Оқушылардың үйде өз беттерінше орындайтын оқу жұмыстары сыныпта өткен сабақтардың жалғасы ретінде саналады. Сондықтан да оны кей жағдайда оқыту процесінің бір компоненті ретінде қарастырады.
Оқушының үйдегі оқу жұмысын сыныптағы оқу жұмысымен жалғастырып, толықтырып отырса, онда олардың алған білімдері терең және берік болады. Оның маңызы оқыту жұмысын ұйымдастырудың сабақтың басқа түрлеріне қарағанда ерекше. Бұл жұмыстың танымдық қызметімен бірге оның тәрбиелік мәні де зор. Себебі, үй жұмысын күнделікті орындау барысында оқушылардың дербестігі, ойлау қабілеті артып, өздігінен білім алуға жүйелі түрде дағдыланады. Олар өзінің оқу жұмысын жоспарлауға, қажетті оқу материалын жинақтауға дағдыланады, сабақта алған білімдері мен біліктіліктерін өзіндік еңбекте қолдана білуге жаттығады, өзін–өзі бақылау және кітаппен жұмыс істей білу тәсілдерін меңгереді, оқудың әртүрлі амал–тәсілдерін қолдана отырып, өз бетінше баяндама жасауға дайындалады. Соның негізінде білім мен біліктілік өте берік меңгеріледі, оқушының ақыл–ой әрекетінің жеке дара дәстүрі қалыптасады.
Оқушының үйдегі оқу жұмысын дұрыс ұйымдастырудың мынадай шарттары бар:
Үй тапсырмаларын бергенде мұғалім оларды орындаудың қандай тиімді әдіс–тәсілдерін қолдануға болатыны туралы жақсылап нұсқау беруі қажет.
Үйге берілетін тапсырмалар оқушыларды қызықтыратындай болуы және өмірмен, олардың іс–тәжірибелерімен байланысты болғаны жөн.
Үй тапсырмасы оқушының бәріне бірдей бірыңғай мазмұнда емес, мүмкін болған жағдайда бірнеше нұсқада (вариант) болғаны пайдалы.
Үй тапсырмасының мазмұны шығармашылық сипатта болғаны жөн.
Үйдегі оқу жұмысының табысты болуы, көбінесе сабақта мұғалімнің үй тапсырмасын орындау тәсілін оқушыларға тыңғылықты етіп түсіндіруіне байланысты.
Үй тапсырмасының көлемін белгілеуде мұғалім оқушылардың жас ерекшеліктері мен таным қабілеттерін ескергені жөн.
Үй тапсырмасын тексеру және бағалау барысында мұғалім, оның орындалу сапасына айрықша мән беріп, жетістігі мен кемшілігіне оқушылардың назарын аударып отырғаны жөн.
Мұғалімнің берген бағасы әділетті болса, онда ол оқушының ынтасын арттырып, үй тапсырмасын тыңғылықты орындап отыруғы септігін тигізеді.
Мұғалімнің бағалауы оқушылардың өзін–өзі бағалауымен ұштастырып отырса ғана ол жемісті болмақ.
Жоғарыда аталған шарттардың тиянақты орындалуын ескеру мұғалімдер үшін аса қажет болмақ.
Мұғалімдер тарапынан оқушыларға шамадан тыс үй тапсырмасын тапсыруды болдырмау және олардың жас ерекшеліктері мен таным қабілеттерінің мүмкіншілігін ескеру мақсатын көздей отыра, Оқу министірлігінің нұсқауы бойынша әр сыныпта үй тапсырмаларын орындауға берілген уақыт мөлшері мынадай болып белгіленген:
I-II сыныптарда –1 сағат;
III-IV сыныптарда –1,5;
V-VIII сыныптарда –2 сағат;
IX-X сыныптарда –2,5 –3 сағат.
Сонымен қатар, оқушылардың сенбі және жексенбі күндері бос болуы үшін дүйсенбіге тапсырма берілмейді. Үй тапсырмалары мұғалімнің қатысынсыз орындалатын болғаннан кейін, олар ата–аналармен тығыз қарым–қатынаста болып, оларға оқушылардың үйде орындайтын жұмыстарына көмектесіп отырулары үшін үнемі әдістемелік тұрғыдан басшылық жасап отырғаны жөн.
Ол үшін әрбір оқушының үйлерінде тұрақты жұмыс кестесі болуы тиіс. Осы кесте бойынша оқушылар күнделікті үй тапсырмаларын орындап отыруға дағдылануы қажет. Оны ата–аналар ұйымдастырып, бақылап, жағдай жасап отыру тиіс.
Үй тапсырмасын орындар алдында оқушы бір мезгіл таза ауаға шығып демалып, дер кезінде тамақтанып, тынығып және уақытылы ұйықтап тұрса баланың оқу жұмысын жақсы ұйымдастыруға тигізер әсері мол.
Достарыңызбен бөлісу: |