Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
476-4-бап. Есептеу және төлеу тәртібі
1. Алым сомасы белгіленген мөлшерлемелер бойынша есептеледі және азаматтық авиация саласындағы мемлекеттік уәкілетті орган сертификаттаудан өткізгенге дейін жеке және заңды тұлғалардың орналасқан жері бойынша бюджетке төленеді.
2. Азаматтық авиация саласындағы мемлекеттік уәкілетті органға тиісті өтінім бергенге дейін сертификаттаудан өтуден алымдарды төлеген адамдар бас тартқан жағдайларды қоспағанда, төленген алым сомаларын қайтару немесе есепке жатқызу жүргізілмейді.
Бұл ретте бюджетке төленген алым сомаларын қайтаруды немесе есепке жатқызуды салық органы сертификаттауды жүргізуге аталған тұлғаның өтінім бермегенін растайтын азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган берген құжатты оларға ұсынғаннан кейін алым төлеушінің салықтық өтініші бойынша, осы Кодекстің 599 және 602-баптарында белгіленген тәртіппен оларды төлеу орны бойынша жүргізеді.
2015.24.11. № 421-V ҚР Заңымен 68-2-тараумен толықтырылды (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
68-2-тарау. Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсатты бергені және (немесе) ұзартқаны үшін алым
476-5-бап. Жалпы ережелер
1. Жұмыс берушілерге Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсатты бергені және (немесе) ұзартқаны үшін алым (бұдан әрі - алым) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының халықты жұмыспен қамту туралы және халықтың көші-қоны саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен жұмыс берушілерге Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсатты беру не ұзарту (бұдан әрі - рұқсат) туралы шешім қабылдағаны туралы хабарламасы алынған күннен бастап он жұмыс күні ішінде алынады.
2. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15 күнінен кешіктірмей, рұқсатты алған және ұзартқан жеке және заңды тұлғалардың орналасқан жеріндегі салық органдарына уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша алымдарды төлеушілер және салық салу объектілері туралы ақпарат береді.
476-6-бап. Алым төлеушілер
Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсатты алатын немесе ұзартатын жеке және заңды тұлғалар алым төлеушілер болып табылады.
2. «Халықты жұмыспен қамту туралы» және «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалатын жағдайларда жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз шетелдік жұмыс күшін тартатын жеке және заңды тұлғалар алым төлеушілер болып табылмайды.
476-7-бап. Алым мөлшерлемелері
Алым мөлшерлемелерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
476-8-бап. Алым сомасын есептеу және төлеу тәртібі
1. Алым сомасы Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мөлшерлемелер бойынша есептеледі және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органында рұқсат алынғанға немесе ұзартылғанға дейін жергілікті атқарушы органның орналасқан жері бойынша бюджетке төленеді.
2. Алым төлеген тұлғалар рұқсатты алудан немесе ұзартудан бас тартқан жағдайларды қоспағанда, алымның төленген сомаларын қайтару немесе есепке жатқызу жүргізілмейді.
Бюджетке төленген алым сомаларын қайтаруды немесе есепке жатқызуды оларды төлеген жердегі салық органы рұқсаттарды беруден және (немесе) ұзартудан бас тарту туралы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы берген құжатты алымды төлеуші ұсынғаннан кейін оның салықтық өтініші бойынша осы Кодекстің 599 және 602-баптарында белгіленген тәртіппен жүргізеді.
69-тарау. ЖЕР УЧАСКЕЛЕРІН ПАЙДАЛАНҒАНЫ ҮШІН ТӨЛЕМАҚЫ
477-бап. Жалпы ережелер
1. Жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы (бұдан әрі - төлемақы) мемлекеттің жер учаскелерін өтемін төлеп уақытша жер пайдалануға (жалға) бергені үшін алынады.
2. Жер учаскелерін өтемін төлеп уақытша жер пайдалануға (жалға) беру тәртібі Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленеді.
3. Жер қатынастары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органдар, ал арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында жергілікті атқарушы органдар немесе арнайы экономикалық аймақтардың әкімшіліктері тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15-інен кешіктірмей өзінің орналасқан жері бойынша салық органдарына уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша төлемақы төлеушілер мен салық салу объектілері туралы мәліметтерді табыс етеді.
478-бап. Төлемақы төлеушілер
1. Жер учаскесін өтемін төлеп уақытша жер пайдалануға (жалға) алған жеке және заңды тұлғалар төлемақы төлеушілер болып табылады.
2012.26.12. № 61-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Заңды тұлға өз шешімімен өзінің құрылымдық бөлімшесін осындай құрылымдық бөлімшенің орналасқан жері бойынша орналасқан салық салу объектілері жөніндегі төлемақыны дербес төлеуші ретінде тануға құқылы.
Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, заңды тұлғаның осындай тану немесе осындай тануды тоқтату туралы шешімі мұндай шешім қабылданған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Егер жаңадан құрылған құрылымдық бөлімше төлемақыны дербес төлеуші ретінде танылған жағдайда, заңды тұлғаның осындай тану туралы шешімі осы құрылымдық бөлімше құрылған күннен бастап немесе осы құрылымдық бөлімше құрылған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
3. Мыналар:
шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимі қолданылатын қызметте пайдаланылатын жер учаскелері бойынша бірыңғай жер салығын төлеушілер;
концессия шартында көрсетілген, бірақ өтемін төлеп уақытша жер пайдалану құқығын беру туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жылдан аспайтын мерзімге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасалған концессия шартын іске асыру мақсатында берілген жер учаскелері бойынша концессионер төлемақы төлеушілер болып табылмайды.
479-бап. Салық салу объектісі
Мемлекет өтемін төлеп уақытша жер пайдалануға беретін жер учаскесі салық салу объектісі болып табылады.
480-бап. Төлемақы мөлшерлемелері
Төлемақы мөлшерлемелері Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес айқындалады. Бұл ретте осы Кодекстің 387-бабының 2, 5-тармақтарында көзделген ережелерді есептемегенде, төлемақы мөлшерлемелері жер салығы мөлшерлемелерінің мөлшерінен кем белгіленбейді.
481-бап. Есептеу мен төлеу тәртібі
1. Төлемақы сомасы жер қатынастары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен, ал арнайы экономикалық аймақтар аумағында жергілікті атқарушы органмен немесе арнайы экономикалық аймақтың әкімшілігімен жасалған өтемін төлеп уақытша жер пайдалану шарттарының негізінде есептеледі.
Төлемақының жыл сайынғы сомасы - жер қатынастары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органдар, ал арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында жергілікті атқарушы органдар немесе арнайы экономикалық аймақтардың әкімшіліктері жасаған есеп-қисаптарда белгіленеді.
Шарттардың талаптары, сондай-ақ осы Кодексте белгіленген жер салығын есептеудің тәртібі өзгерген жағдайларда - жер қатынастары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органдар, ал арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында жергілікті атқарушы органдар немесе арнайы экономикалық аймақтардың әкімшіліктері төлемақы сомасының есеп-қисаптарын қайта қарайды.
2. Салық кезеңінде төленуге жататын төлемақы мөлшері есеп-қисаптарда көрсетілген төлемақы мөлшерлемелеріне және салық кезеңінде жер учаскесін пайдалану кезеңін негізге ала отырып айқындалады.
3. Төлемақы мөлшері осы Кодекске сәйкес осы жер учаскесі бойынша есептелген жер салығы сомаларының мөлшерінен кем белгіленбейді.
4. 2014.28.11. № 257-V ҚР Заңымен алып тасталды (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Осы баптың 6-тармағында аталған төлеушілерді қоспағанда, төлемақы төлеушілер ағымдағы төлемақы сомаларын бюджетке ағымдағы жылдың 25 ақпанынан, 25 мамырынан, 25 тамызынан және 25 қарашасынан кешіктірмей тең үлестермен төлейді.
Мемлекет жер учаскелерін өтемін төлеп уақытша жер пайдалануға төлемақы төлеудің жоғарыда санамаланған мерзімдерінен кейін берген жағдайларда, төлемақы төлеудің келесі (кезекті) мерзімі төлемақыны бюджетке енгізудің алғашқы мерзімі болып табылады.
Мемлекет жер учаскелерін өтемін төлеп уақытша жер пайдалануға төлемақы төлеудің соңғы мерзімінен кейін берген жағдайларда, жер учаскесі берілген айдан кейінгі айдың 25-і бюджетке төлеу мерзімі болып есептеледі.
6. Дара кәсіпкерлер болып табылмайтын жеке тұлғалар төлемақы сомаларын есепті салық кезеңінің 25 ақпанынан кешіктірмей төлейді.
Жер учаскесі белгіленген мерзімнен кейін алынған жағдайда, төлемақыны төлеу жер учаскесін өтемін төлеп уақытша жер пайдалануға алған айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірілмей жүргізіледі.
7. Өтемін төлеп уақытша жер пайдалану шартының мерзімі біткен соң немесе салық кезеңі басталғаннан кейін ол бұзылған жағдайда, қалған мерзім үшін бюджетке енгізілуге жататын төлемақы сомасы, шарттың қолданылу мерзімі аяқталған күннен бастап күнтізбелік он бес күннен кешіктірілмей төленеді.
8. Төлемақы сомасы жер учаскелерінің орналасқан жері бойынша бюджетке төленеді.
2011.21.07. № 470-ІV ҚР Заңымен 9-тармақпен толықтырылды (2012 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді); 2013.05.12. № 152-V ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9. Қызметін арнайы экономикалық аймақтардың аумағында жүзеге асыратын ұйымдар жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемді осы Кодекстің 17-тарауында белгіленген ережелерді ескере отырып есептейді.
482-бап. Салық кезеңі
Салық кезеңі осы Кодекстің 148-бабына сәйкес айқындалады.
483-бап. Салық есептілігі
2012.26.12. № 61-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Дара кәсіпкерлер болып табылмайтын жеке тұлғаларды, сондай-ақ мүлiк салығы бойынша салық базасы осы Кодекстің 406-бабына сәйкес есептелетін салық салу объектілері орналасқан және (немесе) жеке тұрғын үй құрылысына бөлінген жер учаскелерi бойынша дара кәсiпкерлерді қоспағанда, төлемақы төлеушілер жер учаскелерінің орналасқан жері бойынша салық органдарына ағымдағы төлемдер сомаларының есеп-қисабын ұсынады.
2. Төлемақы төлеушілер ағымдағы төлемдер сомаларының есеп-қисабын есепті салық кезеңінің 20 ақпанынан кешіктірмей табыс етеді.
3. Салық кезеңі басталғаннан кейін өтемін төлеп уақытша жер пайдалану туралы шарт жасасқан тұлғалар ағымдағы төлемдер сомаларының есеп-қисабын шарт жасалған айдан кейінгі айдың 20-сынан кешіктірмей табыс етеді.
4. Бірінші салық кезеңінде ағымдағы төлемдер сомаларының есеп-қисабымен бірге жер қатынастары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен немесе арнайы экономикалық аймақтың әкімшілігімен жасалған өтемін төлеп уақытша жер пайдалану туралы шарттың нотариат куәландырған көшірмесі табыс етіледі.
Одан кейінгі кезеңдерде шарттың нотариат куәландырған көшірмесі төлемақы сомалары немесе шарттың талаптары өзгерген кезде ғана табыс етіледі.
5. Уақытша жер пайдалану туралы шарттың қолданылу мерзімі аяқталған соң немесе салық кезеңі басталғаннан кейін жергілікті атқарушы орган немесе арнайы экономикалық аймақтың әкімшілігі оны бұзған кезде, ағымдағы төлемдер сомаларының есеп-қисабы шарттың қолданылу мерзімі аяқталған (бұзылған) күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей табыс етіледі.
70-тарау. ЖЕР ҮСТІ КӨЗДЕРІНІҢ СУ РЕСУРСТАРЫН ПАЙДАЛАНҒАНЫ ҮШІН ТӨЛЕМАҚЫ
484-бап. Жалпы ережелер
1. Жер үсті көздерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы (бұдан әрі - төлемақы) жер үсті көздерінен суды ала отырып немесе оны алмай, арнаулы су пайдаланудың барлық түрлері үшін алынады.
2. Арнаулы су пайдалану су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган беретін рұқсат беру құжатының негізінде жүзеге асырылады.
3. Ресімделген рұқсат құжатсыз арнаулы су пайдалану суды алудың нақты көлемі белгіленген лимиттерден асып түсетін су пайдалану ретінде қарастырылады.
4. Су пайдаланудың арнаулы түрлері Қазақстан Республикасының су заңнамасында белгіленеді.
2009.30.12. № 234-ІV ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
5. Cу қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың өңірлік органдары өзінің орналасқан жері бойынша салық органдарына уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша төлемақы төлеушілер мен салық салу объектілері туралы мәліметтерді тоқсан сайын есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 25-інен кешіктірмей табыс етеді.
485-бап. Төлемақы төлеушілер
Мынадай:
1) жер үсті көздерінен және теңіз суларынан механикалық және өзі ағып жатқан суды алу жөніндегі стационарлық, жылжымалы және жүзбелі құрылғыларды пайдалана отырып;
2) гидравликалық электр станцияларын пайдалана отырып;
3) балық шаруашылығын жүргізу үшін су шаруашылығы құрылғыларын пайдалана отырып;
4) 2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) су көлігі мұқтаждары үшін жер үсті көздерінің су ресурстарын пайдалануды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар (бұдан әрі - бастапқы су пайдаланушылар) төлемақы төлеушілер болып табылады.
486-бап. Салық салу объектілері
1. Мыналар салық салу объектілері болып табылады:
1) мыналарды:
бөгеттерге және басқа да тірек гидротехникалық және су реттеуші құрылғыларға шоғырландырылатын су көлемін;
ағынды бассейнаралық бұруды жүзеге асыратын арналарда және ағынды реттеуді жүзеге асыратын ернеуден тыс cу қоймаларында сүзуге және булануға кететін, су шаруашылығы жүйелерінің жобалық деректері негізінде су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган растаған су шығындарын;
су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекіткен табиғат қорғау және (немесе) санитарлық-эпидемиологиялық су ағызу көлемін;
су тасқынын, су басуды және су астында қалуды болғызбау мақсатында жүзеге асырылатын, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган растаған суару жүйелеріне мәжбүрлі түрде су жинау көлемін қоспағанда, жер үсті су көзінен алынған судың көлемі;
2) өндірілген электр энергиясының көлемі;
3) су көлігімен тасымалдау көлемі;
4) 2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Төлемақы кеме тіркемесінсіз сүректі ағызуға, рекреацияға, жер қазатын техниканы қолдануға, батпақты құрғатуға қолданылмайды.
487-бап. Төлемақы мөлшерлемелері
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
1. Төлемақы мөлшерлемелерін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті өкілді органдары су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен төлемақы есеп-қисабының әдістемесі негізінде белгілейді.
2. Су алудың нақты көлемі cу қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген су пайдалану лимиттерінен асып кеткен жағдайда, осы баптың 1-тармағында көзделген төлемақы мөлшерлемелері осындай асып кенткен бөлігінде бес есе ұлғайтылады.
488-бап. Есептеу мен төлеу тәртібі
1. Төлемақы сомасын су пайдаланудың нақты көлемі мен белгіленген мөлшерлемелерді негізге ала отырып, төлеушілер дербес есептейді.
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Төлеушілер (шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілерден басқа) нақты пайдаланылған су көлемі үшін ағымдағы төлемақы сомаларын су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген ай сайынғы су пайдалану лимиттерінің негізінде есепті тоқсаннан кейін екінші айдың 25-інен кешіктірмей бюджетке төлейді.
3. Төлемақы сомасы рұқсат құжатында көрсетілген арнаулы су пайдаланылатын жер бойынша бюджетке төленеді.
489-бап. Салық төлеушілердің жекелеген санаттарының төлемақыны есептеуі мен төлеуінің ерекшеліктері
1. Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер төлемақы төлеуді осы Кодекстің 446-бабында белгіленген мерзімде жүргізеді.
2. Жеке және заңды тұлғалар тірек гидротехникалық және суды реттейтін құрылыстары бар су объектілерінде су көліктерімен тасымалдау көлеміне жүк тасымалының тонна/километрі үшін төлемақы төлейді.
3. Жылу энергетикасы кәсіпорындары тұрғын үй-пайдалану және коммуналдық қажеттеріне жылу энергиясын өндіруге жұмсалатын су үшін төлемақы мөлшерін тұрғын үй-пайдалану және коммуналдық қызмет көрсету ұйымдары үшін көзделген мөлшерлемелер бойынша айқындайды.
4. Агрегаттарды суыту (суды қайталап тұтыну) үшін технологиялық қажеттерге су алу лимиті шегінде су алатын жылу энергетикасы кәсіпорындары төлемақы мөлшерін тұрғын үй-пайдалану және коммуналдық қызмет көрсету ұйымдары үшін көзделген мөлшерлемелер бойынша айқындайды. Суды қайтарусыз тұтыну төлемақысының мөлшері өнеркәсіп кәсіпорындары үшін белгіленген мөлшерлемелер бойынша айқындалады.
Достарыңызбен бөлісу: |