтыру жөніндегі нұсқаулықтармен қамтамасыз етеді;

10) респонденттерден алғашқы статистикалық деректерді өтеусіз негізде алады;

11) үй шаруашылықтарынан олардың табыс­тары мен шығыстары туралы қажетті алғашқы статистикалық деректерді өтеулі және өтеусіз негізде алады;

12) статистикалық ақпаратты түзу кезінде бұр­ма­лаушылықтар, қателер, ағаттықтар анықталған жағдайда алғашқы статистикалық деректердің дәйектілігін растау үшін респонденттерден қосымша ақпарат талап етеді;

13) респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді бұрмалағаны анықталған кезде рес­понденттерден алғашқы статистикалық деректер қамтылған статистикалық нысандарға түзетулер енгізуді талап етеді;

14) әкімшілік деректерді тек қана статистика­лық ақпаратты түзу және статистикалық тіркелімдерге өзекті сипат беру үшін пайдаланады;

15) статистикалық сыныптауыштарды уәкілетті органның интернет-ресурстарында орналастыру арқылы мемлекеттік статистика органдарын олармен қамтамасыз етеді;

16) республиканың және оның өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы ақпараттық статистикалық деректер базаларының жинақталуын, жүргізілуін және оларға өзекті сипат берілуін қамтамасыз етеді;

17) мемлекеттік статистика саласындағы ғылыми-зерттеу әзірлемелерін ұйымдастырады;

18) статистикалық ақпараттың сапасын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік статистика органдарының статистикалық қызметіне оның уәкілетті орган бекіткен ведомстволық статисти­калық байқаулар жөніндегі статистикалық әдіс­намаға сәйкестігі тұрғысынан сараптама жүргізеді және сараптама жүргізуге қажетті құжаттарды (ақпаратты) сұратады;

19) уәкілетті органның құзыретіне жатқы­зылған мәселелер бойынша түсініктер береді;

20) мемлекеттік статистиканы жетілдіру мақсатында консультациялық-кеңесші органдарды құрады, олар туралы ережені уәкілетті органның басшысы бекітеді;

21) тексерулерді қоспағанда, мемлекеттік статистика саласындағы Қазақстан Республикасы заңдарының және Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулыларының талаптарын сақтау тұрғысынан мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

22) өз құзыреті шегінде халықаралық ынты­мақтастықты жүзеге асырады және ынтымақтастық шеңберінде шарттар жасасады;

23) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

 

13-бап. Мемлекеттік статистика органдарына жататын мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құзыреті

Осы Заңның 4-бабының 2) тармақшасында көрсетілген мемлекеттік статистика органдары:

1) мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

2) статистикалық әдіснаманы әзірлеу мен қалыптастыруға уәкілетті орган белгілеген тәртіппен қатысады;

3) статистикалық жұмыс жоспарына сәйкес ведомстволық статистикалық байқауларды жүргізеді және ресми статистикалық ақпаратты қалыптастырады;

4) статистикалық ақпаратты түзу кезінде бұрмалаушылықтар, қателер, ағаттықтар анықтал­ған жағдайда алғашқы статистикалық деректердің дәйектілігін растау үшін респонденттерден қосымша ақпарат талап етеді;

5) ведомстволық статистикалық байқауларды жүргізу кезінде респонденттерден алғашқы статистикалық деректерді өтеусіз негізде алады;

6) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің және Қазақстан Республикасы Үкі­метінің актілерінде көзделген өзге де функция­ларды жүзеге асырады.

 

14-бап. Уәкілетті орган

1. Уәкілетті органның кәсіптік тәуелсіздігі, оның ішінде статистикалық әдіснаманы әзірлеу мен бекіту бойынша кәсіптік тәуелсіздігі болады.

2. Уәкілетті органның бірыңғай жүйесін орталық атқарушы орган мен оған бағынысты аумақтық органдар құрайды.

3. Аумақтық органдар өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өкілеттіктері және орталық атқарушы орган бекіткен ереже шегінде жүзеге асырады.

 

15-бап. Уәкілетті органның тәуелсіздігін қамтамасыз ету

Уәкілетті органның тәуелсіздігі:

1) уәкілетті органның қызметіне мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының және өзге де ұйымдардың құқыққа сыйымсыз араласуына жол бермеу арқылы;

2) оның қызметін жүзеге асыру үшін тиісті қаржылық, материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық жағдайлар жасау арқылы қамтамасыз етіледі.

 

16-бап. Әкімшілік дереккөздердің құқықтары мен міндеттері

1. Әкімшілік дереккөздердің осы Заңның 26-бабына сәйкес ресми статистикалық ақпаратты алуға құқығы бар.

2. Кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің әкімдері уәкілетті орган бекіткен статистикалық әдіснамаға сәйкес шаруашылық бойынша есепке алуды жүргізуге, уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша тіркеу жазбаларын жүргізуді ұйымдастыруға және шаруашылық бойынша есепке алу деректерінің дәйектілігін қамтамасыз етуге міндетті.

3. Әкімшілік дереккөздер:

1) Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті орган әзірлеген мемлекеттік сыныптауыштарды қолдануға;

2) әкімшілік деректерді жинауға арналған нысандарды уәкілетті органмен келісуге;

3) әкімшілік деректерді уәкілетті орган бекіткен тәртіппен өтеусіз негізде уәкілетті органға ұсынуға міндетті.

4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі уә­кіл­етті органға банктік құпияны құрайтын мәлі­мет­терді қоспағанда, әкімшілік деректерді ұсынады.

 

17-бап. Респонденттердің құқықтары мен міндеттері

1. Респонденттердің:

1) ресми статистикалық ақпаратты алуға;

2) мемлекеттік статистика органдарынан ал­ғашқы статистикалық деректердің құпиялылығын сақтауды талап етуге;

3) уәкілетті органнан статистикалық нысан­дарды толтыру тәртібі жөнінде түсініктер алуға;

4) алғашқы статистикалық деректерді элек­трондық түрде ұсыну үшін қажетті статистикалық нысанды және (немесе) бағдарламалық қамтамасыз етілімді қағаз немесе электрондық жеткізгіштерде өтеусіз негізде алуға;

5) уәкілетті орган көрсететін мемлекеттік қызметтерді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен пайдалануға;

6) Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы заңнамасында көзделген өзге де құқықтарға құқығы бар.

2. Респонденттер:

1) статистикалық байқаулар жүргізу кезінде респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді ұсыну графигіне және статистикалық әдіснамаға сәйкес дәйекті алғашқы статистикалық деректерді ұсынуға;

2) мемлекеттік статистика органдарының осы Заңда көзделген талаптарын орындауға міндетті.

 

18-бап. Пайдаланушылардың құқықтары

Пайдаланушылардың:

1) ресми статистикалық ақпаратты тарату графигіне сәйкес ресми статистикалық ақпаратқа бір мезгілде және теңдей қол жеткізуге;

2) ресми статистикалық ақпаратты дереккөзге сілтеме жасай отырып жеке мақсатта пайдалануға құқығы бар.

 

3-тарау. СТАТИСТИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ



19-бап. Статистикалық қызметті жоспарлау

1. Статистикалық қызмет Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен статистикалық жұмыс жоспары негізінде жүзеге асырылады.

2. Уәкілетті орган статистикалық жұмыс жос­парын орындау үшін респонденттердің алғашқы ста­тис­тикалық деректерді ұсыну графигін және ресми статистикалық ақпаратты тарату графигін бекітеді.

3. Уәкілетті орган статистикалық жұмыс жос­парын, респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді ұсыну графигін және ресми статис­тикалық ақпаратты тарату графигін мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ұсыныстарын ескере отырып, алдағы күнтізбелік жылға арнап қалыптастырады.

Мемлекеттік органдар мен Қазақстан Респуб­ликасының Ұлттық Банкі өз ұсыныстарын жоспар­ланатын жылдың алдындағы жылдың 1 сәуіріне дейінгі мерзімде уәкілетті органға ұсынады.

4. Уәкілетті орган жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 1 шілдесіне дейінгі мерзімде статистикалық жұмыс жоспарын, респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді ұсыну графигін және ресми статистикалық ақпаратты тарату графигін қалыптастыруды қамтамасыз етеді.

 

20-бап. Статистикалық байқау

1. Мемлекеттік статистика органдары статис­тикалық байқауларды статистикалық әдіснамаға сәйкес статистикалық нысандар бойынша жүргізеді.

