Семейде кондитерлік фабрика іске қосылды
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Семей қаласына жұмыс сапары аясында қала әкімінің есептік кездесуіне және «Kondiz» кондитерлік фабрикасының ашылуына қатысып, «Семей инжиниринг» АҚ ұжымымен кездесті.
Жылу мәселесі шешімін тапты ма?
Семей қаласы әкімі Айбек Кәрімовтің есептік кездесуіне Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Сәлімгерей Бекбергенов, Парламент Сенатының депутаттары Талғатбек Абайділдин мен Сергей Плотников қатысты.
Қала әкімінің айтуынша, Семейде соңғы жылдары машина жасау саласы дамып келеді. Мәселен, өткен жылы «Урал», «Shasman» жүк көліктері және «Беларус» тракторының екі моделі шығарылды. Бір жылда 1340 трактор, 141 автобус, 113 жүк көлігі құрастырылды. Облыстағы өнеркәсіп өндірісінің 14 пайызы Семейге тиесілі. Былтыр 1,2 млрд. теңгеге үш инновациялық жоба іске қосылды. Экология, ұзақмерзімділік, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі және заманауи дизайнды мақсат тұтқан бас жоспар қабылданып, қала құрылысын жүйелеу қолға алынды.
Облыс басшысы қала халқының өсімі туралы сұрады. Бүгінде Семейдің әкімшілік аумағында 340 мың халық тұрады. Мектепте 37 мың бала оқиды. Алдағы 5 жылда оқушылар 50 мыңнан асады деген жоспар бар. 10 мың оқушы колледждерде білім алатынын ескерсек, қалаға әлі оншақты мектеп қажет. Облыс басшысы қаланың дамуы халық санының өсіміне байланысты екенін жеткізді. Болжам бойынша 2030 жылы Семейде халық саны 500 мыңды құрамақ.
Қала әкімінің есептік баяндамасынан соң тұрғындар көкейдегі мәселелерін жеткізді. Аталған сауалдарға қала әкімімен бірге облыс басшысы да жауап берді.
Кездесуде ең көп қозғалған мәселе – жылу жүйесі. Еңбек ардагері Валентина Хорошилова Ғаббасов көшесіндегі қазандық қызметінің әлсіз екендігін жеткізді. Дулатов көшесіндегі 135-үйдің тұрғыны пәтерде 10-12 градус қана жылу барлығын, Қозыбағаров көшесінің тұрғындары пәтерлерінің 5-6 градусқа ғана жылы екендігін айтты.
Қала басшысы Ғаббасов көшесіндегі үш қазандық толығымен жөндеуден өткенін атап өтті. Алайда, жеке сектор, әсіресе, коттедждер қалашығының тұрғындары жылу инспекциясына есік ашпайды. Жеке секторда қуатты жылу құрылғылары орнатылған. ТЖО, монша сынды кәсіпкерлік нысандары да көп шоғырланған. Басым бөлігі жылуды есепсіз пайдаланады. Нәтижесінде аталған аумақтағы көпқабатты үйлерде температура күрт төмендеп кеткен. А.Кәрімов жылу беруде кінәрат жоқтығын, осы бағытта комиссия құрылып, тексеру жүргізіп жатқанын, оның үстіне тұрғындардың 500 млн. теңге көлемінде қарыз екенін атап өтті. Қазіргі кезде «Жылукоммуноэнерго» мекемесінің мамандары заңсыз пайдаланушыларды анықтау үстінде.
– Қысқы маусымға дайындық кезінде жылуға қарыз мәселесін шешу жөнінде тапсырма бергенмін. Ал халық жылумен қамтамасыз етілуі тиіс. Семей қаласының жылу жүйесін жаңғыртуға республика, облыс және қала бюджетінен қаншама қаржы бөлдік. Оның нәтижесі болуы керек. Биыл қатты аяз жоқ. Сондықтан жылу жүйесінде мәселе болмауы тиіс еді. Егер мәселе туындаса, бұл – қала билігінің, жауапты қызметкерлер мен мекемелердің кемшілігі, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.
Полигон зардабын жоюға жұмыс істеп жатыр
Бастауыш сынып мұғалімі Ұлжан Ахметқалиева №6 мектеп-гимназиясы көшенің шетінде орналасқандықтан жол өткелінің қажеттігін жеткізді. А.Кәрімов жол қауіпсіздігі үшін Абай атындағы театр мен №6 мектептің ортасына, медицина университеті және Жоламан ықшамауданындағы мектептің жанына жолүсті өткелі салынатынын атап өтті. Оған 18 млн. теңге қаражат бөлінген.
Бұрынғы ветеринар Роза Касапқызы жәрмеңкелерде санитарлық талаптар сақталмайтынын, жалғыз маманның барлық өнімді тексеруге үлгермейтінін айтты.
Облыс басшысы жақын аудандардың шаруа қожалықтарына арналған жабық сауда орындары ашылып жатқанын айтып, қала билігіне ветеринария қызметін жандандыруды тапсырды.
Восточное ауылының тұрғыны Самара Петровна елді мекен маңындағы каналды тазалау қажеттігін, Энергетик ықшамауданында су құбырының құрылысы кезінде қателікке жол берілгендіктен 2013 жылы су деңгейі көтеріліп кеткенін жеткізді. А.Кәрімовтің айтуынша, биыл аталған мәселеге сараптау жүргізуге қаржы қарастырылып отыр.
Мүмкіндігі шектеулі баланың анасы Айнұр кембағал балалардың ата-аналары клубының атынан Семей қаласында оңалту орталығы құрылысы жоспарланғанына қуанышты екендігін, аталған орталықты қатынауға жеңіл болу үшін қала ішінен салу және қаладағы пандустарды белгіленген талаптарға сай жасау мәселесін көтерді.
Бұл ретте облыс Әкімі Семейдің полигон белдеуінде орналасқанын, сондықтан халықты сауықтыру бағытында түрлі жұмыстар істеліп жатқанын жеткізді.
– Соңғы үш жылда Семейдің денсаулық сақтау саласына 30 млрд. теңге жұмсалды. Бұл – аз қаржы емес. Мәселен, қалалық аурухана – 11 млрд. балаларға арналған туберкулез ауруханасы – Сауд Арабиясының демеушілігімен 1,2 млрд., радиологиялық орталық – 7 млрд. теңгеге салынды. Кәсіпкерлер қаржысына жеке медициналық мекемелер де көптеп бой көтеруде. Мемлекет басшысының келісімімен ядролық сынақтардың зардабын азайту мақсатында оңалту орталығын салуды жоспарлап отырмыз. Аталған орталықтың жобалау-сметалық құжатына тапсырыс берілді, – деді облыс Әкімі.
Сондай-ақ, аймақ басшысы тірек-қимыл ауруымен ауыратын немересіне квота бөлу туралы ата-ана өтінішін қарауды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы В.Овсянниковқа тапсырды.
Күлжамал Аягөзова Степной кентінде су, жарық және мектеп мәселесінің күрделі күйінде қалып отырғанын айтты. Қала басшысының айтуынша, сол жағалаудағы Степной, Бобровка, Юность ықшамаудандарында мектеп салу жоспарланған.
Облыс Әкімі мектеп құрылысын жүргізуде қолданыстағы мектептің толық пайдаланылу деңгейін сараптаудан өткізу керектігін атап өтті.
Үмітжан Қалиева Шығыс саяжайында ауылдан қоныс аударушылар көп тұратындығын, 20 жыл бойы шешілмеген жарық мәселесі өткен жылы жолға қойылғанын айтып, ризашылығын білдірді.
Марат Нұрсағатұлы Юность елді мекенінен алған жер теліміне мораторийға байланысты құрылыс сала алмай отырғанын жеткізді.
– Жер телімі еш жоспарсыз берілген еді. Инфрақұрылым жоқ. Сондықтан инфрақұрылым жобасы жасалды. Наурыз айынан бастап құрылыс жүргізуге рұқсат аласыздар, – деді қала әкімі.
Тұрғын үй салуға қаражат жеткілікті
Дальный елді мекенінде қордаланған мәселелер бар. Мәселен, №38 мектептің ата-аналар комитетінің төрайымы екі ауысымда оқығандықтан оқушылар қараңғыда қайтатынын, көшені жарықтандыру жоспарда тұрғандығы жөнінде білгісі келетінін жеткізді. Қаламқас Оразова Дальныйда жол қашан салынатынын сұрады. Осы ауылдың зейнеткері №229 автобус бағытының соңғы аялдамаға дейін жүрмейтіндігін жеткізді. Медициналық пункт мәселесі де тыс қалған жоқ.
– Бұл елді мекенде су ағатын кәріз жүйесі жоқ. Әсіресе, көктемде су сел болып ағады. Биыл жобалау-сметалық құжаттар жасалып жатыр. Жарықтандыру мәселесі де қарастырылады. Ал жол жөндеу жұмыстары биыл басталады. Медпункт мәселесін денсаулық сақтау бөлімімен бірге қараймыз, – деді қала әкімі.
Энергия қуаты жоғалып кететіндігіне байланысты, Ақсары ықшамауданында тұрғындардың түбіртегіне қосымша КВт қосылып жазылады. Осыған орай, былтыр жобалау-сметалық құжаттары жасалып, 39 млн. теңге бөлінген. Қала басшысы жарықтандыру және электр қуатын беру қалпына келтірілетінін, тұрғындар төлемақыны есептегіш құралдар бойынша төлейтінін атап өтті.
Ғабдолла Тоқай көшесінің тұрғыны Құмар Жұманбаев Восточное – Жаңасемей бағытында қатынайтын №233 автобусты қайта жүргізу туралы мәселе көтерді. А.Кәрімов бұл мәселені қарауға уәде берді. Ал «Восход» ауылында балабақша салу мәселесіне орай, 2014-2015 жылдарға арналған жоспарға енгізілгенін, соңғы үш жылда қалада 12 жекеменшік балабақша салынғанын, биыл 2 мемлекеттік балабақша салынатынын атап өтті. Ерзат Ешенғазин есімді тұрғын «Восходта» ауызсу мәселесі күрделі күйінде қалып отырғанын айтты. Су мәселесі де шешімін таппақ.
ЖСДП Семей қалалық филиалының өкілі Майра Әбенова азаматтардың өтінішімен жұмыс істеу туралы өтінішін жеткізді. Қала әкімі ҮЕҰ-дармен өзара әріптестік жөніндегі қоғамдық кеңес жұмыс істейтінін, бірігіп жұмыс істеуге әзір екендіктерін атап өтті.
Кездесуде баспана мәселесі бойынша сауал мол болды. Қала әкімі тұрғын үй заң шеңберінде кезек бойынша берілетінін, өтініш білдірушілер әлеуметтік қорғау бөлімі арқылы толық ақпарат ала алатындықтарын айтты.
– Семей қаласының әкіміне тұрғын үй мәселесін шешу жөнінде нақты тапсырмалар берілген. Қазіргі таңда тұрғын үй салуда күрделі мәселе жоқ. Қаржы жеткілікті. Тек тиімді пайдалана білу керек. Бұл үшін негізгі құжаттар дер кезінде дайын болуы тиіс. Мәселен, жуырда Өскеменге «Самұрық-Қазына» АҚ, «Бәйтерек» холдингі, «Даму» қоры, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» және тағы басқа қаржылық институттардың басшыларын арнайы шақырдым. Мақсатымыз – олардың қаржылық мүмкіндігін пайдаланып, тұрғын үй құрылысы саласын жандандыру. Семей қаласы да осы тәжірибені пайдалану керек, – деді облыс басшысы.
Сонымен қатар қала тазалығы, құрылыс қалдықтары, ПИК жұмысы, жертөле, мемлекеттік тіл туралы мәселелер қозғалды. Кәсіпкерлердің қала тазалығына нұқсан келтіретіні туралы мәселеге Сенат депутаты Талғатбек Абайділдин жауап берді. Сенатордың айтуынша, қазіргі кезде Парламентте «Кәсіпкерлер Кодексі» дайындалуда. Кәсіпкер жауапкершілігі белгіленетін Заң қабылданса, аталған мәселе шешімін таппақ.
Аймақ басшысы кездесуді қортындылап, көтерілген мәселелердің орынды екенін, облыс пен қала мүмкіндігіне қарай рет-ретімен шешілетінін жеткізді. Қаладағы шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы көңілден шығатынын, десе де мемлекеттік бағдарламалар арқылы аталған саланы одан әрі жетілдіре түсу керектігін атап өтті. Қаланың мәдени дамуында оң істер бар екенін, алдағы уақытта Семейде «Қазақмыс» корпорациясының қаражатына хоккей модулі салынатындығын айтты.
Облыс Әкімі қала басшысына мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру, оларға әлеуметтік қолдау көрсету, жетім балаларды қолдау, «Мейірім» акциясын жалғастыру және халықпен тығыз жұмыс істеу жөнінде тапсырма жүктеді. Елбасының Жолдауына сәйкес, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену үшін ынтымақтаса отырып, еңбек етуге шақырды.
Трансұлттық компанияға айналуды көздейді
Облыс басшысы «Kondiz» кондитерлік фабрикасының ашылуына қатысты. Кәсіпорынның жалпы аумағы 8,5 мың шаршы метрді құрайды. Өндіріс көлемі бірінші кезек бойынша жылына 12 мың тонна болмақ. Жобаны төрт кезеңде жүзеге асыру көзделіп отыр. Компания басшысы Мәди Өмірзақтың айтуынша, төртінші кезеңді 2015 жылы іске асыру жоспарланған. Толық қуатымен жұмыс істеген кезде жылына 22 мың тонна өнім өндірмек. Зауытта ұннан жасалған өнімдер өндіріледі.
– Елімізде кондитерлік өнімнің 60 пайызы сырттан әкелінеді. Біздің мақсатымыз импорттың орнын толтыру, – деді «Kondiz» ЖШС жетекшісі.
Қазіргі уақытта 200 жұмыс орны ашылды. Төртінші кезеңде 450 жұмыс орны болады деп жоспарланған. Жобаның жалпы құны – 4 млрд. теңге.
Облыс Әкімі зауыттың операторлық, зертхана, ашытқы бөлімдерінің жарақтандырылуын, цех технологиясы мен қойма алаңын аралап көрді.
Облыс Әкімі сондай-ақ, «Семей инжиниринг» АҚ және Семей машина құрылысы зауыттарының ұжымымен кездесті. Жиында Президент Жолдауында белгіленген міндеттер талқыланып, кәсіпорынның даму бағыты сараланды.
Аталған кездесуге «Қазақстан инжиниринг» АҚ президенті Болат Смағұлов та қатысты.
– 2013 жылы компаниялар тобының өндіріс көлемі 3,5 пайызға артып, 81 млрд. теңгеге жетті. Активтер 2,6 есе ұлғайып, 65 млрд. теңгені құрады. Кіріс көлемі 12 пайызға артып, 4,6 млрд. теңгеге жетті. Инвестиция көлемі 13 есе көбейіп, 898 млн. теңгеден 12 млрд. теңгеге дейін өсті. Бұл – республикалық орташа көрсеткіштен 25 есе жоғары. Соңғы жылдары компанияда 950 жұмыс орны ашылды. Жақын арада тағы 500 орын жұмыс орнын құруды жоспарлап отырмыз. Орташа еңбекақы көлемі 2 есеге көбейді. Компанияда бұл көрсеткіш 120 мың теңгені құрайды. Өткен жылы ғана екі зауыт жұмысшылары бюджетке 1 млрд. 200 млн. теңге көлемінде салық құйды, – деді Болат Смағұлов.
Мыңға тарта жұмысшысы бар қос зауыт жыл сайын дамып, қызметкерлерге әлеуметтік қолдау көрсетуде де айтарлықтай табыстарға қол жеткізе бастады. Алдағы үш жылда трансұлттық компанияға айналуды көздеп отырған ұжыммен кездесуде облыс басшысы Елбасының тапсырмасы бойынша өнеркәсіпті дамыту, жұмыспен қамту және жаңа технологияны енгізудің өзекті екенін атап өтті.
Облыс басшысы «Қазақстан инжиниринг» компаниясы басшылығының Зырян мен Серебрянка қалаларындағы проблемалы зауыттарды көргенін, аталған компания басшылығымен бірге Серебрянка зауытын аяғынан тұрғызу жоспарланып отырғанын жеткізді.
– Зауыттың бұрынғы ахуалы мен қазіргі жағдайын салыстыруға келмейді. Бұл – еліміздің экономикалық өрлеуін көрсетеді. Семей қаласы үшін маңызы ерекше нысанды дамытуға барлығымыз үлес қоссақ, Президенттің тапсырмасын да жүзеге асырамыз, – деді облыс Әкімі.
Думан Анаш
Бөлісу:
Достарыңызбен бөлісу: |