С. Т. Иксатова қылмыстық ҚҰҚЫҚ ерекше бөлім


Жерді бүлдіру ( 285- бап)



жүктеу 4,68 Mb.
бет19/29
Дата01.01.2018
өлшемі4,68 Mb.
#6444
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   29

Жерді бүлдіру ( 285- бап)
Қылмыстың тікелей объектісі-жерді қорғауға байланысты қоғамдық қатынастар. Қылмыстың заты өнеркәсіп, ауыл шаруашылық, жеке пайдаланушылардың жерлері, жер учаскелері. Қылмыс объективті жағынан: жерді улау, ластау немесе улы химикаттарды, тыңайтқыштарды, өсімдіктердің өсуін ынталандырғыштарды және өзге де қауіпті химиялық, радиоактивтік немесе биологиялық заттарды сақтау, пайдалану, тасымалдау және көму оларды ұстау ережелерін бұзу салдарынан шаруашылық немесе өзге де қызметтің зиянды өнімдерімен бүлдіру, адамның денсаулдығына немесе қоршаған ортаға зиян келтіруге, жердің табиғи қасиеттерінің нашарлауына әкеп соққан іс-әрекеттер арқылы сипатталады. Сонымен бұл қылмыстың объективтік жағы негізінен мынандай 3 түрлі белгіден құралады:

а)Қылмыстық кодекстің 285-бабының диспозициясында көрсетілген ережелерді бұзу; б) адамның денсаулығына немесе қоршаған ортаға зиян келтірілу;

в) іс-әрекет пен келтірілген қылмыстың зардабының арасындағы себепті байланыс. Жерді уландыру: ластаудың немесе басқадай бүлдірудің көздері болып: тыңайтқыштар, (азот, фосфат, калий микро-тыңайтқыштары), өсімдіктердің өсуін ынталандырғыштар (ауксиндер: гиббореминдер, цитокининдер ж.т.б.), улы химикаттар (пестицидтер, ребицидтер, инсектицидтер, акарицидтер, зооцитер, фунгуцидтер, бактерицидтер), тазартылмаған өндірістік-тұрмыстық қалдықтар жатады. Көрсетілген заттарды қолданудың, сақтаудың, пайдаланудың, тасымалдаудың және көмудің тәртібін белгілейтін көптеген құқықтық-нормативтік актілер бар. Оларға жер қатынастары туралы заңдар, табиғат қорғау заңдары, қауіпті химиялық, биологиялық, радиоактивті заттарды тіркеу туралы арнаулы ережелер т.б. жатады. Көрсетілген заң немесе басқадай нормативтік-құқықтық актілердің талабын бұзу адамның денсаулығына немесе қоршаған ортаға зиян келтіреді. Адамның денсаулығына жеңіл, орта, ауыр дәрежелі жарақат келтірілуі мүмкін. Қоршаған ортаға зиян жануарлар дүниесінің немесе ауыл шаруашылық емес өсімдіктердің, орман ағаштарының опат болуы, су объектілерінің ластануы және су биоресурстарының құруы, атмосфералық ауаның ластануы арқылы келтіріледі. Заңның диспозициясында көрсетілген ережелерді бұзу мен орын алған зардаптың арасында себепті байланыстың болуы шарт. Қылмыс материалдық құрамға жатады және ол заңда көрсетілген зардаптардың бірінің орын алған сәтінен бастап аяқталған деп табылады. Қылмыс субъективтік жағынан қасақаналықпен немесе абайсыздықпен істеледі. Қылмыстың субъектісі 16-ға толған жай немесе лауазымды адам.
Жер қойнауын қорғау және пайдалану ережелерін бұзу (286-бап)
Қылмыстың объектісі жер қойнауын қорғау және тиімді пайдалану аясындағы қоғамдық қатынастар. Мұндай қоғамдық қатынастар Қазақстан Республикасы жер қойнауы туралы заңы арқылы реттеледі. Қылмыстық заңның диспозициясына сәйкес осы қылмыстың затына пайдалы қазбалар жатады. Жер қойнауын қорғау және пайдалану ережелерін бұзу қылмысы объективтік жағынан:

1) пайдалы қазбаларды өндіруге байланысты емес құрылыстарды жобалау; 2) орналастыру; 3) салу; 4) кен өндіру кәсіпорындарын пайдалануға беру; 5) пайдалану кезінде жер қойнауын қорғау және пайдалану ережелерін бұзу; 6) сондай-ақ пайдалы қазбалар жатқан алаңдарға өз бетінше құрылыс салу, бұл әрекеттер едәуір зиян келтіруге әкеліп соғуы арқылы сипатталады. Жер қойнауын қорғау және пайдалану ережелері арнаулы экологиялық және тау-кен заңдарында белгіленген. Осы заңдарға сәйкес жер қазба байлықтарын өндіруге, соны жүргізуге лицензиясы бар мемлекеттік немесе мемлекеттік емес кәсіпорындар, жекелеген азаматтар құқылы. Көрсетілген ережелерді бұзу едәуір зиян келтіруге әкеліп соқса іс-әрекет қылмыс болып табылады. Едәуір зиянға-пайдалы кен орындары кәсіпорындарын істен шығару; кен өндіру жұмысына кедергілер келтіріп жұмысты тоқтату; объектілерді, экологиялық жағдайын нашарлату; лицензияда көрсетілмеген кен игеру ісімен айналысу ж.т.б. әрекеттер жатады. Қылмыс құрамы материалдық. Заңда көрсетілген зардап орын алған уақыттан бастап ол аяқталған деп танылады. Субъективтік жағынан қылмыс қасақаналықпен де, абайсыздықпен де істеледі. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған жай немесе лауазымды адам.



Жануарлар дүниесін тиімді пайдалану, сақтау және қорғау ережелеріне қарсы қылмыстар. Су жануарлары мен өсімдіктерін заңсыз алу (олжалау) (287-бап)

Қылмыстың объектісі табиғи жағдайда мекендейтін судың тірі ресурстарын қорғау және тиімді пайдалану жөніндегі қоғамдық қатынастар.



Қылмыстың затына әр түрлі балық тұқымдары: теңіз немесе тұщы су жануарлары; теңіз аңдары, өзге де су жануарлары, су өсімдіктер (теңіз капустасы). Қылмыс объективтік жағынан: балықты, теңіз аңдарын және өзге де су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз алу; а) бұл әрекет ірі зиян келтіре отырып; б) өздігінен жүретін жүзгіш көлік құралын немесе жарылғыш және химиялық заттарды, электр тогын, не аталған су жануарлары мен өсімдіктерін жаппай жоюдың өзге де әдістерін қолдану арқылы; в) ұрық шашу орындарында немесе оларға бару жолдарында; г) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен төтенше экологиялық жағдай аумақтарында жасалу арқылы сипатталады. Заңда белгіленген ережені бұзып балықты, теңіз аңдарын, өзге де су жануарларын немесе өсімдіктерді өз бетінше, рұқсатсыз, лицензиясыз, тыйым салынған жерлерден, тыйым салынған уақытта, сондай-ақ оларды аулауға қолдануға тыйым салынған құралдар мен тәсілдерді пайдаланып заңда көрсетілген заттарды алу заңсыз алу деп танылады. Су жануарлары мен өсімдіктерді заңсыз алу орны-Қазақстан Республикасы аумақтық сулары, оның ішінде теңіз, қөл, тоспа су қоймалары және басқа да су көздері. Су жануарлары мен өсімдіктер дүниесін заңсыз алу мына төмендегі іс-әрекеттерді істеген жағдайда ғана қылмыс болып табылады: а) ірі зиян келтіру арқылы. Ірі зиянның мөлшері алынған заттың құнына, экологиялық құндылығына, санына, сондай-ақ өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне келтірілген зиянның көлеміне байланысты анықталады. Ірі зиянға Қазақстан Республикасы қызыл кітабына жазылған жануарлар дүниесін жою, балықтың ұрық шашу орындарын жою, майда шабақтардың қырғынға ұшырауы да жатады; б) өздігінен жүретін жүзгіш көлік құралын немесе жарылғыш және химиялық заттарды, электр тогын, не аталған су жануарларын және өсімдіктерін жаппай жоюдың өзгеше де әдістерін қолдану. Бұларға қатерлерді, моторлы қайықтарды, басқа шағын жүзгіш құралдар мен қондырғыларды пайдаланып балықты, басқа да су жануарларын, өсімдіктерді заңсыз алу әрекеттері жатады. Бұдан басқа көрсетілген заттарды заңсыз алу үшін атылатын, жарылатын қару, кесетін немесе тесетін басқа да құралдар пайдалануы мүмкін; в) ұрық шашу орындарында немесе оларға бару жолдарында. Ұрық шашу, балықты көбейту, оларды сақтау, қорғау су объектілерінің тізімі Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілейді. Осы ережеде ұрық шашу, оларға бару жолдары да айқындалады. Осы орындардағы су жануарлары мен өсімдіктерін заңсыз алу-қылмысқа жатады; г) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен төтенше экологиялық жағдай аумақтарында істелген осы әрекеттер (мұның түсінігіне Қылмыстық кодекстің 281-бабының 2-тармағына талдау жасағанда тоқталғанбыз). Қылмыс бұл ретте су жануарлары мен өсімдіктерді алмағанның өзінде, заңда көрсетілген іс-әрекеттердің біреуін істеген уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналық арқылы сипатталады. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған адам.
Заңсыз аңшылық (288-бап)
Қылмыстың объектісі-жануарлар дүниесін қорғау және тиімді пайдалану жөніндегі қоғамдық қатынастар. Қылмыстың заты-табиғи бостандық жағдайында мекендейтін жануарлар дүниесі болып табылады. Қылмыс объективтік жағынан заңсыз аңшылық әрекетін жасау арқылы көрініс табады. Қылмыстық кодекстің 286-бабына сәйкес: а) ірі зиян келтіріп; б) механикалық көлік құралын немесе әуе көлігін, жарылғыш заттарды, газдарды және құстар мен аңдарды жаппай қырып-жоюдың өзге әдістерін қолданып; в) аулауға толық тыйым салынған құстар мен аңдарға қатысты; ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен төтенше экологиялық ахуал аймақтарында жасалған әрекет заңсыз аңшылық деп саналады. Механикалық құрамдарға-мотоциклдер, автокөліктер, өздігінен қозғалатын жол, құрылыс, ауылшаруашылық машиналары, моторлы қайық, қатер, ал әуе көлігіне-кез келген түрдегі және бағыттағы ұшу аппараттары жатады. Аңшылықта қолдануға тыйым салынған қарулар мен әдістердің тізбегі аңшылық ережелері туралы нормативтік актілерде көрсетілген. Аңдарды қырып-жоюдың өзге әдістеріне-улы химикаттарды қолдану немесе өрт қою, басқа да қауіпті тәсілдер қолданулар жатады. Аулауға тыйым салынған құстар мен аңдардың тізімі Қазақстан Республикасы арнаулы нормативтік актілерінде көрсетілген. Қазақстан Республикасы қызыл кітабына енгізілген. Қылмыс формальдық құрамға жатады. Қылмыс субъективтік жағынан алғанда тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыс субъектісі-16-ға толған адам.
Өсімдіктер дүниесін қорғау және тиімді пайдалану ережелеріне қарсы қылмыстар. Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу (291-бап)
Қылмыстың объектісі-ормандар мен бұталарды қорғау және тиімді пайдалану аясындағы қатынастар. Қылмыстың заты-барлық топтағы орман ағаштары мен бұталары, орман қорына кірмейтін немесе кесуге тыйым салынған ағаштар мен бұталар. Орман қорына ауыл шаруашылық жерлерін қорғайтын орман қондырғылары немесе басқадай ағаштар мен бұталар; темір жол, автомобиль жолы және каналдарды қорғап тұратын орман белдеулері, елді мекендер мен қалаларды көгалдандыратын ағаштар, үй іргесіндегі, саяжайлардағы және саяжай учаскелеріндегі ағаштар кірмейді. Қазақстан Республикасында атқаратын экологиялық, генетикалық, әлеуметтік-экономикалық қызметтері мен орналасқан жерлеріне қарап орман қорлары екі топқа бөлінеді. Бірінші топқа суды қорғайтын ормандар (өзен, көл, бөгет және басқа су қоймаларының жағалауларын қорғайтын орман белдеулері); санитарлық-гигиеналық және сауықтыру орындары, қорықтар мен қорықтық аймақтар, ұлттық және тарихи табиғи парктердегі ормандар, ерекше құнды орман алқаптары, ғылыми маңызы бар ормандар, генетикалық резервтер мен табиғи ескерткіштер, жаңғақ кәсіпшілігі аймағының ормандары, жеміс-ағаш екпелері, биік тауарлардағы ормандар жатады. Екінші топтағы ормандар қатарына таулы аудандардағы пайдаланылу маңызы шектеулі ормандар жатады. Қылмысты іс-әрекет объективтік жағынан алғанда барлық топтағы ормандарда ағаштар мен бұталарды, сондай-ақ орман қорына кірмейтін немесе кесуге тыйым салынған ағаштар мен бұталардың заңсыз кесу сол сияқты өсуін тоқтату үшін зақымдау, бұл әрекеттер елеулі зиян келтіру арқылы сипатталады. Орман ағаштары мен бұталарын, сондай-ақ оларға кірмейтін басқа да ағаштар мен бұталарды немесе кесуге тыйым салынған ағаштар мен бұталарды кесу арнаулы рұқсат құжаттардың: лицензияның, ағаш кесу билетінің, ордердің, орман билетінің негізінде жүзеге асырылады. Ағаштар мен бұталарды рұқсатсыз кесу заңсыз деп танылады, сондықтан тиісті рұқсат құжаттары болғанның өзінде рұқсат етілмеген жерден, рұқсатта көрсетілген санға және сапаға сәйкес келмейтін түрде ағаштар мен бұталарды кесуде заңсыз деп саналады. Қылмыс құрылысы жөнінен материалдық құрамға жатады. Ол заңда көрсетілген әрекеттер елеулі зиянға әкеліп соққан жағдайда аяқталған деп саналады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстың объектісі-16-ға толған адам.

Ормандарды жою немесе зақымдау (292-бап)
Қылмыстың объектісі-ормандарды қорғау жөніндегі қоғамдық қатынас. Қылмыстың заты-орман қорына жататын барлық орман топтары, сондай-ақ орман қорына кірмейтін екпе ағаштары. Қылмыстық кодекстің 292-бабының 1-тармағында көрсетілген қылмыстың объективтік жағы отты немесе өзге де қауіптілігі жоғары көздерді ұқыпсыз қолдану салдарынан ормандарды, сондай-ақ орман қорына кірмейтін екпе ағаштарды жою немесе зақымдау арқылы көрініс табады. Отты немесе өзге де қауіптілігі жоғары көздерді ұқыпсыз қолдануға (өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу, қазба байлықтарды ашу, құрылыс салу, құбыр жүргізу, электр қуатын беретін линиялар жүргізу, ормандарды агрохимикаттармен өңдегенде сақтандыру шараларын қолданбау) әрекеттері жатады. Қылмыс құрамы материалдық. Қылмыстың объективтік жағының міндетті белгісіне қылмыстың зардабы (ормандарды, сондай-ақ орман қорына кірмейтін екпе ағаштарды жою немесе зақымдау) жатады. Іс-әрекет пен зардаптың арасындағы себепті байланыс анықталуы қажет. Қылмыстық кодекстің 292-бабының 1-тармағында қылмыс субъективтік жағынан кінәның абайсыздық түрі арқылы жасалады. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған адам. Қылмыстық кодекстің 292-бабының 2-тармағында көрсетілген қылмыстың объективтік жағы ормандарды, сондай-ақ орман қорына кірмейтін екпе ағаштарды өртеу, өзге де жалпы қауіпті әдіспен не зиянды заттармен, қалдықтармен немесе қоқыстармен ластау салдарынан қасақана жою немесе зақымдау арқылы сипатталады. Мұндағы ормандарды жою мен бүлдірудің тәсілдеріне-өртеумен бірге өзге де қауіпті әдіс (жарылыс жасау, су жіберу) қолдану немесе зиянды заттармен, қалдықтармен, қоқыстармен ластау жатады.
Ерекше табиғи-биологиялық түрдегі дүниелерді қорғау ережелеріне қарсы қылмыстар. Жануарлар дүниесін қорғау ережелерін бұзу (289-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі-жануарлар дүниесін қорғауды қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар. Қылмыстың заты-жануарлар дүниесі. Жануарлар дүниесі мемлекетіміздің табиғи байлықтарының ең басты бөлігі, оған Республика аумағында құрғақта, суда, аспанда және жер астында еркін өмір сүретін жануарлардың барлығы жатады. Жануарлар түріне: сүтқоректілер, құстар, бауырымен жорғалаушылар, қос-мекенділер кіреді. Жануарлар дүниесін құқықтық қорғау Қазақстан Республикасы Конституциясында, Қазақстан Республикасы 1992 жылғы 21 қазанда қабылданған «Айналадағы табиғи ортаны қорғау туралы», «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» заңдарында баянды етілген. Осыған орай жануарлар дүниесін құқықтық қорғау, өсімін молайту, оларды сақтауға мемлекет айрықша мән беріп, оларды қорғау ережелерін елеулі түрде бұзған жағдайда кінәлыны қылмыстық жауаптылыққа тарту шаралары көзделген. Қылмыстық кодекстің 289-бабында көрсетілген қылмыс (жануарлар дүниесін қорғау ережелерін бұзу) объективтік жағынан: а) өндіріс процестерін жүзеге асыру мен көлік-құралдарын пайдалану, өсімдіктерді қорғау құралдарын, минералдық тыңайтқыштарды және басқа да препараттарды қолдану кезіндегі жануарлар дүниесін қорғау ережелерінің бұзылуы, Бұларға: қазылған шұңқырларға жаппай жөнкілген жануарлардың құлап мертігуі, өлуі, көлік құралдарын жүргізушілердің жануарларды қағып, басып өлтіруі, зақымдауы, өсімдіктерді қорғау құралдарын, минералдық тыңайтқыштарды және басқа препараттарды қараусыз қалдырудан оны жануарлардың пайдаланып, ауруға, өлім-жітімге ұшырауы сияқты фактілер жатады. б) Аңшылық алаптары мен балық шаруашылығы тоғандарын пайдалану мен қорғау тәртібін бұзу. Бұл жерде жануарлардың осы түрін қорғау ережелерін бұзу туралы сөз болып отыр. Арнаулы нормативтік актілерде ол туралы нақты көрсетілген. Қылмыстың объективтік жағының тағы бір белгісі қылмыстың зардабы-ірі шығынға соқтырған жануарлар дүниесінің жойылуы немесе қырылуы болып табылады. Жойылу деп- жануарлардың жеке түрінің мүлдем жоқ болып кетуі, ал қырылуы деп оның белгілі бір бөлігінің өлім-жітімге ұшырауы болып табылады. Жойылу немесе қырылу ірі залал көлемінде болуы керек. Жануарлар дүниесін қорғау ережелерін бұзу мен одан болған зардаптың арасындағы себепті байланыс анықталуы қажет. Қылмыс материалдық құрамға жатады және ол заңда көрсетілген зардап көрініс алған уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Қылмыс субъективтік жағынан алғанда қасақаналықпен немесе абайсыздықпен істелуі мүмкін. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған жай немесе лауазымды адам.
Жануарлар мен өсімдіктердің сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерімен заңсыз айналысу (290-бап)
Қылмыстың объектісі-құрып кету қаупі төнген жануарлар мен өсімдіктердің қорғалуын қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар. Қылмыстың заты-Қазақстан Республикасы қызыл кітабына енгізілген жануарлар мен өсімдіктердің сирек кездесетін түрлері және олар мекендейтін жерлер.Қылмыс объективтік жағынан алғанда Қазақстан Республикасы қызыл кітабына енгізілген жануарлар мен өсімдіктердің сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін немесе олар мекендейтін орындарды заңсыз олжалап алу, өткізу, сондай-ақ оларды жою арқылы сипатталады.

Қазақстан Республикасы қызыл кітабына жануарлар мен өсімдіктердің сирек кездесетін, құрып кету қаупі төнген түрлері жазылады. Оларды заңсыз олжалауға, алуға, өткізуге, сондай-ақ жоюға заң мүлдем тыйым салады. Қызыл кітапқа жазылған жануарлар мен өсімдіктердің мекендейтін орындарына-жануарлар мен өсімдіктердің сирек кездесетін түрлерінің өсіп-өнуіне бөлінген жер, су үсті бөліктері жатады. Мысалы, Қорғалжын аумағы аққулар мекендейтін орын. Каспий жағалауы ерекше сирек құстар мен балықтар өсетін орын өсімдіктердің сирек кездесетін түрлері өсетін-Тянь-Шань шыны т.б. Қылмыс құрамы құрылысы жөнінен материалдық. Ол заңда көрсетілген зардаптың сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктер дүниесін заңсыз олжалау, алу, өткізу немесе жою әрекеттерінің біреуін істеген уақыттан аяқталған деп танылады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған кез келген адам.


Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар режимінің бұзылуы (293-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі-ерекше қорғалатын табиғи аумақтар режимінің қорғалуы мен сақталуын реттейтін қоғамдық қатынастар. Қылмыстың заты-мемлекет қорғауына алынған ерекше қорғалатын табиғи аумақтар (қорықтар, ұлттық, тарихи-табиғи және мемориалдық парктер, заказниктер, табиғат ескерткіштері, қорық аймақтары, ботаникалық және зоологиялық бақтар, дендарийлер, курортты және демалыс, туризмге арналған аймақтар). Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың тізімі және оларды пайдалану тәртібі «Қазақстан Республикасы ерекше қорғалатын табиғи аймақтары» туралы арнаулы заңында көрсетілген. Қылмыстың (293-баптың, 1-тармағы) объективтік жағы:

а) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың режимін бұзу;

б) осы режимді бұзудан елеулі зиян келтіру арқылы сипатталады.

Ережелерді бұзуға (мемлекеттік табиғи қорықтардан басқа) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды бүлдіру, жою, өрт қою, су жіберу арқылы оларды қирату, ластау, осы аумақтардағы ағаштар мен бұталарды кесу сияқты қоғамға қауіпті іс-әрекеттер жатады. Заңның бабы бланкеттік диспозицияға негізделген. Осыған байланысты ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың режимін реттейтін, қолданылып жүрген арнаулы құқықтық-нормативтік актілерді дәл анықтап, оның қайсы талаптарының бұзылғанын анықтау қажет. Қылмыс субъективтік жағынан қасақаналықпен істеледі. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған адам.


Он үшінші тарау. Көліктегі қылмыстар.Көліктегі қылмыстарға жалпы сипаттама.
Көліктегі қылмыстар жаңа Қылмыстық кодекстің 12-тарауында орналасқан. Бұрынғы Қылмыстық кодекске қарағанда бұл тарауда көліктің барлық түрлері-темір жол, әуе, су көлігі, автомобиль, троллейбус, травмай, не басқа да механикалық көлік құралдарын жүргізуші адамның жол қозғалысы қауіпсіздігін немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзғаны үшін қылмыстық жауаптылығы жинақталып берілген. Жол қозғалысы қауіпсіздігі немесе көлік құралдарын пайдалану ережелеріне қарсы қылмысқа қылмыстық заңда көрсетілген қоғамға қауіпті іс-әрекеттерді кінәлы түрде бұзып, көліктің бірқалыпты қызмет етуін бұзатын, соның нәтижесінде заңда көзделген зардаптардың орын алуына жол беретін іс-әрекеттер жатады.Көлік қылмыстарының топтық объектісі болып жол қозғалысы қауіпсіздігін және көлік құралдарын пайдалану ережелерін реттейтін қоғамдық қатынастар табылады. Қылмыстың тікелей объектісі- жол қозғалысы қауіпсіздігі және көлік құралдарының нақты түрін (темір жол, су, әуе немесе автомобиль) пайдалану ережелері, ал қосымша тікелей объектісі-кейбір құрамдар үшін адамның өмірі, денсаулығы, сондай-ақ меншігі болуы мүмкін. Қылмыстың заты-темір жол, су, әуе, автомобиль көліктері және басқа да механикалық көлік құралдары. Объективтік жағынан алғанда Қылмыстық кодекстің 12-тарауындағы қылмыстардың көпшілігі әрекет немесе әрекетсіздіктен, зардаптан және олардың арасындағы себепті байланыстардан тұрады материалдық құрам. Тек қана екі түрлі қылмыс құрамы құрылысы жөнінен формальдық құрамға жатады. Жол қозғалысы қауіпсіздігі және көлік құралдарын пайдалану ережелері сан қилы, үнемі өзгертіліп, жаңартылып отырылады. Бұл ережелер арнаулы заңдарда немесе заңға бағынышты нормативтік актілерде көрініс тапқан. Мұндай заңдарға-Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасы жол қауіпсіздігі туралы заңы, Қазақстан Республикасы темір жол жарғысы, Су кодексі, Әуе кодексі, Қазақстан Республикасы жол жүру ережелері және тағы басқалар. Осыған орай көлік қылмыстарының нақты құрамдарының диспозициясы бланкеттік болып табылады. Әрбір жеке құрам үшін жауаптылық арнаулы заң, басқадай нормативтік-құқықтық актілердің тиісті талаптарына нақты негізделуі тиіс. Көліктегі қылмыстарды дұрыс саралау үшін осы қылмыстың заты болып табылатын көлік құралдарының түріне дәлме-дәл анықтама берудің маңызы ерекше. Көлік деген ұғым жалпылама ұғым, оның құрамдас бөліктеріне, заңда айтылғандай-темір жол, әуе немесе су көлігі және автомобиль көлігі жатады. Көліктегі қылмыстардың нақты құрамдары өздерінің объективтік, субъективтік белгілері бойынша бір –бірімен оқшауланады, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар, осыған орай осы құрамдарды жеке-жеке талдау арқылы олардың заңдылық табиғатын толық сипаттауға мүмкіндік туады.
Көліктегі қылмыстардың жеке құрамдары. Темір жол, әуе немесе су көлігі қозғалысы мен оларды пайдалану қауіпсіздігінің ережелерін бұзу (295-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі-нақты көлік құралы түрінің жол қауіпсіздігі және пайдалану ережесі. Қосымша тікелей объектісі-заңның диспозициясында көрсетілген зардаптың түріне байланысты-адамның денсаулығы болады. Қылмыстың заты-көліктің 4 түрі: темір жол, әуе, теңіз және су көліктері. Темір жол көлігіне-рельсті көлік құралдары (локомотив, вагондар: жартылай вагондар, платформалар, цистерналар) метролар, тар табанды темір жолдар, және арнаулы бағыттағы темір жолдар, дыбыс беру және байланыс құралдары) бағдаршамдар, телефон линиясы, жолдардағы құрылыстар (көпірлер, құбырлар, туннелдер) жатады. Өндірістік қызметтер атқаратын шахталардағы рельсті көлік, цех ішіндегі электрлендірілген көліктер (электровоз, вагонетқалар) темір жол көлігіне жатпайды. Бұл көліктерді пайдалану ережесін бұзу өндірістік, техника қауіпсіздігі немесе басқадай еңбек қорғау ережелерін бұзғандық (көлік қылмыстары емес) болып табылады. Әуе көлігіне адам немесе жүк тасуға арналған азаматтық авиациялар және азаматтық әуе кемелерінің барлық құралдары (ұшақ, тік ұшақ, планерлар, аэростаттар, дирижабильдер, гидроұшақтар) жатады. Теңіз көлігіне-ірі немесе шағын теңіз кемелері, пароход, теплоход және теңіз көлігі құралдарының барлық түрлері жатады. Өзен көлігіне- шағын өлшемді өзен кемелері, пароходтар, теплоходтар, катерлер, моторлы қайықтар және өзен көлігі құралдарының барлық түрлері жатады. Бұл қылмыстың объективтік жағы: а) нақты көлік құралы түрінің жол қауіпсіздігі және пайдалану ережесін бұзатын іс-әрекеттер (әрекет немесе әрекетсіздік); б) қылмыстың зардабы-адамның денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтірілуі;

