ІІ тарау. Заңды тұлғалар
3.1 Заңды тұлға ұғымы
1. Меншiк, шаруашылық жүргiзу немесе жедел басқару құқығындағы оқшау мүлкi бар және сол мүлiкпен өз мiндеттемелерi бойынша жауап беретiн, өз атынан мүлiктiк және мүлiктiк емес жеке құқықтар мен мiндеттерге ие болып, оларды жүзеге асыра алатын, сотта талапкер және жауапкер бола алатын ұйым заңды тұлға деп танылады.
Заңды тұлғаның дербес балансы немесе сметасы болуға тиiс.
2. Заңды тұлғаның өз атауы жазылған мөрi болады.
Заңды тұлғалардың түрлерi мен нысандары
1. Өз қызметiнiң негiзгi мақсаты ретiнде табысын келтiрудi көздейтiн (коммерциялық ұйым) не мұндай мақсат ретiнде пайда келтiре алмайтын және алынған таза табысын қатысушыларына үлестiрмейтiн (коммерциялық емес ұйым) ұйым заңды тұлға бола алады.
2. Коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлға мемлекеттiк кәсiпорын, шаруашылық серiктестiк, акционерлiк қоғам, өндiрiстiк кооператив нысандарында ғана құрылуы мүмкiн.
3. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын заңды тұлға мекеме, қоғамдық бiрлестiк, акционерлiк қоғамдар тұтыну кооперативi, қоғамдық қор, дiни бiрлестiк нысанында және заң құжаттарында көзделген өзге де нысанда құрылуы мүмкiн.
Коммерциялық емес ұйым кәсiпкерлiк қызметпен өзiнiң жарғылық мақсаттарына сай келуiне қарай ғана айналыса алады.
3-1. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын және мемлекеттiк бюджеттiң есебiнен ғана ұсталатын заңды тұлға тек қана мемлекеттiк мекеме нысанында құрылуы мүмкiн.
4. Заңды тұлғалар бiрлестiк құра алады (Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі 110-бабы).
5. Заңды тұлға осы Кодекстiң, заңды тұлғалар нысандарының әрқайсысы туралы Заңның, өзге де заң құжаттары мен құрылтай құжаттарының негiзiнде жұмыс iстейдi.
3.2 Заңды тұлғаның құқық қабілеттілігі
Құқық қабілеттілігі арнаулы және жалпы болады. Арнаулы құқық қабілеттілігі дегеніміз, заңды тұлғаның жарғыда көзделген қызметінің мақсатына сай келетіндей азаматтық құқықтары мен міндеттері болады. Мұндай жағдайда жарғыда олар айналысуға құқықты қызмет түрлері көрсетіледі. Осыған байланысты, ҚР АК 159-бабында былай делінген: «Заңды тұлғаның осы Кодексте, өзге де заң актілерінде немесе құрылтай құжаттарында нақты шектелген қызмет мақсаттарына қайшы келетін етіп жасаған, не оның органының жарғылық құзыретін бұза отырып жасаған мәмілесі, егер мәміледегі басқа тараптың мұндай жолсыздықтар туралы білгені немесе күнілгері білуге тиіс болғаны дәлелденсе, заңды тұлғаның немесе оның құрылтайшысының (қатысушысының) мүлік иесінің қуынымы бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін».4 Арнаулы құқық қабілеті бар заңды тұлғаның мысал ретінде қазыналық кәсіпорынды атауға болады.
Қазыналық кәсіпорынның шаруашылық қызметі жарғыда бекітілген мақсаттарымен және міндеттерімен айқындалады. Арнаулы құқық қабілеттілігі сондай-ақ коммерциялық емес ұйымдарға да: мекемелерге, қоғамдық бірлестіктерге, қоғамдық қорларға, тұтыну кооперативіне, діни бірлестіктерге, заңды тұлғалардың қауымдастық немесе одақ нысанындағы бірлестіктеріне тән. Жалпы құқық қабілеттілігі бар заңды тұлғалар өз кезегінде, кез келген қызметпен айналыса алады, кез келген азаматтық құқығы және соған қатысты міндеттемесі болады. Коммерциялық емес ұйымға жататын (шаруашылық серіктестіктер мен қоғамдар) көптеген заңды тұлғалардың жалпы құқық қабілеттілігі болады.
Азаматтық заңдарда заңды тұлғаның құқық қабілеттілігінің пайда болуы және тоқтатылуы туралы ереже белгіленген. ҚР азаматтық кодексінде заңды тұлғаның құқық қабілеттілігі туралы былай делінген: «Заңды тұлғаның құқық қабілеттілігі ол құрылған кезде пайда болып, оны тарату аяқталған кезде тоқтатылады. Айналысу үшін лицензия алу қажет болатын қызмет саласында заңды тұлғаның құқық қабілеттілігі сондай лицензияны алған кезден бастап пайда болып, ол қайтарып алынған, оның қолданылу мерзімі өткен немесе заң құжаттарында белгіленген тәртіппен жарамсыз деп танылған кезде тоқталады»
Заңды тұлғаның азаматтық айналымға қатысуы үшін тек қана құқық қабілеттілігі емес, сондай-ақ әрекет қабілеттілігі де керек. Азаматтарға қарағанда заңды тұлғалардың ерекшелігі олардың құқық және әрекет қабілеттілігі бір мезгілде пайда болып, бір мезгілде тоқтатылады. ҚР Азаматтық кодексінің 37-бабында былай делінген: «Заңды тұлға заң құжаттары мен құрылтай құжаттарына сәйкес жұмыс істейтін өз органдары арқылы ғана азаматтық құқықтарға ие болып, өзіне міндеттер қабылдайды». Заңды тұлғаның органы – бұл заңмен, жарғымен немесе құрылтай құжаттарымен көзделген лауазымды тұлғалар (бас директор, директор, президент, бастық, меңгеруші, төраға) және ұйым қатарында солармен бірге әрекет ететін лауазымды тұлғалардың алқалары (мысалы, акционерлік қоғамды –– директорлар кеңесі, ал кооперативтік және қоғамдық ұйымдарда –– басқарма, кеңес секретариат) заңды тұлғаның еркін білдіріп, оны жүзеге асырады.
ҚР Азаматтық кодексде заңды тұлғалардың жекелеген түрлеріне қатысты органдардың құралы мен олардың құзыреті айқындалады. Мысалы, толық серіктестіктің ішкі мәселелері жөніндегі шешім барлық қатысушылардың жалпы келісімі бойынша қабылданады, сенім серіктестігін ісін басқаруды толық серіктестіктер жүзеге асырады,акционерлік қоғамның жоғары орғаны оның акционерлерінің жалпы жиналысы болып табылады. Акционерлік қоғамның атқарушы органы алқалық (басқарма) немесе жеке-дара (директор, бас директор, президент) болуы мүмкін. Ол акционерлік қоғам қызметіне күнделікті басшылықты жүзеге асырады және директорлар кеңесі мен акционерлердің жалпы жиналысына есеп береді. Қоғамның басқа да органдарының заңдарымен немесе құрылтай құжаттарымен белгіленген ерекше құзыретіне кірмейтін барлық мәселелерді шешу акционерлік қоғамның атқарушысы органының айрықша құзыретіне жатады. Өндірістік кооперативті басқарудың жоғары органы оның мүшелерінің жалпы жиналысы болып табылады.
Фирмалық атау –– коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлғаның тіркелгеннен кейінгі атауы. 1883 жылғы 30 наурызда қабылданған, 1993 жылдың 16 ақпанынан бастап Қазақстан Республикасы да мүшесі болып табылатын өнеркәсіптік меншікті қорғау туралы Париж конвенциясының 8-бабына сәйкес фирмалық атау Конвенцияға қатысушы елдердің барлығында арнаулы тіркеусіз қорғалады. Демек, заңды тұлғаның фирмалық атауды оны тіркемей-ақ, пайдалану фактісіне қарай, пайдалануға құқығы бар деген сөз.
Заңды тұлғаның фирмалық атауды тек қана өзі пайдалануға құқығы бар, бөтен бір фирмалық атауды заңсыз пайдаланатын тұлға фирмалық атаудың құқық иесінің талап етуі бойынша мұндай атауды пайдалануды тоқтатуға және келтірілген залалдың орнын толтыруға міндетті. Заңды тұлғаның фирмалық атауды пайдалануға байланысты құқықтары мен міндеттері заңдарда белгіленеді.
Достарыңызбен бөлісу: |