Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Бастауыш сынып оқушыларының ауызша сөйлеуін дамытуда қазақ ауыз әдебиеті үлгілерінің психологиялық ықпалы. Жантану мәселелері. 2012. №1. 8-12 б.
2.Мұқаев Т. Жаңылтпаштар. 1981. 60 б.
3.Оразақын А. Логопедтік әліпби. Тіл жаттығулары. Алматы., Арман ПВ. 2008
4.Жүсіпов Н.Қ. XIX-ғасырдың I жартысындағы қазақ фольклортану ғылымы. Алматы., 2006
5.Әдебиеттану терминдер сөздігі. Алматы, 1998 ж
6.Әлібеков Ш. Қазақ фольклорының эстетикасы. Алматы., 1992
ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ «ТӘҢІР» КОНЦЕПТІСІ
Ұ.М. Лесбекова. ҚазМемҚызПУ
Ғылыми жетекші: ф.ғ.к., доцент С.А. Оданова
«Концепт дегеніміз – ұлттық дүниетанымның ықшам да, терең мағыналы дүниетаным құндылықтарын айқындайтын тілдегі көрініс тапқан күрделі бірлік [1].» деген А. Исламның тұжырымдамасымен келісеміз және осы пікірмен көтеріп отырған мәселеміздің толық мазмұнын аша аламыз.
Концептілер - дүниетанымнан, яғни әлдебір дүниелік бейнеге әрбір ұлттың сана шарқына қарай пайда болған және ол өзгермей ұрпақтарына берілетін ұғым.
Концепті күрделі құрылымдардан тұратыны да анық: -дүниенің қасиеті, белгілері; - когнитивтік модель; - концепт типтері; -дүниенің тілдік бейнесі (метафора, фразеологизм, сөз, сөйлем, поэтикалық мәтін)[2];
Адам санасында дүние бейнесін бейнелеу тіл тұрғысынан алғанда когнитивтік тіл біліміне келіп тіреледі. Концептілер уақыт өткен сайын жинақтала келе бүтін бір тілдік жүйені құрады және ары қарай адамзат санасымен жалғаса да береді. Әрбір ұрпақ өз заманында кеңейте түседі. Сол концептілік ұғымдардың бірі «Тәңір» сөзін ұрпақтық парызымыз ретінде қарастырамыз.
Таным тұрғысынан қарағанда «тәңірі» концептісінің де әрбір тілде ұлтына сай табиғи бейнесі мен тілдік көрінісі бар. Нақтылай түссек:
Күрделі концептілік құрылым деп қарасақ, «Тәңірі» концептісін зерттейтін когнитивтік лингвистика және оның салалары – когнитивтік психология, мәдени антропология, философия, психолингвистика, лингвомәдениеттану, этнолингвистика.
Тәңір (Тенгри) - ежелгі түркілер, оның ішінде қазақтардың табиғат құбылысы, әлем жаратылысы туралы түсінігі.
1893 жылы 25 қарашада В. Томсен белгісіз болған тәңір сөзінің кілтін тапты, яғни мағынасын ашты. «Тәңірі», «аспан», «көк», «құдай» мағынасында деп оқыды.
Белгілі түркітанушы М. Қашқари да өз еңбектерінде осылай топтаған еді[3].
Тәңір ұғымы – қазақтың «Зеңгір аспан» ұғымындай ежелгі ғұн мен Шумердің сына жазуларында «зингир» деп кездеседі. «Көк», «Ұлы», «Нұр» сияқты аспанға қатысты сипаттар тәңірдің ұлылығын, биіктігі мен көркемдігін білдіреді. Тәңірдің сипаты ешнәрсеге ұқсамайды. Биіктегі бір ғана құдай – «Тәңір» (Тенгри - аспан) бізге толық беймәлім дүние саналды. Ал түрік қағанаты дәуірінде Тәңір мен Ұмай күллі түркі халқы табынған ұлы дәрежеде болды. Түркі халықтарында молшылықтың құдай-анасы қасиетті «Ұмай» саналды. Тәңір мен Ұмай туралы мифтерде де олардың түркі қағанаты үшін бас ұра табынатын құдіреті болғаны айтылады.
Көп құдайшылық дәуірінен суырылып, бүгінге дейін қасиетті ұғымын сақтаған «Тәңір» мен бірге «Ұмай». Ұмай ана (жер-ана) деп домалақ жерді сипаттаса, ал Тәңір – «Көк-Тәңір», аспан күші деп сенген.
С. Қасқабасов: «Шындығында бүкіл түркі жұртында Тәңір көктегі ер рөлінде, ал Ұмай жер-ана болып қабылданады» – деді [4].
Құнды деректердің бірі де бірегейі көне Күлтегін, Білге заманынан қалған балбал тастағы қашалып жазылған жазбалар. Сол жазбаларға сүйеніп зерттеу жұмыстары жасалса да, «Тәңір» сөзінің этимологиясын іздеушілер толық мәнін аша алмай келуде. Бірқатары «Тәңір», «аспан», «көк аспан» деген ұғымды білдіреді деген тұжырыммен тоқталады. Алайда, зерттеулерге нүкте қойылған жоқ. Себебі, ұғым мағыналық ауқымы кең және өте бағзы заманнан бастау алған. Ендеше тарихына бойлап көрелік.
Біздің заманымыздан бұрынғы екінші мыңжылдықтағы Қытай деректерінде біздің ата - бабаларымыздың тарихы нақты баяндалды. Алғашқыда деректер бойынша түркі халықтарында тотемизм сенімі болған. « Шығыс Қазақстандағы бір ру адамдары: «Біз көк бөріден жаралдық» деп оған тағзым етіп, жалауларына көк бөрінің бейнесін салып, «Көк бөрілі байрағым!» деп желкілдеткен, рухтанған.
Адамдар санасы дами келе тотемизмдік наным сенімдері өзгеріп, көп құдайшылыққа қарағанда тылсым көктің ұлы күшіне сену басымданады. Аспан денелеріне қарап жорамалдау, табыну пайда болды. Амандық пен саулықты аспаннан жауған нөсерге немесе құбылыстарға қарап, қол жайып сұрады.
Сол табынушылық сенімдерінің барысында көк сөзі мен тәңір сөзін бірге қосып, «Көк-Тәңір» деген ұғым қалыптасты. Тәңір дүние мен адам тағдырын билейтіні ұғымда қалыптасып, санаға сіңіп кетті. Орта Азияны аралаған Әл- Макдиси түркілер «О, құдіретті бір Тәңір» дейтінін жазған. Демек, Тәңір – әуел бастан-ақ құдай, ұлы күш иесі. «Тәңірі жарылқасын» ұғымы да түркілік заманында пайда болған. Ұғымның түпкі төркіні де осыған келіп саяды.
Мифологиялық аңыз бойынша, «Таң» және «Іңір» деген екі періште кезектесіп, домалақ жер бетінің тіршілігін ертелі-кеш күзетеді екен. «Таң» күннің жарығында, ал «іңір» күн орнына батқанда дейді. Соған орай «Тәңір» аталған. Ал біреулері Тәңір «Таң» мен Египеттіктердің діни атауы «Ра» сөздерінің қосындысы «Танра» деп, «күннің шығуы» деген ұғымды алға тартады[5].
«Тәңір» сөзін қытайлықтардың өздеріне таңуы орынсыз. Күн шығыс жақта орналасқандықтан «Аспан асты елі», «Таң елі» атауды берген де түркілер. Жазба деректерде тан империясы деп жазылған, ондағы «таң» сөзін «аспан» деп түсінген болса керек[3]. «Дейді, дейділерге» сүйене берсек, әрқилы топшылаулар мен болжамдар көп. Олардың шындыққа сайма - сай келетінін ғана есепке алған жөн. Қазақ, қырғыз, хакас, бурят, чуваш, карашай, т.б. түріктерден таралған ұлттардың кейбір әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері, ырымдары, діни сенімдері «Тәңір» сөзінің біздердікі, біздің ата- бабаларымыздың діні екенін дәлелдей алады. Тәңірдің дін екенін, оның «Таң» мен «Іңір» сөзінен тұратынын ғалымдар біздің жәдігерлерден таныды. «Тәңір» сөзі қазақ тілінде әліге дейін өзгеріссіз қолданылатыны да дәйектемелердің бірі.
«О, тәңірім, күнәмді кешіре көр»- деп жалбарыну – қазақ халқында қалыптасқан құлшылық. Себебі, Тәңір - ізгілік бейнесі. Ислам діні тұрғылықты орнаса да біздер алланы ойласақ, тәңір сөзін ауызға аламыз.
Тілдік құрылымы жағынан «Таң» және «Іңір» сөзі бірге айтылумен дыбыстық үндесім арқылы «іңір» сөзіндегі жіңішке дыбыстың әсерінен «Тәңір» болып айтылып кеткен.
Қазақ ұғымындағы тілек, бата беру ұғымы да тәңір ішіндегі мағынамен тығыз жұмсалған – деп жазды Б. Уахатов[4]. Тәңір ұғымындағы наным-сенімдер, тұрақты сөз тіркестері, бата -тілектер халқымызда көп және олар тілімізге де жатық.
Тарқатып көрейік: Тәңір жарылқасын сөзі жолың болсын, жақсылыққа кенел, т.б. ізгі тілекті ой береді[3]. Тәңір - жаратушымыз болса, жарылқасын - құдай оңдасын, тәңір есіркесін деген сөз; баланы еркелеткенде тәңірім бере салды десе, адам өлгенде тәңірім алды, бетінен жарылқасын дейді. Тәңірдің тәлкегі - қапыда жапа шегушілік, кінәсіз тартқан теперіш болса, Тәңір жазған - алладан басқа ешкімнің қалауынсыз пайда болған немесе орын алған жағдаяттардың, құбылыстардың ұғымы. Қазақ халқының ауыз әдебиетінде мәні терең ұғымдар орныққан: Бере гөр тәңірім; Е, тәңірім сақтай гөр; Тәңірдің нұры жаусын; т.б. фразеологизмдер. Осы мәндес ұғымдар халық мұқтаждығы мен сенімінен туған. Қандай да бір қажеттілігін түркілер бір күштің бар екеніне нық сеніммен «тәңірім» деп көкке қарап тілек еткен. Бұл наным осы күнге дейін өзгерілмеген түсінік. Қандай да бір жаратылыс пен құбылыс тәңір тарапынан және тілегіміз бен үмітіміз де тәңірге бағышталады[4].
Зерттеу жұмысы бойынша қорытынды ретінде мынадай пікірді ұсынамын: Тілді зерттеудің барлығы түптеп келгенде, біршама мәселелерді шешуді көздейді. Адамның тілге немесе белгілі бір ұғымға ықпалын анықтау және ұғымның адам санасына, сеніміне, мәдениетіне әсерін, қызметін анықтау т.б.
Фразеологизмнің ерекшеліктері жоғарыда атағандай өмір салтымен байланысты. Салт-дәстүр мен шаруашылықтағы наным-сенімдер қазақ тілінің фразеологизмдер жүйесін қалыптастырды, жүйеледі, құралымдады. Түркілік дүниедегі фразеологизмдер, оның ішінде қазақ фразеологизмдері тілдің жай ғана жиынтығы емес, ол ментальдік бірліктерді көрсететін лексикалық бірліктер жүйесі.
Көп өлшемді құрылым болып табылатынымен байланысты концептіге әлі де берілген біртұтас нақты анықтама берілмеді. Себебі, концептіге ұғымдық негізбен бірге тұтынушы арқылы ой елегінен өткізілген мәдениетке қатысты эмоциялар, түсініктер, ұлттық бейнелер енеді.
«Тәңірі» ұғымына концепт мәртебесін беруде аталған ұғымды тек когнитивті ғана емес, мәдени мәнімен, түркі халықтарындағы бағасымен тану арқылы қоғамды зерттейтін өзге де ғылымдар саласымен ойыстыру маңызды фактор қатарында.
Қорыта келгенде, «тәңір» ұғымының лексика семантикалық парадигмасын құратын тілдік бірліктер түркі халықтарында мол. Олар «тәңір» концептісін құруға негіз бола алады және олардың мағыналық ауқымы өте күрделі. Түпкі мағынасы халықтық түсінікке енбесе де, жалпы, мағыналық атауымен «тәңір» сөзін қолдану халыққа ауызекі сіңісіп кеткен. Түркі заманында-ақ өз бағасын алған халық ұғымындағы осы күрделі концепт тіл ғылымы бағдарламасында маңызды объект ретінде қарастырылуы қажет. Көпшілік қауым ұғынуы керек. Сонда ғана бізге деген бабалар сенімі ақталмақ.
Әдебиеттер тізімі:
1. Оразалиева Э.Н. Когнитивтік лингвистика: қалыптасуы мен дамуы. Ғылыми монография. – Алматы: «Ан Арыс», 2007. – 312б.
2. Демьянков В.З. Понятие и концепт в художественной литературе и в научном языке. // Вопросы филологии. – М.: 2001. - №1. – 35-47б.
3. Қансейітов С. Н. «Тәңір сөзінің шығу тарихы» Алматы: «Атамұра», 2002. – 56б.
4. Байымбетова Р.Қ. Түркілер дүниетанымының тілдік репрезентациясы (ҮIІ-ІХ ғасырлардағы түркі ескерткіштерінің тілі негізінде) // Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертациясының авторефераты. Алматы, 2008. –15-б.
5. Қондыбай С. Қазақ мифологиясына кіріспе. Алматы: «Арыс», 2008. – 207б.
ҰЛТТЫҚ ТҰЛҒА ЖӘНЕ ТІЛДІК МЕТАФОРА
Байменова Айымкүл ҚазМемҚызПУ 3-курс студенті Ғылыми жетекші: Қанабекова М.Қ.
Аталмыш зерттеу мақалада ұлт перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері, заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың ұлттық тұлғасын танудың кейбір тілдік қырларын айқындауды мақсат еттік. Қайраткер тұлғасын танудың бір қыры – тілдік метафоралардың лингвотанымдық мәні қысқаша сөз болады. Жазушы тұлғасын өзіндік шығармашылық қолтаңбасы айрықша, рухани-мәдени өресі биік ірі тұлға ретінде танимыз. Оның бір дәлелі – автордың танымынан туындаған, жазушы тұлғасын сипаттайтын көріктеу құралдары, оның ішінде метафоралық сөз үлгілеріне деректер келтіре отырып, талдау жасағанды мақсат еттік.
Зерттеулердегі ғылыми түсініктер бойынша, метафора басты көркемдеуіш құрал болып табылады. Көркем сөз шеберлері шығармаларында көріктеу құралдарын тосын көркем бейнелер, ерекше экспрессияға құрылған сюжеттер жасау үшін пайдаланады. Қазіргі таңда жарық көрген көптеген ғылыми зерттеу жұмыстар мен мақалаларда метафоралық тілдік бірліктер жазушының «тілдік тұлғасын сомдай түсетін негізгі көріктеу құралы» [1, 37 б.] ретінде қарастырылып келеді.
Зерттеушілердің түсінігінде, метафора әлемнің жеке тілдік көрінісін бейнелейді, себебі индивидуальдылық жеке адамның белгілі тілдік құралдарды таңдауына байланысты, яғни әр адамға, сөз суретшісіне, арнайы тек сол тұлғаға ғана тән қасиет болып танылады.
Бүгінгі тілтанымда зерттеушілер метафораны ойлаумен, таныммен, философиямен, психологиямен, поэтикамен (көркем әдебиетпен) шешендікпен, лингвистиканың түрлі салаларымен байланыстырып, түрлі қырынан зерделеп келеді. Бұдан метафораның тек тілге ғана емес, адам ойлауымен байланысты басқа құбылыстарға тән екендігін, оның қолданылу аясының кеңдігін аңғаруға болады.
Негізінен, метафора – адамның ойлау қабілеті мен таным көкжиегіне байланысты туындайтын тілдік құбылыс. Бұл құбылыс жайында зерттеуші А.Салқынбай мынадай ой-тұжырым жасайды: «Метафора – сөздің басқа мағынада қолданылуы. Риторика мен лексикологияда метафора номинациялық құрал ретінде қарастырылады» [2, 124 б.]. Ал белгілі ғалым Б.Хасанов «Қазақ тілінде сөздердің метафоралы қолданылуы» атты еңбегінде метафора құбылысына мынадай сипаттама береді: «Метафора – тіл байлығын құлпыртқан қат-қабат мағына туғызушы әрі терең сырлы мән беріп, сөзді астарлай қолдану тәсілі. Метафора – көркем әдебиетке ғана тән құбылыс емес, сөйлеу мәдениетіміздің көне тарихымен құрдас қалыптасқан, образды ойымыздың дамуынан көрініс беретін маңызды элемент [3, 190 б.]. Ғалымның пікірі бойынша, кез келген жазушының шығармасында немесе авторы белгісіз халық туындыларында метафораның екі түрі ұшырасады: бірі – бүкіл халыққа түсінікті, тұрақты ауыс мағына алған, дәстүрлі қолданылып келе жатқан метафоралар, екіншісі – әлі жалпыхалықтық сипат ала қоймаған, жеке тұлғаның сөздік қорынан шыққан метафоралар. Олар көбіне әдебиетте қолданылатын және лингвистикадағы метафора деп ажыратылып, екеуі екі ғылымның нысаны ретінде қарастырылып келеді. Мәселен, көрнекті қаламгер Ә.Кекілбаев туындысынан үзінді келтірелік:
Одан да тыныш ішіп тапқаныңды,
Өлеңнің біл отына таптануды.
Үмітке жүкті дүние туар бір күн,
Айтар сол бұрқануды, аттануды (Дүние ғапыл).
Келтірілген өлең үзіндісіндегі үмітке жүкті дүние метафорасы – автордың тілдік тұлғасын сипаттайтын жеке қолданысы болып танылады. Ең алдымен, автордың сөйлемде өзек етіп алған «дүние» сөзінің мағынасына келсек, «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» Дүние ар. зат. 1. Өмір, тіршілік. 2.Зат, мүлік, жиһаз, нәрсе. 3. Әлем, жер жүзі, жиһан. 4. Табиғат, жаратылыс. 5.Табиғат пен қоғамдағы белгілі ортадағы өмір сүретіндердің тобы, жиынтығы. 6. Ауыс. Белгілі сөздермен қосылып, мол, көп деген ұғымды білдіреді [4, 204 б.]. Бұл сөйлемде дүние сөзін қаламгер «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» берілген бірінші өмір, тіршілік мағынасында қолданып тұр. Яғни өмірдің, тіршіліктің, жақсылықтың нышанын күтуде екенін, үлкен үміттің бар екенін, болашақтың бейнесін автор өзіндік сөздік қорымен оқырманға жеткізіп отыр. Мұндағы үмітке жүкті дүние қолданысы ұқсастық ұғымдардың бір-біріне қатыстылығынан туындаған окказионалдық метафора ретінде танимыз.
Окказионал қолданысқа негіз болған ұқсастық олардың белгілі бір жағдаятқа байланыстылығы деп білеміз. Метафораның тәсіл ретіндегі басты мақсаты заттар мен құбылыстарға атау беру болғандықтан, олардың жасалуында ұқсастық сезім мүшелерінің көмегімен жүзеге асады. Ойымыздың дәлелі ретінде Ә.Кекілбаевтың аталмыш туындысынан тағы бір үзіндіге назар аударалық:
Күткен күн келе қоймас сағынғанмен,
Шырпынбас бедеу дүние шабынғанмен
От боп еріт көкіректің тақыр мұзын.
Мұндағы окказионалдық метафора көкіректің тақыр мұзы автордың тілдің ерекше поэтикалық және философиялық белгілеріне тән ойлау қабілетін аңғартқандай. Философиялық ойлау мен көркем шығармашылық адамның айналасындағы дүниені танумен байланысты. Мәнмәтінде әбден күдер үзген үміттің, көңілі қалған жүректің, қатып қалған сезімді ояту мақсатында жасалған автор тұлғасына тән метафора деп ойлаймыз. Автор қоршаған әлемдегі заттар мен құбылыстар өзгешелігімен оқырманға ерекше әсерлі жеткізіліп тұр.
Ғалым Б.Хасановтың еңбегінен кейін қазақ тіл білімінде жеке қаламгерлердің шығармаларына ден қойып, ондағы метафоралық құбылыстардың денін ұлттық болмыста, ұлттық нақышта қарастыру және әлемдік метафораны салыстыра қарастыру біршама зерттеу нысанына айналып келеді.Соның айғағы – зерттеуші А.Сыбанбаеваның «Метафораның тілдік болмысы және концептуалды метафоралар» атты монографиясын атап өтуімізге болады. Еңбекте қазақ тіліндегі метафораның лингвистикалық табиғаты кеңінен түсіндіріліп, оның ұлт тіліндегі танымдық қызметі мен ғылым тіліндегі маңызы көрсетіледі. Метафораның концептуалдық қызметі, ерекшеліктері мен түрлері, термин жасаудағы рөлі арнайы зерттеліп, оның құрылымдық сипаты айқындалып беріледі [5, 65 б.].
Сондай-ақ, Г.Зайсанбаеваның «Метафоралы аталымдардың когнитивтік аспектісі (біріккен зат атаулары негізінде)» атты зерттеу еңбегінде автор зерттеуші ғалымдардың пікірлеріне сүйене отырып, метафораның аталым қажеттілігін өтеудегі маңызын ашып көрсетеді. Метафоралы сөзқосым бірліктерінің қызметіне қарай түрлерін, олардың жасалу, қолдану ерекшеліктерін ашады. Метафора арқылы жасалған бірліктерді мағыналық топтарға жіктеп, олардың жасалуының танымдық ерекшеліктерін ашып көрсетеді [6, 17 б.].
Қаламгер тұлғасын танытатын метафора тілді байытады, ол көріктеу тәсілі арқылы бұрын болмаған жаңалықтар енгізіледі, әсіресе жеке қаламгердің қаламынан туған қолданыстар тілдің поэтикалық деңгейін арттыра түседі. Мысалы:
Қараңғылық қымтап алып бір күні,
Жұмылып қап күміс күннің кірпігі.
Сыпырғышы ажал деген тирақтың
Сипап кетсе жүзімдегі күлкіні (Сонда).
Бұл қолданыстағы окказионалдық метафораны жасауда автор адамның бойында болатын нәрсенің (кірпік) күннің бір белгісі ретінде көрсетіп тұр. Сонымен қатар күнді күміске балап отыр. Яғни бір затты, іс-әрекетті, құбылысты басқа бір затқа, әрекетке, құбылысқа балап сипаттағанда, суреттегенде олардың арасындағы ортақ белгі қасиеттер негізге алынады. Сондықтан да образды метафора адамның айналадағы болмысты танып білуінің логикалық тәсілі, өмірдегі шындық құбылыстар арасындағы ұқсастықтарды сарапқа салудың, ой қорытудың, пайымдау жасаудың құралы деп те қарауға болады.
Автор тұлғасын сипаттайтын метафоралар тілде елеулі қызмет атқарады. Ол сөзге атау беріп, жаңа мағына тудырады, көркем образ жасайды, сөз мағынасына көркемдік түр беріп қана қоймай, айтылған ойға терең, жанды сипат береді. Сөзге эмоционалды-экспрессивті мән үстейді. Метафоралық қолданыстағы сөз мағынасынан әр тілдің өзіндік ерекшелігі мен өзіндік бояуын, ұлттың сипатын көре аламыз.
Анадайдан оны көріп бүлкілдеп,
Жорытады атың.
Көзіңе де жылтың кеп,
Қуаныштың домбырасы кеудеңе
Майда қоңыр күй тартады шіңкілдеп.
Поэтикалық мәтінде табиғат пен адамның белгілерін, қасиеттерін өзара араластырып, бір-біріне ұқсатып, балама жасау құбылысы туындайды. Келтірілген үзіндідегі қуаныштың домбырасы метафорасы Ә.Кекілбаевтың өзіндік дүниетаным ерекшелігінен туындаған. Мұндағы «домбыра» әуен ұғымымен байланысты түсіндірілу керек. Ұлттық мәдени ерекшеліктерден хабар беретін домбыра автордың жеке танымымен ұлттық негізде қуаныштың символы болса, поэтикалық мәнмәтінде қуанып тұрған адам бейнесін көз алдыңа елестетеді. Бұл көріктеу құралы – жазушының тілдік тұлғасын ерекше танытатын вербалды-семантикалық көрінісі деп түсінеміз.
Жоғарыдағы мысалдардағы окказионалдық метафоралардан жазушы ақиқат дүниедегі құбылыстарды бақылай отырып, олардың арасындағы байланысты оқырманға әсерлі етіп жеткізе білген. Шығармашылық жолы барысында ол сырт дүниені өзінің көзімен басқаша пішіп, оның ішкі мәнін көрсету үшін өзінің жеке авторлық әлемін жасаған. Метафораға бір-біріне сәйкес келмейтін, үйлеспейтін ұғымдарды байланыстыру амалы тән. Мұндай ой-түсініктен түйетініміз: тілдік тұлғаны айқындаудың бір өлшемі болып табылатын метафоралық құрылымдарға жазушы Ә.Кекілбаевтың жеке қолданыстағы осы қасиеттерді өз бойына жинақтағаны байқалады.
Метафора қолдану сипатына қарай негізінде екі түрге бөлінеді: тілдік (дәстүрлі) метафора; поэтикалық (сөйлеу кезінде туындайтын контекстік) метафора, кейде индивидуалды-авторлық метафоралар деп те атайды.
Дәстүрлі не тілдік метафораларда тұтас бір халықтың ортақ бейнелі ойы, дүниетанымы білдіріледі. Сондықтан олардың білдіретін мағынасы көпшілікке түсінікті болады. Ал индивидуалды-авторлық метафоралар жеке адамның дүниені бейнелі қабылдауын, таным ерекшелігін көрсетеді. Жеке қолданыстағы метафора белгілі бір ақынның я жазушының туындысында өмір сүреді. Белгілі мәнмәтінде ғана ұшырасатын сөздің келтірінді мағынасы қашанда әр автордың тұлғалық ерекшелігін көрсетеді.
Мысалы:
Қазақтың бағы жүрсе – кәукілдеген мақтан әңгімесі, гулеген өсегі, кеңірдегін күнге, кіндігін айға ілген кердең жүрісі көбейіп, қараптан-қарап іші жарылып, бұтқа толы болады (Үркер).
Бұл сөйлемдегі кеңірдегін күнге, кіндігін айға ілген кердең жүріс окказионалдық қолданысы адамның мінез-құлқына байланысты пайда болып, жүріс-тұрысты бейнелеп тұр. Жазушы «шалқайып, шіреніп жүру» мағынасындағы жүрісті бейнелеу үшін бір-бірімен үйлеспейтін сөздерді өзара байланыстырып окказионалдық қолданыс жасауды мақсат еткен.
Жеке авторлық қолданыстағы метафора тілдік тұлғаның ерекше поэтикалық және философиялық белгілеріне тән ойлау қабілетін көрсетеді. Философиялық ойлау мен көркем шығармашылық адамның айналасындағы дүниені танумен тығыз байланысты.Осындай үрдіс барысында жаңа ұғымдар дүниеге келеді немесе жаңа атауларға қажет жаңа түсініктемелер жасалады. Демек, метафора ішкі құрылымның ауысуы негізінде де жасалады. Поэтикалық мәтінде табиғат пен адам белгілерін, қасиеттерін өзара үйлестіріп, бір-біріне ұқсатып, балама жасау құбылысы жиі кездеседі.
Қысы-жазы қытырынған Атырау теңіз,
Зәрленіп зытырымнан жатыр-ау деңіз.
Қаскөйдей қабағын ашпай тұнжырайды,
Қапелімде жақпай қалды екен, апыр-ау неміз?
Бұл жерде жазушы Ә.Кекілбаев Атырау теңізінің толқынын зәрленіп, ашуға булығып тұрғанын бейнелеу негізінде қытырынған баламасы арқылы жеке қолданыстағы метафора жасауды көздеген. Автордың қытырынған бейнелі сөзін қолдануы Атырау теңізінің өзіндік қасиеті мен белгілерін оқырманға әсерлі етіп жеткізгісі келгендей. Жалпы бейнелі сөздердің қолданылуы әлемдегі әрбір болмыстың өзіндік қасиеті мен белгілеріндегі ұқсастықты анықтай біліп, ассоциациялық қор жинақтауға негіз болады. Бұл – әлемнің тілдік бейнесін ашудың ең тиімді тәсілі. Бір заттың бейнесі, оның белгілері мен қасиеттері арқылы, екінші зат не құбылысты тануға жәрдем етеді. Сонымен қатар, адамның ойлау әрекеті мен тілдік қорын дамытады, бейнелі де көркем сөйлеуге апарады.
Мұндай тосын метафоралық қолданыстар жазушының Тілдік тұлға ретіндегі ерекше қолтаңбасын танытады.
Сыпырғышы ажал деген тирақтың
Сипап кетсе жүзімдегі күлкіні.
Мұндағы сыпырғыш, біріншіден, өлімнің, ажалдың метафоралық ойлау нәтижесінде жасалынған көркем бейнесі, екіншіден, ақынның ішкі көңіл-күй толқынысы мен сезімдерінің жинақталған көркем бейнесі. Бұл жердегі Сыпырғышы ажал деген тирақтың авторлық қолданысы көркемдік үшін алынған жай метафоралық тіркес емес, ақынның дүниетаным түсінігіне тірек болып тұрған концепт деп түсінеміз. Жоғарыда көрсетілгендей сөзде заттың өзі белгіленбейді, аталмайды, зат туралы адамның санасында бейнеленген түсінік пайда болады, қандай да бір тірек сөз концепт дәрежесінде танылады.
Сөйтіп, жазушының шығармашылығында кездесетін мұндай метафоралардың белгілі бір және әртүрлі жағдаяттарға байланысты туындағанын байқадық. Жазушы тұлғасының тілдік өлшемі болып табылатын метафоралық құрылымдар жеке адамның бейнелі ойлау жүйесі мен өзіндік дүниетанымын анық білдіреді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1 Имашева Г. Міржақып Дулатұлы шығармаларындағы «Ғаламның тілдік бейнесі»: фил. ғыл. канд. ... дис. – Алматы, 2001. – 119 б.
2 Салқынбай А., Абақан Е. Лингвистикалық түсіндірме сөздік. – Алматы: Сөздік – Словарь, 1998. – 301 б.
3 Хасанов Б. Қазақ тілінде сөздердің метафоралы қолданылуы. – Алматы, 1966. – 207 б.
4 Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. – Алматы, 1976. - 1-10 т.
5 Сыбанбаева А.С. Қазақ тіліндегі концептуалдық метафораның қызметі: фил. ғыл. канд. ... дис. – Алматы, 1999. – 161 б.
6 Зайсанбаева Г.Н. Метафоралы аталымдардың когнитивтік аспектісі (біріккен зат атаулары негізінде): фил. ғыл. канд. ...автореф. – Алматы, 2004. -28 б.
Достарыңызбен бөлісу: |