Шығармашылық жұмыс
1-тапсырма: Өлеңді оқып, астарынан не түсіндіңдер? Тапсырманы дәптерде орында.
Бабаларым, рахмет сендерге!М.Мақатаев
Бабаларым,
Рақмет сендерге!
Бабаларым болмасын деп көр-кеуде,
Қобызыңмен қосып ән мен тіл бердің,
Өмірге мен мылқау болып енгенде.
Бабаларым,
Рақмет сендерге!
Жыраулардың жазбай кеткен жырларын,
Арулардың ашпай кеткен сырларын,
Қорқытыңның қорқынышты мұң-зарын
Қобызыңның шанағынан тыңдадым.
Құлазыған сенің құла түздерің
Не білмеген, не көрмеген , ізгі елім
Жазылмаған тарихымның жолдарын
Ауызекі аңызынан іздедім.
Мен білмеймін,
Басыңа әлде орнап бақ,
Шаһар салып, жасадың ба жәннат-бақ.
... Әлдеқалай тасқа түскен таңбаңа
Табынамын, тарихымдай ардақтап.
Сыр ашпайды сенің құла түздерің,
Сыр ашпайды тау-тастағы іздерің.
Сенің бүкіл болмысыңның тағдырын
Домбыраңның пернесінен іздедім.
Іздедім де, сәттерімде түңілген
Тастап кеткен аңызыңа жүгінгем.
Жүгінгем де, қайта туғам, тірілгем;
Тарихымды жазудамын бүгін мен,
Бабаларым, сенің Ана тіліңмен!
Достарыңызбен бөлісу: |