1.2 Мотивация тудыру немесе қызығушылықты ояту
Үйренушінің оқуға/үйренуге деген ықылас-ынтасы, ниеті мен зауқы болмаса, оқу нәтижесінің мардымды болуы екіталай. Француз жазушысы Анатоль Франс кезінде «Тамақ тек зор тәбетпен ішкенде ғана сіңеді» деген екен. Оқу мотивациясы дегеніміз дәп осы сияқты білімге, білуге деген «тәбет».
Мотивация - әр үйренушінің білімге деген қажеттілігі мен мұқтаждығы, құлшынысы мен ұмтылысы, ынтасы мен көңілі, қызығушылығы мен құмартушылығы, оның білім процесінде алдына қойған мақсаттары мен мүдделері.
Мұнда басты мәселе әр үйренушінің жеке «Мен»-імен байланысты, яғни мотивация үйренушінің білімге деген қатынасымен тікелей байланысты болып, оқу процесінде шәкірттің үйрену әрекеттерімен айқындалады.
Мотивацияның түрлері:
1. Танымдық мүдделер
1) Кең ауқымды мотивтер
- білім алу;
- кәсіп алу, маман болу.
2) Оқу-танымдық мотивтер
- білім игеру тәсілдерін меңгеру,
- белгілі бір тақырыпты (ақпарат, мәлімет, ұғым, пән, білік, дағды, машық, құзырет) игеру.
2. Әлеуметтік мүдделер 1) Кең ауқымды қоғам (адамзат, Отан, жанұя, ұжым, т.б.) алдындағы борыш пен жауапкершілік, білім алудың әлеуметтік маңызын түсіну жауапкершілігі. 2) Қоғамдағы өзінің орнын табу (Абай айтқандай: «Сен де бір кірпіш... Дүниеге кетігін тап та, бар - қалан!») белгілі бір мақсатқа жету, басқа адамдардың ішінен белгілі бір позицияны иемдену, қоғамда беделге, материалдық құндылықтарға, атақ, лауазым, абырой, даңққа, мақтау мен марапаттауға ұмтылу. 3) Әлеуметтік қарым-қатынас қоғамдағы басқа адамдармен қарым-қатынас құру, қарым-қатынастың тиімді тәсілдерін меңгеру.
Әрбір үйренушінің оқу мен үйренуге (алдағы сабаққа, қарастырылатын тақырыпқа, өткізілетін шараға, т.б.) деген қызығушылығын бірінші мезетте оның жеке тұлғасына, жеке өміріне, жеке басының мұң-мұқтаждарына, қажеттіліктеріне және мүдделеріне жүгіну арқылы ғана оятуға болады.
Оқушылар әр сабақ пен тақырыптың өз өміріне, оның ішінде өзінің тұлға және маман ретінде дамуына тікелей қатысы бар болып, елеулі пайда әкелетіндігін білгенде ған таным процесіне белсене араласады. Сол себепті де студенттің «МЕН» сезімі арқылы оның оқу материалына қызығушылығын тудыруға болады.
Қызығушылықты ояту дегеніміз оқуға деген «тәбетті» шақыру іспеттес, онсыз білімнің «сіңірілетіні» екіталай немесе «сіңірілу» саналы және ерікті түрде болмайды. Үйренуші игерілетін білімге тек өзінің тікелей қатысы бар екендігін сезінгенде ғана оған именуге, зер салуға, оны қарастыруға дайын болады. Басқаша сөзбен айтқанда, қызығушылықты ояту дегеніміз қажеттіліктерді айқындау.
Қызығушылықты ояту арқылы үйренушілерді келесідей әрекеттерге баулуға болады:
1. Үйренушілер өздерінің бұрынғы жеке білімін айқындайды.
Бұл үшін үйренушілер қарастырылатын тақырыпты жеке тәжірибесі тұрғысынан ой елегінен өткізіп, ол бойынша не білетіндігін естеріне түсіреді, оларды талдайды. Бұл әрекет оларды белсенді жұмысқа ынталандырады және өздерінің бұрынырақ алған білімдеріне баға беруге шақырады, өйткені мұнда әр үйренуші «Мен осы тақырып бойынша не білемін? Менің білетінім қандай дәрежеде екен? Менің есімде нендей білім жатталып қалды екен? Ол маған қалайша қажет болып еді?» сияқты сұрақтарға жауап береді. Осы арқылы оқушы бұрынғы білімін жаңа біліммен салыстырып, байланыстырады. Осы әрекеттер арқылы ол жаңа білімді игеруге ынталанады, онда қызығушылық пайда болады. Оқушы жаңа білімнің бұрынғы білім негізінде қалыптасатындығына көзін жеткізеді, әр білім алдыңғы білімнің жалғасы екендігін және білім игеру ісінің үздіксіз процесс екендігін түсінеді. Өз кезегінде бұл тұжырымдар оқушының өз біліміне деген жауапкершілігін арттыра түседі.
Жаңа тақырып студенттерге таныс болмаса да, оның бұрында кезікпегенін айқындау ісі белсенді жұмысқа жетелейді. Мұнда «Бұл не нәрсе екен? Мұны білу керек те болар? Қалайша білуге болады?» сынды ойлар мен мақсаттар студенттерді алға бағыттайды, олардың жаңа тақырыпқа деген құлшынысының себепкері болады.
2. Үйренушілер талқыланатын тақырыпты кең ауқымды контексте қарастырады.
Білім игеру процесінің басты мақсаты – бірінші кезекте тұлға (адам) мен азамат қалыптастыру екендігін ұмытпау қажет. Сол себепті де қандай да болмасын тақырып пен мазмұн тек сабақ (немесе пән) аумағында қарастырылмай (тар контекст), жалпы мәселелер (рухани, әлеуметтік, саяси, идеологиялық, экономикалық, этикалық, кәсіби, т.б.) аумағында талқылануы шарт. Кең контекст студенттердің ой-өрісін дамытумен қатар, олардың дүниетанымы мен көзқарастарын да кеңейтеді. Бұған қоса оқу материалы өмірмен байланыстырылады, ол тек игерілуді қажет ететін ақпарат деңгейінде қалмай, жалпы дүниетанымдық сипат алады.
3. Үйренушілер белсенді болады.
Білім игеру процесі – белсенді процесс. Ол тек әрекет арқылы ғана жүзеге асырылады. Бұған қоса іс-әрекеттердің түрлері мен өзінділік дәрежесі неғұрлым көп және жоғары болса, білім игерудің тиімділігі де арта түседі.
Әдетте сабақта студент көбіне-көп екі жұмыс атқарады, олар – тыңдау мен жазу (көшіру). Ал белсенді әрекеттер дегеніміз өздігімен түсіну, таңдау, талдау, шешім қабылдау, жаңа мазмұн құрастыру, өз біліміңді бағалауға негізделген ойлану, талқылау, өз пікіріңді қалыптастыру, оны дәлелдей және қорғай білу, пікір алмасу мен таластыру, өзгенің пікірін тыңдап, оны қабылдау, өз пікіріңді жазу секілді жеке және бірлескен жұмыс түрлері. Осындай белсенді әрекеттер тұлғаны жан-жақты дамыта түсіп, оның білім игерудегі көкжиектерін кеңейтеді.
4. Үйренушілер ізденіс, зерттеу және талдауға негізделген шығармашылық жұмыстарға жұмылады.
Әрбір адамда жаңа нәрсеге деген құлшыныс болады: біз жаратылысымыздан таныс емес жәйттерге әуеспіз, соларға қызығушылық танытамыз. Тіпті кішкене нәрестелер де жаңа ойыншықты көргенде, біраз уақытын оны зерттеуге (жан-жағынан мұқият қарап, қолымен ұстап дегендей) жұмсайды.
Адамның осы қасиетін студент аудиториясында ұтымды қолданған абзал. Сол себепті де оларға шығармашылық табы жоқ жұмыстарды ұсынбау керек. Олардың қатарына репродукцияға негізделген көшіру, қайталау, жаттау сынды әрекеттерді жатқызуға болады.
Студенттерге ұсынылған жұмыстар ізденіс пен зерттеуге, талдау мен сараптауға сүйенетін, өзіндік тұрғыдан орындалатын шығармашылық жобалар қатарында болуы керек.
5. Үйренушілер алдағы тақырып бойынша қажеттіліктерін айқындайды.
Өз мүдделері мен қажеттіліктерін айқындауы («Не білгім келеді?») әр студентке өзінің сабақ процесіне тікелей қатысы бар екендігін сезіндіреді. Сол арқылы студент өзін сабақтың тыс бақылаушысы емей, оның белсенді қатысушысы ретінде таниды. Өз кезегінде бұл жәйт оның белсенділігін арттырып, сабақ тақырыбына деген ынтасын жоғарылатады.
6. Үйренушілер прагматикалық тұрғыдан ой толғауға және талқылауға жұмылады.
Әр сабақтың қандай да болмасын маңызы (жалпы дамытушылық, рухани, философиялық, әлеуметтік, кәсіби, тұрмыстық, т.с.с.) студент назарынан тыс қалмауы орынды. Студент өзіне прагматикалық сипаттағы сұрақтар қойып («Бұл тақырып маған тұлғалық, кәсіби даму тұрғысынан не береді? Оның маған келтірер пайдасы қандай болмақ?»), оларға жауап беру үшін ізденуі оның сабақ тақырыбына деген қызығушылығы мен ынтасын арттырады.
Достарыңызбен бөлісу: |