в) іс-әрекет пен орын алған зардаптың арасындағы себепті байланыс арқылы сипатталады.



Жол қозғалысы қауіпсіздігі ережесін бұзу көлікті жүргізудің белгіленген ережелерін орындамау немесе шала орындау әрекеттері арқылы көрініс табады. Мысалы: жылдамдықты арттыру, бағдаршамның өтуге, қозғалуға тыйым салған талабын бұзу, ұшу маршруттарын сақтамау т.с.) Көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуға-көлік құралдарын техникалық ақауларымен пайдалануға шығару, оларды мақсатсыз пайдалану, мас күйіндегі немесе көлікті жүргізуге құқығы жоқ адамды көлік құралын жүргізуге жіберу, көлікке артық жүк тиеу немесе артық жолаушылар отырғызу сияқты әрекеттер жаатады. Көліктің тиісті түрін пайдалану ережелері арнаулы ведомстволар арқылы бекітіледі және оның орындаушыларға дер кезінде белгілі болуы шарт.Заң бапта көзделген (295-бап 1,2,3-тармақтары) зардаптардың тууына көрінеу қауіп төндірген жағдайды көрсетіп отыр, яғни бұл қылмыс құрамы формальдық, көрінеу қауіп төндірген сәттен бастап қылмыс аяқталған деп саналады. Қылмыс субъективтік жағынан жол қозғалысы мен қауіпсіздік ережелерін бұзу жөнінде де және одан туындайтын зардап жөнінде де тек абайсыздықпен істеледі. Қылмыстың субъектісі арнаулы: есі дұрыс, қылмыс істеген кезде 16-ға толған, орындайтын жұмысына немесе атқаратын қызметіне байланысты заңда көрсетілген ережелерді сақтауға міндетті адам (диспетчер, көлік капитаны, экипаж командирі, ұшқыш, көлік жүргізуші т.с.с).
жүктеу 4,68 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   29




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау