Сәкен Сейфуллиннің «Сыр сандық» өлеңіндегі нағыз досқа тән қасиеттерге өз көзқарасыңызды танытып, сыни талдау жазыңыз
Тарихта қалған тарландар өмірі біз үшін үлгі. Өмір атты теңізде қолдарына қалам алып дүние сырына тоймай тамсана жазған талай дана адамдар болды. Өмірге жұлдыз болып келетін, халықтың еркесі, халық жүгін көтеретін дара адамдар, дарынды жандар аз емес. Айтқым келгені, әр адамның өз келбеті, өз жан-дүниесі болады. Осы орайда Сәкеннің «Сыр сандық» атты өлеңі туралы сыр шерткім келді. Ақын өлеңі ой мен сезім терең қабысқан өмір, достық, адам тағдыры туралы үлкен толғаныстан туған шығарма екенін айта кету керек. Өз жайын, өз басының мұңын, өзінің арманын ғана айтып отырған жоқ, жалпы адамзат баласын ойландыратын құндылықтарды жырлаған.
«Сыр сандық» - Сәкеннің көңіл-күй лирикасының ішінде адамға адамның достығы мен ар тазалығының нәзік сырларын шерткен қазақ поэзиясының шоқтығы биік шығарма десек еш қателеспейміз. Сезім мен сыр, ой мен образ жымдаса қабысып кеткен бұл өлеңнің ырғағы, әуезі есіле төгіліп, жібек торғындай судырап тұр. Адалдық пен арамдық, талант пен күншілдік, мансап пен ождан, достық пен қастық туралы тебірене сыр шерткен ақын мұзбалақ, зеңгір тау, сыр сандық, сым перне, алтын сарай образдары арқылы эстетикалық-этикалық мұраттарын ірікпей толғаған. Осы мәселеге қатысты автордың көзқарасын жақтаймын. Меніңше, дос - асыл қазына, рухани жақындық. Жүзіңдегі күлкіні емес, жүрегіңдегі мұңды сезінетін жан. Адамның көңілін, сырын, тұспалдай жырлап, оны биік таудың басындағы кілттеулі сыр сандыққа балайды. Дос жанын түсіне білетін нағыз адам- дос қана, сол құзар биіктегі сыр сандықтың кілтін тауып ашып, көңілдің пернесін баса алатыны сөзсіз. Сезімді жырлаумен ғана шектемей, оған азаматтық әуен, ойлы мазмұн, үздік үлгілерді тудырған ізгі де сұлу сезімдерді айнымас достық пен махаббаттың шабытты жыршысына айналдырды. Өмір, достық туралы терең толғанған ақынның жаны таза, ешкімге қиянаты жоқ, адалдық пен арамдық, мансап пен ар-ождан, достық пен қастықтың ара жігін ажырата алған, адам үшін құнды байлық-достықты жырлау. Автор дос көңілін шыңдағы қоймаға, алтын сарайға балайды. Достық сезімін құзды
шыңға, нулы шатқалға, мөлдір суға, қымбат жасауға ұқсатады. Алтын сарай- шын достыққа нағыз дос ие болады дегенді айтады. Сұлу пернелер - адам бойындағы жақсы, жағымды қасиеттер. Адамдағы асыл қасиеттер шын достыққа жеткізетінін ақын тебірене жырлап көрсете білген.
Қорыта келе, менің түйгенім: Дос биікке жетелейтін, қуанышыңа ортақ, қиындықта демеу болатын жан. «Жігітті досына қарап таны! - деген қазақ философиясы өте орынды айтылған. Бұл ұғым аласармасын десек әрбір адам дос тұрғысынан да адал міндет атқарғаны абзал. Сонда ғана достықтың құны жоғары болмақ. Достық – бұл өмірдегі еш нәрсемен бағаланбайтын құндылық. Достық қатынасқа нәзіктікпен қарап, берік сақтай білейік.
Достарыңызбен бөлісу: |