§15. Сабақтың түрөзгерістері
Түрі өзгерген жер үсті сабақтар
Сояу. Долана, жабайы алмұрт, жабайы алма ағаштарындағы тікенекті сояулары түрін өзгерткен сабақ. Сояу сабақтың бұтақтарына жатады. Долана ағашының сояуын бөліп алу өте қиын. Сүрегі ілесе жұлынады. Сабақтың сояуға айналып, түрін өзгертуінің себебі: 1) ылғал жетіспегендіктен; 2) жабайы өсетіндіктен, қолайсыз жағдайға бейімделуден (19-сурет).
Шырынды сабақтар кактус, сүттіген өсімдіктерінде болады. Ылғал жетіспегендіктен бұл өсімдіктер сабақтарына су және онда еріген заттарды жинайды, жасыл түсті болғандықтан органикалық заттар сабақтарында түзіледі.
Кауданды (кочан) қырыққабат түрі өзгерген, үлкен, алып бүршікке жатады. Жан-жағындағы қоршап жатқан шырынды жапырақтарының ішкі жағында орналасқандары ақшыл түсті. Қауданын дәл ортасынан қақ жарып қарасақ, алып бүршік екенін ажырату қиын емес. Қырыққабат – 2 жылдық өсімдік, бірінші жылы қаудан түзсе, екінші жылы ұзын сабақ, гүл шығарып, жеміс береді. Жемісі құрғақ, бұршаққын деп аталады, сондықтан қырыққабаттың қауданы жеміс емес.
Түрі өзгерген жер асты өркендер
Тамырсабақ, түйнек, пиязшық түрін өзгерткен жер асты өркендерге жатады.
Тамырсабақ (20-сурет) – жапырақ шығармайтын көп жылдық жер асты өркен. Тамырсабақтың тамырдан айырмашылығы:
1) тамырсабақтың ұшында – бүршік, ал тамыр ұшында оймақша болады; 2) тамырсабақ буын және буын аралығынан тұрады.
Буынында жетілмеген түссіз қабыршақтары (жапырақ қалдығы) орналасады. Тамырда буын, буын аралық, жапырақ болмайды;
3) қабыршақ қолтығындағы бүршіктерден келешекте жер асты және жер үсті өркендер дамиды. Тамырда бүршік болмайды; 4) буыннан қосалқы тамырлар шығады. Жер астында дамығандықтан, ашық жасыл түсті емес (3-кесте). Тамырға ұқсас қоңырқай, күңгірт түсті болғандықтан тамырсабақ деп аталған.
Тамырсабақтың буын аралығының ұзын немесе қысқа болуына байланысты ұзын тамырсабақты, қысқа тамырсабақты өсімдіктер деп бөлінеді. Тамырсабақтар – жатаған (бидайық, қоңырбас, бетеге), қысқарған (бүлдірген, шыршай), шырынды (қырлышөп, құртқашаш), түйнек тәрізді (канна) деп бөлінеді. Тамырсабақта қоректік заттар қоры мол жиналатын дықтан суыққа өте төзімді. Тамырсабақ та өнеркәсіп пен медицинада пайдаланатын әр түрлі заттар қорға жиналады. Мысалы, бояғыш заттар (риян), эфир майы мен ұшқыш қышқылдары бар шүйіншөп (валерьяна), қант (бидайық), крахмал (кендір) және т. б.
|
|
. Інжугүл мен жатаған қазтабанның тамырсабақтары (1); қосалқы тамырлар (2).
|
Тамырсабақ пен тамырдың айырмашылығы
Тамырсабақ
|
Тамыр
|
1. Тамырсабақтың ұшында бүршік болады
2. Буын және буын аралығынан тұрады
3. Жапырақтары қабыршақты, қоңыр түсті
4. Қабыршақ қолтығында бүршіктер орналасады
5. Бүршіктен дамиды
6. Тек көп жылдық өсімдіктерде болады
|
1. Тамыр ұшында оймақша бар
2. Буын және буын аралығы болмайды
3. Жапырақ болмайды
4. Бүршіктері жоқ
5. Ұрық тамыршасынан дамиды
6. Жоғары сатыдағы өсімдіктердің барлығында болады
|
Түйнек – сабақтың түп жағындағы жер асты қолтық бүршіктен дамитын өркеннің ұшындағы бүршік (21-сурет). Бүршік білеуленіп, жуандап өсіп түйнекке айналады. Түйнектің бүршік қолтығында түссіз жетілмеген жапырақтары майда қабыршақ тәрізді. Жетілмеген жапырағының қурап түсіп қалғандағы ізін көзше дейді. Түйнектегі бүршіктер сабақтағы сияқты кезектесіп орналасады. Түйнектің жер асты өркенге жалғасқан жерін – негізі, оған қарама-қарсы жағын төбесі дейді. Жапырақ ізі (көзшесі) мен бүршіктер төбе жағында жиірек орналасады.
Түйнектің сыртын тоз қабық қаптайды. Картоп өсімдігінің түбіне топырақты неғұрлым көбірек үйіп түптесе, соғұрлым түйнектер көбірек түзіледі.
Картопты көбінесе түйнектері арқылы көбейтеді. Түйнектен жер үсті өркендері дамиды. Уақыты жеткенде гүлдеп жеміс түзіледі. Жемістерінің үлкендігі шиедей, жидек жеміс деп аталады. Картоп жемісі – жидек жеміс, жер асты түйнегі түрін өзгерткен өркен. Жер асты түйнекке жер алмұрты (топинамбур) жатады (4-кесте).
Пиязшық (жуашық) – түрін өзгерткен шырынды, қысқарған жер асты өркені (22-сурет). Жер асты пиязшықты өсімдіктерге – пияз, сарымсақ, сүмбілшаш (гиацинт), лалагүл, жабайы жуа, қызғалдақ, бәйшешек, қазжуа жатады. Пиязшықтың төменгі ұшындағы тығыз жерін қысқарған сабақ немесе түбіртек дейді.
Түбіртектен шашақталып көптеген қосалқы тамырлар шығады. Жапырақтары да түрін өзгерткен. Пиязшықтың сыртындағы кебу, жарғақ тәрізді қабыршақтары ішкі бөлімдерін қорғайды. Ішкі жапырақтарына қант, т.б. заттар қорға жиналатындықтан қалың, жұмсақ, шырынды. Бір-біріне қабатталып өте тығыз жанасады.
Төбе, қолтық бүршіктерінен жер үсті жасыл өркендер дамиды. Пиязшықты өсімдіктер көбінесе далалы, шөлді, шөлейтті аймақтарда өседі (тауда да өседі). Ерте көктемде гүлдеп, жеміс пен тұқым дамып үлгереді. Себебі пиязшығындағы қоректік заттарымен қоректенеді. Өсу дәуірі қысқа болғанымен жыл мезгілінің қолайсыз жағдайына жақсы бейімделген. Пиязшықтары қысы-жазы топырақта болады. Пиязшықты өркенге жатқызатын себебі: 1) қысқарған сабағы (түбіртегі); 2) қосалқы шашақ тамырлары; 3) төбе және қолтық бүршіктері бар. Пиязшықтан жер бетіне өркендер шығып, гүлдеп жеміс береді. Пияздың жемісі – құрғақ жаңғақша.
Түрі өзгерген жер үсті сабақтар: сояу, шырынды сабақтар, қырыққабат қауданы. Жер асты өркендер – тамырсабақ, түйнек, пиязшық.
Түйнек пен тамырдың айырмашылығы
Түйнек
|
Тамыр
|
1. Түйнектің сыртында жапырақ іздері (көзшелері) бар
2. Бүршіктері кезектесіп орналасады, одан өркен дамиды
3. Жарық түссе, түйнек дереу жасыл түске боялады
|
1. Тамыр ешқашан жапырақ шығармайды
2. Бүршіктері болмайды
3. Қанша жарық түссе де тамырдың түсі өзгермейді
|
А 1. Шырынды сабақтар өсімдікте қандай қызмет атқарады? 2. Қырыққабат тың қауданы алып бүршік екендігін қалай дәлелдейсіңдер? 3. Жер асты өркендерді атаңдар, неліктен жер асты өркендер дейді, түрін өзгертуіне не себеп?
В 1. Тамырсабақтың тамырдан айырмашылығын кестеден талдаңдар. 2. Тамырсабақты қандай белгілеріне қарап өркен деп атайды? 3. Қандай пиязшықты, тамырсабақты, түйнекті өсімдіктерді білесіңдер?
С 1. Пиязшықтың құрылысын талдап беріңдер. 2. Түйнектің құрылысын талдап өркен екендігіне көз жеткізіңдер. 3. Картоптың түйнегі мен жуаның пиязшығын жеміс деп атауға бола ма? Дәлелдеңдер, олардың жемістері қалай аталатынын түсіндіріңдер.
1. Биология кабинетінде өсетін (бар болса) тамырсабақты, пиязшықты, түйнекті өсімдіктердің аты, шыққан жерімен танысу үшін бөлме өсімдіктеріне арналып жазылған қосымша әдебиеттерді тауып оқыңдар. 2. Бақшада, оқу-тәжірибе үлескісіндегі жер асты өркендері бар өсімдіктерді себу әдісімен танысыңдар, өздерің көбейтіп үйреніңдер. 3. Пиязды тек түбіртегі ғана батып тұратындай етіп ыдыстағы суға салып тамырлары мен бүршіктері қанша күнде дамып шығатынын бақылаңдар. Тамыр жүйесін анықтаңдар
Біліміңді тексер.
Мына өсімдіктерде жер асты өркендердің қайсысы бар екендігін анықтап, тұсына әр өркеннің бас әрпін қойыңдар: тамырсабақты – «ТС», түйнекті – «Т», пиязшықты – «П»
1. Картоп 6. Құртқашаш
2. Қызғалдақ 7. Қазжуа
3. Шыршай 8. Лалагүл
4. Сарымсақ 9. Бидайық
5. Жералмұрты 10. Қамыс
№9-зертханалық жұмыс.
Түрі өзгерген жер асты өркендермен танысу.
Көрнекілігі: бидайық, інжугүл, құртқашаш (ирис) кеппешөптері (тамырсабағымен алынған), картоп түйнегі, қырыққабаттың қауданы, пиязшық (басты пияз), ұстара, ұлғайтқыш қол әйнек (лупа).
Орындалатын тапсырмалар
1. Бидайық, інжугүл, құртқашаш өсімдіктерінің кеппешөптерінен тамырсабақ тың жапырақ қабыршағын, бүршіктерін қосалқы тамырларын табу, тамырмен салыстырып суретін салу.
2. Картоп түйнегінің түбі мен жоғарғы жағының айырмашылықтарын қарап ажырату. Түйнектің көзшелері қай жағында көбірек орналасқандығына көңіл аудару.
3. Түйнекті көлденеңінен 2-ге бөліп, өркенге тән негізгі бөліктерін алдыңғы өткен сабақтың құрылысымен салыстыру.
4. Пияздың сыртқы түріне көңіл аударып, сыртқы, ішкі қабыршақтарының ерекшеліктерін, тамыр жүйесін қарау.
5. Пиязшықты ортасынан (тігінен) қақ жарып, түбіртегін (қысқарған сабағы) бүршіктерін қол әйнегімен қарап ажыратып оқулықтың суретімен салыстыру, суретін салу, аттарын жаз
Жапырақ
Жапырақ – өсімдіктің өсу мүшесі. Қызметі: 1) ауадан көмірқышқыл газы мен су буын сіңіріп, жарықтың әсерінен органикалық зат түзу (фотосинтез); 2) жасушадағы артық суды буландыру; 3) газ алмастыру; 4) органикалық заттарды қорға жинау; 5) көбеюге қатысу. Өркен мен жапырақ бірге дамиды. Алдымен жапырақ тақтасының ұшы, содан соң негізі, соңында сағағы өседі.
Жапырақтың сыртқы құрылысы. Жапырақ тақтадан (алақаны) және сағақтан тұрады (23-сурет). Жапырақтың кеңейген (жалпақ) бөлімі – тақтасы, сабаққа бекінетін жіңішке бөлігі сағағы деп аталады. Сағағы болмайтын жапырақтарды сағақсыз жапырақ дейді. Фотосинтез, су булану, газ алмасу, органикалық заттарды қорға жинау жапырақ тақтасында жүреді. Сағағы жапырақты жұлынып түсуден сақтайтын берік тірек қызметін атқарады. Сағақ жапырақ тақтасын жарыққа қарай бағыттап, бұрып қозғалтады. Сабақтан сағақ арқылы қоректік заттар жапырақ тақтасына өтеді.
Жапырақ тақтасының негізі ұзарып өсіп, сағақтың орнына түтік тәрізді қусырылады. Оны қынап дейді. Қынапты жапырақтар – бидайда, жүгеріде, қамыста, балдырғанда, күріште және т. б. болады.
Жапырақ тақтасының пішіні. Өсімдік түріне қарай жапырақ тақтасының пішіндері әр түрлі (24-сурет). Қарағай, шырша және т. б. ине тәрізді; бидай, қарабидай, жүгері, арпа таспа тәрізді. Жөке, гүлшетен жүрек пішінді; құсықшөп бүйрек пішінді; шырмауық жебе тәрізді.
Жапырақтың өсуі, тіршілік ету ұзақтығы. Жапырақ ағаштың бір жылдық өркенінде түзіледі. Алдымен жапырақ ұшынан өседі. Өсуі 30-40 күнге созылады. Жапырақтың тіршілік ету мерзімі бірнеше айдан 15 жылға дейін созылады. Кәдімгі қарағай қылқанының тіршілік ету ұзақтығы 2-4 жыл; Кавказ самырсыны 9-13 жыл; Тиса қылқаны 6-10 жыл; шыршада 5-12 жыл; тозды еменде 1-2 жыл, қаражидекте 1-4 жыл.
Жай және күрделі жапырақтар
Бір ғана тақтасы бар жапырақты жай жапырақ дейді (мысалы, терек, қарағаш, қайың, жөке ағаштары, т. б.).
Бір сағақта 2, одан да көп майда жапырақшалар болса күрделі жапырақ дейді Жапырақшаларының әрқайсысы өз алдына жеке-жеке түседі. Жапырақшаларының орналасуына қарай: үш құлақты күрделі, саусақ салалы күрделі, қауырсын тәрізді күрделі деп бөлінеді.
1. Үш құлақты күрделі жапырақ сағағында 3 жапырақша болады, мысалы: беде, соя және т. б. 2. Саусақ салалы күрделі сағақта 5-7, одан да көп жапырақшалар саусаққа ұқсап бір жерден таралып орналасады, мысалы: атбас талшын, бөрібұршақ, қарасора. 3. Қауырсын тәрізді күрделі жапырақшалар негізгі сағақты бойлай екі жағына бірдей құс қауырсыны тәрізді орналасады.
Қорытынды:
А 1. Жапырақ қандай қызмет атқарады? 2. Жапырақтың сыртқы құрылысы қандай бөлімдерден тұрады? Әр бөлімі қандай қызмет атқарады?
В 1. Жүйкеленудің түрлері және атқаратын қызметі қандай? 2. Жапырақтардың сабаққа орналасуының түрлерін талдаңдар.
С 1. Жай жапырақ пен күрделі жапырақтарды ажыратып, мысал келтіріңдер. 2. Параллель жүйкелену мен доғалы жүйкеленудің айырмашылығы қандай
Жапырақтың ішкі құрылысы
Жапырақтың ішкі құрылысымен толық танысу үшін тақтасынан жұқалап көлденең кесінді жасап, микроскоппен қараймыз. Микроскоптан мөлдір, түссіз үстіңгі және астыңғы өңі мен қалың, жұмсақ ортаңғы қабаты көрінеді
Өң жасушалары – тірі, бір-бірімен тығыз жанасып жатады. Астыңғы өңінде жанаспалы жасушалар орналасады (өсімдіктің өсетін жеріне, түріне байланысты кейде үстіңгі өңінде де кездеседі). Өң жасушаларында хлорофилл болмайды, сондықтан түссіз. Күн сәулесін өткізеді, қорғаныштық қызметін атқарады.
Жанаспалы жасушалар – жарты ай немесе бүйрек пішінді бір-бірімен жанасқан 2 жасуша. Жанасқан жерінде саңылауы бар. Бұл саңылау бірде ашылып, бірде жабылады. Саңылау арқылы жапыраққа ауа енеді. Атмосфераға су буы, оттегі және көмірқышқыл газы шығарылады. Жанаспалы жасушада болатын хлорофилл дәндерінде күн сәулесінен қант (органикалық зат) түзіледі. Сол кезде қысым артып, күндіз саңылау ашылады. Түнде қант мөлшерінің азаюы қысымды төмендетіп, саңылау жабылады. Егер күндіз күн өте ыстық, желді болса, ылғалды сақтау үшін саңылау жабылып тұрады. Саңылау күзде күндіз де, түнде де жабық болады.
Жапырақтың ортаңғы жұмсақ бөліміндегі жасушалар пішініне қарай бағаналы және борпылдақ деп 2-ге бөлінеді. Бағаналы жасушалар жарық мол түсетін үстіңгі өңнің астына жанаса жатады. Бағана тәрізді ұзын, бір-біріне тығыз орналасқандықтан осылай аталады. Жасушалары тығыз орналаспай арасында кеңістіктері болса – борпылдақ жасушалар деп аталады. Жапырақ жүйкелері де осы қабатта. Су мен минералды заттар жапыраққа жүйке арқылы өтеді.
Жарықта және көлеңкеде өсетін жапырақтар. Күн сәулесі мол түсетін жерлерде өсетін өсімдіктердің жапырақтарында бағаналы жасушалар 2-3 қатар болып орналасқан. Жанаспалы жасушалар саны да көп.
Көлеңкеде өсетін өсімдіктердің жапырақтарында бағаналы жасушалар 1-2 қатар немесе тіпті болмайды. Хлоропластары ірі, хлорофилдері көп. Көлеңке сүйгіш өсімдіктер: шамшат, жөке, т.б. Ылғалы аз жердегі жапырақтар кішкене, бозғылт сұр түсті, түкті, тікенекке, қабыршаққа айналған. Кейде түтік тәрізді ширатылып қалады. Ал ылғалы мол жапырақтың тақтасы ірі, айқын жасыл түсті.
Қорытынды
А 1. Жапырақтың ішкі құрылысы қандай қабаттардан тұрады? Әр қабатын жеке-жеке сипаттаңдар. 2. Жанаспалы жасушалардың құрылысы, атқаратын қызметі қандай?
В 1. Жарықта және көлеңкеде өсетін өсімдіктердің ерекшеліктерін түсіндіріңдер.
2. Жапырақ өңінде хлорофилі бар жасушалар қалай аталады, сипаттаңдар.
С. Жанаспалы жасушалар деп неліктен аталады, оларда болатын тыныс саңылауының қызметі?
Біліміңді тексер.
Берілген сипаттамалардың тұсына тиісті мүшелер аттарының бас әрпін қойыңдар (тамыр, сабақ, жапырақ).
1. Бүкіл тірі ағзаларға керекті қоректік зат түзіледі.
2. Топырақтан минералды тұздарды сіңіреді.
3. Жер асты және жер үсті мүшелерін жалғастырады.
4. Өткізгіш бөлімі бар.
5. Газ алмасу, су буландыру жасушалары болады.
6. Түктерінен желімтек сұйықтық бөлінеді.
7. Жылдық шеңбері анық көрінбейтін мүше.
8. Бағаналы және борпылдақ жасушалары бар мүше.
9. Буын және буынаралығы болады.
№10-зертханалық жұмыс.
Жапырақтың ішкі құрылысымен танысу.
Көрнекілігі: кез келген бөлме өсімдігі, өткір ұстара, микроскоп, жабын әйнек пен зат әйнегі, сапты ине, қысқыш (пинцет), су.
Орындалатын тапсырмалар:
1. Кез келген бөлме өсімдігінің (традесканция, қазтамақ (герань), т. б.) жапырағының астыңғы өңінен сылып препарат жасап микроскоппен қарау, жабын ұлпа – өң жасушаларымен (мөлдір) ондағы жанаспалы жасушалардың құрылысы, ерекшелігімен танысу, оқулықтың суретімен салыстыру.
2. Жапырақ тақтасынан өте жұқа көлденең кесіндіден (дайын микропрепараты болса тіпті жақсы) препарат жасап микроскоппен қарау. Өңнің астындағы жұмсақ бөліміндегі бағаналы, борпылдақ жасушаларды көру, хлорофилл дәндерін қарау.
3. Осы препараттан жасушааралық кеңістік пен жүйкелерін (шоқтар) көру.
Достарыңызбен бөлісу: |