Әл – Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
Филология факультеті
3-семинар тапсырмасы
Орындаған: Бердіхан Бахаргүл
Тексерген: Жусанбаева С.Б.
Алматы 2022
ӨЛЕҢ ТАЛДАУ
Ата Жайық
Аймалап жатса, ашынып барған баласын,
Айығып, сергіп, басылып бір сәт қаласың.
Ағытып қойып, адамгершілік жағасын,
Ағасың тынбай, ағасың, Жайық, ағасың.
Аймалап жатса, айдының аппақ нұр сеуіп,
Сауығып қалам, сақалыңа анау бүркеніп.
Айылымды алып пенделік дейтін мәстектен,
Жоғалтам көзін, бүйірден мықтап бір теуіп.
Жалғызындай боп, кешігіп көрген ененің,
Қоқысты тастап, қойныңа сосын енемін.
Шалқамнан жатып, шар-аспаныңнан көрермін,
Шарықтап жылар, шаршаған бұлттар-өлеңім...
Мұқағали Мақатаев
– Бірінші шумақ екі сөйлемнен тұрады. Алғашқысы құрмалас сөйлем («Аймалап жатса, ашынып барған баласын, Айығып, сергіп, басылып бір сәт қаласың», яғни, «Ашынып барған баласын аймаласа, айығып, сергіп, бір сәт басылып қаласың» дегені). Бұл сөйлемнің мағыналық қатынасы – шартты бағыныңқылы сабақтас. Екінші сөйлем – жай сөйлем («Ағытып қойып, адамгершілік жағасын, Ағасың тынбай, ағасың, Жайық, ағасың», яғни, «Жайық, адамгершілік жағасын ағытып қойып, тынбай ағасың»). Бұл екі сөйлем бір-бірімен ыңғайласа байланысқан.
– Екінші шумақ та екі сөйлемнен тұрады. Бірақ, бір ескерерлік дүние, бірінші тармақтағы «аймалап жатса» тіркесі екі сөйлемге де ортақ. Яғни, бірінші құрмалас сөйлем: «Аймалап жатса, айдының аппақ нұр сеуіп, Сауығып қалам, сақалыңа анау бүркеніп» (Айдының аппақ нұр сеуіп аймалап жатса, сақалыңа бүркеніп сауығып қаламын). Екінші құрмалас сөйлем: «Айылымды алып пенделік дейтін мәстектен, Жоғалтам көзін, бүйірден мықтап бір теуіп» (жоғарыда айтқанымыздай, Аймалап жатса, пенделік дейтін мәстектен айылымды алып, бүйірден мықтап бір теуіп, көзін жоғалтамын). Екі құрмалас сөйлемнің де синтаксистік құрылымы – шартты бағыныңқылы сабақтас.
– Үшінші шумақ екі сөйлемнен тұрады. Біріншісі жай сөйлем («Жалғызындай боп, кешігіп көрген ененің, Қоқысты тастап, қойныңа сосын енемін», яғни, «Кешігіп көрген ененің жалғызындай боп, қоқысты тастап, қойныңа енемін»). Неге бұл жай сөйлем? Себебі, «кешігіп көрген ененің жалғызындай» деген – теңеу, ал «қоқысты тастап» деп отырғаны – «тазарып» дегені. Демек, олардың бәрі «қалай?» деген сұраққа жауап беріп, бірыңғай мүшенің қызметін атқарады.
– Бұл өлеңде семантикалық изотоптық тізбекті «аймалау», «айығу», «сауығу» деген сөздер құрайды. Себебі олардың барлығы ортақ семаға бірігеді. Яғни, соның бәрін байланыстырып тұрған дүние бар, ол – Жайық. Автор Жайықты сипаттауда оған тірі жан ретінде қарайды. Тағдырдың талқысына түсіп, өмірдің сан-салалы қиындығынан шаршаған адамның Жайықтан сая табуы. Бұл ретте автор Жайықты анаға теңейді. Оны «Жалғызындай боп, кешігіп көрген ененің» деген жолдардан анық аңғарамыз.
– Өлеңде ауызекі стильге жататын бір сөз бар. Ол «Ағасың тынбай, ағасың, Жайық, ағасың» деген жолда кездеседі. Мұндағы «Жайық» сөзі қаратпа сөз.
– Мәтінді басынан аяғына дейін оқысаң да, аяғынан басына қарай оқысаң да мағынасы еш өзгермейді:
Ағасың тынбай, ағасың, Жайық, ағасың,
Ағытып қойып, адамгершілік жағасын.
Айығып, сергіп, басылып бір сәт қаласың,
Аймалап жатса, ашынып барған баласын.
Бұл автордың шеберлігін танытады.
– Мәтін тұтастыққа жеткен. Автор айтқысы келген ойын толық жеткізе алған.
– Өлең оқырманның туған жеріне деген ыстық ықыласын туғызады. Жайыққа түсуді ананың құшағына ену деп жеткізетін автор адамның көңілі құлазыған сәттерде анасын аңсайтынын, ол құшақтаса бар қайғыңды ұмытатыныңды еске салып, Жайыққа ену де дәл сондай дегенді айтады.
– Өлеңнің алғашқы шумағынан ассонансты байқаймыз. Ал үшінші шумақта аллитерация көрінеді. Бұл да автордың шеберлігін танытса керек.
Достарыңызбен бөлісу: |