Жұмыс аптасы – күнтізбелік апта ішіндегі еңбек ету мерзімінің өлшемі, бір аптадағы жұмыс және демалыс күндерінің санын белгілейтін жұмыс уақыты режимі. Көптеген дамыған елдерде жұмыс аптасының нормативтік ұзақтығы заңмен ғана емес, ұжымдық шарттармен де реттеледі, кейде ұжымдық шарт бойынша белгіленген жұмыс аптасының ұзақтығы заңмен белгіленген жұмыс аптасының ұзақтығынан аз болып келеді . Заңмен реттеу жұмыс аптасының тұрақты ұзақтығын белгілемей, тек кәдуілгі мөлшерлемелер бойынша төленетін жұмыс сағатының ең жоғарғы мөлшерін ғана шектейтіндіктен, жұмыс аптасының заңмен белгіленген және нақты ұзақтығы арасында айырмашылық бар. Қазақстан заңдарында екі демалыс күні (әдетте, сенбі мен жексенбі) бар 5 күндік жұмыс аптасы, яки жұмыс жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы (аптасына 41 сағат)‚ қысқартылған ұзақтығы (қызметкерлердің кейбір санаттары үшін)‚ толық емес Жұмыс уақытының‚ Жұмыс уақытынан тыс мерзімдегі жұмыс‚ түнгі уақыттағы жұмыс тәртіптемелері белгіленген. Мысалы‚ 16 жастан 18 жасқа дейінгі қызметкерлер үшін ұзақтығы 36 сағаттан аспайтын‚ 14 жастан – 16 жасқа дейінгі қызметкерлер үшін 24 сағаттан аспайтын‚ зиянды еңбек жағдайындағы жұмыстарда 36 сағаттан аспайтын қысқартылған жұмыс аптасы белгіленген. 5 күндік жұмыс аптасы кезінде әр апталық жұмыстың (ауысымның) ұзақтығы кәсіпорын (фирма) әкімшілігі кәсіподақпен келісе отырып, жұмыс аптасының белгіленген ұзақтығын сақтап, бекіткен ішкі еңбек тәртібімен немесе ауысымдылық кестесімен айқындалады. Өндірістің сипаты мен еңбек жағдайларына қарай 5 күндік жұмыс аптасын енгізу тиімсіз кәсіпорындарда (фирмаларда) бір демалыс күні бар 6 күндік жұмыс аптасы белгіленеді.
Жұмыс жылы – қызметкердің белгілі бір кәсіпорындағы жұмыс істеген жылы. Ол қызметкердің осы кәсіпорынға жұмысқа тұрған күнінен бастап есептеледі. Жұмыс жылы қызметкерге кезекті еңбек демалысын беру кезінде ескеріледі. Жұмыс уақытының пайдаланылу көрсеткішінің өндірістік маңызы зор. Оның құрылымын зерделеу орындаушының немесе жабдықтың ауысым бойына (немесе уақыттың басқа кезеңі бойына) жұмсайтын уақыт шығынын және олардың жұмысбастылық деңгейін‚ Жұмыс уақытының резервтерін‚ оны тығыздау мүмкіндіктерін‚ белгілі бір жұмысты орындауға жұмсалатын еңбектің ғылыми негізделген шығынын анықтау үшін қажет. Өндірісте жұмыс уақытының пайдаланылуын сипаттайтын көрсеткіштер жүйесін жұмыс уақытының балансы деп атайды. Ол, әдетте, кесте түрінде бір жылға арналып жасалады.
Жұмыс уақыты — бұл қызметкердің жұмыс берушінің актілеріне және ішкі еңбек шартының талаптарына сәйкес өзінің еңбек міндеттерін орындауға кететін уақыты. Жұмыс берушінің актілеріне бұйрықтар, өкімдер, нұсқаулар, ішкі еңбек тәртібінің ережелері түріндегі актілер және басқалары жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |