КҮКІРТ ҚЫШҚЫЛЫ ӨНДІРІСІНІҢ ШИКІЗАТТАРЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ДАЙЫНДАУ
Күкірт қышқылын өндіру үшін шикізат ретінде колчедан (флотациялық колчедан және күкірт колчеданы), элементті күкірт, металлургиялық пештерден шыққан газдардан алынған күкіртті газ, мұнайөңдеу, кокс және басқа да газдардан бөліп алынған күкіртті сутек қолданылады. Сонымен қатар күкірт қышқылын алу үшін болат бетін тотықтардан тазалауда қолданылған ерітіндіден (травильный раствор) алынған темір купоросын, қолданыстан шыққан күкірт қышқылын және қышқылды гудронды пайдалануға болады.
1.1 Күкірт колчеданы мен флотациялық колчедан
Күкірт колчеданы. Көптеген елдерде күкірт қышқылы өндірісінде шикізат ретінде пирит немесе күкірт колчеданы қолданылады. Пирит негізінен қоскүкіртті темірден FeS2 тұрады. Күкірт колчеданы - сарғылт немесе сарғылт – сұр түсті металдық жылтыры бар минерал; тығыздығы 4,95 пен 5,0 г/см3 аралығында болады.
Химиялық таза қоскүкіртті темір FeS2 құрамында 53,46% S пен 46,54% Fe болады. Алайда табиғатта қоскүкіртті темір таза күйде кездеспейді. Табиғи күкірт колчеданында күкірттің орташа құрамы 40-тан 50% дейінгі аралықты құраса, темір құрамы 35-44% аралығында болады. Қалғаны қоспалар болып, олардың ішінде негізгілері - мыс, мырыш, қорғасын, мышьяк, тальк, селен, теллурдың күкіртті қосылыстары, кальций мен магнийдің көмірқышқылды және күкірт қышқылды тұздары, тальк, кварц және аз мөлшерде алтын мен күміс.
Мышьяк негізінен FeAsS (мышьякты колчедан) түрінде болса, мыс CuFeS2 (мыс колчеданы), Cu2S (мыс жалтыры) және CuS (коввелин) түрінде болады. Егер мыстың құрамы 0,7 - 1,0 % кем болмаса, онда оны колчеданнан балқытып алу экономикалық тиімдірек болады.
Мышьяк пен селен күкірт қышқылын контактілі әдіспен алуда зиянды қоспа болғандықтан олардың шикізат құрамында болмағаны жөн. Күкірт колчеданының бай кен орны Орал тауларында орналасқан.
Күкіртті газды алу үшін шикізат ретінде магнитті колчедан немесе пирротин де қолданылуы мүмкін. Пирротин негізінен көп мөлшерде Карелияда (Кольск түбегінде) орналасқан. Пирротиннің құрамы Fe7S8 формуласына сәйкес келіп, оның құрамында шамамен 30% күкірт болады.
Оралдың көп кенорныдарында колчедан шахталы әдіспен алынады. Сонымен қатар ашық қазып алу орындары да кездеседі. Кеніштен колчедан 50-400 мм өлшемді кесек түрінде шығады. Құрамында түсті металдардың күкіртті қосылысты қоспалары бар күкірт колчеданы ұнтақталып, флотациялық жолмен байтылады.
Флотациялық колчедан. Құрамында 0,7 - 1% мысы бар күкіртті кендерді кешенді қолданудың ең жетілдірілген әдісі оларды флотациялық байыту болып табылады. Флотациялық байыту кезінде мыс кені екі бөлікке бөлінеді: құрамында 15-20% Cu бар мыс концентраты мен флотациялық хвост немесе флотациялық колчедан деп аталатын қалдық. Флотациялық колчедан майдадисперсті (ұсақтардың шамамен 46%-ның өлшемі 0,05 мм төмен болатын) ұнтақ. Оның құрамындағы қоспалар күкірт колчеданы құрамындағы қоспалармен бірдей. Колчеданның 100 тоннасын флотациялық байытқанда 80-85 т флотациялық колчедан және 15-20 т концентрат алынады.
Флотациялық концентрат құрамында күкірт 35-42% құрайды. Күкірт құрамын арттыру үшін флотациялық колчеданды екіншілей флотациядан өткізіп, бос жынысты бөліп алып, пиритті концентрат (48% S және одан жоғары) алуға болады.
Алынған флотациялық концентрат құрамында 12-15% ылғалдылық болады. Шикі флотациялық концентратты барабанды кептіргіштерде кептіргенде ылғалдылық 3 - 3,8% дейін түседі. Флотациялық колчедан осындай түрде күкірт қышқылды заводтарға жіберіледі. Жазғы маусымда колчеданды 8% дейінгі ылғалдылықпен тұтынушыларға жіберуге рұхсат беріледі. Күзгі-қысқы маусымдарда флотациялық колчедан жолда немесе қоймаларда қатып қалуын болдырмау үшін ылғалдылықты 3,8%-дан асырмайды.
Күкірт қышқылы өндірісі үшін жіберілетін колчеданның құрамы төмендегі 1.1-ші кестеде келтірілген.
Кесте 1.1
Күкірт қышқылы өндірісінде қолданылатын колчедан құрамы
Колчедан
|
Құрамы, %
|
S
|
Fe
|
Al2O3
|
CaO
|
MgO
|
CuO
|
Zn
|
SiO2
|
Күкірт
|
40-50
|
44,0
|
1,0
|
0,02
|
0,05
|
0,73
|
-
|
1,2
|
Флотациялық
|
35-42
|
35,0
|
4,5
|
1,2
|
0,6
|
0,8
|
0,7
|
18,7
|
Пиритті концентрат
|
48-50
|
44,0
|
0,9
|
-
|
0,03
|
0,2
|
1,0
|
1,7
|
Достарыңызбен бөлісу: |