ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНА ИНФОРМАТИКАНЫ ОҚЫТУДЫҢ ӘДІСТЕМЕЛІК НЕГІЗДЕРІ
Ақпараттық жаңа дәуір - өзінің көптеген адам сенгісіз жаңалықтарымен, күннен күнге толассыз ағылған ақпараттарымен бүкіл әлемді таң қалдыруда. Мұндай жаңалықтардың туындауының қайнар көзі - әрине ғылымның жылдам дамуынан болып отыр.
Қоғамымыздың кез-келген саласы – өз бағытында жаңа ғасырда жаңаша өмір сүруге тырысып бағуда. Ал, қоғамымызды алға жетелейтін жетекші орындардың бірі – білім саласына келер болсақ, мұның жөні бір басқа.
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында: «Еңбек нарығының, еліміздің индустриялық - инновациялық даму міндеттері мен жеке тұлғаның қажеттіліктерін қанағаттандыратын және білім беру саласында үздік әлемдік тәжірибелерге сай келетін жоғары білім саласының жоғары деңгейіне қол жеткізу кәсіби міндеттерін дербес әрі шығармашылық тұрғыдан шешуге, кәсіби құзіретті жеке тұлғаны, бәсекеге қабілетті маманды қалыптастыруды қамтамасыз ететін білім беруді басқарудың тиімді жүйесі құрылатын болады...» деп атап көрсетілген [1].
Ал, Қазақстан Республикасының 2015-жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында: «Оқу үрдісіне педагогикалық және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды кеңінен пайдалану – жалпы білім беруді дамытудың басты бағыттарының бірі» делінген [2].
Мемлекеттік бағдарлама мен білім беруді дамыту тұжырымдамасын жүзеге асырудың көздеген мақсаты – білім берудің дәстүрлі қалыптасқан жүйесін, әдістері мен технологиясын қайта қарауды талап етуде. Бұл үдеріс білімнің жаңа аймақтарына енудің қажеттілігі мен оны жеке тұлғаның толық көлемде меңгеруінің қиыншылықтары арасындағы қарама-қайшылықтары ретінде белең алып отыр. Бұл қарама-қайшылықтарды жою үшін білім беру саясатының төмендегіше өзекті мәселелері туындайды:
бүгінгі әлемдік білім беру кеңістігіне сай білім беру үшін – кәсіптік бағытта мамандар даярлаудың сапасын жақсарту;
біліммен қамтамасыз етудің ғылыми-әдістемелік жүйесін түбегейлі жаңарту;
оқытудың формалары мен әдістерінің түрлерін өзгерту;
алдыңғы қатарлы оқу-тәрбие жұмыстары бойынша жинақталған тәжірибелер мен қазіргі қоғамның сұраныстарының алшақтығын жою;
білімдегі жаңашылдықты саралау мен қалыптастыруға жол ашу;
білімді жетілдіру үдерісіндегі үздіксіздікті қамтамасыз етудің ролін арттыру;
қазіргі заман техникасы мен технологиясын жоғары деңгейде қолдана білуді игерудің қажеттілігі.
Ендігі жерде, жоғарыда аталған маңызды мәселелерді зерттеуге және оның оңтайлы шешімін табуға арналған Кеңестік кезеңдегі ТМД мемлекеттері ғалымдары мен отандық ғалымдардың зерттеу жұмыстарына қысқаша тоқталып өтелік.
Білім беру жүйесінде педагогикалық технология мен оқытудың жаңа технологиясын зерттеу мәселелерін В.П. Беспалько, М.В. Кларин, В.Н. Монахов, И.Я. Лернер, Қ. Қабдықайыров, Ж. Қараев және т.б. ғалымдар теориялық тұрғыда қарастырса, Л.В. Нефедова, М.В. Николаева, Т.А. Лавина, Г.Г. Брусницына, Г.К. Нургалиева, Г.Д. Жангисина және т.б. өз зерттеулерін оқытушыларды заман талабына сай жаңа ақпараттық және педагогикалық технологияларды қолдана білуге даярлау мәселесіне арнады.
Әртүрлі бағыттағы информатика курстарын жоғары оқуорындарында оқыту әдістемелері М.П. Лапчик, А.А. Абдукадыров, Е.Ы. Бидайбеков, С.А. Азаматов, Қ.А. Камардинов, Б. Бөрібаев, Қ.С.Әбдиев, К.М. Каримов зерттеулерінде, ал оқыту технологияларының жүктемесі мен пайдалану жолдары А.В. Соловов, А.Я. Савельев, О.П. Околелов және Ш.М. Каланованың еңбектерінде баяндалған.
Жоғары оқу орындарында информатика пәнін оқытудың теориялық және әдістемелік негіздерін қалыптастыруға арналған бірқатар ғалымдардың еңбектері жарық көрді. Атап айтар болсақ: Е.Ы. Бидайбеков – информатикамен ұштасқан кәсіби бағыт мамандарын информатикаға оқытудың әдістемелік жүйесін жетілдіруге, С. Қариев – жалпы білім беретін орта білім беру саласында информатиканы оқытуды жетілдіруге, Б. Бекзатов жоғары оқу орындарында информатика мен экономиканы біріктіріп оқыту жүйесін жетілдіруді, В.В. Гришкун – мәліметтердің иерархиялық құрылымдары негізінде компьютерлендірілген оқытуды ұйымдастыру бағытында жан-жақты зерттеулер жүргізді.
Көптеген қазақстандық ғалымдар компьютерлік оқыту мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Мысалы, Ж.А. Қараев оқытудың компьютерлік технологияларын пайдалану жағдайында білімгерлердың танымдық белсенділігін арттыру, А.Ә. Шәріпбаев компьютерлердің бағдарламалық және ақпараттық құралдарының дұрыстығын дәлелдеу, С.М. Кеңесбаев болашақ оқытушылардың жаңа ақпараттық технологияны пайдалана білу мәселелерін, М.Ф. Баймұхамедов компьютерлік оқытудың бейімделген технологиясын құрастырудың модельдерін, әдістері мен құралдарын жасау мәселелерін жетілдіру туралы қарастырған.
Жоғарыда аталған жұмыстар, еліміздің жоғары оқу орындарында информатика пәнін оқытудың теориялық және әдістемелік негізлерін ғылыми тұрғыда қалауға мүмкіндіктер туғызды. Бірақ, жоғарыда аталған зерттеулер бойынша жоғары оқу орындарында информатиканы соңғы типтегі ақпараттық технологиялар негізінде оқыту бойынша осы күнге дейін белгілі бір ғылыми-әдістемелік негізде қалыптасқан оқыту жүйесі жасалған жоқ деуге болады.
Сондықтан, біздің зерттеу жұмысымыз осындай мәселелерді шешудің бірден бір жолы ретінде - информатика пәнін жоғары оқу орындарында оқытудың бір жүйеге келтірілген әдістемелік негіздемесін жасауға арналады.
«Информатика» пәні жоғары оқу орындарының барлық мамандықтарына оқытылады, өйткені, бұл пәнді меңгермейінше ешқандай жұмыс жасау мүмкін болмай қалды. Ал, жоғары оқу орындарында мемлекеттік білім беру стандарттарына сәйкес «информатиканы оқыту әдістемесі» немесе «информатиканы оқытудың теориясы мен әдістемесі» пәні орта мектептегі информатиканы қалай оқытуға арналған.
Біздің зерттеу жұмысымыз – жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру және мамандарды қайта даярлай институттарында білім алатын магистранттар мен докторанттарға информатиканы қалай жүргізуге болады?, Оның бакалавриаттарға оқытылатын информатикадан айырмашылықтары неде?, Информатиканы оқыту әдістемесінің ғылыми тұрғыда негізделген тұжырымдамаларын қалай жасауға болады?, Заман талабына сай «кешенді әдістемелік жүйені» – қалай қалыптастыруға болады? - деген сияқты мәселелерді қамтиды. Мұндай мәселелердің шешімін табу үшін, біз І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетіне қарасты, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру және мамандарды қайта даярлай институтының –магистратура бөлімінің ғылыми бағыттағы 6M0111000 – Информатика мамандықтарына «Жоғары оқу орындарында информатиканы оқыту әдістемесі» курсын таңдау пәні ретінде енгіздік.
Біздегі оқу үрдісі кредиттік технология жүйесі бойынша оқытылатын болғандықтан, аталған пән бойынша «оқу-жұмыстық бағдарлама» жасалып, университеттің ғылыми Кеңесінің шешімімен бекітілді. Жұмыстық бағдарлама негізінде жоғары оқу орындарында информатиканы оқыту әдістемесі модулінің оқу - әдістемелік кешені ретінде силлабус жасалды. Силлабус әдеттегіше: күнтізбелік-тақырыптық жоспардан, дәрістік және практикалық сабақтардың мазмұнынан, магистранттардың оқытушылармен орындайтын өздік жұмысының (МОӨЖ) тапсырмаларынан, дәрістер кешені топтамасынан, іс-тәжірибелік сабақтар мен магистранттардың өздік жұмыстарына әдістемелік нұсқаулардан, магистранттардың өздік жұмысының (МӨЖ) күнтізбелік - тақырыптық жоспарынан, қолданылған негізгі жіне қосымша әдебиеттер тізімімен сабақ өткізетін арнайы аудиториялар, кабинеттер және зертханалардың нөмірі көрсетілген тізімнен тұрады.
Өткен жылы біз зерттеу жұмысының теориялық негіздемелерін қамтитын дәрістер топтамасынан тұратын 6M0111000 – Информатика мамандығының магистранттары мен докторанттарға және жоғары оқу орындары оқытушыларына арналған Н.С Ермековамен авторлық бірлестікте «Жоғары оқу орындарында информатиканы оқыту әдістемесі» - деп аталатын оқу құралын баспадан шығардық.
Зерттеу жұмысымыздың бұл бөлімінің мазмұны төмендегі мағлұматтарды қамтыды:
жоғарғы оқу орындарында информатиканы оқыту әдістемесі пәнінің мақсаты мен міндеттері, бағыттары және мазмұндық құрылымы;
жоғары оқу орындарына жаңаша тұрғыда қалыптасқан мамандар дайындау мәселелері;
бiлiм беру қызметкерлерiнiң ақпараттық технологияны қолдану саласы бойынша бiлiктiлiгiн көтеріп дамытудың негiзгi жолдары;
ақпараттық-коммуникациялық технологияны қолдану бойынша педагог мамандардың біліктілігін арттырудың дидактикалық негіздері;
қашықтан оқытудың білім саласындағы рөлі;
қашықтықтан оқытуды ұйымдастырудың теориялық негіздері және технологиялары;
электрондық оқулықтар мен интерактивті оқытуды оқу үрдісіне ендіре отырып, оның тиімділігін анықтау;
Қазақстан республикасының қашықтықтық нысаны бойынша оқытуды ұйымдастыру ережелері;
білім беретін порталды жоғары білім беретін ақпараттық орта ретінде қолданудың негізгі мүмкіндіктері;
білім беру жүйесіндегі АКТ-ның алатын орны мен ролін анықтау;
педагог мамандардың біліктілігін ақпараттық-коммуникациялық технологияның мүмкіндіктерін қолдану негізінде, озық ғылыми – әдістемелік жүйе құру және т.б. [3].
ҚР Ұлттық академиясының Академигі К.Нәрібаев «Жоғары білім беруді қалыптастырудың ғылыми және нормативтік-құқықтық негіздері» жөніндегі баяндамасында білім берудің ұлттық моделін жасау мен ұлттық жүйесін қалыптастыру жөнінде өзінің құнды пікірлерін ұсынады [4].
Білім берудің ұлттық моделін жасау мен ұлттық жүйесін қалыптастыру үшін алдымен ақпараттану пәнін оқытуға негізделген білім беру стандартына жаңаша жаңа ақпараттық технологияның соңғы мүмкіндіктерін қамтитын типтік бағдарламаларды мамандықтарға қаншалықты сәйкестігін анықтау қажет. Әрбір мамандық бойынша оқытылатын ақпараттану курсына сол мамандық бойынша берілетін мағлұматтар кем дегенде 70 пайызын құрағаны жөн секілді.
Жоғары оқу орындарында ХХІ ғасырға негізделген жаңаша білім беру жүйесінің қалыптасуы үшін келесі тұжырымдар жасалды:
Ақпараттану пәнін жоғары оқу орындарында кәсіби мамандықтарға бағыттап оқытудағы ерекшеліктерін айқындау;
ақпараттану пәнін кәсіби бағытта оқытуға арналған типтік бағдарламаларды әрбір мамандыққа сәйкес жетілдірілген түрде толықтырып қайта жасау және оның мазмұнын сарапқа салып, талдау;
типтік бағдарламаларды мамандықтар бойынша жіктеу, араларын жіктеп ашу немесе айырмашылықтарын, ұқсастықтарын көрсету;
ақпараттану пәнінде қарастырылатын ішкі тақырыптық мағлұматтарды типтік бағдарламалар сәйкестендіру;
«Информатика» терминін ұлттық тілде «ақпараттану» деп аталатын пәнге түпкілікті жаппай ауыстыру қажеттілігін жүзеге асыру қажет.
Жоғарыда аталған мәселелерді негізге ала отырып, егемен еліміздің жоғары оқу орындарындағы қалыптасқан іс-тәжірибелерді және педагогикалық саладағы жол беріліп отырған нақтылы кемшіліктер мен фактілерді ескерсек, қазіргі замағы педагогика ғылымының теориясы мен әдіснамасына талдау жасау нәтижесіңде, білім берудің жоғары оқу орындарындағы даму тенденцияларын анықтап, оқытудың қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық ахуалға сәйкес моделін құрастыруға болады, бүгінде оның алғы шарты жасалды.
Сонымен Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігінің «Білім туралы» тұжырымдамалары мен республикамыздың Ата заңында қарастырылатын «Білім туралы» заңдылықтарына сүйене отырып, келешекте жоғарыда аталған мәселелер ғылыми тұрғыда негізделіп - тиімді шешімдерін тапса екен деген тілек білдіреміз.
ҚОЛДЫНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы. Астана, 2010 ж.
Қазақстан Республикасының 2015- жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы. Астана, 2004 ж.
Байғожанова Д.С., Ермекова Н.С. Жоғары оқу орындарында информатиканы оқыту әдістемесі: оқу құралы. – Талдықорған: ЖМУ, 2012. -113 б.
Нарибаев К. Научные и нормативные основы реформирования высшего образования. //Білім-Образование ғылыми - педагогикалық журналы. – Алматы: ЖШС «Сигнет Принт», 2008, №1(37).
Достарыңызбен бөлісу: |