Ұсынылған әдебиеттер тiзiмi:
Негiзгi:
1 Вахитова Р.З., Найманов Д.К., Тулеубаев Т.Т. Животноводство. Учебное
пособие для начинающих курс «Животноводство». Костанай, 2005г. стр.4-10
2 Красота В.Ф. и др. Разведение сельскохозяйственных животных. М.:
Агропромиздат, 1990.
3 Найманов Д.К., Попов В.П. Методы повышения продуктивности крупного
рогатого скота Северного Казахстана. Костанай 1998 г.
Қосымша:
23 Куликов В.М. и др. Общая зоотехния. – М.: Колос, 1976.
Бақылау сұрақтары:
1. Мал өсiрудiң негiзiгi әдiстерi қандай? 2. Таза қанды мал өсiру дегенiмiз не?
3.Будандастыру дегенiмiз не? 4. Гибридтеу дегенiмiз не? 5. Асылдандыру жұмысы қайда жүргiзiледi?
Тақырып 7 Азықтандырудың теориялық негiздерi
Мақсаты: Малдарды азықтандырудың негiздерiне сипаттама беру
Жоспар: 1 Кiрiспе.
2 Азықтардың химиялық құрамы.
3 Азықтардың химиялық құрамына әсер ететiн факторлар.
4 Азықтардың жалпы құнарлығын бағалау.
Кiрiспе. Мал өнімділігінің төмендеуінің басты себебі – азық базасының әлсіздігі, балансталған азық мәзірлерінің болмауы, азықтардың сапасыздығы және ағзаның ақуыздағы жоғары қажеттілігі болып табылады. Аталған кемшіліктердің статистикалық мәліметтерін сандық көрсеткіштермен дәлелдеудің мүмкіндігі тумай отыр. Ол азық өндiруге жұмсалатын шығындар нормасының өнім өндiруге жұмсалатын шығындардан төмен екендігіне байланысты. Республика бойынша шаруашылықтардың сүрлемдік және пішендемелік ғимараттармен жабдықталу дәрежесі барлығы 35%, ал шөп сақтайтын қоймалары небәрi 2% құрайды. Осындай кемшіліктерді жоймай, өсірілген азықтардың жоғары сіңімділігін сақтап қалу мүмкін емес.
Азықты жұмсаудың негізгі резервіне, оның құрылымы мен қоректік элементтері бойынша балансталуы жатады. Малдардың азық мәзірлерінің негізгі бөлігі концентратталған азықтардан тұрады. Бірақ жұмсалатын концентратталған азықтардың ішінде аралас типті азықтардың салмақтық үлесі 60%-дан кем көлемді құрайды. Малдар жарылмаған, тұтас күйдегi бидай дәндерiмен азықтандырылатындықтан, орта есеппен республикада 400 мың т. азық өлшемі жоғалтылады. Мұндай азықтандыру кезінде қоректік заттардың 20% мал ағзасына сіңбейді. Оның негізгі себебі – республикадағы құрама жем өнеркәсібінің жеткілікті дәрежеде дамымауы.
Азықтардағы астықтың үлесін 12%-ға дейін төмендетіп, жүгерінің салмақтық үлесін 19,5%-ға, астық пен бұршақ қоспасының үлесін 2,7%-ға, арпаны 60%-ға дейін арттыру қажет.
Құрама жем өнеркәсібінің дамуы ақуыз-дәрумендік қоспалар, құрғақ ашытқылар, шөп ұны, кебек, құрғақ жом, күнжара, құрғақ барда сияқты астыққа жатпайтын азықтардың орнын толтыруға мүмкіндік береді. Ал құрама жемдегі олардың үлесі 15-18% құрайды. Азықтардың құрамындағы бұлардың салмақтық үлесін 40-45%-ға дейін арттырған жөн. Құрама жемдер мен қоспалар биологиялық белсендi заттармен, дәрумендермен, синтетикалық амин қышқылдарымен, макро және микроэлементтермен байытылса, олардың құндылығы арта түседі.
Азықтардың химиялық құрамы. Кез келген азықтың қоректілігі оның химиялық құрамына тәуелді. Мал ағзасы мен олар тұтынатын азықтардың құрамы бірдей химиялық қосылыстардан тұратыны белгілі.
Кез келген азықтың құрамы су мен құрғақ заттан тұрады. Жем-шөп құрамындағы судың мөлшерін анықтау үшін оны арнайы кептіру шкафында алдымен 60-650С температурада, кейін 100-1050С температурада біркелкі салмаққа дейін кептіреді. Әр түрлі жем-шөп құрамындағы судың мөлшері бірдей емес және бұл көрсеткіш 1,5-тен 95%-ға дейін ауытқиды. Азық құрамында су неғұрлым көп болса, соғұрлым оның қоректілігі төмен болып, оны сақтау қиынға түседі.
Су малдың ағзасында маңызды роль атқарады. Су азықпен түскен қоректік заттарды ерітеді, осмостық қысымның деңгейін бір қалыпты деңгейде ұстап тұрады, термореттеуге әсер етеді және бездердің секреторлық қызметін реттейдi.
Жас малдың жасы артқан сайын, оның ағзасындағы судың құрамы (75%) да кеми бастайды. Әр түрлi азықтардағы судың құрамы бірдей емес: пішен, сабан, астықта - 15%, көк азықтар мен сүрлемде – 60-85%, сулы азықтарда (жом, барда) - 95%.
Азықтың құрғақ заты органикалық немесе жанатын және минералды заттар мен күлден тұратын неорганикалық бөліктерден тұрады. Минералдық бөлігіне макро- (Са, Р, К, Na, Mg, S, CI ) және микроэлементтер (Fe, Co, Zn, Mn, I және т.б ) енедi.
Минералды заттар сүйек ұлпасының қалыптасуына қатысады. Сүйек ұлпасындағы Са құрамы 99%-ға, ал Р құрамы 80-85%-ға жетеді. Ал басқа ұлпалардағы үлесі 21% құрайды. Бұл элементтер жетіспесе ағзаның өсуі тежеліп, жас малдар рахитке, ал сақа малдар остеомаляцияға (сүйектердің жұмсаруы) ұшырайды. Ағзаның бұл элементтердегі аса қажеттілігі буаздық пен лактация кезеңінде арта түседі.
Са - бұршақ шөптерінде (әсіресе жапырақтарында), ет-сүйек және шөп ұнында көп болады. Жануар тектес азықтар (балық және ет-сүйек ұны), жмых, кебек, сапалы пішен Р-ға өте бай.
Натрий, хлор және калий. Бұл элементтердің жетіспеуінен малдың тәбеті бұзылып, жас мал ағзасының өсуі тежеледі және өнімділігі төмендейді. Өсімдік тектес азықтарда бұл элементтердің көлемі аз болатындықтан, малға қосымша тұз жалатады. Калий өсімдіктердің жасуша протоплазмасында шоғырланады. Натрий ағзада жаңа ұлпалар құрастырушы элемент болып табылады. Хлор – ағзадағы сұйықтардың маңызды анионы. Оның дені (60% дейін) теріде болады. Хлордың жетіспеуінен асқазандағы тұз қышқылының түзілуі әлсіреп, қарын сөлінің бөлінуі нашарлайды, асқорыту барысы бұзылады. Натрийдің калийге қатынасы 1:3 құрауы керек.
Темір - гемоглобиннің негізгі құраушы элементіне жатады. Темір жетіспесе, қан құрамындағы эритроциттердің түзілуі нашарлап, олардың негізгі қызметі – жасушалық метаболизмді оттегімен қамтамасыз етуі әлсірейді. Соның әсерінен мал анемия ауруына ұшырайды. Темір өсімдіктердің тамырларында, гүлдерінде және жапырақтарында мол болады.
Йод - қалқанша безі гормондарының құрамына енеді. Мал азығында йод жетіспесе, олардың өнімділіктері күрт төмендеп, түсік тастау, іштегі төлдің өлуі сияқты құбылыстар жиілейді. Кейбір аймақтарда йодтың жетіспеушілігінен қалқанша безінің ауруы – зоб ауруы дамиды. Бұл аймақтарда азық мәзірлеріне (зоб ауруының алдын алу мақсатымен) калий иодидін қосады.
Кобальт В12 дәруменінің құрамына енетін биогенді белсенді элемент. Бұл элемент жетіспесе ірі қарамал мен қой акобальтоз немесе сухотка ауруына шалдығады. Сондықтан азық құрамының әр кг-да 0,1-0,08 мг кобальт болғанын қадағалау керек.
Марганец тотығу үрдістерін жылдамдатып, сүйектің құрылысына, қанның түзілуіне, ішкі секрецияға ықпалын тигізетін элемент. Бұл элемент жетіспесе малдың өніп-өсуі төмендеп, сүйек құрылысы бұзылады. Жүйке жүйесінің әлсіреуінен атаксия – қимылдың қолапайсыздығы ауруы дамиды. Марганецқа өсімдіктердің жасыл жапырақтары, бидай кебектері, сұлы өте бай. Азықтың құрғақ затының әр кг-да марганецтің мөлшері 11 мг-нан кем болмауы тиіс.
Азықтың минералды қоректілігі элементтердің толық болуымен, олардың бір-біріне қатынасымен және қышқылды-сілтілі тепе-теңдігімен сипатталады. Мысалы, кальцийдің бір салмақтық бөлігіне фосфордың 0,6-0,8 бөлігі келуі тиіс.
Қышқыл (Р, S, CI) және негізгі (Na, K, Ca, Mg) элементтердің бір-біріне қатынасын азық күлі реакциясының көрсеткішімен белгілеу қабылданған. Мал ағзасының ұлпаларында нейтралды ортаға жақын әлсіз сілтілі реакция сақталынады. Сондықтан, мал азықтан қышқылды элементтерге қарағанда, сілтілі элементтерді көп алуы тиіс. Көк, ірі, шырынды азықтардың құрамында - негізгі элементтер, ал астық тұқымдастары мен басқа азықтардың, негізінен тағам өнеркәсібі қалдықтарының құрамында - қышқыл элементтер көп болады.
Құрғақ заттың органикалық бөлігі азотты және азотсыз қосылыстарға бөлінеді.
Азотты қосылыстар – бұл құрамында азоты бар барлық заттардың жиынтығы немесе шикі протеин. Шикі протеиннің құрамына ақуыздар мен амидтер (ақуыздық емес азоттық қосылыстар) енеді. Шикі протеиннің көлемін азық құрамындағы азоттың саны арқылы анықтайды.
Ағзаның өмір сүруі барысында ақуыздардың атқаратын ролі зор. Барлық өмір сүрумен байланысты үрдістер ақуыздардың алмасуына тәуелді. Онсыз ағза өмір сүре алмайды. Ағзаның өмiр сүруi үшiн маңызды амин қышқылдарының толық жиынынан тұратын ақуыздар - толық құнды деп аталады.
Өсiмдiк тектес азықтардың iшiнде бұршақ тұқымдастары протеинге өте бай (25-30% дейiн). Ал астық тұқымдастарда – 10-12%, бұршақ пiшенiнде – 13-15%. Сонымен бiрге күнжара мен шрот протеинге бай азықтардың қатарына жатады (29-39%). Ашытқыларда 44% және одан да жоғары, қан, ет-сүйек және балық ұндарында – 78-43%.
Күйiс қайыратын малдарды азықтандырған уақытта азықтық ақуыздың бiр бөлiгiн (25% дейiн) мочевинамен немесе аммоний тұздарымен ауыстыруға болады. Ағзаға көмiрсулар жеткiлiктi деңгейде түсiп тұрса, месқарын микрофлорасы аммиактың азотынан микробты ақуызды түзе алады.
Азотсыз заттар екi топқа бөлiнедi - майлар және көмiрсулар. Әр түрлi ерiтiндiлермен экстракт жасау (эфир, жанармай т.б) арқылы азық құрамындағы майды анықтайды. Құрамында майдан басқа май қышқылдары, пигменттер, май ерiткiш дәрумендер, балауыз, фосфатидтер, стериндер, эфир майлары болатындықтан, оны шикi май деп атайды. Май қуаттың концентратты көзi болып табылады. Ол жасуша протоплазмасының құрамына енiп, малдың тәбетiн ашады.
Азық құрамындағы май 0-50% аралығында ауытқиды. Iрi және шырынды азықтар (пiшен, сабан, тамыртүйнектiлер) майға бай емес (2,8-ден 0,1-0,2%). Майға бай азықтарға жүгерi дәнi мен қытайбұршақ (соя) жатады (4-тен 15% дейiн).
Көмiрсулар клетчатка мен азотсыз экстрактивтi заттардан (АЭЗ) тұрады. Олардың үлесiне құрғақ заттың 70-80% тиедi.
Клетчатканың ағза үшiн маңызы зор. Клетчатка күйiс қайыратын малдардың месқарнында азықтың қорытылуы мен iшектердiң қызметiн реттеп отырады. Шикi клетчатканың құрамы - оның үлгiсiн зертханада араластырылған күкiрт қышқылымен жарты сағат қайнатып, оны сумен, спиртпен және эфирмен бiртiндеп шаюдан соң ерiмей қалған барлық заттардан тұрады.
Өсiмдiктердiң қартаю дәрежесiне байланысты целлюлозадан басқа (таза клетчатка) клетчатканың, лингин мен басқа да құрылымдық қызмет атқарушы заттардың көлемi артады. Клетчатканы асқазан сөлi ерiте алмайды. Ол күйiс қайыратын малдардың асқазанындағы және жылқы мен шошқаның соқыр iшегiндегi белсендi бактериялардың әсерiнен ыдырайды.
Клетчаткаға бай азықтардың қатарына сабан (40-45%), пiшен (20-30%) және басқа да iрi азықтар жатады. Тамыртүйнектi азықтар мен бақша өсiмдiктерiнде (0,6-2,3%) оның көлемi өте аз. Жануар тектес азықтардың құрамында клетчатка мүлдем болмайды. Құрамында клетчаткасы көп азықтардың қоректiлiгi төмен келедi.
АЭЗ тобына крахмал, қант, органикалық қышқылдар енедi. Басқаларына қарағанда крахмал мен қанттың құнарлылығы жоғарырақ. Крахмалдың үлесiне құрғақ заттың 60-70%-ы тиедi. Малдың ағзасында крахмалдың аналогына гликоген жатады. Гликогенге малдың бауыры, астық, бұршақ тұқымдастары және картоп өте бай.
Азық құрамындағы қант глюкоза, сахароза, фруктоза т.б түрiнде кездеседi. Қант ағза үшiн ғана емес, сонымен бiрге малдың месқарнында өмiр сүретiн микрофлора үшiн де азық көзi болып табылады. Қантқа патока, тамыртүйнектiлер мен бақша өсiмдiктерi өте бай.
Көмiрсулар мал азығындағы жеңiл қорытылатын энергия көзiне жатады. Олар сүттiң құрамындағы лактоза мен майдың синтезiне қатысып, мал ағзасына артық мөлшерде түсiп тұрса майға айналады. Малдың бұл қасиетiн зоотехниктер малды бордақылаған кезде жақсы пайдаланады. Көмiрсулар энергетикалық құндылығына қарай майлар мен ақуыздардан кейiнгi үшiншi орынды иеленедi.
Дәрумендер – бұл биологиялық белсендiлiгi жоғары органикалық заттар.
А дәруменi (ретинол) – малдардың жақсы өсiп-дамуына, көбеюiне, малдың шырышты қабатының жақсы қалпында сақталуына септiгiн тигiзедi, ағзаның инфекционды ауруларға төзiмдiлiгiн артырады. Бұл дәрумен жануар тектес азықтарда: уызда, сүтте, балық ұнында өте көп. А дәруменi мал ағзасында каротиннен түзеледi. Каротинге көк балауса шөп, сәбiз, асқабақ, сүрлем т.б өте бай.
Д дәруменi (кальциферол) – атауының iшiне Д2, Д3, Д4 және басқа да рахит ауруына қарсы қасиетке ие дәрумендер енедi. Д дәруменi жетiспеген жағдайда азықтық кальций ағзада ерiмейтiн фосфор қышқылының тұзына айналып, төл рахит ауруына, ал сақа малдар остеомаляция ауруына ұшырайды. Бұл дәруменге сүт, балық майы, сәулеленген ашытқы бай. Д дәруменi мал ағзасында ультракүлгiн сәулелердiң әсерiнен түзiледi.
Көк шөптi күн көзiне кептiрген уақытта, оның құрамындағы эргостеролдар Д дәруменiне айналады. Жасанды жолмен кептiрiлген пiшен мен шөп ұнында бұл дәрумен болмайды.
Е дәруменi (токоферол) – ағзада алуан түрлi қызмет атқарады. Бұл дәрумен жетiспеген жағдайда көбею мүшелерi дұрыс қызмет атқармай, мал бедеулiкке ұшырауы мүмкiн. Сонымен қатар, төлдiң өсуi баяулап, бауыр мен жүйке жүйесi ауруға шалдығады.
Е дәруменiне көк шөп, жүгерi, сұлы дәндерi, әсiресе астық тұқымдастарының ұрығы өте бай. Жас төл үшiн Е дәруменiнiң көзi – уыз болып табылады.
К дәруменi (филлохинон) – қанның дұрыс ұюы үшiн маңызды антигеморрагиялық фактор болып табылады. Бұл дәрумен барлық азықтардың құрамында кездеседi. Сонымен бiрге, ол құстан басқа барлық жануарлардың ағзаларында түзiледi.
Жоғарыда аталған дәрумендердiң барлығы майда еридi. Суда еритiн дәрумендерге В тобының дәрумендерi мен С дәруменi жатады.
В1 дәруменi (тиамин) – жүйке жүйесiнiң қызметiне әсер етедi, ақуыздың түзiлуiне, көмiрсулар мен минералдық заттардың алмасуына, эндокриндi бездердiң қызметiне қатысады. Тиамин жетiспеген кезде торайларда құсу, тышқақтау, артқы аяқтарының қозғалмауы байқалады. Бұл дәруменнiң жетiспеуiне құстар өте сезiмтал келедi. Құс балапандарының өсуi тежелiп, аяқтарының әлсiздiгi мен мойындарының қозғалмауы байқалады. Құстардың жұмыртқалағыштығы мен жұмыртқаларының инкубациялық сапалықтары төмендейдi. Тиаминге өсiмдiктердiң тұқымдары, көк шөп, сапалы пiшен өте бай.
В2 дәруменi (рибофлавин) – амин қышқылдарын пайдаланудың дәрежесiн арттырады, өсу үрдiсiне тiкелей қатысады. Авитаминоз құстарда, шошқаларда, жиi-жиi бұзаулар мен жылқыларда байқалады. Құстардың жұмыртқалағыштығы мен жұмыртқаларының инкубациялық сапалықтары төмендейдi, балапандары әлсiз және жүндерi тұрпайы болып туады. Мегежiндер әлсiз немесе өлi торайлар туады.
Рибофлавинге азықтық ашытқылар, шөп ұны, көк өсiмдiктер, сапалы пiшен, жмых өте бай.
В3 дәруменi (пантотен қышқылы) жетiспегенде өсу тежеледi, мал ақсайды, iшек-қарын мен терi аурулары пайда болады. Сақа сүтқоректiлер мен құстардың ұдайы өндiрiстiк қабiлетiнiң кенеттен төмендеуi, шошқа эмбрионының ыдырауы, құс жұмыртқасы эмбрионының өлуi байқалады.
Бұл дәруменге рибофлавинге бай азықтар да өте бай.
В4 дәруменi (холин) – ақуыз бен майдың алмасуына қатысады, құс жүнiнiң түсiп қалуына жол бермейдi (перозис). Холинге ашытқылар, майлар, iшкi мүшелер, астық тұқымдастары мен жмых бай.
В5 дәруменi (никотин қышқылы) - ақуыздың алмасуына қатысады. Бұл дәрумендегi жетiспеушiлiк триптофан жеткiлiксiз мәзiрмен азықтандырғанда байқалады. Малдардың терiлерi үлбiреп (пеллагра), жүндерi түсе бастайды.
Бұл дәруменге ашытқылар, бидай кебектерi, арпа, жмых, көк сүт т.б бай.
В6 дәруменi (пиридоксин) – кейбiр ферменттердiң құрамына енедi. Бұл дәрумен жетiспегенде бауыр мен орталық жүйке жұмысының қызметi бұзылады, азықтың протеинiн пайдаланудың тиiмдiлiгi төмендейдi және анемия ауруы дамиды.
В12 дәруменi (кобаламин) – анемияға қарсы, құрамында кобальты бар дәрумен. Қанның таралуына, ақуыз бен көмiрсудың түзiлуiне, майдың алмасуына қатысады. Бұл дәруменнiң жетiспеуi ағза үшiн өте зиянды анемияны тудырады. Бұл дәрумен шошқалар мен құстарды азықтандырғанда өте маңызды рольге ие болады. Кобаламин тек жануар тектес азықтардың құрамында ғана болады.
С дәруменi (аскорбин қышқылы) – стресске қарсы дәрумен болып табылады. Көптеген жануарлардың бауыры мен бүйректерiнде қарапайым қанттардан түзiледi. Өнеркәсiп орындары ауада және ылғалды жерде тез еритiн синтетикалық аскорбин қышқылын өндiрудi қолға алған.
Азықтың химиялық құрамына әсер ететiн факторлар
Азықтың химиялық құрамы климатқа, топыраққа, агротехникалық өңдеуге, өсiмдiктiң сортына, жасына, оны сақтау мен азықтандыруға дайындауға байланысты өзгерiп отырады.
Органикалық және минералды тыңайтқыштар өсiмдiктердi химиялық элементтермен байытады. Күн сәулесi мен жылуының жетiспеуi әсерiнен, өсiмдiктердiң бойындағы органикалық заттардың көлемi азаяды. Түтiктен жарып шығу фазасында астық тұқымдастарының құрғақ затында протеин мен күлдiң мөлшерi мол, ал клетчатка мөлшерi өте төмен болады. Жаңбырлы күндерi пiшендi баяу құрғатқан кезде, қоректiк заттардың жартысынан көбi жоғалады.
Әр түрлi сортқа жататын өсiмдiктiң бiр түрi химиялық құрамы бойынша бiр-бiрiнен қатты ерекшеленедi. Ол жүгерiде қатты байқалады. Оның әр түрлi сорттарындағы клетчатканың құрамы 19-34% дейiн, ал азотсыз экстрактивтi заттарының құрамы 40-тан 62% дейiн ауытқиды.
Азықтарды қорытылатын қоректiк заттары бойынша бағалау Малдың ағзасына азықпен бiрге түсетiн қоректiк заттар iшек-қарын ферменттерiнiң әсерiнен ыдырай бастайды. Азық, ең алдымен, ауыз қуысындағы шайнау сияқты механикалық өңделуден өтедi. Азықтың күрделi қоректiк заттары механикалық, химиялық және бактериалдық өңдеулердiң әсерiнен амин қышқылдары, глюкоза, глицерин және май қышқылдары сияқты қарапайым бөлшектерге ыдырай бастайды. Бұл заттар асқазан арқылы қан, лимфа жүйелерiне сiңiрiледi. Ал ағза, өз кезегiнде, оларды қуат көзi ретiнде және дене бiтiмiн қалыптастыру үшiн пайдаланады. Бұл заттар қорытылатын заттар деп аталады.
Қоректiк заттардың қорытылмай қалған бөлiгi асқорыту сөлiнiң қалдықтарымен, шырышты және iшек эпителиiмен, микроорганизмдермен және басқа да алмасу өнiмдерiмен бiрге сыртқа шығарылады. Сондықтан азық еш уақытта толық қорытылмайды, ал азықпен бiрге келiп түскен қоректiк заттар мен ағзаға сiңбеген заттардың арасында үлкен айырмашылық бар.
Азықтың қоректiк заттарының сiңiрiлу дәрежесiне малдың түрi, жасы, азықтандыру көлемi, оның құрамы т.б факторлар әсер етедi.
Азықтардың жалпы қоректiлiгiн бағалау Барлық азықтың түрлерi қорытылу деңгейiмен бiрге, жалпы қоректiлiгi бойынша бағаланады.
Жалпы қоректiлiк дегенiмiз - малдардың өнiмдiлiк бағытына байланысты жасалынатын азық мәзiрiнiң құрамындағы қоректiк заттардың ағзаға тигiзетiн пайдасының жиынтығы.
Зат алмасуды зерттеу мүмкiндiктерi немiс ғалымы Кельнер мен американ ғалымы Армсбиге 1905ж. азықтың ағзада өнiм түзуге қатысу қабiлетiн бағалауды ұсынуға итермеледi. Әсiресе, Кельнер азықты, оның май түзу қабiлетi бойынша бағалау керектiгiн ұсынды. Бiрлiк ретiнде крахмалдың эквивалентi қабылданды.
18 жыл бойы өгiздердi арнайы темiр торларда ұстап, олардың азықтарының құрамына енетiн таза күйдегi қоректiк заттарының тигiзетiн әрекеттерi зерттелдi. Ақуыз ретiнде таза клейковина, май ретiнде жер жаңғағының эмульсиясы, ал көмiрсу ретiнде крахмал мен таза целлюлоза алынды.
Қоректiк заттардың әр бiр тобы малдың денесiнде май жинақтау қасиетiне ие. Соның негiзiнде Кельнер константалары құрастырылды:
1 кг қорытылатын протеин өгiздiң денесiнде 235 гр май түзедi;
1 кг қорытылатын май өгiздiң денесiнде 598 гр май түзедi;
1 кг қорытылатын көмiрсулар өгiздiң денесiнде 248 гр май түзедi.
Кельнер бөлек азықтармен азықтандыру әсерiнен жинақталатын май мен таза қоректiк заттардың арасындағы айырмашылықты азық құрамындағы шикi клетчатканың өнiмдiлiк қасиетiнiң төмендеуiмен түсiндiрдi. Осы бақылаулардың негiзiнде әр түрлi азықтардың толық құндылық коэффициентi анықталды. Ол бойынша жүгерi 100%-ға, арпа 99%-ға, кебек 78%-ға тең болды.
Кельнер тәжiрибелер қою арқылы 37 түрлi азықтың өнiмдiлiк әрекетiн анықтады.
1992-93 жылдары профессор Е.А.Богдановтың жетекшiлiгiмен советтiк азық өлшемi – сұлылық азық өлшемi құрастырылды. Қоректiлiктiң өлшемi ретiнде өнiмдiлiк әрекетi 150 гр майды құрайтын 1 кг сұлы қабылданды.
1963 жылы ВАСХНИЛ-дiң мал шаруашылығы бөлiмiнiң Ауыл шаруашылық малдарын азықтандырудың мәселелерi Пленумында малдың ағзасында пайдаланылатын алмасу энергиясының негiзiне сүйене отырып, энергетикалық азық өлшемiн енгiзу ұсынылды. Бұл қуат өмiр сүруге және өнiмдердi түзуге жұмсалынады.
Әр түрге жататын малдар азықтың қуатын әр түрлi деңгейде пайдаланатындықтан, ол қуаттың көлемi де әр түрлi болады.
Қоректiлiк өлшемi ретiнде 10 МДж алмасу энергиясына тең энергетикалық азық өлшемi қабылданған. Алмасу энергиясы малдарға тiкелей тәжiрибе қою негiзiнде анықталып, төмендегiдей есептелiнедi:
Әр түрге жататын малдардың ағзасына бiр түрге жататын азықтың энергетикалық қоректiлiгi бiрдей сiңбейдi. Азықтың жалпы қоректiлiгiн бiр ғана әдiспен бағалау, оның сапасы жайлы жан-жақты мәлiмет бере алмайды. Азықтың және оның мәзірлерінің құрғақ затының мөлшерін, қуаттылық құндылығын (азық өлшемі), қант, АЗЭ, клетчатка, протеин (шикі және қорытылған), амин қышқылдары, май, микро- және макроэлементтердің, дәрумендердің т.б мөлшерлерінің жалпы қоректiлiгiн толықтай бағалау үшiн жиынтық бағалау түрін қолданады. Азықтар мен оның мәзірлерінің қоректілігі бағаланатын көрсеткіштердің саны малдың түріне байланысты алынады. Бағалаудың бұл түрінде жеке көрсеткіштердің абсолюттік көлемі ғана емес, сонымен қатар көрсеткіштердің бір-біріне тигізетін әсерлері де ескеріліп отырады.
Ұсынылған әдебиеттер тiзiмi:
Негiзгi:
1. Вахитова Р.З., Найманов Д.К., Тулеубаев Т.Т. Животноводство. Учебное
пособие для начинающих курс «Животноводство». Костанай, 2005г. стр.4-10
2 Красота В.Ф. и др. Разведение сельскохозяйственных животных. М.: Агропромиздат, 1990.
Қосымша:
42 Петрухин И.В. Корма и кормовые добавки. Справочник. М.: Агропромиздат,
1989г.
Бақылау сұрақтары:
1.Республикамыздың азықтық базасы туралы не бiлесiн? 2. Азықтардың химиялық құрамына не кiредi? 3. Азықтардың химиялық құрамына қандай факторлар әсер етедi? 4. Азықтар мен азық мәзiрлерiнiң жалпы құнарлығы дегендi қалай түсiнесiндер?
Тақырып 8 Азықтардың классификациясы және қысқаша сипаттамасы
Мақсаты: Азықтарға қысқаша сипаттама беру.
Жоспар: 1 Азықтардың классификациясы.
2 Жайылымдар және оларды пайдалану.
3 Жануар тектес азықтар.
4 Нормалы азықтандырудың негiздерi.
Азықтардың жiктелуi Мал шаруашылығында пайдаланылатын барлық азықтардың түрлері жануар тектес азықтар және өсімдік тектес азықтар деп бөлінеді. Ауыл шаруашылық малдарын азықтандыру көлемінің негізгі бөлігін ірі (көлемді) азықтарға жататын өсімдік тектес азықтар құрайды.
Көлемді азықтарға құрамы 19% клетчаткадан тұратын ірі (пішен, сабан, мякина т. б), құрамына шырынды азықтар енетін ылғалды азықтар (көк шөп, сүрлем, тамыртүйнектілер т.б) және сулы (жом, барда, мезга т.б) азықтар жатады.
Ылғалды азықтар құрамындағы су мөлшерінің көп болуымен ерекшеленеді (40% жоғары), шырынды азықтардың құрамындағы су протоплазмасында, ал сулы азықтардың құрамындағы су қоспалар түрінде болады.
1 кг-да 1,0 азық өлшемi бар концентратты азықтар қоректілігі жоғары азықтар болып табылады. Оларға крахмал (астық тұқымдастарының дәндері) мен протеинге (бұршақ тұқымдастарының дәндері) бай азықтар жатады. Бұршақ, қытайбұршақ, жасымықтың құрамындағы протеиннің мөлшері 20-40% құрайды.
Жануар тектес азықтарға сүт, уыз, балық, ет-сүйек, қан ұндары және басқалары жатады.
Минералды азықтардың құрамында протеин мен қуаттылық болмайды, бірақ ағза үшін өте маңызды Са, Р, Na, CI, Mn, Cu, Zn т.б элементтері енеді. Бұл элементтердің бай көзіне тұз, бор, ракушечник, сүйек ұны және басқа да минералды тұздар жатады.
Биотехнология мен микробиология өнеркәсібінің өнімдеріне ашытқылар, дәрумендік препараттар, антибиотиктер, ферменттер және басқалары жатады.
Көк азықтар жазғы уақыттағы малдардың негізгі азығы болып саналады. Олардың құрамы 70-80% судан тұратындығына қарамастан, қоректік заттарының көп мөлшерде болуымен ерекшеленеді. Көк азықтың құрғақ затында 20-25% протеин, 16-25% клетчатка, 4-5% май, 35-50% азотсыз экстрактивті заттар және 9-11% күл болады.
Көк азықтың органикалық заттарын ауыл шаруашылық малдарының барлық түрі жақсы қорытады: ірі қарамал - 85%, жылқылар - 70%. Көк азықтың протеині жоғары биологиялық құндылығымен ерекшеленіп қана қоймай, амин қышқылдарының барлық жиынтығын қамтиды.
Көк азықтар өте арзан азық түрі болып табылады және оны малдар өте жақсы жейді. Көк азықтармен азықтандырудың арқасында мал шаруашылығы өнімдерінің 60% алынады. Тәулігіне сақа малдар 70 кг-ға, жылқы 50 кг-ға, шошқа 10-12 кг-ға, қой 8-10 кг-ға дейін көк азықты жей алады.
Көк азықтар дәрумендердің бай көзі болып табылады, ал майының құрамында линол мен линолен сияқты өмір сүру үшін өте маңызды ауыстарылмайтын май қышқылдары болады. АЭЗ қант пен крахмал түрінде кездеседі. Бұл азықтардың күлі микро- және макроэлементтерге өте бай.
Көк азықтың қоректілігі өсімдіктердің гүлдену фазасы мен жасына байланысты. Астық тұқымдастарының түтіктен жарып шығу фазасында, ал бұршақ тұқымдастарының бүршіктенуi мен гүлденуінiң басында қоректілігінің құндылығы жоғары болып келеді. Өсімдіктің жасы ұлғайған сайын, оның қоректілігі де төмендейді. Жайылымдарда мал балауса шөптің 90%-ын, масақтану уақытында – 70-80%-ын, гүлдену кезеңінде 50-60%-ын, ал тұқымы қалыптасқаннан соң тек 10-20%-ын ғана жейді.
Көктемде жер кеуіп, мал тұяғының ізі жерге түспейтін уақытта, малдарды жайылымдарда жаю кезеңі басталады. Бұл уақытта шөптің ұзындығы 15-20 см-ге жетеді. Малдарды алғашқы күндері бірнеше сағат жайып, жаюға біртіндеп үйретеді. Жаюдан бұрын малды ірі азықпен немесе пішендемемен азықтандырады.
Сүрлем - қысқы микробиологиялық тәсілмен ашу барысында қанттың ыдырауынан пайда болатын және сүт қышқылының әсерінен консервіленетін шырынды азық.
Сүрлемдеудің жетістігі сүрленетін азықтардың құрамындағы қанттың құрамына байланысты.
Сүрлем ауыл шаруашылық малдарының, әсіресе ірі қарамал мәзірінің негізгі азығы болып табылады. Бұл өте қоректi және бағалы шырынды азық.
Сүрлемдеуге әр түрлі мәдени өсімдіктер: жүгері, күнбағыс, тамыртүйнекті азықтар, бақша өсімдіктері, басқа да бұршақ пен астық тұқымдастарының өсімдіктерi қолданылады.
Сүрлемде өтетін биохимиялық өзгерістерді келесі сатыларға бөлуге болады: көк азықты шауып болғаннан траншеяларға салғанға дейінгі аэробтық үрдiс; ондағы бірнеше сағаттан 8 сағатқа дейін созылатын анаэробтық-аэробтық өзгерістер; анаэробтық жағдайдағы сүрлем қышқылдылығының рН=4,2-4,3 дейін төмендеуі; сүрлемнің ашып болғаннан кейінгі аэробтық жағдайы.
Сүрлену дәрежесі бойынша мәдени өсімдіктерді тез сүрленетін, қиын сүрленетін және таза күйінде мүлдем сүрленбейтін түрлерге бөледі.
Тез сүрленетiн азықтарға жүгерi, қонақ жүгерi, күнбағыс, сұлы, тамыртүйнектiлердiң пәлегi жатады. Түйежоңышқа, сиыржоңышқа, еркекшөп, картоп пәлегi, қамыс т.б қиын сүрленедi. Мүлдем сүрленбейтін азықтарға таза күйiндегi қалақайды, чинаны, қытайбұршақты, түйе тiкенегiн, бақша өсiмдiктерiнiң пәлегiн жатқызады. Соңғыларын тез сүрленетiн азықтардың қоспасы түрiнде 1:3 қатынасында пайдалануға болады.
Өсiмдiктердi сүрлем траншеяларында, мұнараларында, жер асты орларында сүрлемдейдi. Траншеялардың қабырғалары қапталмаған болса, қоректiк заттардың 25-40% жоғалтылады. Қабырғалары қапталмаған траншеяларға целлофан қабаты төселiнедi.
Сүрлемдеудiң оптималды ылғалдылығы 60-700С құрайды. Сүрлемденетiн азықтардың ылғалдылығы өте жоғары болса, олардың сөлi ағып, қоректiк заттарының көп бөлiгi жоғалады.
Тамыртүйнектiлер - бұл топқа жататын азықтық өсiмдiктер жақсы дәмдiк сапалықтарымен ерекшеленедi, әрi тез қорытылады. Олардың құрамында судың мөлшерi көп болатындықтан (70-80%), ұзақ уақыт сақтауға жарамайды.
Құрғақ заты негiзiнен тез қорытылатын көмiрсулардан тұрады. Тамыртүйнектi азықтардың құрамында протеин (1-2%) мен клетчатка өте аз (1-1,5%), ал май одан да аз (0,1-0,2%). Күлдiң де құрамы аз, сiлтiлi реакциялы, ал құрамындағы кальцийдiң фосфорға деген қатынасы жақсы деңгейде.
Азықтық қызылшаны бордақыдағы сақа малдарға тәулiгiне тұтас немесе ұсатылған күйiнде 50 кг, ал қойларға сабанмен немесе шөп кесiндiсiмен араластырылған күйiнде – 4-5 кг дейiн бередi..
Қант қызылшасы – қоректiлiгi бойынша азықтық қызылшадан екi есе артық, ауыл шаруашылық малдарының барлық түрiне арналған азық болып табылады.
Сақа малдарға тәулiгiне тұтас немесе ұсатылған күйiнде 8-12 кг, ал жас малдарға – 4-7 кг-ға дейiн бередi.
Құрамында қанттың көптiгiне байланысты, лактациядағы сиырларға тәулiгiне 1 кг сүтiне 1 кг-нан артық қызылша беруге болмайды.
Сәбiз - мал үшiн өте құнды дәрумендi азық болып табылады. 1 кг сәбiздiң құрамындағы каротиннiң мөлшерi 250 мг-ға жетуi мүмкiн.
Iрi азықтар. Iрi азықтарға құрамындағы клетчатка мөлшерi 19% артық азықтар жатады. Оған пiшен, пiшендеме, мекен, сабақтар, шөп ұны т.б. жатады.
Қысқы уақытта ауыл шаруашылық малдарының мәзiрлерiнiң салмақтық үлесiнiң көп бөлiгiн iрi азықтар құрайды.
Шөптi табиғи немесе жасанды жолмен ылғалдылығы 14-17% аспайтындай етiп кептiру арқылы - пiшендi алады. Оның құрамында 14-17% су, 7-10% протеин, 1,5-3% май, 38-42% АЭЗ, 22-28% клетчатка және 5-8% күл болады.
Пiшеннiң қоректiлiгi шөптердiң ботаникалық құрамына, гүлдену фазасына, кептiру, сақтау әдiстерiне және басқа да шарттарға байланысты.
Пiшендi әр түрлi шөптiң түрлерiнен дайындайды, бiрақ астық пен бұршақ тұқымдастарының шөптерi бағалы азықтардың қатарына жатқызылады. Қамыстар, зиянды және улы өсiмдiктер пiшеннiң сапасын төмендетедi. Пiшеннiң сапасы оны жинау әдiсiне де байланысты. Шабылған шөптi валкаларда табиғи жолмен кептiрсе, қоректiк заттарының 30-40% жоғалады. Ал егер оған жаңбыр тисе, түсi өзгерiп, бағалы қоректiк заттары шайылып кетедi. Мұндай жағдайда қоректiк заттарды жоғалту көлемi 50%-ға жетедi.
Сапалы пiшен дайындау үшiн жедел кептiру әдiсiн қолдану керек (ылғалдылығын 14-17% жеткiзу). Ол үшiн шабылған балауса шөптi белсендi түрде желдету әдiсiн қолдануға болады. Ылғалдылығы қалыпты деңгейлi аудандарда шабылған шөптi осы әдiспен маяларда кептiру ұсынылады. Ол азық қоректiлiгiн жоғалтудың деңгейiн 15% дейiн төмендетедi.
Астық тұқымдастарына жататын өсiмдiктердi масақтану фазасында, ал бұршақ тұқымдастарды – бүршiктену мен гүлдену фазасында жинаған дұрыс.
Кестенiң көрсеткiштерiнен көрiп отырғанымыздай, шөп ескiрген сайын пiшеннiң қоректiлiгi де төмендей бастайды. Өте жақсы пiшеннiң жиынтық бағасы - 80-100 балл, жақсысы – 60-80, орташасы – 40-60, нашары – 20-40, өте нашары – 20 баллдан төмен. Пiшендi өсiмдiктердiң жасы (көбею фазасында), түсi мен иiсi, құрамында iрi сабақтар мен улы өсiмдiктердiң болуы бойынша бағалайды.
Сабан - күйiс қайыратын малдардың қысқы уақытта жейтiн азығы, әсiресе жас малдар мен сақа малдарды бордақылау кезiнде үлкен маңызға ие болатын азық.
Әр түрлi астық тұқымдастарының сабандары химиялық құрамы бойынша бiр-бiрiнен ерекшеленбейдi, бiрақ тары, арпа және сұлы сабандарының қоректiлiгi басқаларына қарағанда жоғары. Сабан клетчаткаға (29-45%) бай, ал протеин (3-4%) мен майдың (1-2%) мөлшерi өте аз. Оның құрамында дәрумендер жоқ, ал минералды заттар өте аз.
Шөп ұны - жасанды жолмен кептiрiлген шөптен дайындалады. Шөп ұнының жалпы қоректiлiгi 0,65-0,85 а.ө. тең, 14-20% қорытылатын протеиннен тұрады, ал 1 кг-дағы каротиннің мөлшері 250 мг құрайды. Маңызы бойынша ол концентратты азық болып саналады, бiрақ құрамындағы клетчатканың жоғары болуына байланысты iрi азықтардың тобына жатқызылады.
Сапасы жоғары шөп ұнын шанақтану фазасында жиналған бұршақ шөптерiнен және масақтану басында жиналған астық тұқымдастарының шөптерiнен дайындайды.
Пiшендеме – бұл ауа өтпейтiн жерде сақталған және көк массадан дайындалған консервiленген азық.
Шабылған көк массаны 45-55% ылғалдылыққа дейiн валкаларда жайып ұсатады да, пiшендеме мұнараларына немесе қапталған траншеяларға салып, мұқият нығыздайды. Мұндағы негiзгi шарт – оны дайындау технологиясын сақтау. Пiшендеменiң бүлiнуiнiң негiзгi себебi – шабылған шөптердiң дұрыс жайылмауы және iрi-iрi ұсақтануы.
Пiшендеменi дайындаған және сақтаған уақытта өсiмдiктердiң қоректiк заттарының 12%, кәдiмгi сүрлемдеу кезiнде 15-25%, ал пiшен дайындағанда 25-40% жоғалады.
1 кг пiшендеменiң құрамында 0,35 а.ө., 34 гр қорытылатын протеин, 30-40 мг каротин болады. Пiшендеме пiшен мен сүрлемнiң ғана емес, сонымен қатар тамыртүйнектiлердiң, тiптi көк азықтың да орнын толтыра алады.
Концентратты азықтар әсiресе, шошқа мен құс шаруашылығының азық мәзiрлерiнде маңызды орын алады.
Концентратты азықтардың негiзiн астық және бұршақ тұқымдастарының дәндерi деп бөлiнетiн дәндi азықтар құрайды.
Барлық дәндi азықтар қуаттылығы жоғары материал болып табылады – азықтың 1 кг-да 1-1,34 дейiн а.ө. болады. Сұлының органикалық затының қорытылу дәрежесi 70%, ал қарабидай мен бидайдiкi- 90%.
Дәндi азықтар химиялық құрамы бойынша бiр-бiрiнен ерекшеленедi. Жүгерiнiң қуаттылық құндылығы жоғары, бiрақ басқа өсiмдiктерге қарағанда құрамындағы протеинi аз.
Арпамен ауыл шаруашылық малдарының барлық түрiн азықтандыруға болады. Әсiресе, шошқалардың майлы қабаты нығыздалып, оның майының дәмi жақсарады. Арпа протеинiнің құрамында ауыстырылмайтын амин қышқылдарының көп болуымен ерекшеленедi.
Сұлымен көбiне жылқылар азықтандырылады. Сонымен бiрге, асыл тұқымды бұқалар мен ауыл шаруашылық малдарының жас төлдерiн азықтандыру кезiнде де ерекше бағаланады. Құрамында клетчатканың мөлшерi жоғары болғандықтан, тазартылмаған күйiнде шошқалар мен құстардың азық мәзiрлерiне қосылады.
Бұршақ тұқымдастары астық тұқымдастарынан құрамында протеин мөлшерiнiң жоғары болуымен ерекшеленедi. Бұршақ тұқымдастарының ақуызының құрамында лизин, метионин, триптофан сияқты ауыстырылмайтын амин қышқылдары бар. Олардың органикалық затының сiңiмдiлiгi жоғары (89%) болғанымен, баяу қорытылады.
Астық тұқымдастарын азық мәзiрлерiне енгiзген уақытта өсiп келе жатқан жас малдардың тiрiлей салмақтарының өсiмi 15-20% артады, ал шошқа ұшаларының еттiлiгi жақсарып, олардан сапалы май қабаты алынады.
Бидайдың ылғалдылығы 16% құрауы тиiс. Ылғалдылығы 14% құраса – құрғақ, 14-15% – құрғақтылығы орташа, 16-18% – сулы, ал одан да жоғары болса – шикi деп саналады.
Бұршақ пен астық тұқымдастарының өсiмдiктерi белгiлi бiр дайындықтан кейiн ғана малдарды азықтандыруға дайын болады. Тұтас күйіндегі бидай нашар қорытылады және нашар сiңiрiледi. Сондықтан, азықтандырудан бұрын оны ұсатады. Жылқыларға iрi кебек немесе жаншылған бидай бередi. Бидай дәні тез бұзылатындықтан, оны бекерден- бекер ұсатуға болмайды.
Одан басқа, азықтың желiнуiн, протеиндiк және дәрумендiк қоректiлiгiн арттыратын ашыту әдiсiн қолданады. Еметiн торайлар үшiн бидайды қуырады. Бұл уақытта бидайдың иiсi мен дәмi, желiнуi мен сiңiмдiлiгi арта түседi.
Техникалық өндiрiстiң қалдықтары. Оларға тағам өнеркәсiбiнiң шикiзаттарын, соның iшiнде ұнды, майды, спирттi, сыраны, қантты, крахмалды өңдеуден қалған қалдық өнiмдердi жатқызады.
Майлы дақылдардан май өндiру кезiнде өте құнды өндiрiс қалдықтары алынады. Май өндiру өнеркәсiбiнiң қалдықтарына жмых (тұқымдарын престеу арқылы май өндiру) пен шрот (ерiтiндiлермен араластыру арқылы май өндiру) жатады.
Жмых пен шрот протеин мен қуатқа өте бай. 1 кг жмыхтың құрамында 1,15 а.ө. мен 375 гр қорытылатын протеин, ал 1 кг шроттың құрамында сәйкесiнше 0,93 а.ө. және 373 гр болады. Жмых пен шроттың протеиндерi жоғары биологиялық құндылығымен ерекшеленедi.
Барлық жмых пен шроттың құрамында зиянды заттар бар деуге болады. Олар жоғары температураның әсерiнен зарасыздандырылады.
Мал шаруашылығында күнбағыс, мақта, кенепшөп, дән жармасы, рапс, қыша, және басқа да жмых пен шроттың түрлерi азық мәзiрлерiн протеинi бойынша баланстау мақсатыда қолданылады.
Ұн өндiрiсiнiң қалдықтары. Бидайды өңдегенде, әрі ұн өндiргенде кебек, ұн тозаңы т.б. өнiмдер алынады.
Кебек ауыл шаруашылық малдарының барлық түрi үшiн жақсы концентратталған азық болып табылады. Жалпы қоректiлiгi бойынша ол бидайдан кем түседi, бiрақ май, протеин, клетчатка, минералды заттары мен В дәруменiнiң жиынтығы бойынша одан асып түседi. 1 кг кебектiң құрамында 0,71-0,78 а.ө., 14-17% протеин, 3-5% май, 52-58% АЭЗ, 7-10% клетчатка және 4-6% күл болады.
Дән жармасы бүлiнген, ұсақ бидай дәндерiнен, қоқымды дәндерден тұрады. Оның жалпы қоректiлiгi 0,4-0,9 а.ө. аралығында ауытқиды.
Ұн тозаңы – ұнның, өте ұсақ кебектiң, топырақтың қоспасы. Қоспаларға қарай ол ақ, сұр және қара ұн тозаңдары деп бөлiнедi. Қара ұн тозаңы топырақпен бүлiнетiндiктен, азықтық мақсатта қолданылмайды.
Спирт өндiрiсiнiң қалдықтары. Спирт өндiрген кезде соңғы өнiм ретiнде төп (барда) алынады (картоп, нан, т.б.).
Бұл 91-95% судан тұратын сұйықтық. Барданы малды бордақылаған уақытта бередi: сақа малдарға тәулiгiне – 60-80 л, ал жас малдарға – 30-40л. Барда тез ашып кететiндiктен, оны жаңа алынған күйiнде қолданған дұрыс. Барданы сүрлемдегенде үшiн қолдануға және кептiруге болады.
Қант қызылшасы өндiрiсiнiң қалдықтары. Қызылшаның жомы қызылша ұнтағының қантын сумен шаю арқылы алынады. Оны жаңа дайындалған, қышқыл, құрғақ күйiнде пайдаланады. Оның құрамы 93% судан тұрады. Құрғақ заты көмiрсуларға бай, бiрақ протеинi мен минералды заттары өте аз. 1 кг жаңа дайындалған жомның құрамында 0,12 а.ө. болады. Оны құрғатуға және сүрлемдеуге болады.
Бордақыдағы сақа малға тәулiгiне 60 кг, ал жас малға 20-30 кг дейiн жаңа дайындалған жом беруге болады.
Сiрне немесе азықтық патока – қоңыр-қошқыл түстi ірімтікті қою масса. Құрамында 20% су, 60% қант, 9% шикi протеин және 10% минералды заттар болады. 1 кг сiрненiң қоректiлiгi 0,76 а.ө. тең.
Азықтық патока - iрi қарамал мәзiрiнiң қант-протеиндiк қатынасын баланстау үшiн пайдаланылатын өте бағалы көмiрсулы азық.
Крахмал өндiрiсiнiң қалдықтары. Крахмал мезгасы – крахмал өндiрiсiнен алынатын туынды өнiм. Құрамында 86% су және 10-12% АЭЗ болады. 1 кг қоректiлiгi 0,11 а.ө. тең. Өндiруге пайдаланылатын шикiзаттың түрiне байланысты мезга картоптық, жүгерiлiк және бидайлық деп бөлiнедi.
Мезганы бордақыдағы iрi қара малға тәулiгiне 30 кг дейiн, ал шошқаларға 8 кг дейiн беруге болады. Оны құрғатуға және сүрлемдеуге болады.
Жануар тектес азықтар. Бұл ақуызының мөлшерi жоғары, әрi минералды заттар мен протеиндерге бай азықтар.
Мал шаруашылығында бұл топтың сүт пен оны өңдеуден алынған өнiмдер, ет комбинаты мен балық шаруашылығының туынды өнiмдерi пайдаланылады.
Сүт – жас төлдердiң бағалы азығы. Оның құрамында 83-90% су, 2-6% май, 2-4% ақуыз, 3,4-6% лактоза, және 0,4-1% минералды заттар болады. Құрамы барлығы 200 компоненттен тұрады.
Уыз - бұзаулағаннан кейiн алғашқы күндерi сүт безiнен бөлiнетiн өнiм. Уыз құрғақ затқа (14,5%), протеинге (5,2%), майға (4,3%), АЭЗ (4,2%) және күлге (0,8%) өте бай. Қоректiлiгi 96% жетедi. Уыздың құрамы 5-6 күннен кейiн өзгере бастайды.
Көк сүт немесе майсыздандырылған сүт сүттен қаймақ алу кезiнде алынады. Оның құрамында 8-9% құрғақ зат, соның iшiнде 3,4% протеин, 0,1% май, 4,7% АЭЗ және 0,7% күл болады. Қоректiлiгi 95% құрайды.
Көк сүтпен бұзаулар, қошақандар, торайлар азықтандырылады. Оны құрғатуға және ацидофильдi айран алу мақсатында ашытуға болады.
Пахта – қаймақтан май алу кезiнде түзiледi. Құрамы 9,5% құрғақ заттан, соның iшiнде 3,5% протеиннен, 0,7% майдан, 4,6% АЭЗ, 0,7% күлден тұрады.
Органикалық затының қоректiлiгi 97% дейiн жетедi. Пахта шошқалар үшiн өте жақсы азық болып табылады, сонымен қатар онымен 3-4 жетiлiк жастағы бұзаулар да азықтандырылады.
Сүт сарысуы – жасыл-сары түстi сұйықтық. Ол iрiмшiк өндiру кезiнде түзiледi. Құрамы 5,9% құрғақ заттан, соның iшiнде 1% протеиннен, 0,1% майдан тұрады. Қоректiлiгi 93% құрайды. Сарысу шошқалар мен жас төлдердi өсiру үшiн пайдаланылады.
Сарысу мен көк сүт ТСА (табиғи сүттiң ауыстырғыштары) құрамына енедi. ТСА – бұл қоректiлiгi бойынша табиғи сүтке жақын әр түрлi компоненттердiң қоспасы. Оның құрамында 80% құрғақ көк сүт, 15% гидрогенезделген өсiмдiк майы, 5% фосфатидтiң концентраты, сонымен бiрге дәрумендер мен антибиотиктер болады.
ТСА табиғи сүттi үнемдеу мақсатымен мал шаруашылығында кең пайдаланылады. 1 кг ТСА 1 кг сиырдың сүтiн ауыстыра алады.
Ет комбинаттарының қалдықтары. Ет ұны еттiң қалдықтарынан, iшкi мүшелерден, эмбриондардан, фибриннен және басқа да жұмсақ шикiзаттардан өндiрiледi. Құрамы 50-70% протеиннен, 10% майдан және 8-12,5% күлден тұрады.
Қан ұны – ақуызға бай азық, бiрақ қоректiлiгi 66% ғана құрайды. Ақуызы - 74%. Орташа 8-11% судан тұрады. Азық мәзiрiне 20% қан ұны енгiзiлсе, түлкiлер мен қара түлкiлердiң жүндерi жақсаратынын мамандар атап өткен.
Ет-сүйек ұны жеуге жарамсыз малдың ұшаларынан және басқа да тағам қалдықтарынан өндiрiледi. Оның қоректiлiгi 75% құрайды. Құрамы 6-10% судан, 40-65% протеиннен, 8-15% майдан және 12-32% күлден тұрады.
Құрамында майдың мөлшерi көп болатындықтан, ет пен ет-сүйек ұны нашар сақталады. Сондықтан олардың құрамына антиоксиданттар енгiзiледi.
Сүйек ұны - құрғақ ақ ұнтақ. Құрғақ майсызданған сүйектерден өндiрiледi. Құрамы 10%-дан төмен судан, 30%-ға жуық Са мен 14% Р тұрады. Оны азық мәзiрлерiн, құрама жемдердi фосфоры бойынша баланстау және премикстердi дайындау үшiн пайдаланады.
Балық ұны жеуге жарамсыз балықтың сорттарынан, шаян тәрiздiлерден және басқа да теңiз сүтқоректiлерiнен дайындалады. Құрамы 48% шикi протеиннен, 12% судан, 10% майдан тұрады. Балық ұнындағы ас тұзының мөлшерi 5% жоғары болмағаны жөн. Оны құс пен шошқа шаруашылығында азық мәзiрлерiн протеинi, амин қышқылдары және фосфоры мен кальциi бойынша баланстау үшiн пайдаланады.
Техникалық май қуаттылығы жоғары азық ретiнде құс шаруашылығында пайдаланылады. Техникалық майлар – бұл өсiмдiк және жануар тектес азықтық алынған заттар. Құрамы 99,3% майдан, 0,5% судан және 0,2% күлден тұрады. Май ашып кетпес үшiн оның құрамын антиоксиданттармен реттейдi.
Протеиндiк толықтырғыштар сiңiмдiлiгi жоғары қосымша азық ретiнде пайдаланылады. Оларға мочевина (карбамид), аммоний сульфаты, диаммонийфосфат, аммиак суы және азықтық ашытқылар жатады.
Азоты бойынша 1 кг мочевина 2,6 кг қорытылатын протеиндi ауыстыра алады. Күйiс қайыратын малдарды мочевинаға бiртiндеп үйретедi. Оны таза күйiнде сумен араластарып беруге болмайды, өйткенi ол бiрден малдың ұлтабарына өтiп, малдың ағзасын улауы мүмкiн. Мочевинамен улану белгiлерi (терi жабынының әр түрлi қоздырғыштырға сезiмтал болуы, бұлшықетiнiң қатты дiрiлдеуi, терлеу, қозғалу координациясының бұзылуы) көрiнген жағдайда тез арада мынадай шаралар қолдану қажет: сақа малға 4-5л қышқыл сүт немесе қышқыл сүт сарысуын, немесе 0,5%-дық асханалық сiрке қышқылын (0,5-2л) бередi. Одан басқа, 1-1,5л 20-30%-дық патоканың немесе қанттың ерiтiндiсiмен жақсылап суару керек. Көмек көрсету шаралары уақытында өткiзiлсе, бiрнеше сағаттан кейiн мал өзiн жақсы сезiне бастайды.
Құрамында азоты бар қоспаларды концентратты құрама жемдермен араластырып, түйiршiктелген күйiнде азықтандырудың тиiмдiлiгi жоғары.
Дәрумендiк қоспалар және антибиотиктер. Балық майы А және Д дәрумендерiнiң бай көзi болып табылады. 1 гр балық майында 1000-3000 ХБ А дәруменi мен 500-1000 ХБ Д дәруменi болады. Өнеркәсiпте А дәруменiнiң концентраты сары-қоңыр түстi ұнтақ күйiнде шығарылады. Сонымен бiрге Д2, Е, В жиынтығы дәрумендерiнiң концентраттары да шығарылады.
Азықтық антибиотиктер, негiзiнен, ауыл шаруашылық малдарының жас төлдерiн өсiру кезiнде пайдаланылады.
Минералды азықтар. Мал шаруашылығында оларды ас тұзы, кальций мен фосфордың препараттары, басқа да макро- және микроэлементтердiң тұздары ретiнде азық мәзiрлерiне кең түрде енгiзедi. Азықтандыру нормасы ағзаның минералдық заттардағы қажеттiлiгi және олардың мәзiрдегi құрамына байланысты анықталады.
Құрама жемдер – зауытта өндiрiлетiн бiртектi, құрамы күрделi қоспалар. Малдарды құндылығы толық құрама жемдермен басқа азық түрлерiнсiз азықтандырады. Әсiресе, шошқалар мен құстарды азықтандырғанда көп қолданылады.
Құрама жем-концентраттар iрi және шырынды азықтарға қосымша ретiнде азық мәзiрлерiнiң құрамына енедi. Бұл құрама жемдер азық мәзiрiнiң қуаттағы, протеиндегi, амин қышқылдарындағы, майдағы, минералды заттар мен дәрумендердегi жетiспеушiлiгiн толықтырып отырады.
Нормалап азықтандыру ауыл шаруашылық малдарының әртүрлi қоректiк заттарды қажетсiнетiн физиологиялық қалпымен тiкелей байланысты. Мал тыныштық күйiнде болса, ол қоректiк заттарды өте қатты қажетсiнбейдi. Бұл қажеттiлiктi қосымша азықтандырудың арқасында қамтамасыз етуге болады. Малдарды қоректiк заттармен қамтамасыз ету, олардың физиологиялық қалпының зат алмасу ерекшелiктерiне, жынысына, жасына, өнiмдiлiк деңгейiне, тiрiлей салмағына және басқа да факторларға тәуелдi екенiн есте ұстаған жөн. Бұл бiлiмдер азық мәзiрлерiн дұрыс құрастыра бiлуге және азықтандырудың қажеттi нормасымен дұрыс қамтамасыз етуге көмектеседi.
Азықтандыру нормасы дегенiмiз мал ағзасының өмiр сүргiштiгiн арттырып, азықты үнемдеп жұмсау арқылы сапалы өнiм алуды, денсаулығын сақтауды, ұдайы өндiрiстiк қабiлеттi жақсы қалпында ұстап тұруды қамтамасыз ететiн қоректiк заттардың саны.
Мәзiр - бұл жануардың нақты азық мөлшерiне сәйкес, тәулiгiне қабылдаған азықтарының жиынтығы мен саны.
Мәзiр, барлық қоректiк заттарды қамтитын және мал сүйсiнiп жейтiн азықтардан тұруы тиiс. Малдың өнiмдiлiгiн үнемi арттырып отыру және азықтарды үнемдеп пайдалану мақсатымен әрбiр 10-15 күн сайын мәзiрдiң құрамын өзгертiп отыру ұсынылады. Малдың денсаулығын, жоғары ұдайы өндiрiстiк қызметiн, жоғары өнiмдiлiк деңгейiн қамтамасыз ететiн азық мәзiрлерi толық құнды немесе балансталған деп аталады. Бұл мәзiрлер экономикалық тұрғыдан өте тиiмдi, өйткенi, өнiм бiрлiгiне жұмсалатын азықтардың шығыны төмендейдi.
Республикамыздың әр түрлi өңiрлерiндегi шаруашылықтардың топырақтық-климаттық жағдайына байланысты азық мәзiрлерi де сол шаруашылықтың азықтандыру типiне сәйкес құрастырылады. Азықтандыру типi мәзiрдiң құрылымымен анықталады. Мәзiрдiң құрылымы дегенiмiз азықтардың бөлек топтарының мәзiрдiң жалпы қоректiлiгiне пайыз есебiндегi қатынасы (оның құрамындағы азық өлшемi).
Сүт бағытындағы шаруашылықтардың азықтандыру типi профессор А.П.Дмитроченко ұсынған 1 кг сүтке жұмсалған концентраттардың шығыны бойынша анықталады.
Үдемелi шошқа шаруашылығында азықтандырудың концентратты типi қолданылады. Оның үлесiне азықтандырудың жылдық шығынының 70-90% тиедi. Өнеркәсiптiк құс шаруашылығында да азықтандырудың концентратты типi қолданылады.
Дербес және фермерлiк шаруашылықтарда бидай дәндерiнiң қоспаларынан басқа азық түрлерi енгiзiлген (көк сүт, шырынды азықтар, ет сорпалары т.б) азықтандырудың аралас типi қолданылады.
Малдарды азықтандыру кезiнде белгiлi бiр азықтандыру тәртiбiнiң қадағаланғаны жөн. Шырынды азықтар малдың тәбетiн реттеп, қоректiк заттарының толық сiңiрiлуiне септiгiн тигiзетiнi анықталған. Азықтың жаңа түрлерiн асқорыту жүйесi оған үйренгенше, азық мәзiрiне бiртiндеп енгiзу керек.
Достарыңызбен бөлісу: |