Құрастырғандар



жүктеу 3,67 Mb.
бет1/19
Дата22.02.2018
өлшемі3,67 Mb.
#10434
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

Қазақстан Республикасының ғылым және білім министрлігі

Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясы




ӘЛЕУМЕТТАНУ


(оқу-әдістемелік құрал)

ОРАЛ, 2005

ISBN 9965-709-28-9

Әлеуметтану (Оқу-әдістемелік құрал). Орал, Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясы, 2005. – 260 бет.



Құрастырғандар:

тарих ғылымдарының кандидаты, профессор

Шынтемірова Баян Ғаббасқызы,

аға оқытушы Шайхиев Тұрар Төлегенұлы
Жауапты редакторы:

тарих ғылымдарының докторы, профессор

Рысбеков Тұяқбай Зеитұлы
Пікір жазған:

социология ғылымдарының кандидаты



Абулқасова Дина Бахытжанқызы

Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясының Ғылыми Кеңесінің шешімімен (Хаттама № 1, 22 қыркүйек) баспаға ұсынылған.

Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясының ғылымдары дайындаған оқу-әдістемелік құралда әлеуметтану пәні бойынша оқылатын лекциялар курсы, оқу бағдарламалары, тестілер, оқу әдебиеттері тізімі берілген. Оқу құралы жоғары оқу орындарының оқытушыларына, студенттеріне арналған.

ISBN 9965-709-28-9


© М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің баспа орталығы, 2005 ж.

М А З М Ұ Н Ы:

бет

І Б Ө Л І М



  1. Кіріспе……………………………………………………….…….3

  2. Әлеуметтік ойлар дамуы ……………………………….............12

  3. Әлеуметтанудың классикалық

тұжырымдарының дамуы..……………………………. ..............16

  1. Классикалық әлеуметтанудың жаратылыстық

тұжырымдары …………………………………………….. .......20

  1. Классикалық әлеуметтанудың қоғамдық-

әлеуметтік тұжырымдары …………………………..…...............25

6. Әлеуметтік білім құрылымдалуы …………...............................28

7. Қоғам …………………………………………………….…........37

8. Мәдениет …………………………………………………….......45

9. Әлеуметтік теңсіздік …………………………..………..............53

10. Ұлттық қарым-қатынас әлеуметтануы ………...........................57

11. Гендерлік және жас айырмашылығы

теңсіздіктерін зерттеу әлеуметтануы ……..……........................60

12. Әлеуметтену (социализация) ………………………..................64

13. Жеке адамды зерттеу әлеуметтануы …………..…....................68

14. Жастар әлеуметтанусы …………………………………............70

15. БАҚ әлеуметтанусы ….……………………………………........73

16. Саясат әлеуметтануы …………………………..…….................82

17. Парламентаризм әлеуметтануы ………………..........................89

18. Экономикалық әлеуметтану ………………………....................97

19. Еңбек әлеуметтануы ……….……………………….................102


II Б Ө Л І М

1. Оқу бағдарламалары …………………………………..............193

2. Тестілер …………………………………………………….......194

3. Оқу әдебиеттері тізімі ………………………………................238



  1. Әлеуметтану пәні бойынша кредиттік оқу

технологиясына арналған силлабус (үлгі) .……… ................239

  1. Дәріс сабағының тақырыптық жоспары …………..................243

К і р і с п е


  1. Әлеуметтану пәнінің анықталуы

(Әлеуметтану) терминін ең алғаш рет XIX ғасырда Огюст Конт қолданған. Француз тілінен дәлме-дәл аударғанда ол (фр.socio Pogie) қоғам, әлеуметтік өмір туралы ғылым дегенді білдіреді.

Әлеуметтану ғылыми пирамидадағы ең жас ғылымдардың бірі. Ғылымның өзі ерекше таным формасы ретінде тек XVII ғ. ғана пайда болды, ал «ғылым» және «ғалым» деген терминдерді шамамен 1840 жылдары Кембридж университетінің профессоры У.Уэвелл енгізген.

Әлеуметтану пәнін анықтауда оның дефиницияларының әрқилы қатары пайда болды. Мыс. Богардус «Әлеуметтану - әлеуметтік топтар туралы ғылым» десе, Зиммель «Әлеуметтану – адамдарды ұйымдастыру формалары туралы ғылым» деп есептейді. П.Сорокин «Әлеуметтану – топтар, әлеуметтік өзгерістер және олардың арасындағы қатынастар туралы ғылым» дейді. Осылардың арасынан жалпы мақұлдауға ие болған Калифорния университетінің профессоры Нейл Смелзердің анықтауы болып табылады. Смелзер «Әлеуметтану - қоғам мен ондағы әлеуметтік қатынастарды ғылыми сұрыптау» деп анықтады.




  1. Әлеуметтану пәні нені зерттейді?

Әлеуметтану өз зерттеу пәніне қатысты үш бағытта өрбиді, яғни қазіргі әлеуметтануда оның зерттеу пәні үш топқа бөлінеді.

1. Номиналдық дефинициялар, Бұған «социология» терминінің өзін анықтайтын түсініктер жатады.

2. Формалды дефинициялар, бұған адамдардың ұйымдасу формаларын анықтайтын түсініктер жатады.

3. Психологиялық дефинициялар, бұған жеке даралық және топтық сана-сезімге негізделген адамдар мінез-құлқын анықтайтын түсініктер жатады.

Біріншіден, әлеуметтану әртүрлі түпкі жүйедегі үрдістерді қоғамның жалпы, біртұтас негізде қызмет атқаруымен байланыстыра отырып зерттейді, яғни Т. Парсонстың пікірінше әлеуметтану интеграцияға бейім үрдістер мен құрылымдарды зерттейді.

Екіншіден, әлеуметтану қоғамда жалпы әлеуметтік байланыстар, механизмдер қалай бейімделуін зерттейді.

Үшіншіден, әлеуметтану барлығын да адам мүддесі, оның тұтынысы, күтуі және көңіл-күйі тұрғысынан сұрыптайды.




  1. Әлеуметтану пәнін құрайтын негізгі түсініктер


Әлеуметтік құрылым - әлеуметтік институттар, әлеуметтік рөлдер мен мәртебелер жиынтығы. Отбасы, өнеркәсіп, дін, білім, әскер, меншік, мемлекет – бұлар ертеден пайда болған қоғамның фундаменталды институттары.

Әлеуметтік институт - қоғамдағы белгілі бір фундаменталды тұтынысты қанағаттандыру үшін осыған сәйкесті әлеуметтік функцияны іске асырудың стандартталынған формасы. Фундаменталды тұтыныс дегеніміз қоғам және даралық тұтыныстарының бір мүддеде тоғысуы. Ондай тұтыныстарға мыналар жатады: өмір сүруге қаражат табу, жас ұрпақтарға білім беру, қоғамды қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау және т.б. Осы тұтыныстар мыңдаған адамдардың тұрақты қызметі арқасында іске асырылады, яғни осы негізде біріктірілген адамдар мен олардың қызметі әлеуметтік институтты құрайды.

Әлеуметтік роль. Әрбір институт өзіне дәл көрсетілген қызметті атқарады, яғни осы қызмет қаласындағы жеке адам өзіне берілген әлеуметтік рөлде ойнайды. Мыс.: мыңдаған адамдар оқытушы немесе офицер ролінде ойнап кетеді, бірақ бұл әлеуметтік рөл өз орнында қала береді.

Әлеуметтік мәртебе - қоғамдағы жеке адамның әлеуметтік жағдайы. Кейбір мәртебелер оған туғаннан тән, мыс.: ұлты, ал кейбір мәртебелер әлеуметтендірілу арқасында (оқуы, тәжірибе жинақтауы) алынады, мыс. коммерциялық банк президенті.

Әлеуметтік топтар – бір деңгейдегі әлеуметтік жағдайдағы адамдар топтары. Олар аз немесе үлкен топтар болуы мүмкін. Аз топтарға достар компаниясы және т.б. жатады. Үлкен әлеуметтік топтар мыналарға бөлінеді: мысалы жас мөлшеріне орай (қарттар, жастар); ұлтына орай; кәсібіне орай (инженер, оқытушы); экономикалық (акционер, рантье); діни (христиан, мұсылман); саяси (либерал, консерватор, демократ).

Әлеуметтік стратификация. Әрбір әлеуметтік рөл немесе мәртебе бір-бірімен құқықтар мен міндеттер арқылы байланысқан, яғни қоғам біреуінің құқығы артық, екіншісінікі кем, немесе біреуінің міндеті аз, ал екіншісінікі көп болып келетін пирамида түрінде орналасады. Міне осы пирамида - қоғам әлеуметтік стратификация арқылы түсіндіріледі және осындағы қатынастар әлеуметтік стратификация жолымен іске асырылады.

Мәдениет – бұл қоғамдағы материалды ескерткіштер мен рухани құндылықтар жиынтығы, яғни бұған дәстүр, құлық, ереже, заң, тіл, норма және т.б. жатады.

Әлеуметтендіру – бұл даралықтың мәдени нормалар мен әлеуметтік рөлдерді игеруі. Социализация үрдісі өмірге келген кезінен бастап қартайғанша дейін созылады.

Әлеуметтік бақылаушы – нормалар мен ролдерді даралықтың дұрыс игеруін бақылап отырады. Ол жан-жақты: үйде ата-ана бақыласа, мектепте – оқытушы, көшеде – тәртіп сақшысы, жұмыста - әкімшілік, күнделікті өмірде – мемлекет бақылап отырады. Ауытқушыларға әртүрлі санкциялар қолданылады. Олар позитивті (сыйлау) және негативті (жазалау) болып бөлінеді. Бақылау механизмдерінің дәлдігі - қоғамның тұрақтылығы мен көркеюінің кепілі болып табылады.
4. Әлеуметтанудағы зерттеу әдістемесі. Қазіргі әлеуметтану өз арсеналында әрқилы эмпириялық әдістерді қолданады. Олардың кейбіреуі этнографтардан, статистерден, психологтардан алынған, кейбіреуін әлеуметтану өзі жасаған. Ең негізгі әдістер мыналар: ақпараттық жазба көздерін, құжаттарды сұрыптау; бақылау және сұрау әдістері.

Құжаттарды сұрыптау – бұл жазба көздің, құжаттың мінезіне тән әртүрлі вариацияларда пайдаланылады. Әлеуметтануда осы әдісті қолдана отырып өте ірі ғылыми-әлеуметтік мәселелер шешілген. Мыс: М.Вебер қоғам дамуында социомәдени фактор бар екендігі туралы гипотеза жылжыта отырып, оны осы әдіспен дәлелдеп шықты.

Осы әдістің нақты, қатал түрі контент-анализ болып табылады. Бұл сұрыптау түрі жазба құжатты әлеуметтік маңыз немесе оған әлеуметтік мән бере отырып сұрыптау арқылы іске асырылады.



Бақылау. Егер социолог анықталған бағдарлама, гипотеза, зерттеу негізінде бақылау жүргізсе, бұл стандартталған бақылау деп аталады. Мұндай жағдайда социолог өз бақылауын өзі бұған дейін болжаған индикаторларға сәйкес тіркеп отырады.

Әлеуметтануда тікелей бақылау әдісі кең таралған. Мұндай жағдайда социолог өз зерттеу объектісінің ортасында өмір сүреді. Бұл зерттеу әдісінің бір кемшілігі, объектіге тікелей енген зерттеушіде сол ортаға байланысты антипатия не симпатия сияқты сезімдік көзқарас пайда болуы мүмкін. Ал бұл еріксіз социологты субъективизмге ұрындырады.



Сұрау әдістері. Сұрау әдістерінің негізгі екі түрі бар: анкеттік сұрақ және сұхбат.

Анкеттік сұрақ. Ең алдымен социолог зерттелуге тиісті көріністің жалпы кестесін жасайды. Бұл кесте соңынан нақты негіздерге айналатын абстрактылы түсініктерден тұрады.

Анкета – орта есеппен 30-40 сұрақтан тұратын машинкада, компьютерде немесе типографиялық әдіспен көбейтілген құжат болып есептеледі. Анкета сұрағына жауап берушілер респондент деп аталады. Сұрақтар нақты болуы тиіс. Сұрақтар екі топқа бөлінеді, ашық және жабық. Ашық сұрақта социолог бос орын қалдырып, респонденттен өз пікірін білдіруді сұрайды. Мыс: «Сіздің отбасыңызда әрбір адамға шыққандағы кіріс қанша?». Сұрақтан соң бос орын қалады. Ал жабық болса, жоғарыдағы сұрақтан соң жауап беріледі. Мыс: 1) 2000 теңге, 2) 2000 мен 4000 арасы, 3) 4000 жоғары. Жабық сұрақтарды компьютерде тез өңдеуге болады, бірақ ол социологтан зерттелуші мәселені толық білуін талап етеді. Ашық сұрақтар егер социолог жағдайды толық білмеген жағдайда барлау мақсатымен жүргізіледі.



Сұхбат. Егер анкетаны респондент өзі толтырса, сұхбат кезінде оны оған маман оқып береді. Ол маман интервьюер деп аталады. Сұхбат әдісі негізінен екі мақсатта пайдаланылады, біріншіден, коммерциялық зерттеулерде белгілі бір тауарды жарнамалау мақсатында, ал екіншіден, егер анкетада қарапайым адамдарға түсініксіз терминдер көп қолданылса.

Статистикалық көзқарас тұрғысынан сұрау әдістерінің ішіндегі ең дәлдісі жалпы сұрау болып табылады. Бұның ең айқын мысалы жалпы халық санағы. XIX ғ. бастап ол Европа елдерінде, ал қазіргі уақытта барлық елдерде жүргізіледі. Санақ өте бай және нақты ақпарат береді, бірақ бұл өте қымбат тұратын шара. Ең бай елдердің өзі 10 жылда бір рет қана санақ жүргізе алады.

Осыған байланысты социологтар анағұрлым арзан, бірақ дәлдігі қалыспайтын жаңа сұрау әдісін тапты. Ол таңдап зерттеу деп аталады. Егер сұрауға жататын тұрғындарды жалпы жиынтық десек, онда таңдау жиынтығы соның кішірейтілген көшірмесі болып табылады. Мыс: АҚШ-тағы Гэллап институты тұрақты түрде таңдау методымен 1,5-2 мың адамды сұрап тұрады, ал сайлау кезінде 300 миллион американдық қалай дауыс беретінін болжап береді. Қателік бірнеше пайыздан аспайды.

Тұрғындардың қай бөлігі жалпы жиынтыққа жататынын зерттеу мақсаты айқындайды. Ал осылардың ішінен кімдердің таңдау жиынтығына жататынын математикалық әдіс шешеді.

Таңдау жиынтығы жалпы жиынтықтың дәл көшірмесі болуы тиіс. Бұл әлеуметтану негіздерінің негізі. Түпнұсқадан ауытқу репрезентативтік қателік деп аталады. Мұндай қателік анағұрлым аз болуы тиіс. Олай болмаса социологиялық зерттеу қорытындысы қате болып шығады.
5. Әлеуметтанудың жаратылыстану ғылымдармен қатынасы.
Әлеуметтанудың гуманитарлық ғылымдар қатарына жататындығына ешкім талас тудырмайды. Бірақ барлық гуманитарлық ғылымдар ішінен әлеуметтану жаратылыстану ғылымдармен тығыз қатынаста болып табылады.

Социобиология - әлеуметтік мінез-құлықтық барлық түрлерінің биологиялық негіздерін зерттейтін ғылыми сала.

Негізгі өкілдері Э.Уилсон, Р.Триверс, Д. Бэреш. Олардың пікірінше әлеуметтану және биология синтезі негізінде адамның әлеуметтік мінез-құлқы формаларының биологиялық негізін табуға болады. Мыс: жанұялық-туыстық қатынастар, альтруизм, агрессия, әлеуметтік теңсіздік және т.б. әлеуметтік мінез-құлық формаларының биологиялық негізі әлеуметтік зерттеулерде өте құнды, бастапқы материал болар еді.

Социогеография – нақты қоғамдық топтың әлеуметтік өмірінің географиялық аспектісін сұрыптайтын ғылыми сала. Географиялық аспекті дегеніміз: топтардың территориялық дифференциациясы, кеңістікте орналасуы, адам қызметінің табиғатқа, қоршаған географиялық ортаға әсері. Бұл терминді ғылыми айналымға 1913 жылы Р.Штейнметц еңгізген. «Бұл ғылыми сала абстрактылы-теоретикалық әлеуметтануға қарағанда халық өмірі туралы толық мағлұмат береді» - деп есептейді оның өкілдері.

Социогеография - өз зерттеу шеңберіне әлеуметтік кеңістікті, территория мен тұрғындар арасындағы қатынасты, табиғатты игерудің ішкі қоғамдық және қоғам аралық қатынастарға әсерін, адам мен кеңістік қатынастарын, әлеуметтік өмірдегі кеңістіктік-географиялық компоненттердің ролін зерттеуді қосады.
6. Әлеуметтік байламдар.
Әлеуметтану әртүрлі фактілерді зерттеу мен түсіндіруде бес негізгі байламдарды қолданады.

1. Демографиялық байлам. Демография термині «демос» (халық) деген грек сөзінен шыққан. Демография – тұрғындарды, негізінен туу, өмірден кету, көш-қон (миграция) және осыған байланысты адамдар әрекетін зерттейді. Мыс: үшінші әлем елдерін демографиялық зерттеу олардың экономикалық кенже қалуының бір себебі тез өсіп келе жатқан тұрғындарды тағам өнімдерімен қамтамасыз ете алмауына байланысты екендігін дәлелдеді.

2. Психологиялық байлам. Ол мінез-құлықты адамның даралық ретіндегі маңызы тұрғысынан түсіндіреді. Ойы, тәжірибесі, әлеуметтік түсініктері, адамның өзі туралы түсінігі зерттеледі. Әлеуметтік психологтар көптеген проблемаларды шешеді. Мыс: әлеуметтік түсініктердің құрылуы, социализация үрдісіндегі қоғам мен даралықтың қарым-қатынасы, тәртіпсіздіктер жағдайындағы көңіл-күйдің пайда болуы мен таралуы.

3. Ұжымдық байлам. Бұл байлам топты немесе ұйымды құрайтын екі не одан да көп адамдарды зерттеуде қолданылады. Социологтар отбасы сияқты бастапқы топтарды немесе әскер секілді формалды ұйымдарды зерттеу кезінде оларды даралықтар ұжымы ретінде қарастырады. Мыс: жанұя белгілі бір шешім қабылдарда ондағы билік бөлінісі қалай әсер етті, немесе жанұя мүшелері арасындағы коммуникациялық үрдіс қалай жүретінін зерттеу әлеуметтану үшін маңызды.

Осы байламның көмегімен социологтар саяси партиялар арасындағы бақталастықты, нәсілдік негіздегі дау-жанжалдарды, топтар арасындағы келіспеушілікті сұрыптай алады. Мыс: бір қоғамдық топқа, нәсілге не ұлтқа жататын адамдар өз мүдделерін қорғау үшін ішкі топтарға бірігеді деген сияқты проблеманы шешу. Сол сияқты бұл байлам ұжымдық мінез-құлықты зерттеуде де өте маңызды болып табылады.

4. Өзара қарым-қатынас байламы. Қоғамдық өмір оған қатысушы белгіленген адамдар арқылы емес, олардың ролдеріне сәйкес туатын өзара әрекеттері арқылы қарастырылады. Роль дегеніміз адам топта нақты позиция алғаннан кейінгі одан күтілетін мінез-құлық. Адамзат қоғамында мыңдаған ролдер бар: сайлаушы, қожайын, тұтынушы, іскер адам және т.б. Адамдар мінез-құлқы осы ролдер негізінде құрылымдалады.

5. Мәдени байлам. Ол адамдар мінез-құлқын мынадай мәдениет элементтері негізінде сұрыптайды: қоғамдық ереже (шын мәніндегі немесе тиісті) және қоғамдық құндылықтар (діни, саяси және әлеуметтік мүдделерден шығатын). Мәдени байлам кезінде мінез-құлық ережелері жеке адамдар мен топтар іс-әрекеттерін реттейтін фактор ретінде қарастырылады.
7. Әлеуметтану және қоғамдық проблемалар
Әлеуметтанудың дамуына қоғамдық проблемалар тікелей әсер етеді. Мыс: американ социологиясын талдап қарайтын болсақ 30-шы жылдары ұлы тоқырау (депрессия) кезінде социологтар жұмыссыздықты және оның отбасына тигізетін әсерін зерттеуге жұмылса, 40-шы жылдары үгіт-насихат ролін және оның тұрғындардың адамгершілік сана-сезіміне тигізер әсерін зерттеуге жұмылды. Ал 60-шы жылдары социологтар назары студенттер қозғалысы мен азаматтық құқықтар үшін күрес секілді қоғамдық іс-әрекеттерге ауды. Қазіргі уақытта американ социологтары ер мен әйел қатынастарына, әйел эмансипациясы мәселелеріне басты назар аударуда.

Егер әлеуметтану бір қоғамдық проблеманы зерттеуге кіріссе, онда бұл проблеманың өте зор қоғамдық мәнге ие екендігін көрсетеді. Мыс: 1944 жылы АҚШ-та Г.Мирдал жүргізген нәсілдік қатынастарды зерттеу бұл елдегі негрлердің тапталған жағдайын өте дәл дәлелдеп қана қойған жоқ, сол сияқты мұндай жағдайдың Американың ең басты қоғамдық құндылығы боп табылатын теңдік идеясына да қайшылығын көрсетті.



8. Әлеуметтануды қолдану
Социологиялық білім қоғамда көптеген жолдармен қолданылады.

Біріншіден социологтар өз білімдерін мемлекеттік мекемелерде, үкімет комитеттерінде, сол сияқты алкоголмен және есірткі заттармен күрес бөлімдерінде қолданады.

Екіншіден социологтар дайындаған зерттеу әдістерін көптеген мамандық иелері пайдаланады. Мыс: қоғамдық пікір сұрау әдісі. Ол нарықты және нарықтық сұранысты зерттеудің басты құралына айналды.

Сол сияқты әлеуметтануды қолдану әлеуметтік саясатта шешім қабылдау үшін маңызды, өте көп ақпараттық жинақталуына көмектеседі. Сол сияқты әлеуметтік зерттеу жүргізілген әлеуметтік саясаттың қорытындысын, оның неге әкелгенін де көрсете алады. Мыс: егер Республика Үкіметі жаңа тұрғын үй-коммуналдық саясатқа көшпестен бұрын әлеуметтік зерттеу жүргізгенде, тұрғындардың басым көпшілігінің мұндай саясатқа материалдық және психологиялық дайын еместігін білген болар еді.


9. Қысқаша қорытынды
1. Әлеуметтану – бұл қоғам және қоғамдық қатынастарды ғылыми зерттеу. Ол фактілерді шын өмірден алады және оларды ғылыми сұрыптау негізінде түсіндіреді. Әлеуметтану ғылым ретінде екі ғасыр бұрын құрылымдала бастады.

2. Социологтар бірнеше негізгі байламдарды қолданады. Демографиялық байлам қоғам мінезін туу, өмірден кету және тұрғындар көшіп-қонуы (миграциясы) арқылы зерттейді. Психологиялық байлам адамдар мінез-құлқын, олардың ойын, әлеуметтік қойылымын зерттеу арқылы түсіндіреді. Ұжымдық байлам топтар мен ұйымдарды зерттеуде қолданылады. Төртінші байлам қоғам өмірін адамзаттың өзара қарым-қатынас жүйесі ретінде зерттейді. Мәдени байлам мінез-құлықты мәдениет элементтерін сұрыптау арқылы зерттейді.

3. Социологтар қоғамды екі деңгейде зерттейді – микро және макро деңгейлер микросоциология адамдардың күнделікті өзара іс-әрекеттерін сұрыптауға басты назар аударады. Макросоциология қоғамның негізгі құрылымдарын зерттейді.

4. Микросоциологиялық деңгейде негізгі теория символикалық интеракционизм теориясы болып табылады. Бұл теория өкілдерінің пікірінше адамдар сыртқы дүние әсеріне белгілі бір мән береді.

Сөйтіп негізінен әсердің өзіне емес, оған берілген мәнге басты назар аударады.

5. Макросоциологиялық деңгейде негізгі екі теория бар: функционализм және конфликтология (дау-жанжал) теориясы. Функционалистер пікірінше қоғам бір-бірімен өзара байланысқан және әрқайсысы жалпыға өз әсерін тигізетін бөліктерден тұрады. Конфликтология теориясының өкілдері қоғамдағы билік бөлінісіне басты назар аударады. Бұл теориялар туралы кейінгі бөлімдерде толық қарастырамыз.

6. Әлеуметтік зерттеу гипотезадан басталады. Гипотеза бір фактілер басқалармен себепті тәуелділік негізінде байланысқан деп көрсететін болжам. Теория бір-біріне сәйкестендірілген гипотезалар жүйесі. Әлеуметтік әдістер – бұл соның көмегі арқылы фактілер, гипотезалар және теориялар бір-бірімен түптелетін ережелер мен әдістер.

7. Құбылмалы деп әртүрлі мәнге ие бола алатын түсінік аталады. Көптеген әлеуметтік зерттеулер тәуелді құбылмалы деп аталатын белгілі бір әлеуметтік көріністегі өзгерісті анықтауға ұмытылады, ол содан соң бұл өзгерісті тәуелсіз құбылмалы деп аталатын басқа бір әлеуметтік көрініспен байланыстыра түсіндіруге тырысады.

8. Әлеуметтік зерттеудің негізгі әдістері: құжаттарды сұрыптау, бақылау және сұрау әдістері. Осы әдістерді қолдана отырып зерттеуші зерттелініп жатқан әлеуметтік көріністің барлық мүмкін себептерін бақылауға тырысады. Социолог эксперимент немесе басқа да зерттеу түрі кезінде тәуелсіз құбылмалылардың санын шектейді.

9. Әлеуметтанудың дамуы үшін зерттеу және оның қорытындыларын жариялау бостандығына кепілдік беретін жақсы саяси жағдай болуы қажет. Әлеуметтанудың дамуына сол сияқты әлеуметтік проблемалар мен кризистер де өз әсерін тигізеді. Өз кезегінде әлеуметтану қызметі қоғам проблемаларын анықтауға және оларға назар салуға көмектеседі.

10. Әлеуметтік білім қоғамға төмендегідей әсер етеді:

а) әлеуметтік әзірлігі бар тұлғалар үкімет органдарында және жеке ұйымдарда қызмет істейді;

б) социологтар дайындаған әдістер зерттеу қызметінің басқа да аймақтарында қолданылады;

в) социологтар жұмысы қоғамдық көріністерге адамдар қатынасын өзгертуі мүмкін, сол сияқты әлеуметтік саясат мәселелері бойынша шешім қабылдау үшін ақпарат жинап береді;

г) әлеуметтік зерттеулер өмір сүріп тұрған әлеуметтік саясаттың қабілеттілігін бағалауға көмектеседі.
2. Әлеуметтік ойлар дамуы


  1. Антикалық әлеуметтік философия

Әдетте әлеуметтану ғылымының пайда болуын XIX ғ. байланыстырады. Бірақ сонымен қатар әлеуметтік құбылыстарды зерттеу адам баласын көптен толғандырды. Әлеуметтік құбылыстарды зерттеуде грек философтары ерекше орын алады.

Платон. Ол адам қоғамын үш топқа бөлді: философтар, сақшылар және еңбекшілер. Платон мұндай әлеуметтік құрылымды үлгілі мемлекет деп атады. Филосафтар басқарады, сақшылар басқарушылар шешімдерінің орындалуын бақылайды, ал еңбекшілер қоғамның материалдық байлығын жасайды.

Платон ең жақсы мемлекеттік құрылыс деп аристократияны санады.

Кейбір кездерде қоғамдық келісім, ынтымақ бұзылады. Мұндай жағдай олигархия, демократия, тирания сияқты нашар мемлекеттік құрылыстардың пайда болуына әкеледі.

Аристотель. Адамдар арасындағы қарым-қатынас үстемдік пен бағынуға негізделеді. Үстемдіктің екі түрі бар – нағыз үстемдік және саяси үстемдік.

Адамдар екіге жіктеледі: еркін адамдар және құлдар. Қоғамда дамымаған, төмен адамдар болады. Құл болу олар үшін пайдалы және бұл әділетті жағдай.

Мемлекет жеке меншіктіктің арқасында пайда болды. Отбасы көбейіп елді мекенге айналды. Ал бірнеше елді мекендер мемлекет құрды. Мемлекет мақсаты қоғамдық әділеттілік пен жалпыға бірдей жеткіліктілікті қамтамасыз ету. Бұл мақсатты шешуде мемлекеттік құрылым үлкен маңызға ие.

Аристотель мемлекеттік құрылымды жақсы және нашар деген түрлерге бөлді.

Жақсыға монархия, аристократия және полития жатады.

Нашарға тирания, олигархия және демократия жатады.

Ең жақсы мемлекеттік құрылым – полития. Политияда саяси билік пен үстемдік қоғамның орта тобының қолында болады. Орта топ байлардың әділетсіздігі мен кедейлердің ашу-ызасын тежеп, мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Өз мемлекетіне қызмет ету адамның қасиетті борышы. Бұл адамның моралдық қасиеттерінің биік екенін білдіреді.




  1. Теологиялық-әлеуметтік ойлар

Адамзаттың кейінгі даму барысында теологиялық-әлеуметтік тұжырымдар қалыптасты. Енді қоғамдық және мемлекеттік құрылымдар діни тұрғыдан бағалана бастады.

Аврелий Августин (354-430). Еңбегі «Құдай қаласы туралы».

Құдайға сүйіспеншілік адамды басқалардан жоғары қояды. Рухани билік, яғни шіркеу билігі жер бетіндегі ең жоғарғы билік. Бұл билікке мемлекеттер де мойынұсынуы тиіс. Осындай жағдайда ғана қоғамда әділетті әлеуметтік құрылыс орнайды.

Ф.Аквинский (1225-1274). Ол құқықты үшке бөлді: мәңгілік, жаратылыстық және адамзаттық.

Мәңгілік құқық - бұл құдай орнатқан тәртіп және қасиетті жазуда көрініс тапқан.

Жаратылыстық құқық - барлық тірі жанға, соның ішінде адамға да тән өмір сүру ережесі.

Адамзаттық құқық - адамдар дұрыс өмір сүру үшін жасалынған ережелер. Бұл ережелер әрқашан өзгеріп отырады.

Ф.Аквинский пікірінше тек шіркеу ғана емес мемлекет те құдай еркімен билік етуге құқықты.

Ең жақсы билік үлгісі монархия. Монарх өз билігін шіркеуден алады. Егер бұлай болмаса бағыныштылардың монархтың билігін мойындамауына болады.

Ең жаман басқару нысандары тирания мен демократия.




  1. Қайта өрлеу дәуіріндегі әлеуметтік ойлар

Бұл дәуірде алдыңғы орынға адамгершілік идеялары шықты. Енді адам, қоғам өмір сүруінің жаратылыстық негіздерін іздеу басталды.

Адамгершілік идеясы – бұл адамды жеке тұлға, даралық ретінде тану. Адамның бостандық пен бақытқа құқын тану.

Данте Алигьери (1265-1321). Еңбегі «Қасиетті комедия». Оның ойынша қасиетті және жаратылыстық рухтар тең. Адам әрекеті құдай нұсқауымен қатар өз санасымен де жасалынады. Құдай еркі адамдар өмір сүруінің жалпы бастамасы ғана.


  1. Жаңа дәуір әлеуметтік ойлары

Жаңа дәуір ақыл-ойы нақты әлеуметтік-саяси мәселелерді шешуге бетбұрыс жасады.

Н.Макиавелли (1469-1527). Еңбегі «Билеуші» және т.б.

Макиавелли мемлекеттік құрылыс идеясын философиялық және теологиялық тұжырымдардан бөліп алды.

Ең жақсы мемлекет нақты кезеңде өз азаматтарының нақты тұтыныстарын қанағаттандыра алған мемлекет.

Саясатты іске асыруда билеуші аморалдық әрекеттерге де бара алады. Мыс.: сатып алу, қастандық және т.б. Саясат қасиетті емес лас әрекет ретінде танылды.

Жан Боден. Еңбегі «Мемлекет туралы алты кітап».

Мемлекет отбасы негізінде пайда болды. Мүліктік теңсіздік мемлекеттегі табиғи жағдай. Монарх өз әрекетінде шіркеуден тәуелсіз, ол мемлекет үшін қажет талаптарды ғана орындауға құқықты.

Мемлекет құрылысына ауа райы да әсер етеді.

Томас Мор (1478-1535). Еңбегі «Утопия». Утопия – арал, онда жеке меншік жоқ. Барлық мүліктік игілік тең бөлінеді. Адамдар барлығы да жұмыс істейді. Олар өз мүдделерін орындауда қанағатты.

Томас Гоббс (1588-1679). Еңбегі «Левиафан». Жаратылыстық құқық түсінігін енгізді. Адамдар жаратылғанда бір-біріне қас болды. Сондықтан олар өздерін тежеп ұстап отыратын ұйым - мемлекет құрды. Адамдар өздерінің артық құқықтарынан бас тартып оларды мемлекетке береді. Адамдар қоғамдық шарт арқылы табиғи жағдайдан мемлекетке өмір сүру жағдайына өтті.

Ең жоғарғы билік абсолютті өзгермейтін болуы тиіс. Мемлекет жағдайында жеке бостандыққа ұмтылу қылмыс, себебі, бұл қоғамдық шартқа қарсы болып табылады.

Джамбаттисто Вико (1668-1744). Қоғамдық даму бір кезеңнен екіншіге көшіп отырады. Адамзат қоғамы өз дамуында үш кезеңнен өтті: «құдайлық-қасиетті», «каһармандық», «адамзаттық».

Адамзаттық кезең - адамға жеке бостандық пен меншік берді.

Шарль Луи Монтескье (1689-1755). Еңбегі «Заңдар рухы туралы».

Адам қоғамы қасиетті және жаратылыстық заңдардың бірлігі арқасында өмір сүреді. Адам көп нәрсеге тәуелді: ауа райы, дін, заң, дәстүр және т.б. Осылар бірігіп халық рухын құрайды. Әрбір қоғам өмір сүруде өз халық рухына тәуелді.

Мемлекет билігі үшке бөліну қажет: заң шығару, атқару және сот биліктері.

Мемлекеттік құрылым жер жағдайына байланысты. Үлкен аумақты - деспоттық, орта аумақты – монархиялық, кіші аумақты – республикалық басқару ыңғайлы.

Клод Гельвеций (1715-1771). Адам басында, өмірге келгенде ешқандай қасиетке ие емес. Барлық қасиеттерді ол басқа адамдармен араласу арқылы иеленеді. Адамның биологиялық және әлеуметтік тұтыныстары болады.

Мемлекет адамның еркіндігі мен жеке меншікке құқығын қамтамасыз етуі тиіс. Бұл үшін білімді монарх пен ақылды заңдар қажет.


  1. Классикалық философиясы аясындағы әлеуметтік ойлар

Германияда әлеуметтік-саяси ойлар философиялық тұжырымдарға қайтарылды.

Иммануил Кант (1724-1804). Еңбегі: «Мәңгілік әлемге», «Әдеттер метафизикасы».

Адам өзін-өзі дамыту арқылы ғана табиғат оған жүктеген істерді атқара алады.

Адамға өз табиғатынан мынадай қасиеттер тән: 1) жануарлық бастама – бұл адам бойында дөрекілік, тұқымын жалғастыру, сөйлесу-шүйіркелесу және т.б. нысандарда көрініс табады; 2) адамдық бастама – бұл өз құндылықтарын жасау, басқалардан жоғары тұруға ұмтылу және т.б. түрлерде көрініс табады; 3) жеке-даралық бастама – бұл адамгершілік, моралдық, заң ережелерінде көрініс табады.

Құқықтық-азаматтық қоғам туралы алғаш айтқандардың бірі И. Кант болды. Бұл қоғам ақылды заңдар мен оларды іске асырудың нақты тетіктері бар қоғамдық жүйе. Мұндай қоғам барлық жер бетіне тарау қажет, себебі сыртқы көре алмайтын күштер қашан да қоғам тыныштығын бұзуға талпынады.

И.Кант «сауда рухы» түсінігін енгізді. Сауда рухы мемлекеттерді бейбіт өмір сүруге, соғысты болдырмауға мәжбүр етеді.

Гегель (1770-1831). Ақылды бастама әлеуметтік дамуды қамтамасыз ететін күш. Ақылды бастама – бұл жеке адам іс-әрекеті мен тарихтың объективті заңдарының қосындысы.

Еркіндікті пайдалану үшін оны түсіне білу керек. Еркіндікті түсіну әр халықтың мәдениетіне, оның адамгершіліктік, құқықтық және саяси ережелерінің дамуына тәуелді.

Адамзат дамуында Гегель үш кезеңді бөлді: шығыстық, антикалық және германдық.

Шығыста еркіндікке бір адам монарх ие, басқалар ондай жағдаймен келіседі. Греция мен Римде белгілі бір адамдар тобы ғана еркіндікке ие болды.

Тек герман халықтары ғана нағыз еркіндікке ие.

Еркіндік – тарих, ерік, бостандық және құқыққа сүйенеді.

Адамгершілік – бұл мораль мен құқық қосындысы. Адамгершілік отбасынан басталып, азаматтық қоғам және мемлекет арқылы дамиды. Мемлекет деңгейінде адамгершілік адамзат ақылына айналады. Осы адамзат ақылы қоғам дамуындағы ең негізгі күш.
3. Әлеуметтанудың классикалық тұжырымдарының дамуы


  1. Әлеуметтанудың ғылым ретінде пайда болуы

Әлеуметтану негізін қалаушы О.Конт (1798-1857). Еңбектері: «Позитивтік философия курсы», «Позитивистік катехезис», «Позитивтік философия рухы туралы талдау» және т.б.

Әлеуметтану курсының зерттеу негізі «әлеуметтік жүйе».

Әлеуметтік ұйымдасудың ең өзегі отбасы. Отбасынан тайпа, ұлт, халық өсіп шығады. Отбасының құруы қоғамның құруына әкеледі. Отбасы сонымен қатар мәдениетті сақтау, дәстүрлерді жалғастыру, қоғам бірлігін, тұрақтылығын қамтамасыз ету қызметтерін атқарады.

Әлеуметтік ұйымдастырудың тағы бір өзегі – бұл еңбек бөлінісі. Еңбек бөлінісінің арқасында әлеуметтік топтар құрылады, отбасылар арасында байланыс орнайды, біртұтастық және мораль пайда болады.

Адам өз іс-әрекетінде ақылды емес, сезімді басшылыққа алады. Сондықтан адам мінез-құлқын ішкі сезімі арқылы реттейтін әлеуметтік институттар қажет. Бұл салада жетекші орын дінге тиісті.

Қоғамда билік рухани және зайырлы болып бөлінуі қажет. Бұл адамгершілік беделдің дүниелік-заттық беделден бөлінуін қамтамасыз етеді.О.Конт жеке меншікті жақтады.

О.Конттың пікірінше адам ақылының дамуы үш кезеңнен өтті:


  1. Теологиялық кезең 1300 жылға дейін.

  2. Метафизикалық кезең 1300-1800 ж.ж. (Реформация, Ағарту, Буржуазиялық төңкерістер).

  3. Позитивтік кезең 1800 жылдан басталады.

Ломбер Жак Кетле (1796-1874). Еңбектері: «Әлеуметтік жүйе және оны басқаратын заңдар», «Әлеуметтік физика немесе адамзат қабілеттерінің дамуын зерттеу тәжірибесі».

Кетленің ойынша тіпті жеке оқиғалар да (мыс. қылмыс) қоғамдық өмірде қайталанып отыратын заңдылыққа ие.

Кетле әлеуметтану ғылымында тұңғыш рет статистикалық әдістерді қолданды. Статистикалық әдістер нақты ақпарат алуға мүмкіндік береді деп санады. Статистикалық әдіс бұл нақты сандар мен көріністерді қолдану.

Кетле әлеуметтік факторлардың екі түрін бөліп шығарды:

1) әлеуметтік константтар, бұлар әлеуметтік ахуалға тұрақты әсер етеді. Мыс: жынысы, жасы, мамандығы және т.б.;

2) кездейсоқ факторлар, бұлар орташа әлеуметтік ағымнан ауытқушылық.

Джон Стюарт Милль (1806-1873) – ағылшын пәлсапашысы. Еңбектері: «Логика жүйесі», «Әлеуметтік философияда көрініс табатын кейбір саяси-экономикалық негіздер».

Оның ойынша қоғамда өз алдына өмір сүретін әмбебап заңдар жоқ. Ал әлеуметтік заңдар дегеніміз нақты мәдени ортада көрініс тапқан психологиялық өзгерістер.

Милль ғылыми ортада қалыптасқан: «адам табиғаты бастапқы ма, әлде әлеуметтік орта бастапқы ма?» - деген таласты шешуге талпыныс жасады.

Оның ойынша әлеуметтану жеке-даралық емес, бұқаралық-топтық мінез-құлықты зерттеуі қажет. Қоғам – бұл топ не ұлт сияқты бұқаралық күштер әрекеті емес, басқаша яғни кездейсоқ пайда болып отыратын қарым-қатынастар үрдісі.




  1. Г.Спенсердің эволюциялық тұжырымы

Герберт Спенсер (1820-1903) – ағылшын пәлсапашысы. Еңбектері: «Негізгі бастамалар», «Психология негіздері», үш томдық «Әлеуметтану негіздері», «Әлеуметтану зерттеу пәні ретінде», «Этика негіздері» және т.б.

Спенсер жеке бостандық пен еркін бақталастық ұстанымдарын насихаттады. Қоғамның жаратылыстық дамуына кез-келген араласушылық әрекеттер өте жағымсыз жағдайларға ұрындырады деп есептеді.

Спенсер қоғам өміріндегі мемлекет ролін шектеуді жақтады. Ол тіпті мемлекет кедейлерге көмектесу, немесе болашақ ұрпаққа тәрбие беру сияқты әрекеттерден де бас тартуы қажет деп есептеді.

Спенсердің эволюциялық даму заңы үш негізге сүйенеді. Бұлар: зат, қозғалыс және күш, яғни мағынасы кез-келген затты белгілі бір күш қозғалысқа келтіреді.

Эволюция кез-келген затты біртектіліктен көптектілікке, айқынсыздықтан айқындылыққа әкеледі.

Эволюция жүйелер теңдігіне жеткенде тоқтайды. Егер жүйелер теңдігі бұзылса қоғамның жіктеліп, шашырауы басталады. Осыдан кейін жаңа эволюциялық үрдіс басталады. Сөйтіп қоғам дамуы үздіксіз қайталанып отыратын теңдік бұзылу жинақтау кезеңдерінен тұрады.

Спенсер эволюциялық үрдістің үш түрін бөліп шығарды. Бұлар бастапқы жаратылыстық, жаратылыстық және жаратылыстан жоғары. Бастапқы екеуінде қоғам табиғаттың бір бөлшегі ретінде дамиды. Ал жаратылыстан жоғары, бұл айқын дамыған ақыл-ой мен еңбек тәжірибесіне негізделген даму үрдісі.

Әлеуметтік институттар – адамдардың бірлесіп сүруін қамтамасыз ететін өзін-өзі ұйымдастыру тетіктері.

Спенсер әлеуметтік институттарды бес түрге жіктеді.


  1. Үй-жайлық институттар, бұлар отбасы, некелік қатынастар, бала тәрбиесі, туыстық, көршілік қарым-қатынастар.

  2. Рәміздік институттар, бұлар адамдар арасындағы күнделікті өзара түсіністікті қамтамасыз ететін дәстүр, талғам, рәміз және т.б.

  3. Саяси институттар, бұлар топтар арасындағы жанжал-егес негізінде пайда болды. Соғыс пен егестер қоғамның топтық құрылымы мен саяси ұйымдардың пайда болуына әкелді. Бұл топқа мемлекет, құқық, әскер, полиция және т.б. кіреді.

  4. Діни институттар, бұлар қоғамның рухани бірлігін қамтамасыз етеді.

  5. Кәсіби-өнеркәсіптік институттар, бұлар қоғамдағы еңбек бөлінісінің нәтижесінде пайда болды. Бұған өнеркәсіп орындары, кәсіподақтар және т.б. материалдық өндіріс аймағындағы ұйымдар кіреді.

Спенсер әлеуметтік құрылымның мынадай белгілерін көрсетті:

  1. Қоғам қашанда өсіп отырады, яғни адамдар саны, байлық, қор көбейіп отырады.

  2. Қоғамның өсуі, оның құрылымының күрделенуіне әкеледі.

  3. Әлеуметтік құрылымның күрделенуі, қоғам бөліктерінің атқаратын қызметтерінің жекеленуіне әкеледі.

  4. Келесі кезекте қоғам бөліктерінің арасындағы қарым-қатынас күшейеді.

  5. Қоғамдық тұрақтылық, оның бөліктерінің қызметтерінің тұрақтылығы арқасында қамтамасыз етіледі.




  1. Марксизмнің әлеуметтік тұжырымдары

Марксизм тұжырымының негізін қалаушылар К.Маркс (1818-1883) және Ф.Энгельс (1820-1895) болды.

Марксизм басқа ғылыми бағыттардан, өзінің таптық қарсылыққа бағытталуымен ерекшеленді. Егер басқа ілімдер өмір сүріп тұрған қоғамдық жүйені жаңартуға бағытталса, марксизм бұл жүйені түпкілікті жоққа шығарды.

К.Маркс пен Ф.Энгельс тұңғыш рет қоғамдық дамуды жіктеуді іске асырды. Олар қоғам дамуын бес қоғамдық-экономикалық формацияға бөлді. Бұлар: ерте дәуір, құл иелену дәуірі, феодалдық дәуір, капиталистік дәуір және коммунизм. Әрбір формация тарихи дамудың келесі кезеңі болып табылады. Бір дәуірден келесі дәуірге өткенде шаруашылық әдіс, саяси жүйе, әлеуметтік ұйымдасу және т.б. қоғамдық көрсеткіштер өзгеріске түседі.

Формацияның өмір сүруі өндірістік күштер мен өндірістік қатынастар арасындағы теңдікке, келісімге тәуелді. Бұл екеуінің арасында қайшылық туса, әлеуметтік төңкеріс іске асырылады.

Әлеуметтік құрылымды, - Маркс, - қоғамның таптарға бөлінуі деп түсіндірді, қоғамның таптарға бөлінуінің себебі еңбек бөлінісі мен жеке меншік.

Үстемдік етуші тап негізгі өндірістік құралдарды, еңбек бөлінісі мен заттық құндылықтарды өз бақылауында ұстайды. Белгілі бір тапқа жату тегі адамның қоғамдағы орнын айқындайды.

Қоғамның басқа мүшелері үстемдік етуші тапқа өз еңбек күшін сатып өмір сүреді.

Екі таптың экономикалық мүдделері қарама-қайшы болғандықтан, олардың арасында таптық күрес пайда болады. Таптық күрес қоғамдық дамудың қозғаушы күші болып табылады.

Қоғамдық тап біртекті, айырмасыз тобыр емес. Таптың өз ішінде де өмір үлгісіне, діни сеніміне, ұлтына және т.б. ерекшеліктеріне қарай айырмашылықтар болады.

К.Маркс пен Ф.Энгельстің әлеуметтік егес тұжырымы батыс әлеуметіне үлкен әсер етті.


4. Классикалық әлеуметтанудың жаратылыстық тұжырымдары


  1. Әлеуметтік-дарвинистік тұжырымдар

Людвиг Гумплович (1838-1909). Еңбектері: «Нәсілдік күрес», «Әлеуметтану негіздері» және т.б.

Оның ойынша қоғам – бұл үстемдік. Өмір сүру үшін бір-бірімен аяусыз күрес жүргізіп отыратын адамдар топтарының жиынтығы.

Әлеуметтанудың орталық зерттеу объектісі әлеуметтік топтар.

Гумплович барлық әлеуметтік топтарды екіге бөлді:



  1. Қарапайым топтар, бұлар этникалық және антропологиялық белгілерге негізделіп құрылған топтар. Мыс.: тайпалар, ұлттар.

  2. Күрделі топтар, бұлар көпқырлы, яғни саяси, экономикалық, әлеуметтік жіктелуге негізделген топтар. Мыс., таптар, мемлекеттер.

Қоғам, бұл бір әлеуметтік топтың екінші бір топты жаулап алуының өнімі.

Адамдарға өмірге келгеннен бір-бірін жек көру сезімі тән. Бұл тайпалардың, ұлттардың, нәсілдердің үздіксіз қақтығысына әкеледі.

Қоғамның даму барысында әлеуметтік топтар арасындағы егестер жойылып кетпейді, тек басқа нысан алады. Егестің таза күш қолданудан гөрі экономикалық, әлеуметтік нысандары дамиды.

Барлық қоғамдық үрдістердің негізгі себебі, адамдардың өз заттық игіліктерін көбейтуге ұмтылысы.

Экономикалық тұтынысты қанағаттандыру көндіру мен күш қолдану арқылы ғана мүмкін болады.

Гумпловичтің көптеген көзқарастары реакциялық (жою, жек көру) сипатта болды. Оның көзқарастары тирания, агрессия сияқты әлеуметтік жауыздықты ақтауда қолданылды.

Уильям Самнер (1840-1910).

Эволюция – бұл өмір сүру үшін күрес үрдісі. Бұл күрес адамдарға жаратылыстық тән. Әлеуметтік теңсіздік жаратылыстық жағдай және өркениеттің дамуы үшін өте қажет. Жаратылыстық сұрыптау әлеуметтік сұрыпталу негізі.

Қоғам дамуының бастамасы оның салт-дәстүрі. Салт-дәстүр әлеуметтік топтың ойлау қабілетін, өмір үлгісін, бұқаралық мінез-құлқын қалыптастырады.

Адам іс-әрекетінің негізгі қозғаушы бастамалары аштық, жыныстық қызығушылық, қорқыныш және басқаларды қорлауды жақсы көрушілік.

Самнер «біз - топ» және «олар - топ» деген ұғымдарды енгізді. «Біз - топ» ұғымы бірлікті білдірсе, «олар - топ» ұғымы жаулықты білдіреді.


  1. Психологиялық тұжырымдар

Лестер Уорд (1841-1913) – американ зерттеушісі. Еңбегі: «Қолданбалы әлеуметтік ғылым».

Уордтың пікірінше негізгі әлеуметтік тұтыныс адам қасіретін әлсірету болып табылады. Сондықтан бақытты болуға ұмтылу барлық әлеуметтік қозғалыстар негізі және мұны барлық діни-адамгершілік жүйелер де жақтайды.

Уорд әлеуметтік ілімге «әмбебап әлеуметтік күштер» ұғымын енгізді. Бұлар мыналар: 1) жағымды күштер, мыс., рақат алуға ұмтылу; 2) жағымсыз күштер, мыс., қасірет шегуден қорқу; 3) туындатушы күштер, мыс., жыныстық немесе туыстық сезімдер.

Бұл әлеуметтік күштердің барлығын негізі психикаға, яғни санаға тәуелді. Сондықтан әлеуметтік зерттеу негізі психологиялық зерттеу болуы тиіс.

Жеке адам мінез-құлқы, оның табиғи қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған. Даралықтың табиғи қажеттіліктері ең негізгі екі топ айналасына жинақталады. Бұл топтар: 1) аштық пен шөлді қанағаттандыру; 2) жыныстық тұтынысын қанағаттандыру.

Бірінші топ еңбек пен алдауды тудырады. Өз дамуының басында адам хайуанаттарды алдап өзіне тамақ етсе, енді байлыққа ие болу үшін бірін бірі алдайды.

Екінші топ жыныстық, ата-аналық, туыстық сезімдерді тудырды. Сонымен қатар бұлардың әрқайсысына сәйкесті жек көру сезімдері пайда болды.

Уорд өркениеттің психикалық факторларын өмірге әкелді. Бұлар үш топқа бөлінеді:



  1. Субъективті факторлар, бұлар сезім, ерік, мінез-құлық және т.б.

  2. Объективті факторлар, бұлар ақыл, интуиция, шығармашылық рух, жаңалықтар ашу және т.б.

  3. Әлеуметтік жасандылық (синтез), бұлар саяси, экономикалық, әлеуметтік жүйелер.

Уорд әлеуметтік билікке (социократия) сүйенген қоғамдық жүйе тұжырымын жасады. Бұл жүйе әлеуметтік күштерді ғылыми бақылауға негізделген.

Уильям Мак-Дугалл (1871-1938) – Гарвард университетінің профессоры. Оның ойынша психология барлық әлеуметтік ғылымдар үшін негіз болып табылады.

Мак-Дугаллдың пікірінше адам мінез-құлқының қозғаушы күші инстинкті болып табылады. Сол себепті барлық әлеуметтік ғылымдар негізі «инстинкті психологиясын» зерттеу болуы тиіс.

Мак-Дугаллдың пікірінше инстинкті – бұл даралықты белгілі бір әлеуметтік объектілерге назар аударуға және соларға қатысты белгілі бір әрекеттер істеуге еріксіз көндіретін табиғи сезім.

Инстинкт адам баласына мұрагерлік арқылы беріледі және екі құрамдас бөліктен тұрады. Афференттік бөлік әртүрлі заттар мен оқиғаларды қабылдауды қамтамасыз етеді. Эфференттік бөлік осыларға қатысты адамдар мінез-құлқы мен әрекетін қамтамасыз етеді.

Мак-Дугалл 20 шақты негізді инстинктілерді бөліп шығарды. Мыс., қызығушылық, төбелесқұмарлық және т.б.

Оның пікірінше әрбір инстинктіге сәйкесті сезім болады. Мыс., қашу инстинктісіне қорқыныш сезімі негіз болады, ал төбелесқұмарлық инстинктісіне ашу-ыза сезімі негіз болады және т.б.

Адамның рухани дамуы барысында инстинктілер арасында теңсіздік сатысы (иерархиялық саты) қалыптасады. Ең жоғарғы инстинкті-эгоистік инстинкті. Бұл адамның мен, өзім деген сезімдерін қалыптастырады.

Инстинктивизм тұжырымдамасы әлеуметтану ғылымының дамуына үлкен үлес қосты. Бұл тұжырым адамдар психологиясы мен мінез-құлқының табиғи-мұрагерлік қалыптасқан бөліктерін зерттеуге мүмкіндік берді.

Гюстав Лебон (1841-1931) француз зерттеушісі.

Лебон өз зерттеулерін тобыр, ұлт, халық, нәсіл психологиясына арнады. Тарихи үрдіс бірін-бірі алмастырып отыратын заңдар арқылы жүреді. Бұл заңдар ұлт, халық психологиясына негізделеді. Әрбір ұлттың тұрақты рухани құрылымы болады. Осы рухани құрылым оны басқалардан ерекшелендіреді, оның өзіне ғана тән өнерін, сенімін және т.б. тудырады.

Лебонның пікірінше XIX-XX ғ. Еуропа қоғамында «тобыр дәуірі» басталды. Бұл дәуір даралықтардың саналы іс-әрекеттерін тобырдың санасыз әрекеттерімен алмастырды.

Лебон тобырға тән мынадай белгілерді көрсетті: жалпы идеяның болуы, өз күшінің мықтылығына сенім, жауапкершілік сезімін жоғалту, төзімсіздік, сендіруге тез көну, қауіпті іс-әрекеттерге бейімділік, өз жетекшілері артынан санасыз ілесу.

Тобыр «рухани бірлік» заңына бағынады. Бұл заң адамды санасыз құралға айналдырады.

Лебон тұжырымына сай тобыр негізінен екі топқа жіктеледі:


  1. әртекті тобыр, мыс., көшедегі топтар немесе парламент жиыны;

  2. біртекті тобыр, мыс., діни секта, әлеуметтік каста және т.б.

Нәсілді зерттеуде Лебон, олардың арасындағы айырмашылықтарды іздеді. Оның ойынша әрбір нәсіл тек қана анатомиялық емес, сонымен қатар өте үлкен психологиялық та айырмашылыққа ие. Сондықтан нәсілдер араласуы ешқандай мүмкін емес нәрсе.


  1. З.Фрейдтің психосұрыптау тұжырымы

Зигмунд Фрейд (1856-1939). Еңбектері: «Тотем және табу. Ерте мәдениет пен дін психологиясы», «Бұқара психологиясы және адам даралығын сұрыптау».

Адам өмірінде басты мәнге сана мен әлеуметтік орта ие емес. Басты мәнге биологиялық-табиғи қажеттіліктер ие. Оның ойынша дүниеге келгеннен әрбір адамға инцеста (қан араласушылық), каннибализм (адам жеу) және кісі өлтіру негіздері салынған. Әдетте бұлар санада тығылып тұрады және қажет болғанда тез сыртқа шығады. Мыс., адам соғысқа тез үйренеді.

Жеке адамның рухани дамуы адамзат дамуын қысқаша қайталайды. Сондықтан әрбір адам өз ата-бабаларының қасіретін арқалап жүреді.

Адам өмірінде ең бастама болып табылатын екі ғаламдық инстинкті бар. Бұлар: Эрос (жыныстық инстинкті, өмір инстинктісі, өзін-өзі сақтау инстинктісі) және Танатос (өлім инстинктісі, жаулық инстинктісі, жою инстинктісі).

Адамзат өмірі Эрос пен Танатос күресінің қорытындысы болып табылады. Эрос пен Танатос бірлігі мен күресі әртүрлі әлеуметтік топтар, халықтар мен мемлекеттер іс-әрекеттерін айқындайды.

Фрейдтің ойынша адам санасының бұзылуы оның жыныстық қалауы мен қоғамдық шектеу арасындағы егестен туады. Санасы бұзылған адам өз өмірін ғана емес басқалар өмірін де бүлдіреді. Әлеуметтік өмірде санасы бұзылғандар үлкен топ. Сондықтан әлеуметтік даму жыныстық инстинктіге тәуелді болып қалады.

Фрейд жыныстық тойымсыз ұмтылысты, яғни нәпсіқұмарлықты либидо деп атады.

Либидо адам мінез-құлқын құрамдайтын негізгі күш. Тек нәпсіқұмарлар ғана үлкен жетістіктерге жете алады. Либидо адамның даралық, ерекшелік, талапкерлік, билікқұмарлық қасиеттерін қалыптастырады.

Оның ілімі адамзат өмір сүру мүмкіндіктерін жеке адамдар нәпсіқұмарлығымен айқындады.

Фрейдтің психосұрыптау тұжырымының негізін үш ұстаным құрады. Бұлар: тұрақтылық ұстанымы, рақат алу ұстанымы және шыншылдық ұстанымы. Осы ұстанымдардың жиынтық әрекеті жеке адам қалыптасуы мен өмір сүруін қамтамасыз етеді.

Фрейд ойынша адамның барлық сезімдері өз табиғатынан қарама-қайшы болады, яғни адам өмірі дегеніміз қайшылықтар күресі. Осыдан келіп әлеуметтік қарым-қатынастар егесі туындайды.

Адамзат қалыптасуын Фрейд былай түсіндіреді. Басында әртүрлі адамдар қауымын қатал әке басқарады. Ол белгілі бір жасқа жетіп, жыныстық қарым-қатынасқа дайын болған өз ер балаларын не өлтіріп, не қуып жіберіп отырды. Соңынан ағайындылар өз әкелерін өлтірді. Бұл грек мифологиясында да бар. Мыс.: Зевс, Аид, Посейдонның өз әкелері Кронды өлтіруі. Соңынан өз әрекеттері өз бастарына келеді деп қорыққан олар инцеста мен каннибализмге тиым салды. Осыдан келіп табу және т.б. ережелер қалыптасты. Бірақ адам санасында нәпсіқұмарлық пен адам өлтіруге құмарлық сақталып қалды.


5. Классикалық әлеуметтану қоғамдық-әлеуметтік тұжырымдары


  1. В.Паретоның әлеуметтік жүйесі

Вильфредо Парето (1848-1923). Негізгі еңбегі «Жалпы әлеуметтану трактаты».

Паретоның ойынша әлеуметтану химия, математика, физика сияқты нақты ғылыми сала болуы тиіс.

Әлеуметтік орта әрқашанда бұзылып және қайта қалыптасып отырады.

Парето адам сезімдері тұрақты элементтердің екі тобынан тұрады деп көрсетті. Парето оларды резидуи деп атады.

Бірінші топ жинақтау, құрастыру сезімдері. Адам әрқашан әртүрлі заттар құрастырып содан ләззат алады. Барлық әлеуметтік өзгерістер осы топ элементтеріне негізделеді.

Екінші топ сақтау сезімдері. Адам өзінде бар нәрсені сақтауға құмар болады. Бұл топ элементтері әлеуметтік өмірдің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Парето әлеуметтану ғылымына үш теория енгізді: идеология теориясы, әлеуметтік жіктелу теориясы және элита теориясы.

Идеологияны адамдар өздерінің шын мақсаттарын бүркемелеу үшін пайдаланады. Идеологиялық бүркемелеуді Парето деривация терминімен белгіледі.

Деривация төрт сыныпқа бөлінеді. Бірінші сынып бір нәрсені абсолютті шындық ретінде көрсету, яғни бұған шәк келтіруге болмайды. Бұлар соңынан идеологиялық догмаға айналады.

Екінші сынып, белгілі бір беделге ысырыла салады. Әдетте өзінен анықтау мүмкін емес беделдер алынады.

Үшінші сыныпты қоғамдық сезімдер мен пікірге иек арту құрайды. Соңынан адамдар өздері осыны қалады делінеді.

Төртінші сыныпты тек қана жалаң сөздерге негізделген дәлелдер құрайды. Мұндай жағдайда адам басқаларды сендіре білетін, шешен болса жетіп жатыр. Себебі идеологияны ғылыми сұрыптау мүмкін емес.

Адамдар өз табиғатынан барлық қасиеттері бойынша тең болып жаратылмайды. Ерекше қасиеттерді иеленген адамдар тобы басқалардан жоғары тұрады. Бұларды Парето элита деп атады.

Элита екі топқа бөлінеді. Бірінші топ тікелей немесе жанама түрде қоғамды басқаруға қатысады. Екінші топ өнер мен ғылымда қалыптасады.

Элита өзгеріске түсіп отырады, яғни төменнен талантты адамдар келеді және кейбір элита мүшелері төменге түсіп кетуі мүмкін.

Басқару үрдісіне қатысатын элита әлсін-әлсін ауысып отырады. Парето бір-бірін алмастырып отыратын екі элитаны «арыстандар» мен «түлкілер» деп атады. «Арыстандар» қатал, шешімкер басқарушылар. Қоғам олардың басқаруынан шаршаған кезде, орнына «түлкілер» келеді. «Түлкілер» жұмсақ, ымыраға келуге бейім басшылар.

Паретоның әлеуметтік тұжырымы пессимизмге толы. Ол қоғам дамуын қылмыс, зорлық, алдау, билікке талас, қастандық, арсыздық қасиеттерімен сипаттады. Адамгершілік, оның ойынша алдамшы қиял ғана. Себебі қоғам дамуы өз билігін сақтап қалу үшін аяусыз күресетін, арсыз саясатшылар қолында.


  1. Формалды әлеуметтану

Вильгельм Дильтей (1833-1911). Еңбектері: «Рухтар туралы ғылымға кіріспе».

Басқа адамдар мен басқа кезеңдерді түсіну үшін соларға қатысты жазба құжаттарды зерттеу қажет.

Барлық қоғамдық даму кезеңдерінің негізгі нұсқасы – жеке адам, даралық.

Жеке сана – тарихи сана - сезімнің бастамасы.

Дильтейдің пікірінше топтар, саяси партиялар мен мемлекет шығуы әртүрлі психикалық күштер әсерінен болды. Бұл күштер ішінде ерік ерекше орын алады.

Қоғамның әлеуметтік құрылымы адамдардың ғана ерекшеліктерімен туындайды.

Әлеуметтік білімнің екі маңызды құрамдас бөлігі бар: 1) нақты қоғамдық-тарихи білім, 2) жеке-құндылықтық білім.

Георг Зиммель (1858-1918). Зиммель қала, отбасы, жыныстық қарым-қатынас, әлеуметтік жіктелу, билік, әлеуметтік егес мәселелерін зерттеді.

Оның пікірінше әлеуметтану қоғамдағы ұсақ үрдістерді зерттеуі қажет. Себебі маңызды қоғамдық құрылымдарды осылар құрайды. Ұсақ үрдістер (микропроцессы) – бұл күнделікті әлеуметтік қарым-қатынастар мен оқиғалар. Әлеуметтану әлеуметтік теория мен әлеуметтік метафизикаға бөлінеді.

Әлеуметтік теорияның зерттеу пәні әлеуметтік нысандар мен мазмұн болып табылады.

Әлеуметтік метафизика жекелеген зерттеулерден құралады.

Әлеуметтік нысан атқаратын мақсаттар мыналар: 1) нысан бірнеше мазмұнды біріктіріп біртұтас жүйеге айналдырады, 2) біртұтас жүйеге айналған бұлар әлеуметтік өмірдегі басқа мазмұндардан алшақтайды, 3) нысан мазмұнды түсінуге мүмкіндік беретін құрылымдық сипатқа түсіреді.

Зиммель әлеуметтік нысандарды жүйелеп, оларды бірнеше топтарға бөлді.

1) Әлеуметтік өмір нысандары: үстемдік, бағыныштылық, бақталас, еңбек бөлінісі, ұйымдар құру және т.б. бұл нысандар адамдар топтары арасындағы қарым-қатынастарда көрініс табады.

2) Әлеуметтік түр. Адам әлеуметтік қарым-қатынастар барысында әртүрлі сапалар жиынтығы әлеуметтік түрді қалыптастырады.

3) Келесі әлеуметтік нысан – бұл даму үрдісі. Даму үрдісі жеке-даралық жауапкершілік пен мінез-құлықты қалыптастырды. Адамзат дамуы барысында қандас-туыстың ұйымдастыру азаматтық қоғаммен алмастырылды. Ал азаматтық қоғам адамнан жеке жауапкершілікті талап етеді.

Кез-келген адамдар тобының біртұтастығы жеке жауапкершілікке байланысты.

Зиммель ақшаның әлеуметтік қызметін зерттеумен айналысты. Оның «Ақша философиясы» атты еңбегі бар. Ақшаның пайда болуы жеке адам бостандығының дамуына, әлеуметтік топтардың динамикалық дамуына, азаматтық қоғам қалыптасуына үлкен әсер етті.

Зиммель тұжырымының негізгі ұғымдары ақылдың дамуы мен ақшаның пайда болуы. Зиммельдің пікірінше бұл екеуі не өзіндік сана, не өзіндік мінезге тән емес. Бұлар кез-келген ахуалға, кез-келген құндылыққа бейімделіп кете алады.


жүктеу 3,67 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау