12. Әлеуметтену (социализация)
Түсінігі
Әлеуметтену - әлеуметтік ролдер мен мәдени нормаларды игеру үрдісі. Бұл үрдіс адамның жеке, даралық бейнесін қалыптастырады.
Әлеуметтену үрдісі адамның басты өмірлік айналымын (цикл) қамтиды. Бұлар балалық шақ, жасөспірім, есею кезеңі және қарттық.
Әлеуметтену үрдісінің қорытындысына орай бастапқы және ересек әлеуметтену кезеңдері бөлінеді.
Әлеуметтену үрдісіне адаптация, оқыту, тәрбиелеу, өсу және есею үлкен әсер етеді. Адаптация – уақыты шектелген, жаңа жағдайға бейімделу үрдісі. Оқыту – жаңа білім алу. Тәрбиелеу – жеке адам мінез-құлқы мен санасына мақсатты әсер ету. Есею – адамның 10-20 жас аралығындағы әлеуметтік-саналық қалыптасуы. Өсу – адам денесінің физиологиялық қалыптасуы.
Социобиологиялық зерттеулер аумағында фералды адамдар түсінігі бар. Бұндай адамдар әлеуметтік оқшаулану (изоляция) кесірінен пайда болады. Бұлар әлеуметтенудің бастапқы кезеңінде әлеуметтік ортадан әртүрлі себептер кесірінен оқшауланып қалған адамдар. Фералды адамдар қоғамның толыққанды мүшесі бола алмайды.
Оқыту – бір жақты эволюциялық үрдіс, яғни тек үлкендер ғана кішілерді оқыта алады. Қазіргі заманда білім өте үлкен жылдамдықпен дамып келеді, ал адамның физиологиялық ерекшелігі өте аз өзгеріске түсіп отыр. Бұл мәселе қазіргі социологтар, психологтар арасында үлкен зерттеуді талап етіп отыр.
Адам өз ортасында сөйлей білуге, мінез-құлық ережелеріне, әдет, салт-дәстүрге, ойлай білуге, мәдени ережелерге үйренеді. Мұның барлығы әлеуметтену үрдісін құрайды.
Әлеуметтік «мен» түсінігінің құрылымдалуы
Әлеуметтену үрдісінде бір әлеуметтік топтың басқаларды, жеке адамды өмір сүруге үйретуі әлеуметтік «мен» түсінігінің құрылымдалуына әкеледі.
Адам өте әмбебап әлеуметтік құрылымға ие. Адам баласына өте күрделі әлеуметтік құрылым шындығынан өтуге тура келеді.
Адам өмір бойына өз әлеуметтік орнын алып, оны ұстап тұруға тырысады. Сол себепті әлеуметтену бүкіл өмір бойына созылатын үрдіске айналады.
Ересек адамдардың барлығында дерлік өз «әлеуметтік үйі», яғни қоғамдық жүйеде өз тұрақты орны бар. Оны мәртебе, кәсіп, қызмет, әлеуметтік рол айқындайды. Ең бастысы «әлеуметтік үй» адамға тәуелсіздік, еркіндік, алдағы күнге деген сенім береді. Ал бала немесе жасөспірімнің қоғамда өз орны, яғни өз «әлеуметтік үйі» жоқ, сол себепті олар ата-аналарына, айналасындағы әлеуметтік ортаға тәуелді.
Алдымен саяси (төлқұжат алу, дауыс беру, сайлау құқығын алу), соңынан экономикалық (мыс., жұмысқа тұру) және әлеуметтік (некеге тұру, отбасын құру) тәуелсіздік алу әлеуметтенудің бастапқы және ересек кезеңдері араларындағы сапалық шекараның өтуін белгілейді.
Әлеуметтену – жеке адамның даралық ретінде қалыптасуы. Бастапқы балалық кезеңде, әдетте 2-5 жас аралығы, адамда жеке, даралық сезімі болмайды. Соңынан қарапайым түсініктерді игеру, әріптер танып, оқу - бірте-бірте бала бойында даралық сезімін қалыптастыра бастайды.
Кішкене бала тыңдамаған кезде, бұл оның қарсылық сезімі емес, ол тек өз еркіндігін, шеңберін мөлшерлеп отырады. Ал қарсылық ересек жастағы балаға тән сезім. Егер жасөспірім отбасылық, қоғамдық құндылықтарға күмән келтіріп, қарсылық көрсете бастаса оның өзіндік «мен» ұғымының қалыптасқандығының белгісі. Әр адам бойында, оның «мен» деген даралық сезімі әр түрлі жаста қалыптасады.
Әлеуметтік «мен» түсінігінің қалыптасуы – бұл адамның өз ортасымен қарым-қатынасқа түсуі, бұл адамның өз әлеуметтік орнын іздеуі. Бұл үрдіс нәтижесінде – жеке, даралық қалыптасады. Осымен әлеуметтенудің бастапқы кезеңі аяқталып, ересек әлеуметтену кезеңі басталады.
Әлеуметтену үрдісіне оқыту, тәрбиелеу және адамның өз талабымен игеру үлкен әсер етеді. Барлық адамдардың білім алуына мүмкіндік жасауға адамзаттың тек XX ғ. ғана қолы жете бастады. Жалпыға бірдей орта білім – біздің заманымыздың ең ұлы жетістігі. Дамыған мемлекеттер өз ұлттық кірісінің 1/3 білім беруге шығындайды.
Әлеуметтену тек білім берумен шектелмейді. Себебі білім адамды тек теориялық, техникалық жетістікке жеткізеді. Ал қалған өмірге қажетті икемділікті тәжірибе береді. Тәжірибе тәрбиелеу арқасында жинақталады. Мыс., ешқандай университет өте талантты менеджер, кәсіпкер жасап шығара алмайды, ол жастардың бәріне бірдей білім береді. Ал соңынан кім қандай ортаға түссе, сондай маман ретінде тәрбиеленіп шығады.
Сонымен қатар әлеуметтену үрдісінде адамның өз талпынысымен игеруінің мәні де өте зор. Егер адам өзі талпынбаса не білім, не тәрбие, одан жақсы отбасы иесі, адал іскер дос қалыптастыра алмайды. Адам қашан бұл дүниеден кеткенше өмірге деген көзқарасын, әдетін, мінезін өзгертіп отырады. Адам қартайған сайын оқу мен тәрбиеден гөрі өз жеке талабының, талпынысының мәні арта түседі.
Сол себепті де социологтар әлеуметтену үрдісін адамның бүкіл ғұмыр бойына созылатын үрдіс деп атайды. Сонымен қатар әлеуметтенуді жасанды басқаруға болмайды, бұл таза табиғи үрдіс.
Социологтар адамның жеке, даралық бейнесінің 70% жасөспірім шаққа дейін қалыптасатынын мойындайды, сол себепті де оқу мен тәрбиенің мәні зор. Бірақ бұл әлеуметтену үрдісін басқару емес.
Әлеуметтену агенттері мен институттары
Адамның өзінің бастапқы қалыптасу кезеңінде басқалардың көмегіне мұқтаж болады. Осы көмек берушілер әлеуметтену агенттері мен институттары деп алады.
Әлеуметтену агенттері – бұлар мәдени нормалар мен әлеуметтік ролдердің дұрыс игеруіне жауапты нақты адамдар.
Әлеуметтену институттары – бұл әлеуметтену үрдісіне бағыт беретін, оған әсер ететін ұйымдар.
Әлеуметтену агенттері мен институттары бастапқы, қосымша болып жіктеледі. Әлеуметтенудің бастапқы агенттері – ата-анасы, аға-апалары, басқа да қандас туыстары, достары, мұғалім, дәрігер және т.б. адамның жақын айналасын құрайтын орта.
Әлеуметтену қосымша агенттеріне мектеп, университет, кәсіпорын әкімшіліктері, әскер, полиция, діни ұйым, партия, БАҚ және т.б. өкілдері, яғни адамға сырттай әсер етушілер жатады.
Әлеуметтенудің қосымша агенттерінің әсері бастапқы кезеңде әлсіз болғанымен, ересек кезеңге ауысқан кезде өте күшейеді.
Әлеуметтену институттары осы агенттердің ұйымдық құрылымдалуы. Мыс., мектеп әлеуметтенудің бастапқы институты, ал нақты бір мұғалім бастапқы агент.
Әлеуметтенудің қосымша агенттері мен институттары адамның ересек ғұмырын толық қамтиды.
Әлеуметтенудің бастапқы агенттері ішінде әке-шеше мен құрдастар үлкен рол атқарады. Әдетте бұлар бір-біріне қарама-қарсы позицияда болады. Ата-анасы ұнатпаған нәрсені құрдастары қолдайды немесе керісінше. Бала дамуында құрдастар оның тәуелді жағдайдан әлеуметтік тәуелсіздікке өтуіне көмектеседі.
Әлеуметтенудің бастапқы агенттері бір-бірімен тығыз байланыста болса, қосымша агенттер мүлдем байланыссыз болады. Әлеуметтенудің қосымша агенттерінің әрқайсысына адам жеке-жеке шығады.
Бастапқы агенттер адамға шын көңілдерімен тегін көмек көрсетсе, қосымша агенттер өз әлеуметтік ролдері үшін қоғамнан ақы алады.
Де-әлеуметтену мен ре-әлеуметтену
Бұлар әлеуметтену үрдісінің ересек кезеңіне тән құбылыстар. Әлеуметтену үрдісі адамның басты өмір айналымымен (цикл) байланысты. Мысалы, оқуға түсу (жастық), үйлену (отбасылық), жұмысқа кіру (кәсіби), зейнетке шығу (қарттық). Әрбір өмір айналымы жаңа әлеуметтік рөл, әдет, жаңа орта, достар, өмір үлгісінің өзгеруіне әкеледі.
Сонымен қатар адам белгілі бір себептер әсерінен, мыс., бас бостандығынан айырылу, қалыпты өмір айналымынан түсіп қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда де-әлеуметтену және ре-әлеуметтену құбылыстары басталады.
Де-әлеуметтену – ескі құндылықтар, рөлдер, нормалар мен мінез-құлық ережелерінен бас тарту, оқшаулану.
Ре-әлеуметтену – осыдан соң өзіне бұрын тән емес жаңа құндылықтар, рөлдер, нормалар мен мінез-құлық ережелерін игере бастау.
Әдетте бұлар адам санасы мен өміріне өте терең өзгерістер әкеледі, адам мүлде басқаға айналады.
Американдық социолог Ирвинг Гоффман бұл құбылыстардың пайда болуына әкелетін белгілерді көрсетті:
- сыртқы ортадан оқшаулану (темір тор, биік қабырға);
- бір адамдарды сәт сайын көріп, тек солармен ғана қатынаста болу;
- киіміндегі бұрынғы сәйкестікті жоғалту (арнайы, бәріне бірдей киім);
- өз жеке атының номерге айналуы;
- жеке белгісі жоқ, сұр топтың ортасында қалу;
- бұрынғы түсініктерінің, әдеттерінің, мінез-құлқының өз құнын жоғалтуы;
- іс-әрекет еркіндігін жоғалту.
Бұлар адамның адамгершілік, құлықтық (мораль) жабайылануына (деградация) әкеледі. Сондықтан өркениетті елдерде адам жазаға тартылғанның өзінде де оның үйреншікті ортасының кейбір элементтері қалыпқа келтіріледі. Мыс., өз жерінде қамау, туыстарымен үздіксіз байланыста болу, үйіне жіберіп тұру және т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |