ГАГАРИН, «ҚАРАКӨЗ» ЖӘНЕ ӘДЕМІ ҚЫЗ
1961 жылғы 12 сәуір. Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернаттың 9 сыныбында оқимын. Сол күн менің мәңгілік есімде қалды. Көктемнің шуақты сол сәтінде адамзат тарихында тұңғыш рет біздің отандасымыз Юрий Гагарин космосқа ұшты. Заңғар көкті еркін шарлап, аман-есен қонды. Кең байтақ Кеңестер Одағы бұрын-соңды болып көрмеген қуаныш-шаттыққа бөленді. Енді ғана ержетіп келе жатқан он бес жасар бозбала біздің де жүрегімізді мақтаныш кернеді. Адамзат өз өмірінің ерекше қадамын жасады. Ақыл-ой, білім-парасат арқылы Жердің тартылыс күшін жеңіп, жеті қат көкте самғады. Және ол адам – Кеңес Одағының, яғни менің елімнің азаматы еді.
Біз Юрий Гагаринді туған бауырымыздай жақсы көрдік, оның теңдесі жоқ ерлігіне бас идік! Бәріміз де космонавт болғымыз келді.
Сол бір күндергі жас жүректің шаттығын айтып, жеткізу мүмкін емес-ақ шығар. Үлкен, кіші түгел қуанды. Ұстаздарымыз тарихи оқиғаның мәнін тәптештеді. Кешке қарай алтын ұя – мектебімізде мерекелік салтанат өтіп, соңы оқушылардың концертіне ұласты.
...Сол концертте өзіммен бір сыныпта оқитын бір әдемі қыздың тамылжыта шырқаған әнін естідім. Бұрын да әнші қыз атанған сол сүйкімді жанның бұл кештегі келбет-кескіні мен әсем даусы тым ерекше еді. Апыр-ай, бұрын қалай байқамадық. Сырға толы жанары қандай мөлдір еді. Анау бетіндегі ноқаттай ғана қара меңі өзіне қалай жарасады. Көйлегі қандай керемет, әннің сөзі де, әуені де бүкіл жан-дүниеңді баурап алғандай.
Күлімдеген қара көздер қалалық,
Көп қарайсың, көрген сайын қадалып,
Қандай жақсы қарағаның, қарағым,
Қандай тұнық сырға толы жанарың.
Жан жағыма қарасам, өзім қатарлы бозбалалар, сыныптас жолдастарымның бәрі сахнадағы сол қызға тесіле қарап қалған екен. Өзімнің де әнші қыздан көз алмай, қозғалуға шамам келмей, ерекше бір рахат сезіміне беріліп отырғанымды сезіндім.
Адамзат тарихындағы жаңа кезең, адамның ғарышқа ұшқан сол күні мен Шәмші әнінің құдіретін, сұлулық пен таза да пәк сезімнің құдіретін алғаш сезінгендей болған едім.
Кейін ұлы ақын Олжас Сүлейменовтің "Земля, поклонись человеку!" атты тамаша поэмасы шыққанда сол кітапты Сағымбай Қозыбаев досымнан қалап алып, бүкіл жырды жаттап алғаным бар. Реті келгенде осы күні де жолдас-достар арасында сол бір асқақ поэмадан үзінділер оқи жөнелем:
Мир,
Земля,
Шар земной –
Сочетание слов,
Сочетание народов,
Мечей
и судеб,
Сколько твердых копыт
Над тобой пронелось!
Қайран, Олжекең! Қазақтың ұлы мақтанышы, қайраткер тұлғасы, қайталанбас қаһарманы. Осы поэмасы арқылы-ақ ол бүкіл әлемге мәшүр шайыр атанды. Жылда сол кездегі Орталық телевизиядан Космонавтика күні қарсаңында Олжас өзінің осы өлмес өлеңін тұп-тұтас жатқа оқитын. Шіркін неткен сымбат, неткен көзқарас, неткен дауыс, неткен ақыл-ой. Бірде сол Олжасты тыңдап отырған жақын ағаларымның бірі Қосыман Бекмұхамбетовтың:
– Ау, інім-ау, Олжас дегеніміз ұлы қазақ қой, бұл дегенің қазақ халқының төлқұжаты ғой, – деп шаттанғаны бар.
Кезінде осы Олжекеңнің басына да қара бұлт үйірілді. "АЗиЯ" кітабынан секем алған үлкен ЦК селт етті. Асау ақынды жуасытып алмақшы болды, бірақ бас имеді біздің сабаз. Екіншіден, Жер шарының ұлы перзенті Гагарин туралы өлмес жыр жазған жанды жазықсыз жазалауға биліктің де жүрегі дауаламады. Өйткені, Олжекеңдер ғарыш кемесі ұшқан Байқоңырдың, ғарыштың атасы атанған Қазақ елінің перзенті еді, Жер-Ананың жыр түзеген жампозы еді.
Бүгін сол Юрий Гагариннің ғарышқа ұшқанына, менің "Қаракөз" әнін тұңғыш рет естіп, сол бір тамаша туындыға ғашық болып, оны орындаған аяулы құрбымды пір тұтып, құрметтеп жүргеніме 50 жыл толыпты. Содан бері ғарышқа қаншама адам ұшты. Оның ішінде қазағымның Тоқтар мен Талғат сияқты аймаңдай ұлдары да бар. Содан бері қаншама жаңа ән туды, қаншама бозбала бойжеткенге көз тікті... Өмір жалғасып жатыр. Ғарыш сыры ашылып, ғашықтар жыры жазылып жатыр...
ІІ ТАРАУ
ОЛ КҮНДЕРДІҢ ӨШПЕС ДАҢҚЫ
ОРНЫ ОНЫҢ ЕРЕКШЕ ЕДІ
Соғыс және еңбек ардагері Серәлі Жәкетов туралы сөз
Ұлы Отан соғысының ардагері, облыс аудандарында талай басшылық қызметте болған қайраткер аға Серәлі Жәкетов ерекше сыйлы жан болатын. Осыдан бес жыл бұрын дүние салды. Тірі болса, өткен жылдың жазында сексен беске келер еді.
Бәріміз де адамбыз, бәріміз де пендеміз. Мына жалған дүниеде жаңсақ басып, опық жеп те жатамыз. Кейде абырой-атаққа бөленіп, мерейіміз тасып, төңірекке тәкапарлықпен көз тастайтын сәттеріміз де болады. Кейде бір күндік мүдде үшін көкеміздің алдында ауызға келген сөзді айта алмай үнсіз қаламыз, жағымпазданамыз. Кердең кеткен кейбіреулерді дәл уақытында тезге салып жіберуге дауаламаймыз. «Қойшы соны» деп, қателігін көзін шұқып тұрып көрсетуге дәтіміз бармайды. Бастықтың бәрі ақылды, бастықтың бәрі бауырмал, бастықтың бәрі пәтуалы емес екенін білсек те солардың алдында құрдай жорғалауға пейілміз.
Ал, қайран Сәкең, Серәлі Жәкетұлы ондай адам емес еді. Бетің бар, жүзің бар демей, орынсыз ісіңді, әбес қылығыңды бетіңе басып, тіліп түсетін. Мейлі сен мәртебелі жиналыстың төрінде отыр, мейлі сен сыйлап шақырған үйдің дастарқанының басында отыр, мейлі сен қызмет істейтін кеңседегі өз бөлмеңде отыр – Сәкең өзіне ұнамаған бір қылығыңды көрді ме, сен үлкенсің бе, кішісің бе, бастықсың ба, басқасың ба, ерсің бе, әйелсің бе оны қаперіне де алмай жүзіңе тура қарап, қателігіңді бетіңе басып, қатты айтып, тәубеңе келтіріп тастар еді.
Кейбіреулеріміз асыл ағаны сол бір қасиеті үшін құрметтеп, сыйлап, қасында жүруге тырысатын едік, ал енді біреулер Сәкеңнің сол мінезі үшін көзіне түсуден қашқақтап, сырт айналатын, ұнатпайтын.
Серәлі ағамыздың Қостанайдағы пәтері біздің редакция үйінің дәл жанында болатын, сондықтан да болар ағамыз қара шаңыраққа жиі келетін. Кейде өзекті деген бір мәселені көтеріп, мақала жазып әкелетін. Кейде өзінің қатарластары, қызметтес болған достары туралы жазатын. Кемшіліктерді тілге тиек еткен жазбалары да болатын. Ағамыз редакцияға келген бетте үлкен-кішіміз алдынан шығып, сәлем беруші едік. Онымен жүздесуге құштар едік, пікірлесіп, кеңесіп, ағадан ақыл сұрап, оның ағынан жарылған әңгімесіне құлақ түруден жалықпайтын жанның бірі де өзіміз едік.
Қарасу аудандық атқару комитетінің төрағасы кезінде арнайы іссапармен барған сол кездегі жас журналист мені күні бойы өзінің машинасымен егінжайды аралатып, егін орағында жүрген жайсаң жігіттермен жолықтырып, ағалық ақыл-кеңесін айтып, ауданның адамдары, ерекшелігі туралы тәптіштей баяндағаны, жанашырлық пейілі әлі күнге дейін есімде.
2003 жылы жазда менің «Мөп-мөлдір дүние» атты кітабым жарық көрді. Ағаға сол кітапты жұмыстан кейін кешкілік сыйға тартқаным бар. Ертеңіне таңертең қызметке келген бетте денсаулығы сыр беріп, жүдеп жүрген ағамыз телефон шалды.
– Айналайын-ай, әдемі бір дүние жазған екенсің, расында да «Мөп-мөлдір дүние» екен. Түнімен ұйықтамай, апаң екеуіміз де жарыса оқып шықтық, – деді.
Сәкеңнің жұбайы Зүлфат апай менің мектепте тәлім-тәрбие берген ұстазым болатын:
– Көп тарихқа енді қанық болдық қой, жастық шағыңның ерекше бір белгісі екен, айналайын... – деді ол да.
Аға мен апаның сол сөзі мені ерекше толқытты. Міне, бүгін де осыдан бес жыл бұрын болған сол оқиға аға-апаның айтқан сөзі есіме түсіп, толғанып отырған жайым бар.
Серәлі Жәкетұлы 1923 жылы Қостанай ауданының қазіргі Алтын дала ауылында туды. Еңбек жолын 1942 жылы Меңдіқара педагогика училищесін аяқтағаннан кейін мұғалімдіктен бастады. Кейіннен мұғалімдік институтты, КОКП Орталық Комитеті жанындағы Москва жоғары партия мектебін тәмамдады. 1942 жылдан бастап Ұлы Отан соғысының от майданында шайқасты. Волхов, Ленинград, ІІ-І Украин майдандарында болды. Ол әскер қатарынан елге 1947 жылы ғана оралып, ұстаздық жолын жалғастырды. 1950-61 жылдары Қостанай облыстық партия комитетінде нұсқаушы, 1961-1972 жылдары Қарабалық аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, 1972-1977 жылдары Қарасу аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін жемісті атқарды. 1977 жылы денсаулығына байланысты зейнеткерлікке шықты.
Серәлі ағамыз өмірінің соңғы күндеріне дейін қолынан қаламын тастамай, республикалық, облыстық газет-журналдарға жастарға өнеге болар талай мақалалар мен естеліктер жазды. Оның туындыларының қай-қайсысында болмасын туған ел, өскен жерге деген перзенттік махаббат пен сүйіспеншілік, болашаққа деген ерекше сенім болатын.
Серәлі Жәкетовтың жауынгерлік ерлігі мен ерен еңбегі жоғары бағаланды. Ол ІІ дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, екі «Құрмет Белгісі» ордендерімен, Тәуелсіз Қазақстанның «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен наградталған болатын. Ол Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған еді.
Құдайға шүкір, ағамыздың өмірі мен оның өнегесін жалғастырар өміршең ұрпағы бар, Зүлфат апамыз да тың, немерелеріне бас-көз болып, бейқуат өмір кешуде. Ұрпағы барда, жарқын бейнесін еске алып, рухына тағзым етер ізбасар іні-қарындастары барда, елі – Тәуелсіз Қазақстан барда майдангер, қайраткер ағаның есімі де ұмытылмайды.
ЖАУЫНГЕР ЖЕТПІСБАЕВТАР КӨШЕСІ
Федоров селосындағы бұрынғы Комсомольская көшесі
енді осылай аталады
Ерлікке – тағзым
Сол күні Федоров ауданының орталығы Федоров селосында жан тебірентер ерекше салтанатты да мұңды оқиға болды. Кешегі қанқұйлы соғысқа бір үйден аттанған, Ұлы Отанын қорғау жолында ерлікпен қаза болған әкелі-балалы Сәмен және Ақан мен Камал Жетпісбаевтар тұрған бұрынғы Комсомольская көшесіне "Жауынгер Жетпісбаевтар көшесі" аты берілуіне байланысты көп адам қатысқан митинг болып өтті. Оны аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Валентина Ташкина қысқаша сөз сөйлеп ашты. Федоров селосының әкімі Виктор Гусь, аудандық қорғаныс бөлімі бастығының міндетін атқарушы, аға лейтенант Олег Недорубко, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қостанай қаласының құрметті азаматы, Жеңістің 60 жылдығына арналған Москвадағы парадқа қатысушы Қазбек Әлжапаров, Бақытжан қажы Жиентаев, әкесі Сәмен соғысқа аттанғанда бес жасқа енді ғана толған, бүгіндер жетпістен асып, ел ағасы болған Ахметжан Жетпісбаев сөз сөйледі.
Майдангер Сәмен Жетпісбаев және оның ұрыс даласынан оралмаған екі ұлы Ақан мен Камал осы Комсомольская көшесі, 29 үйде тұрып, қан майданға да осы жерден жол тартқан-ды. Енді дәл осы үй алдына ескерткіш белгі қойылды. Үш арысты бейнелейтін үш темір баған бір-бірімен даңқ лентасымен біріктіріліп, ұшар басына үш қызыл жұлдыз орнатылған. Тақтаға "Жауынгер Жетпісбаевтар көшесі 1941-1945 жылдары гитлершіл басқыншыларға қарсы Ұлы Отан соғысына қатысып, Отан үшін опат болған Сәмен, Ақан, Камалдың құрметіне аталды" деп қазақша және орысша жазылған.
Салтанатты митингтен кейін ескертіш іргесіне гүл шоқтары қойылды. Бақытжан қажы жауынгерлер рухына құран бағыштады.
Майдангердің ұлы Ахметжан Сәменұлы мен майдангердің немерелері Нұрлан, Ерлан, Раушан және ағайын-туған жиналғандарды селодағы ең бір еңселі мейрамханаға шақырып, ас берді. Ас үстінде Ерсұлтан қажы Арыстанов, Социалистік Еңбек Ері Сартай Тынымбаев және басқалары ерлік пен өрлік, ұрпақ сабақтастығы, Ахметжан ағаның өнегелі, ерлікке пара пар ісі туралы жүрекжарды ойларын жеткізді.
2. Ахметжан аға әңгімесі
– Ұлы Отан соғысы басталғанда біздің үйден үш бірдей азамат майданға аттанған екен, – дейді майдангер Сәмен Жетпісбаевтың ұлы Ахметжан Жетпісбаев. – Олар – әкем Сәмен, ол кезде оның жасы 46-да екен, ағам Ақан 23 жаста, Камал – 19 жаста. Камал ағамыз комсомолға ертерек кірмек болып, бір жасты қосып алғанын кейін білдім. Сол үш арыстың үшеуі де қанқұйлы соғыстан қайтпады, кескілескен ұрыс күндері Отан үшін опат болды. Бала болсам да білемін, бірінен соң біріне "қара қағаздар" келіп, анам мен он бес жасар апам Күләш дауыс қылып, жоқтау айтқанда сай сүйегің сырқырайтын.
Сол бір ауыр күндері ыңқыл-сыңқылы көп анам мен бұғанасы бекімеген менің арқа сүйеріміз апам Күләш болды. Ол ешбір жұмыстан тартынбады. Қолдағы жалғыз сиыр да біздің асыраушымыз. Сүт-қаймағы, айраны мен майы өзек жалғауға жетеді. Және сол сиыр жұмыс күші де. Отынды да, шөпті де сол сиырмен дайындаймыз. Жалғыз біз емес, көрші-көлем, бүкіл ауылдастардың күн көріп отырғаны – қолындағы бір-екі малы...
Ахметжан Сәменұлы сол бір артта қалған шақтарды тебірене, толқи әңгімелейді. Әсіресе Күләш апасының ерлікке тең еңбегін айтудан еш жалықпайды.
– Сол апамның арқасында жетімдік тауқыметін сезбей өстім, – дегенді де сан қайталады.
Осы ескерткіш қою рәсімінен кейін берілген ас үстінде осы Ахаңның бәйбішесі Зүбайда жеңгеміз бүгіндер 80 жасқа толып отырған сол апамызға алтын жүзік салып, ерекше ризашылықпен құшағына қысты.
Иә, өмір бір орында тұрмайды. Жас өседі, жарлы байиді. Әке майданға аттанғанда бес жаста қалған Ахметжан да ер жетті, мектеп бітірді. Құрылысшы болуды армандайтын.Апасы киіндіріп, жолға дайындап, Алматыға аттандырды. Жолы болып, кен-металлургия институтының өндірістік-азаматтық құрылыс факультетіне түсті.
Бірақ бұл отбасын тағдырдың тағы бір ауыр соққысы күтіп тұр екен. Апасының ішкі істер органында жұмыс істейтін жолдасы Мерғали Кентонов қайғылы қазаға ұшырады. Аға лейтенант шеніндегі жанып тұрған жігіт еді. Күләш 28 жасында төрт баламен жесір қалды.
Ахметжан Алматыдағы оқуын тастап, елге оралды. Ішкі істер органына жұмысқа тұрып, апасы мен кішкене жиендеріне қолқанат болды. КСРО Ішкі істер министрлігінің Москва жоғары мектебін бітірді. Отыз екі жыл бойы қоғамдық тәртіп күзетінде мінсіз қызмет етті, оның отыз жылында қылмыстық істерді іздестіру бөлімінің жүгін көтерді, полковник шенін алды, 1991 жылы зейнеткерлікке шықты. Екі немересіне қан майданда ерлікпен қаза тапқан ағалары – Камал мен Ақанның атын берді.
3. Ұрпақ сабақтастығы
Жетім өскен, әкеден қалған жалғыз тұяқ Ахметжан өз қолы өз аузына жетіп, ес білген соң әке дерегін іздестіре бастады. Ақыры 2005 жылы қыркүйек айында Ресей қорғаныс министрлігі Орталық мұрағатынан қимас жанның мына жалған дүниедегі соңғы күндері, қайда жерленгені туралы хабар алады. Онда 311 атқыштар дивизиясы 1071 атқыштар полкінің жауынгері Сәмен Жетпісбаевтың Ленинград облысы Пустошка деревнясында 1943 жылы 17 тамызда жерленгені, ерлікпен қаза болғаны туралы айтылады. Енді баладан маза кетеді. Әке қабірінің басына барып, тағзым етуді өзіне борыш санайды ол. Ақыры былтыр Жеңіс күні қарсаңында солдаттың ұлы сағынышын арқалап, Ленинградқа жетеді.
Питер Қазақстаннан келген солдаттың ұлын құшақ жая қарсы алды. 8 мамыр күні Қазақстанның Санкт-Петербургтегі елшілігінің Бас консулы Жұмабек Кеншімов және "Атамекен" қазақ қоғамының президенті Сәрсенғали Қоспанов Ұлы Жеңіс күніне орай ұйымдастырылған асқа шақырды. 9 мамыр күні Батырдың ұлы әке қабірі басында толқып тұрды.
– Сол бір сәттегі көңіл-күйімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, – дейді Ахаң.
– Көзден жас парлады. Жүрек бұлқына соқты. Алпыс бес жыл бойы аңсаған арманыма жеткендей сезімде болдым...
Путилов елді мекенінің басшысы Виктор Егоричин басқарған жергілікті жұртшылық Ленинградты қорғаған ерлер қабіріне мұқият күтім жасайды екен. Ахметжан Сәменұлы оған арнайы алғысын жаудырған. Полковник Жетпісбаев Пискарев мемориалында да болып, қазақстандық жауынгерлер басына гүл шоғын қояды.
Жауынгерден қалған жалғыз тұяқ Отан үшін от кешіп, ел тәуелсіздігі жолында құрбан болған әке алдындағы бір парызын орындап, елге оралды.
Биыл Ахаң әке қабірі басына мұсылманша белгі қойды. Бұл жолы алыстағы Ленинград облысына кешегі майдангер Сәменнің шөбересі, осы Ахаңның немересі Камал да ере барды.
Бауырластар зиратында мәңгі тыныстаған қимас жанның қабірі басына қойылған гранит ескерткіште "Руы Қыпшақ, Көлденең тайпасы, Тасқор атасынан
Жетпісбайұлы Сәмен
1 шілде 1896ж. – 17 тамыз 1943ж.
ұлы Ахметжаннан.
Қазақстан. Қостанай.
9 мамыр 2009ж." деп жазылған.
4. Ағаның ақ алғысы
Еліміздің тәуелсіздігі жолында ата жаумен айқаста мерт болған боздақтар рухы Федоров селосына қойылған ескерткішпен бірге елге оралғандай. Оны осынау тарихи оқиғаға куә болған үлкен-кішінің бәрі де айтып жатты.
Бұрынғы Комсомольская көшесін Жауынгер Жетпісбаевтар көшесі деп атауды ауданның үлкен-кішісі, осы көшеде тұратын әр түрлі ұлт өкілдері түгел қолдаған. Кері тартып, қыңырая қараған ешкім де болмаған. Аудан әкімінен бастап, барлық тұтқа ұстаған тұлғалар бұл шешімді жүзеге асыруға қол ұшын берген. Ахаңның жиені Төлеген, бөлесі Рахым, күйеу баласы Жанкелді және басқалары пәтуалы істің бел ортасында болып, оны ойдағыдай тындыруға өз үлестерін қосқан. Ахаң ағамыз солардың бәріне ақ алғысын жаудырып отыр.
Ойлап отырсақ, бүгіндер кешегі сұрапыл соғысқа қатысып, Жеңіс күнін жақындатқан жауынгерлер де азайып келеді. Федоров селосында болған осы митингіге қатысқан Ұлы Отан соғысының екі ардагеріне Жетпісбаевтар әулеті сый-сияпат жасады, ал Қазбек Әлжапаров пен Бақытжан қажы Жиентаевқа ата-баба салтымен иықтарына шапан жапты. Ас үстінде өзінің асқақ патриоттық әндерімен көңілді босатқан әнші ініміз Азамат Мұқатовқа да ақ алғыс жаудырды.
Бұл күндері Ахметжан ағамыздың анасы Дәметкеннің қайтыс болғанына 25 жыл, Камалдың ерлікпен қаза болғанына 22 маусымда 65 жыл болады екен. Ағайын-туған осынау қимас жандарды еске түсіріп, естеліктер айтып жатты. Ал қанқұйлы соғыс жылдары бір әулеттің ауыртпалығын көтеріп, соңына ерген жалғыз інісі Ахметжанды алақанға салған аяулы Күләш апамыз сексенге келеді екен.
Бүгіндер, құдайға шүкір, майдангер Сәмен Жетпісбаевтың өзі көрмеген немере-жиен, шөберелері де желкілдеп өсіп келеді. Өмір жалғасып жатыр. Тек сол өмір қылы үзілмесін деп тілейік, ағайын.
АРМАНДА КЕТКЕН БІР АРЫС
немесе аса құпия арнайы ротаның жауынгері Сұлтан Еркімбаевтың
өзі қаза болғаннан кейін наградталған орденінің сыры
1. Отан үшін жан пида
Әулиекөл ауданы Құрттыкөл ауылында туып, өскен, кейін Жітіқара фабрика-завод оқуына барып, мамандық алған, содан тағдырдың бұйрығымен алыстағы көмірлі Кузбасқа жол тартып, еңбек еткен, Ұлы Отан соғысы басталғанда сол жақтан майданға шақырылып, Челябі облысындағы арнайы атқыштар мектебінің ерекше құпия бөлімшесінде оқып, әскери өнердің қыр-сырына қаныққан соң 263 дивизияның 997 атқыштар полкінің 1942 жылы қазан айында жасақталған ерекше құпия арнайы снайперлер ротасында жауынгерлік жолын бастаған Сұлтан Еркімбаев туралы біз бұдан бұрын да жазған болатынбыз.
Әскери мұрағаттардан табылған құжаттарда ержүрек Сұлтанның 1942 жылдың мамыр айынан 1943 жылдың қаңтарына дейін 30 фашистің көзін жойғаны және 1943 жылдың наурызына дейін өзінің снайперлік винтовкасымен тағы 13 фашисті жер жастандырғаны айтылған еді.
1943 жылдың басында ефрейтор Сұлтан Еркімбаев “Жауынгерлік ерлігі үшін” медалімен марапатталады. Кейін жаралы болуына қарамастан рота сапында талай кескілескен ұрыстарға қатысып, өзінің аты-жөні жазылған қарумен (“ТТ” пистолетімен) марапатталады. Ал 1943 жылдың маусымында Сұлтан бауырымыз омырауына “Қызыл жұлдыз” орденін тағады. Сол бір салтанатты күндері он тоғыз жасар қас батыр Коммунистік партия мүшелігіне кандидат болып қабылданады.
Амал не, осы награданы алған соң екі айдан соң, тамыз айында 997 атқыштар полкінің ерекше құпия арнайы снайперлер ротасы Харьков түбінде болған жан беріп, жан алысқан шайқаста Северский Донец өзенінің жағалауында түгелімен оққа ұшады. Олардың арасында он екіде бір гүлі ашылмаған, арманда кеткен арысымыз Сұлтан Еркімбаев та бар еді. Ол өзінің 36 жауынгер досымен бірге Отан үшін опат болды.
Мәскеу облысы Подольск қаласындағы қазіргі Ресей Қорғаныс министрлігінің орталық мұрағатынан жақында ғана табылған құжатта біздің Сұлтан Еркімбаев туралы деректерімізді байыта түсті. Сұлтан қайтыс болған 1943 жылдың желтоқсан айында Кеңес Одағы Жоғары Кеңесі Төралқасының Жарлығымен 263 дивизия 997 атқыштар полкі құрамындағы ерекше құпия арнайы снайперлер ротасының он жауынгері қаза болғаннан кейін І дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталыпты. Олар: бөлімше командирі аға лейтенант А.Васильев, жауынгерлер М.Волынцев, С.Еркімбаев, В.Степанов, Я.Парвин, И.Коробейников, Л.Борисевич, Л.Краснов, Е.Леонидов, М.Четвергов.
Енді осы 36 қыршын кеткен жауынгерлер ішінен өзі қаза болғаннан кейін наградаға ұсынылған жалғыз қазақ Сұлтанның ерлігі неде еді деген сауалға келейік. Ол үшін Ұлы Отан соғысы кезінде тағайындалған “Отан соғысы” орденінің мәртебесі туралы Ережеге жүгінейік. Онда І дәрежелі Отан соғысы орденімен кімдердің және не үшін марапатталатыны тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Онда:
“жаяу әскерлер, снайперлік бөлімшелер құрамында болып, 40-тан аса басқыншының көзін жойған жауынгерлерге беріледі” деген тармақша бар екен. Ротадағы қаза болғаннан кейін наградталған он жауынгер ішіндегі Сұлтанның жасаған ерлігі де осы орден статусындағы талаптарға сай келген. Енді Подольск мұрағатынан алынған құжатты қайта парақтайықшы. “Сұлтан Еркімбаев 1923 жылы туған. 263-ші дивизия құрамындағы 997 атқыштар полкінің ерекше құпия арнайы снайперлер ротасында 1942 жылы қазан айында алынған;
1943 жылдың қаңтарындағы мәлімет бойынша С.Еркімбаев 30 неміс солдаты мен офицерін жойды;
1943 жылдың наурызында С.Еркімбаев жойған фашистің саны 43-ке жетті;
1943 жылдың маусымындағы мәлімет – С.Еркімбаев екі айда 47 гитлершінің көзін жойды;
С.Еркімбаев 1943 жылы тамыз айында Красный Яр селосында ерлікпен қаза тапты. Жерленген орны – Харьков облысы, Изюминский ауданы”.
Міне, арманда кеткен бір арыстың жауынгерлік жолы осылайша аяқталды.
2. Ерлік ұмытылмайды
Жауынгер Сұлтан Еркімбаевтың дерегі тек 2005 жылы Ұлы Жеңістің 60 жылдағы қарсаңында ғана белгілі бола бастады. Өйткені оның Сақыш атты апасынан туған жиені, Науырзым ауданы “Шолақсай” серіктестігінің директоры, тәуелсіз Қазақстанның “Құрмет” орденінің иегері Өмірзақ Ихтиляпов ана аманатын орындап, оның жалғыз бауырының қашан, қайда, қандай жағдайда опат болғанын анықтау үшін өлшеусіз күш-жігер жұмсады. Әрине, шөп ішінен ине іздегендей бұл күрделі жұмысты ол жалғыз өзі атқара алмас еді. Сондықтан да ол ең алдымен өзінің бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істейтін дос-жолдастарына жүгінді. Мысалы, қостанайлық журналистер Николай Стадниченко, Людмила Фефелова, Нәзира Жәрімбетова, Ермекбай Хасенов және осы жолдардың авторы Өмекеңнің осы бір имандылық жолындағы ісіне көмек қолын созды.
Мәскеу түбіндегі Ресей Қорғаныс министрлігінің Подольск мұрағатынан теңдесі жоқ құжаттар мен фотосуреттер табылды. Журналист әріптестерім Сұлтан еңбек еткен қазіргі Кемерово облысының губернаторы Аман Төлеевтің, сондағы әскери комиссариаттың, Сұлтанды бала күнінен білетін оның ағайын-туғандарының дерегіне жүгінді.
Соның нәтижесінде жоғарыда біз баян еткен жайттар белгілі болды, Сұлтанның мәңгілік тыныс тапқан тұрағы анықталды.
Содан кейін Украинаның Харьков түбіндегі бір селосындағы Сұлтан жерленген бауырластар зираты басына мұсылманша белгі қойылды. Қостанайдағы Марал ишан мешітінен Бақытжан қажы ат арытып, арысымыздың басына барып, құран бағыштады. Ал сол мешіттің бас имамы, белгілі дін қайраткері Ертай қажы Сұлтан үшін бәдел қажылық жасап, Меккеден оралды. Сұлтанның жерлестері атынан Әулиекөлдегі Чернигов орта мектебінің оқушылары алыстағы Харьковке барып, Сұлтан батыр зиратына гүл шоқтарын қойып, бүгінгі шат тіршілік, ел тәуелсіздігі жолында құрбан болған батыр ағаны үнсіз еске алып, тағзым етті. Өткен жылдың аяғында Әулиекөлдегі бір көшеге жауынгер Сұлтан Еркімбаев есімі берілді.
Былтырғы жазда Украинадан, Сұлтанды бауырына басқан топырақтан бір топ мектеп оқушылары келіп, қас батыр туған өлкені аралады, оларды Әулиекөл ауданы басшылары, мектеп ұжымы, Қостанай қаласында “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының облыстық филиалы, журналистер қабылдады. Жас қонақтар Өмірзақ ағалары басқаратын “Шолақсай” серіктестігінде болып, қазақ халқының әргі-бергі тарихымен танысты. Киіз үйде түндікті көтеріп қойып, сапырылған сары қымыз ішіп, ұшы-қиыры жоқ кең далада төгілген күй мен асқақтаған ән тыңдады, қырдан құлаған үйір-үйір жылқының желісіне таңданды, еліміздің жүрегі – Астанада болып, Қазақ елінің тамаша жетістіктеріне ерекше риза болып, жас жүректері толқыды.
Украинаның бұрынғы президенті Л.Кучма Харьков түбінде, Северский Донец өзені жағалауында ерлікпен қаза болған қазақ қаһарманы Сұлтан Еркімбаевты Ұлы Жеңістің 60 жылдығы тұсында арнайы шығарылған мерекелік медальмен марапаттады, сол теңдесі жоқ жәдігер бүгіндер Чернигов орта мектебіндегі мұражайдың ең бір қымбат қазынасына айналды.
Батыр Сұлтан туралы облыстық газеттерде, республикалық “Егемен Қазақстан” газетінде бірнеше мақалалар жарияланды. “Егемен Қазақстан” газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі Нәзира Жәрімбетова “Ерекше құпия арнайы снайперлер ротасындағы жалғыз қазақ”, “Қазақстан – әкесі ер Сұлтанның, Украина жері енді анаң болсын!”, “Снайпер Сұлтан Еркімбаевтың тағы бір ордені табылды” атты очерктер жариялап, қостанайлық қас батырды бүкіл республика жұртшылығына таныстырды. Ал журналист Людмила Фефелова “Гибель спецроты” атты деректі хикаят жазды, сол еңбегі үшін Кемерово облысының губернаторы Аман Төлеевтің сый-сияпатына ие болды. Осы жолдардың авторы да “Еркімбайдың Сұлтаны” атты кітап шығарды. Бұл жәдігерлерді Қостанайдағы Украинаның құрметті консулы Анатолий Тарасенко басқаратын баспа сапалы етіп басып берді.
Айта кететін ерекші бір жағдай, осындай қомақты шаралардың басы-қасында, ұйымдастырушылық жұмыстардың бел ортасында сол Сұлтан бауырымыздың жиені, белгілі кәсіпкер, айтулы азамат Өмірзақ Ихтиляпов жүрді.
Ендігі бір тілек, Сұлтан қаза болғаннан кейін наградталған оның І дәрежелі Отан соғысы ордені батырдың туған жеріндегі Чернигов орта мектебінің мұражайына қойылса дейміз. Сәтін салса, ол күн де алыс бола қоймас.
Иә, ерлік ұмытылмайды, ол уақыт өткен сайын жаңа күшпен қайта жаңғырады.
Достарыңызбен бөлісу: |