2. Статистикалық байқауларды жүргізу кезінде оған орталық және жергілікті атқарушы органдар мен олардың лауазымды адамдарының және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың, олардың бірлестіктерінің араласуына жол берілмейді.

 

21-бап. Ұлттық санақтар

1. Ұлттық санақтарды жүргізу қажеттігін уәкілетті органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

2. Уәкілетті орган ұлттық санақтарды статистикалық жұмыс жоспарынан тыс жүргізеді.

3. Ұлттық санақтар жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының Үкіметі орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіруді уәкілетті органға да, арнайы құрылған комиссияға да жүктеуі мүмкін.

4. Ұлттық санақтар барысында алынған мәліметтер алғашқы статистикалық деректерге жатады және олар жеке немесе заңды тұлғаға мүліктік және моральдық зиян келтіру, олардың құқықтары мен бостандықтарының іске асыры­луын қиындату мақсатында пайдаланылмауға тиіс.

5. Ұлттық санақтар жүргізу кезінде респон­денттер алғашқы статистикалық деректерді мін­детті түрде өтеусіз негізде ұсынады.

 

22-бап. Статистикалық әдіснама

1. Статистикалық ақпаратты қалыптастыру ста­тистикалық әдіснамаға сәйкес жүзеге асы­рылады.

2. Ведомстволық статистикалық байқаулар және статистикалық ақпаратты қалыптастыру жөніндегі статистикалық әдіснаманы мемлекеттік статистика органдарына жататын мемлекеттік органдар әзірлейді және оны осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, уәкілетті орган бекітеді.

3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүргізетін ведомстволық статистикалық байқаулар жөніндегі және олардың статистикалық ақпаратты қалыптастыруы жөніндегі статистикалық әдіснаманы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі әзірлейді және оны уәкілетті органмен келісе отырып бекітеді.

4. Статистикалық әдіснама ғылыми әдістер мен көзқарастар негізінде әзірленеді, оны мемлекеттік статистика органдары таратады және ол қолжетімді болуға тиіс.

5. Мемлекеттік органдардың, олардың лауа­зымды адамдарының, сондай-ақ өзге де тұлға­лардың статистикалық әдіснаманы қалыптастыруға араласуына жол берілмейді.

 

23-бап. Статистикалық сыныптауыштар мен тіркелімдер

1. Статистикалық қызметті жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті орган әзірлеген және бекіткен статисти­ка­лық сыныптауыштардың қолданылуы міндетті.

2. Статистикалық ақпаратты қалыптастыру үшін уәкілетті орган мынадай статистикалық тіркелімдерді:

1) статистикалық бизнес-тіркелімді;

2) халықтың статистикалық тіркелімін;

3) ауыл шаруашылығының статистикалық тіркелімін;

4) тұрғын үй қорының статистикалық тіркелімін жүргізуді жүзеге асырады.

3. Статистикалық тіркелімдер тек қана статис­тикалық мақсаттарда жүргізіледі және оларды статистикалық байқау объектілерінің тіркелімдерде қамтылған қасиеттерін және (немесе) сандық сипаттамаларын ресми растау үшін пайдалануға болмайды.

4. Статистикалық бизнес-тіркелім Қазақстан Рес­публикасының аумағында тіркелген дара кә­сіп­керлер және заңды тұлғалар, олардың оқшауланған бөлімшелері туралы ақпаратты қамтиды.

5. Халықтың статистикалық тіркелімі Қазақ­стан Республикасының аумағында тұрып жатқан жеке тұлғалар туралы, сондай-ақ Қазақстан Рес­пуб­ликасынан тысқары жерлерде уақытша тұрып жатқан оның азаматтары туралы ақпаратты қамтиды.

6. Ауыл шаруашылығының статистикалық тіркелімі Қазақстан Республикасында ауыл шаруашылығы өнімін өндіретін субъектілер жөніндегі ақпаратты қамтиды.

7. Тұрғын үй қорының статистикалық тіркелімі Қазақстан Республикасының барлық меншік нысанындағы тұрғын үйлері туралы ақпаратты қамтиды.

8. Статистикалық тіркелімдердің деректеріне өзекті сипат беру алғашқы статистикалық және (немесе) әкімшілік деректер негізінде жүргізіледі.

 

24-бап. Статистикалық ақпаратты қалыптас­тыру дереккөздері

Статистикалық ақпаратты қалыптастыру кезінде:

1) алғашқы статистикалық деректер;

2) әкімшілік деректер;

3) мемлекеттік органдардың статистикалық ақпараты;

4) басқа мемлекеттердің статистика органдары мен халықаралық ұйымдардың статистикалық ақпараты дереккөз ретінде қызмет етеді.

 

25-бап. Өңдеу және сақтау

1. Статистикалық байқаулар жүргізу кезінде алынған алғашқы статистикалық деректер және (немесе) әкімшілік деректер статистикалық әдіснамаға сәйкес және мемлекеттік статистика­ның принциптері сақтала отырып өңделеді.

2. Алғашқы статистикалық немесе әкімшілік деректерді қамтитын қағаздағы жеткізгіштер көрсетілген деректер негізінде қалыптастырылған ресми статистикалық ақпарат таратылған кезден бастап кемінде бір жыл сақталады. Алғашқы статистикалық немесе әкімшілік деректерді қамтитын электрондық жеткізгіштер кемінде елу жыл сақталады.

 

26-бап. Статистикалық ақпаратты тарату

1. Ресми статистикалық ақпарат ресми статистикалық ақпаратты тарату графигіне сәйкес статистикалық жұмыс жоспарында көзделген көлемде таратылуға жатады.

2. Мемлекеттік статистика органдары сапалы ресми статистикалық ақпаратты және статистика­лық әдіснаманы мемлекеттік статистика орган­дарының интернет-ресурстарына орналастыру арқылы пайдаланушылардың оларға бір мезгілде қол жеткізуіне тең құқықтарын қамтамасыз етеді.

3. Ресми статистикалық ақпаратты тарату графигінде көзделмеген және оны әзірлеуге қосымша шығындарды талап ететін статистикалық ақпарат өтеулі негізде беріледі.

Мемлекеттік органдардың Қазақстан Респуб­ли­касының заңнамасына сәйкес өкілеттіктерін жүзеге асыруы мақсатында олардың біржолғы сауал­дары негізінде ресми статистикалық ақпарат­ты тарату графигінде көзделмеген және респон­дент­тердің алғашқы статистикалық деректерді ұсыну графигіне сәйкес респонденттер ұсынатын алғашқы статистикалық деректер негізінде әзірленген статистикалық ақпарат, осы Заңның 8-бабының талаптары сақтала отырып, уәкілетті орган белгілеген тәртіппен өтеусіз негізде берілуі мүмкін.

4. Статистикалық ақпаратты тарату Қазақстан Республикасы заңнамасының нормалары сақтала отырып қамтамасыз етіледі.

5. Мемлекеттік органдар әкімшілік деректер бойынша қалыптастырылатын статистикалық ақпаратты өздері дербес таратады.

 

4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

27-бап. Қазақстан Республикасының мемлекет­тік статистика саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы заңнамасын бұзу Қазақ­стан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

2. Мемлекеттік статистика органдарының қызметкерлері респондентті сәйкестендіруге мүм­кіндік беретін алғашқы статистикалық дерек­терді, статистикалық ақпаратты және (немесе) деректер базаларын жоғалтқаны, заңсыз жария еткені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгі­ленген тәртіппен жауаптылықта болады.

3. Мемлекеттік статистика органдары қыз­меткерлерінің немесе олардың лауазымды адам­дарының респондентті сәйкестендіруге мүмкіндік беретін алғашқы статистикалық деректерді не статистикалық ақпаратты және (немесе) деректер базаларын жоғалтуы, жария етуі салдарынан жеке немесе заңды тұлғаға келтірілген зиян Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтелуге жатады.

 

28-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

2. “Мемлекеттік статистика туралы” 1997 жылғы 7 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 9, 91-құжат; 2001 ж., № 4, 23-құжат; 2002 ж., № 1, 3-құжат; № 17, 155-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; № 24, 143-құжат; 2007 ж., № 4, 33-құжат; 2009 ж., № 18, 84-құжат; 2010 жылғы 9 ақпанда “Егемен Қазақстан” және “Казахстанская правда” газеттерінде жарияланған “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті және өзара сақтандыру, салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” 2009 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы) күші жойылды деп танылсын.

  


Қазақстан Республикасының Президенті   Н. НАЗАРБАЕВ
жүктеу 107,5 Kb.

Достарыңызбен бөлісу:




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау