Шығыста ауқымды істер атқарылып жатыр
25 маусым
Маусымның 23-24-і күндері Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына келді. Ел Президентін Өскемен әуежайынан облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қарсы алып, қаладағы бірқатар нысандарды аралатып, көрсетті.
Жаңа зауытта төл технология таныстырылды
Президент Шығыс Қазақстан облысындағы іссапарын Өскемен технологиялық жабдықтар зауытының жұмысымен танысудан бастады. Бұл кәсіпорын жобалау жұмыстарымен, техникалық қондырғыларды дайындау және жөндеумен, жылу-электр орталықтарында, құрылыс индустриясы мен металлургияда қолданылатын электр сүзгілерді жасаумен айналысады. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған зауыт елімізде теңдесі жоқ өндіріс ошағы болып саналады.
– Бір жылға жетпейтін уақыттың ішінде өзіміз алты бұрғылы, пневматикалық қысыммен жұмыс істейтін білдекті құрастырып, өндіріске енгіздік. Соның арқасында өнімділік еселеп артты. Енді темір кертетін автомат пен дискілі шербектерді, металл тозаңын ылғайтын сеператорды енгізбекпіз, - дейді өнертапқыш Степан Гольдштейн.
Құны екі млрд. теңгеден астам бұл жоба толықтай жүзеге асқанда 180 жұмыс орны пайда болады. Дайындау цехының басшысы Андрей Бичкин электр сүзгінің қалай жасалатынын көрсетті. Алпауыт металлургиялық кәсіпорындары бар, жылыту стансалары мен үш бірдей цемент зауытын шоғырландырған, машина құрастыру саласы қарқынды дамып келе жатқан Шығыс Қазақстан үшін мұндай сүзгілердің пайдасы орасан. Бұл технологияның басты артықшылығы – сыртқа шығатын газ бен тозаңды магниттендіру арқылы қайта өңдеп, пайдаға жаратуға болатынында. Елбасы қанатын енді ғана қаққан зауытта жас мамандардың көптігіне назар аударды. Равиль Қайырбеков, Абзал Каримов сынды жастар жарты жыл бұрын осында жұмысқа орналасқан екен. Мұнда әзірге көбінесе жекелеген тапсырыстар көптеп түсуде. Сондықтан да құрастырушылардың қолы бір сәт те босаған емес. Мәселен, инженер-конструктор Анастасия Козлова көмір тозаңын тасымалдау жүйесін құрастыруда. Оның айтуынша, тапсырыс берушіге сағатына бес тонна тозаң үрлейтін транспортер ұсынбақшы. Бұл жүйе жабық режимде жұмыс істейтіндіктен, экологиялық қауіп-сіз болып саналады. Өндіріс ошағында студенттер-ге іс-тәжірибеден өтуге де жағдай жасалған. ШҚМТУ студенті Мамытжан Смайылов – сол мүмкіндікті оңтайлы пайдаланып жүргендердің бірі. Тың идеяларды қолдауға дайын ұжым ұнаса керек, оқу бітірісімен зауытқа жұмысқа орналасқысы келетінін де жасырмады. Тек облысқа ғана емес, бүкіл республикаға қат өнімдерді шығаратын зауытты Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ өзі символикалық түрде іске қосты.
Зауытты аралау барысында Мемлекет басшысына Индустрияландыру картасының биылғы жы-лы жүзеге асырылып жатқан жобалары көрсетілді. Жалпы құны 17,5 млрд. теңгені құрайтын, 1454 жаңа жұмыс орнын ашатын 13 жобаның қай-қайсысы да уақыт талабынан туындаған өткір мәселелерді шешуге бағытталған. Мәселен, Өскемендегі үй құрылыс материалдар комбинаты жергілікті материалдарды көптеп шығару арқылы тұрғын үйдің бағасын тұрақтандыруға септігін тигізбек. Ал «Аягөз суырлы» ЖШС ұсынып отырған киіз басу жобасы да маңызды. «Бұқтырма балық өсіру-уылдырық шашу шаруашылығы» Зайсан-Ертіс су қоймаларының балық қорын ба-йытуды көздейді. Таныстырылған 13 жоба облыс орталығы мен өндірістік қалалардан бөлек, Аягөз, Үржар, Көкпекті, Зайсан сынды бірнеше шалғай аудандарды қамтитынын да айта кету керек.
Халықтың денсаулығын нығайтуға барлық мүмкіндік бар
Жұмыс сапарының екінші күнінде Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВПЕН бірге Өскеменнің көркіне көрік қосып тұрған еліміздегі бірегей спорт кластері нысандары: Жекпе-жек сарайын, О.Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығын, жабық үлгідегі суда жүзу бассейнін көрді. Облыс орталығында кешенді спорт базасын дамыту бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстармен танысты, білім, жастар саясаты салаларында, сондай-ақ, «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында көрініс тауып жатқан жобалар туралы мол мағлұматтарға қанықты.
Елбасыға өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған, атап айтқанда, жетім балаларды қолдау мақсатындағы «Мейірім» акциясы, мүгедек балаларға көмек көрсетуді көздейтін «Әлемге ашылған терезе» жобасы, сол секілді түлектерді жұмысқа орналастыруға, меценаттыққа қатысты жобалар туралы баяндалды.
– Экономикалық дамудың арқасында біз әлеуметтік, соның ішінде спорт мәселелерін шешуге мүмкіндік алдық. Бүкіл еліміз бойынша спорт нысандары қалпына келтіріліп, салынуда. Атлеттеріміздің нәтижелері де барлық бағыттар бойынша қарқынды түрде жақсарып келеді. Осының бәрі ұлт саулығын нығайтуда маңызды мәнге ие болып отыр, – деген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ өңірдегі спорт саласы ардагерлерімен әңгіме барысында бұл тұрғыда Шығыс Қазақстанда жүзеге асып жатқан оң өзгерістерді ерекше атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, Жекпе-жек сарай-ында күрес, бокс, дзюдо, таэквондо және каратэ залдары бар, оларда жалпы саны 1114 адам жаттығады. Ал 350 адамға арналған О.Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығы жүгірумен, сырықпен және биіктікке секірумен, көпсайыспен айналысуға мүмкіндік береді. Түрлі жарыстар өткізуге арналған, халықаралық стандарттарға сай салынған жабық жүзу бассейнінің есігі қала тұрғындары үшін әрқашан ашық.
Тауық етінен ондаған түрлі шұжық өнімін шығаратын «Айтас-МП» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, тыныс-тіршілігімен жақын танысқан Елбасы Швейцария, Германия, Польша сынды еуропалық елдерде өндірілетін заманауи қондырғылармен жабдықталған кәсіпорынның жұмысына оң бағасын берді.
«Айтас-МП» ЖШС кәсіпорны 2013 жылғы тамызда іске қосылған. Шұжық өнімдерін, деликатестер мен жартылай дайын өнімдер шығарады. Өндіріс көлемі жылына 6 мың тоннаны құрайды. Жобалық қуаты – 12 мың тоннаға 2020 жылға қарай жету көзделіп отыр.
Осы күні Президент қаланың әсем жерлерінің бірі – этноауылда облыс активімен кездесу өткізді. Жиын басталмай тұрып Елбасы «жасыл экономика» және баламалы энергетика саласындағы жобалардың «Oskemen EXPO - 2014» көрмесін аралап көрді.
Негізгі көрсеткіштердің барлығы жоғары
Он екі қанатты ақ шаңқан киіз үйде өткізілген алқалы жиынға аймақ басшысымен бірге орынбасарлары, өңірдегі барлық аудан-қалалардың әкімдері, облыстық басқармалардың, ірі кәсіпорындардың басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың, ұлттық мәдени орталықтардың өкілдері және басқалар қатысты.
– Шығыс Қазақстан облысы еліміздегі ірі өндіріс ошақтары шоғырланған маңызды өңірлердің бірі. Бүгінгі күні сіздердің аймақта үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына үлкен мән беріліп, қыруар қаржы игерілуде. Кейінгі уақытта 200 млрд. теңгенің 37 жобасы қолға алынып, 8,5 мың жұмыс орны ашылған. Облыста ғылым, жаңа технологиялар, әлеуметтік қамту салаларында айтарлықтай істер атқарылып жатыр. Мұның бәрі – халықтың игілігі үшін істелген жақсылықтар. Бүгінгі күні сіздердің аймақта үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына үлкен мән беріліп, қыруар қаржы игерілуде. Кейінгі уақытта 200 млрд. теңгенің 37 жобасы қолға алынып, 8,5 мың жұмыс орны ашылған.
Облыста ғылым, жаңа технологиялар, әлеуметтік қамту салаларында айтарлықтай істер атқарылып жатыр. Мұның бәрі – халықтың игілігі үшін істелген жақсылықтар. Жұмыс сапары барысында олардың бәрін көріп, көз жеткіздім. Сондықтан облысқа көңіл бөлу бұл Қазақстан өндірісін өркендету болып саналады, – деп сөзін бастаған Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ аймақтың ауыл шаруашылық әлеуетін көрсететін жобаларды да тілге тиек етті.
Мемлекет басшысының айтуынша, республикадағы майлы дақылдардың төрттен бірі, сүт пен ет өндіру бойынша бірінші және екінші орындар – біздің облыстың еншісінде. Шағын және орта кәсіпкерлік нысандарымен өндірілген тауар көлемі 2,5 есеге өсіп, өңірдегі жалпы еңбекпен қамтылғандардың үштен бірі осы салада жұмыс істеп жүр. Өз сөзінде Президент ірі кәсіпорындар қомақты табыс әкеліп, бюджетке жақсы түсім түсіргенмен, шағын және орта кәсіпкерлік нысандары сияқты адамдарды көп жұмыс орындарымен қамти алмайтынын жеткізді. Сол себепті аталған саланың тынысын ашып, өркендету мақсатында мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалуда.
Білім беру, денсаулық сақтау салаларында да кейінгі жылдары облыстың көрсеткіштері көңіл көншітерлік. Соның арқасында шығысқазақстандық жерлестеріміздің орташа өмір сүру жасының ұзақтығы 70 жасқа дейін жетсе, бала туу көрсеткіші 41 пайызға өскен. Бұл әрине, адамдардың өмір сүру деңгейі жақсарып, денсаулық сақтау саласы тұрғындарға дұрыс қызмет көрсетіп отырғанын білдіреді.
– Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынып жатқан спорт нысандары: Жекпе-жек сарайы, жеңіл атлетика орталығы, суда жүзу бассейні, хоккей модульдерінің бәрі де халықтың денсаулығын нығайтып, салауатты өмір сүруге ықпал ететін игілікті істер. Сіздердің қаланың экологиясы жақсы деуге келмейді, сол себепті халықтың денсаулығын түзеуіне осындай мүмкіндіктер қарастырылған, – деп атап көрсеткен Президент өңірдің өндірістік қуатына да ерекше тоқталып өтті.
Мемлекет басшысының пікіріне жүгінсек, республикада жалғыз Шығыс Қазақстанда ғана уран өндірісі мықты жолға қойылған. Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылуы арқасында электр стансалары үшін қажетті отын шығаратын өңір кәсіпорындарына өз өнімдерін Ресей нарығына ешқандай кедендік салықсыз, әкімшілік кедергілерсіз еркін өткізуге мол мүмкіндік тумақ. Нәтижесінде облыстың өндірушілері бәсекеге қабілетті болуы үшін тауарларының сапасын арттырады.
Жылдан-жылға облыс экономикасы дамып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы жақсара түскендігін атап көрсеткен Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ сонымен қатар, шешімін таппай жүрген кейбір мәселелерді де назардан тыс қалдырған жоқ. Әлемдік нарықтағы ахуалдың кейінгі кездері аса қатты жақсарып тұрмағанын ескерткен ол экономикалық дағдарысқа ұшырап қалмас үшін ең алдымен ішкі сұранысты көтеріп, ішкі ресурстарды пайдалануға көшу қажеттігін айтты. Соған сәйкес мемлекет қазынасынан экономиканың даму қарқынын тұрақты ұстап тұру, индустриялық нысандарды құру мақсатында 1 трлн. теңге қаражат бөлінген-ді. Бұл қаражат шағын және орта кәсіпкерлікті, тұрғын үй құрылысын және басқа да салаларды қолдап, дамытуға бағытталатын болады.
Еуразиялық экономикалық одақ кәсіпкерлікке кең тыныс ашады
Жиында облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ өңірдің жыл басынан бергі әлеуметтік-экономикалық дамуындағы негізгі көр-сеткіштер туралы баяндады.
– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің «экономиканың даму қарқыны өткен жылдан төмендемеуі керек, халықтың әл-ауқаты жақсаруы керек» деген тапсырмаңызға байланысты облыста тиянақты жұмыстар атқарылуда. Атап айтар болсақ, былтыр облыста ішкі жалпы өнім 2 трлн. теңгеден асып жығылып, 1 адамға шаққанда 14 млн. теңге қаражатты құрады. Сол қарқын биыл да жалғасуда. Негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер өткен жылғыдан және рес-публикалық орташа деңгейден төмен емес. Дүниежүзілік нарықтағы түсті металдарға деген сұраныстың төмендеуіне қарамастан аймақтың өнеркәсіп өнімінің көлемі былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 8 пайызға жоғарылады. Ал ауылшаруашылық өнімінің көлемі 53 млрд. теңгеге жетіп отыр, – деп нақтылаған аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ инвестиция тарту, құрылыс жұмыстары сияқты экономиканың негізгі салаларында қол жеткізілген жетістіктерге тоқталды.
Өңір басшысының ұсынған деректеріне сүйенсек, тартылған инвестиция мөлшері 100 млрд. теңгені құраса, құрылыс жұмыстарының көлемі былтырғы көрсеткіштен 22 пайызға артқан. Қолданысқа берілген тұрғын үй – 17 мың шаршы метр. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында 13 пайыз өсім бар. Өзінің баяндамасында аймақ басшысы Ре-сейдің Алтай өлкесімен және Беларусьтің Могилев облысымен жақсы ықпалдастық байланыс орнағанын жеткізді. Осы интеграциялық алыс-берістің арқасында аталған қос мемлекетпен біздің облыстың арасындағы тауар айналымы былтыр шамамен 1 млрд. АҚШ долларына жеткен. Ағымдағы төрт айда бұл көрсеткіш 400 млн. доллардың үстіне шыққан. Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы бұл бағыттағы жұмыстарға қосымша серпін беретіні сөзсіз.
Шығыс Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар жөнінде Елбасының алдында есеп берген облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ «Қолжетімді баспана - 2020» арқылы жыл сайын 290-300 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілетінін, моноқалаларды дамыту бағдарламасына енген төрт қала: Риддер, Курчатов, Зырян және Серебрянкаға қазынадан жалпы сомасы 3,5 млрд. теңге қаржы бөлінгенін, аталған шаһарларда төрт зәкірлік жоба іске асырылып, соның нәтижесінде келешекте қосымша 700-дей жаңа жұмыс орны ашылатынын баян етті.
Ауыл шаруашылығында игерілмей жатқан жерлерді кәдеге жарату бойынша жүргізілген түгендеу шараларының көмегімен жыл сайын облыста қосымша 60-70 мың гектар егістік алқабын қолданысқа енгіземіз.
– Сол сияқты мал шаруашылығын көтеруде республикалық «Сыбағамен» қатар, өзіміздің тараптан ұсақ мал басын көбейтуге бағытталған «Жайлау» деген бағдарламамыз бар. «Жайлаудың» арқасында кейінгі үш жылда ұсақ мал басы 25 мыңға көбейді. Екінші бір назар аударатын мәселе – орман шаруашылығы. Еліміздегі орманды алқаптың 70 пайызы біздің өңірдің аумағында. Өкінішке қарай, бүгінде ағаш өңдеу саласы толық ұқсатылмай келеді. Сондықтан қазіргі күні біз серіктестерімізбен осы бағытта бірқатар жобаларды қолға алдық, – деп түсіндірген облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ туризм, энергияның баламалы көздерін пайдалану және тағы басқа салаларда орындалып жатқан жұмыстарды атап өтті.
Қазақстандағы су қорының 60 пайызы біздің облыста десек, ірілі-ұсақты 700-дей өзеніміз бар. Мұның ішінде алпысқа жуық тау өзендері шағын су электр стансаларын салуға мүмкіндік береді. Осыған орай қазіргі күні шағын СЭС-тер салу туралы 13 келісімге қол қойылған. Бұдан бөлек көршіміз Қытаймен жел стансасын, яғни, желдің күшінен қуат өндіретін станса құрылысын жүргізу бойынша екі келісім жасалған. Осылардың көмегімен қосымша 70-80 мегаватт электр қуатын өндіреміз. Бұлардың бәрі айналып келгенде қосымша 145 млрд. теңге тауарлық өнім алуға, 12 мың жұмыс орнын ашуға, өңірімізге 13 млрд. теңге инвестиция тартуға септігін тигізбек.
– Жалпы алғанда облысымызда атқары-лып жатқан жұмыстардың барысы осындай. Бұл шаруалар алдағы уақытта өзінің жалғасын таба береді. Біз, шығысқазақстандықтар, Сіздің берген тапсырмаларыңызды толықтай орындап, экономиканың даму қарқынын қамтамасыз етуге, сол арқылы облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға әлеуетіміз де, мүмкіндігіміз де жеткілікті, – деп сөзін түйіндеді аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ.
Түсті металл қорын игеруді ширату керек
Облыс әкімінің баяндамасын ден қойып тыңдаған Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ өңір экономикасының кейбір салаларындағы кемшін соғып тұрған тұстары жөнінде сұрап, білді. Мәселен, тау-кен саласындағы түсті металдар қорын игерудің баяу жүргізіліп жатқаны жөнінде аймақтағы алпауыт компаниялардың басшылары: «Қазцинк» ЖШС президенті Никола Попович, «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС -нің басқарма төрағасы Эдуард Огай, «ҮМЗ» АҚ-ның басқарма төрағасы Юрий Шахворостов кезекпен жауап беріп, Елбасыға барлық жағдайды баяндады.
Өз кезегінде Юрий Шахворостов уран шикізат қорына қатысты ешқандай проблема жоқ екенін, тек өндірілген отын таблеткаларын өткізуде қиындықтар туындап отырғанын мәлім етті.
– Бүгінде біз аздаған көлемде өнімдерімізді Қытайға шығарамыз. Ол жақта француздық компаниямен келісім жасалған. Бірақ бұл жобалар аса белсенді іске асып жатқан жоқ. Қазіргі енді уранды конверсиялау бойынша канадалық компаниямен жұмыс істеудеміз. Алайда, өндірілген отынды сатуда проблема бар. Әсіресе, Жапонияда болған апаттан кейін әлемдегі бірқатар атом стансалары жұмысын тоқтатып, уранға деген сұраныс күрт азайды. Соның салдарынан уран бағасы екі есеге арзандап кетті. Мұның бәрі әрине, жоспарлаған жобаларды жүзеге асыруға салқынын тигізбей қоймайды, – деген Юрий Шахворостов бүгінде өскемендік зауыт тантал шикізатының тапшылығын бастан кешіріп отырғанын да жасырған жоқ.
Бұл тығырықтан шығу үшін «ҮМЗ» басшылығы сонау Африкадан тантал шикізатын жеткізу мәселесімен бел шешіп айналысып жатқан көрінеді. Бір көңілге медеу болғаны, аталған қиындықтарға қарамастан кәсіпорын бір де бір жұмысшысын қысқартпаған, еңбекақыларын тұрақты төлеп отыр.
– Ядролық энергетика ешқайда кетпейді, бәрібір дамиды. Біз де өзімізде АЭС салуды жоспарлап отырмыз. Бұл мәселеге әлі жапондар да, еуропалықтар да қайта оралатын болады. Сондықтан кез келген уақытта іске кірісуге дайын болуымыз керек, зауыт жұмысын жалғастыра береді. Сонымен қатар, кен өндіруші компаниялар геологиялық барлау жұмыстарына да баса назар аударулары қажет, – деп нақтылаған Елбасы индустрия-лық-инновациялық бағдарламалардың іске асырылу барысын сұрап, білді.
Индустриялық-инновациялық жобалар толық жұмыс істеуі тиіс
Бұл салада атқарылған жұмыстар туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев жауап берді. Оның айтуынша, облыста кейінгі төрт жылда Индустрияландыру картасы бойынша 201 млрд. теңгенің 37 нысаны қолданысқа енгізілген. Олармен 282 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, бюджетке 27,9 млрд. теңге көлемінде салық түскен. Бүгінгі таңда 37 жобаның 21-і елуден жүз пайызға дейін жұмыс қуаттылығымен істесе, 10-ы елу пайызға дейін, 4-еуі өткен жылдың соңында енгізілгендіктен өнім өндіруді жоспарлаған жоқ. Ал қалған екі жобаның әзірге мәселесі белгілі себептерге байланысты шешімін таппай тұр.
– Кез келген жобаны бастамай тұрып алдымен оның тиімділігін, сұранысқа сай келетінін анықтап алған дұрыс. Қолданысқа енгізілетін нысандар толық жұмыс істеп, олар өндіретін тауарларға сұраныс болуы тиіс. Әйтпесе, қыруар қаражат жұмсалған жобалардың толық қуатпен жұмыс істемей тұрса, ешқандай пайдасы жоқ оның. Сондықтан осы жағын есте ұстау керек, – деген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ аудандарда «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі арқылы несие алып, ауылшаруашылық өнімдерінің көлемін ұлғайту қажеттігін, мемлекет тарапынан жасалып отырған жеңілдіктерді барыншы пайдалануды ескертті.
Елбасы әлеуметтік саланы да ұмытқан жоқ. Өңірдегі «Апатты» деп аталып кеткен, яғни, бүгінгі күннің талабына сай емес мектептердің жағдайы туралы Президентке облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар ақпарат берді. Өз сөзінде Жақсылық Омар тиісті орындармен жүргізілген тексерулер нәтижесінде аймақтағы мектептердің арасында қазіргі уақыт талабына сай келмейтіндері анықталғанын, олардың орнына жаңадан ғимараттар салынып жатқанын айтты. Биылғы ҰБТ-да шығысқазақстандық түлектердің жинаған орташа балы 78-ді құрағанын, бұл республикада сегізінші көрсеткіш екенін, педагог мамандардың тапшылығын жоюға байланысты бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Елбасыға аймақтағы денсаулық сақтау саласындағы кейбір түйткілдердің мән-жайын түсіндіріп берді.
Ал аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы біраз шаруаларды, оның ішінде жылумен қамту, әсіресе, Семей қаласының проблемалары толықтай шешімін тапқаны жөнінде хабарлады.
Жиынға қатысушылар арасынан сөз кезегін алған Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың профессоры Лилия Столярова ойындағысын бүкпесіз жеткізді.
– Құрметті Елбасы, Сіздің Шығысқа келген әрбір сапарыңыз біз үшін үлкен қуаныш, ерекше оқиға. Кейінгі жүргізілген мониторинг нәтижесі анықтағандай, Сіздің «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламаңызды шығысқазақстандықтардың 96 пайызы қолдайды және қолдап қана қоймай, оны жүзеге асыруға қолдарынан келгенше үлестерін қосуда. 1992 жылы Қазақстан халқының 1 форумында сөйлеген кезде мен «Біздің Президентіміз металлург, ерекше қорытпаның құпиясын біледі. Ол қорытпаның атауы – Қазақстан халқы. Бүгін бұл енді құпия емес, нақты белгіленген, болашағы айқындалған «Дамудың қазақстандық жолы» атты бағдарлама. Бүкіл жаһан жұрты қазір осы бағдарламаға қызыға қарайды. Сіздің Қазақстанда ғана емес бүкіл әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға үндеген, татулық пен келісімді насихат еткен бастамаларыңызды әлем елдері қызу қолдап отыр. Бұл ретте Сіздің ядролық қарудан бас тартқан маңызды шешіміңіз баршаға үлгі, – деп ағынан жарылған профессор Елбасының бастамасымен Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы да тарихи оқиға екенін айтты.
Ғылым мен өндірістің байланысын күшейтетін боламыз
Алқалы жиынды қорытындылаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ тәуелсіздік алған жылдардан бергі елімізде жүзеге асырылған стратегиялық бағдарламалардың жемісі, осы уақыт ішінде қол жеткізген жетістіктер, сырттан құйылған шетелдік инвестициялар және басқа да толағай табыстар туралы айта келе, ендігі алда тұрған үлкен міндет – дамыған 30 елдің қатарына ену екенін нақтылады.
– Қазір Еуропа елдерінде инвестиция көздері азайды. Түсті металға деген сұраныс та артып тұрған жоқ. Бізге табиғи байлықтарымызға иек артып, арқаны кеңге салудың қажеті жоқ. Бізге индустрияландыру бағдарламаларын жүзеге асыруда ширақтық танытуымыз керек. Иә, түсінемін, бұл – жеңіл бағдарлама емес. Десек те еліміздің болашағы үшін, дамуы үшін осы бағыттан таймауымыз керек. Индустрияландыру зауыт салумен шектелмейді, ол зауыттың өнімі заман талабына жауап беретіндей, жоғары сұранысқа сай болуы тиіс. Біз индустрияландырудың алғашқы бесжылдығын сәтті аяқтадық, ендігі кезекте инновацияға негізделген екінші бесжылдық тұр. Осыған орай Қазақстанның әлем елдері алдындағы беделінің арқасында Дүниежүзілік банк бізге қомақты қаражат бөлуге келісті. Сол сияқты Еуропалық банк, Ислам банкі, Азиялық банк, барлығы қаражат бөлуге дайын. Бұл қаражат алдымен индус-трияландыру бағдарламасын жүзеге асыруға, содан кейін шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталады, – деп сөзін түйіндеген Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ жаһандық экономиканың шарықтауы мен құлдырау кезеңдерінде тұрақтылықты сақтап тұру үшін ұлттық қор құрылғанын, қазір онда жиналған 100 млрд. доллар көлемінде қаражатымыз бар екенін жеткізді.
Сол сияқты Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстанда жақсы ғылыми-ағартушылық база бар екенін, бірақ оның нақты сектормен өзара іс-қимылын күшейту керектігін білдірді.
– Ғылым еңбек өнімділігін арттыруға қызмет етуі тиіс, инновацияның мәні де осында жатыр. Жаңа технологиялар әлемде қарқынды түрде енгізілуде, біз де қалыспауға тиіспіз, – деген Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ елімізде барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық салаларда – бизнес жүргізуде, ауыл шаруашылығы өндірісін ұйым-дастыруда, тұрғын үй құрылысында, оқуда, медицинада, мәдениетте теңдессіз шарттар ұсынылып отырғандығын атап өтті. Тек тұрғындар тарапынан бастамашылық қажет, ол үшін тиімді түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн.
Елбасы облыстың жалпы алғанда табыс-ты дамып келе жатқанын, қарқынды әлі де үдете түсу қажеттігін айта келе, жиын соңында барлық мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, табыс тіледі.
Есімжан Нақтыбайұлы,
Серік Әбілхан
Достарыңызбен бөлісу: |