Бимырза Аяжан логопедия 203 топ
СОӨЖ
Педагогикалық зерттеудегі теориялық әдістерге сипаттама
Педагогикада, шындық өмірді теориялық және эмприкалық тану мен білудің операциялары, тәсілдері мен процедуралары. Педагогикалық зерттеу әдістері жүйесі зерттеушінің басшылыққа алатын қағидасымен, оның зерттейтін дүниесінің құрылымы мен негізі туралы түсінігімен, жалпы методологиялық бағытымен, нақты зерттеу әдістері мақсаттары мен міндеттерімен байланысты анықталады.
Теориялық талдау – педагогикалық құбылыстың кей тараптарын, белгілерін, ерекшеліктері мен қасиеттерін біліп, қарастыру үшін қажет. Жеке деректерді талдаумен оларды жүйелі топтарға біріктіреміз, әрбіріндегі жалпылық пен даралықты ескере отырып, ортақ принциптер мен ұстанымдарға келеміз. Талдауды біріктіру (синтез) процесімен қатар жүргізе отырып, зерттеудегі педагогикалық құбылыстың мән – жайына енеміз.
Индуктив және дедуктив әдістер – эмпирикалық жолмен алынған ақпаратты қорытындылаудың логикалық әдістері. Индуктив әдіс – ойдың жеке пікірлерден жалпы ойға өтуін байқаса, дедуктив – жалпы пікірден жеке қорытынды жасауға қолданылады.
Теориялық әдістің қажеттігі проблема анықтауға, гипотеза белгілеп, жинақталған деректердің бағасын шығарудан туындайды. Теориялық әдіс көптеген әдебиеттермен таныс болуды талап етеді:
- жалпы адамтану, соның ішінде педагогика классиктерінің еңбектері;
- жалпы және арнайы педагогикалық әдебиеттер;
- педагогикалық мерзімді басылымдар;
- мектеп, тәрбие, мұғалім жөніндегі көркем шығармалар;
- педагогикалық анықтама құралдары:
- педагогика және онымен сыбайлас пәндер бойынша оқулықтар мен әдістемелік – қолданбалар.
Әдебиеттермен танысудың арқасында қай проблеманың қандай тақырыптары жақсы зерттелгенін, қандай проблемалардың дау – дамайлы және қай мәселелердің әлі тың жатқанын білуге болады.
Әдебиеттермен жұмыс істеу әдістерінің түрі сан алуан. Олар арасында көбірек қолданылатындары: кітапдерек (библиография) түзу – зерттелетін мәселеге байланысты іріктеліп алынған деректік әдебиеттер тізімі; реферат жазу – жалпы тақырып бойынша бір не бірнеше ғылыми еңбектің қысқартылып берілген мазмұны; конспектілеу – жұмыстың маңызды идеялары мен тұжырымдарына байланысты жан – жақты материалдарды мұқият қамтыған жазбалар; аннотациялау – кітап пен мақаланың жалпы мазмұнын қысқаша ақпарат жазу; сілтеме (цитата) беру - әдеби деректерден келтірілген ой, пікір не санды өзгертпестен мәтінге ендіре жазу.
Теория педагогикалық құбылыстардың кез келген әдіснаманың негізі болып табылады және сол әдістеменің көмегімен табылған фактілер арқасында кеңейеді. Теория – таным процесінің нәтижесі, ал әдіснама болса сол танымға жету мен оны құру тәсілі болып табылады. Бұл– теориялық және практикалық ғылыми – танымдық іс – әрекетті ұйымдастыру мен құрастырудың негізі мен тәсілдер жүйесі, бұл – осы жүйені тану жолы.
Зерттеу жұмыстарына жаңадан араласқан зерттеушіге ғылыми талдау жүргізіп, ғылымдағы түрақты философиялық және теориялық тұжырымдар мен қорытындыларға сүйенудің пайдасы мол. Бұл зерттеліп жатқан саладағы жаңа жүйелік тұтастық білімдерін алуға көмектеседі. Эмперикалық деңгейдегі білім қайта құрылып, теориялық білім мен нақты шындықтың өзара қатынасы саласындағы теориялық қорытындылар мен нақтыландырулардың негізін құрастыру қажет. Теориялық білім, сөздің жалпы мағынасында, дегеніміз белгілі бір педагогикалық құбылысты талқылауға, қолдануға және түсінуге бағытталған ғылыми көзқарастар, түсініктер, идеялар жиынтығы. Теория көбінесе жеке тұлғаны тәрбиелеу, оқыту және қалыптастырудың қалыптасқан тәжірбиесін шығармашылықпен қайта құрумен байланысты. Осылайша, ол педагогикалық тәжірибені қортындылап, жеке тұлғаның болашақта қалыптасуы мен дамуының жоспарын анықтайды.
Теориялық өзара байланысты білімдер жиынтығы ғана емес, сонымен қатар, ол осы білімдердің белгілі бір зерттеу бағдарламасы түрінде құрылуының механизмі. Теория шынайы өмірде жоқ, бірақ теориялық - әдіснамалық білімдерге сүйеніп жүзеге асыруға болатын нәрсені құрастыруға көмектеседі. Осының бәрі ғылыми білімдердің жалпы жүйесі ретінде педагогикалық теорияның тұтастығын құрайды.
Теориялық білім зерттеушіге оның не нәрсені біле алатынын көрсетсе, практикалық білім оның не істеуінің керектігіне бағыттайды. Кез – келген теорияның ақиқаттылығының белгісі – болмыстың практикалық өзгерісі.
Достарыңызбен бөлісу: |