педагог- Психологтың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру
Бейсенбекова Г.Б., Жуманқызы А.
Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті
Бүгінгі қоғамдық өзгерістердің қарқындылығы құзыретті мамандарды қажет етіп отыр. Мұндай мамандар дәйім өзгеріп отыратын әлеуметтік-экономикалық үдерістерді талдай білуге, нарықтың бәсеке жағдайына сай шешімдер қабылдап, жүзеге асыра білуге қабілетті болулары тиіс. Осы жағдайларға байланысты білім беру саласының ең бір маңызды міндеті кәсіби жағынан білімдар да құзыретті маман даярлау болып отыр.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында жалпы орта білім берудің ұлттық деңгейдегі ең маңызды мақсатының бірі – еліміздің әлеуметтік, экономикалық және саяси өміріне белсенді қатысуға дайын, құзыретті тұлғаның қалыптасуына ықпал ету делінген[1].
Кәсіби білім берудің теориялық және технологиялық негізін қалаушы ғалымдар С.Н.Архангельский, Е.В.Бондаревская, А.А.Вербицкий, И.Ф.Исаев, В.В.Краевский, Н.В.Кузьмин В.А.Сластенин, В.Д.Шадриков, Е.Н.Шиянов т.б.; кәсіби педагогикалық және психологиялық білім берудің академиялық және практикалық парадигмаларын сындарлы түрде үйлестіру жолындағы ізденістер Г.С.Абрамова, А.В.Петровский, И.Д.Бадмаев, Б.С.Братусь, И.В.Дубровина, Е.А.Климов, В.Я.Ляудис, Р.С.Немов және басқалары; болашақ маманның кәсіби құзыреттілігінің қалыптасуы туралы ғылыми зерттеулер В.А.Адольф, Ю.В.Койнова, Н.Е.Костылева, С.В.Мелешина, Л.А.Петровская, А.П.Сейтешев, Г.М.Храмова және басқалардың еңбектерінде орын алды.
Қазақстан Республикасындағы білім саласында қоғамдық-әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық білім тұрғысынан маманның кәсіби білім жүйесін жетілдіру бағыттарындағы А.Ш.Абдраман, Г.К.Ахметова, Қ.М.Арынғазин, Б.Әбдікәрімұлы, С.Ә.Әбдіманапов, А.Е.Әбілқасымова, Б.З.Батталханов, Е.Ы.Бидайбеков, К.Ә.Дүйсенбаев, В.В.Егоров, М.Ж.Жадрина, Қ.Қ.Жампеисова, З.А.Исаева, С.Т.Каргин, Л.Керімов, Ж.А.Қараев, М.С.Мәлібекова, Г.Ж.Меңлібекова, Н.Ә.Мыңжанов, Г.А.Нұрғалиева, А.Құсайынов, Т.С.Садықов, М.Н.Сарыбеков, А.П.Сейтешев, О.С.Сыздықов, Н.Д.Хмель, Ш.Таубаева, Л.А.Шкутина, Г.А.Уманов, В.Г.Храпченковтың зерттеулері кең өріс алды.
Жалпы педагогикада және педагогикалық психологияда маманның кәсіби құзыреттілігінің толық бейнесін, оның негізін, мазмұнын, қалыптастыру және де одан әрі оны дамыту қажеттілігін көруге болады.
Дамыған елдердің оқу жүйесінде кеңінен қолданыла бастаған «құзыреттілік», «құзырет» терминдері білім беру саласына ене бастады. Осы ұғымының әртүрлі анықтамаларын ескерсек, онда «құзыр» (компетенция) ұғымына «қайсыбір тапсырманы орындауға қабілеттілік немесе бір нәрсені жасау» деген анықтамасы қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігінде берілген [2] С.И. Ожегов сөздігінде «құзыреттілік – белгілі бір мәселені жан-жақты білу» екендігі айтылады[3].
Алайда жалпы педагогикалық-психологиялық әдебиеттерде «құзыреттілік» ұғымы білім алушылардың игерген іскерлігінің нәтижесін көрсететін қабілеттімен түсіндіріледі:
- нәтижесі – білім болып табылатын танымдық іс-әрекет тәжірибесі;
- нәтижесі – іскерліктер түрінде болатын іс-әрекет тәсілдерін іске асыру тәжірибесі;
- нәтижесі – проблемалық жағдайда шешім қабылдай алу іскерлігі болып табылатын шығармашылық іс-әрекет тәжірибесі.
Сонымен бірге, қызмет тәсілдерінің пайдаланудың дайындық бірлігі, тұлға қасиеті, білім беру үдерісінің соңғы нәтижесі тұлғаның мәдениетке, қоғамға, әлемге, өзіне және басқа адамдарға қатысты атқаратын қызметтері мен іс - әрекеттеріне байланысты білімдік деңгейдегі құзыр түрлері; кәсіби білімге қатысты іс әрекет теориясының негізінде кәсіби құзырлылық феномені негізінде ашылады[4].
Біздің түсінігімізше, болашақ маманның кәсіби құзыреттілігі сол маманның жеке тұлға ретіндегі қасиеттерінің және ішкі психикалық күйінің күрделі жүйесі, оның кәсіби қызметі мен қабілетін жүзеге асыру дайындығы жәнеде оның іскерлігі мен мүмкіндігіне сай жұмыс істеу қажеттілігімен ұштасады. Соған орай, маманның кәсіби құзыреттілік моделі кәсіби әрекет жүйесінің үлгісі және кәсіби іс-әрекетті іске асырудағы теориялық пен практикалық дайындықты қамтамасыз етеді. Мұнда қызметтің ішкі құрылымы мен негізгі сипаттамасы ашылады.
Педагогикалық үдеріс педагогтың кәсіби құзыреттілігі моделінің нысандық, әрекеттік компоненті болып табылады[5]. Стратегиялық деңгейде, бұл компонент тәрбиелеушілерге білім берудің педагогикалық жүйесін құрайды. Тактикалық деңгейде, бұл компонент педагогтың ойлампаздығымен, әрекетімен байланысты.
Оперативті деңгейі мынадай іскерліктерден көрінеді:
- білім берудің объективті үдерісінің мазмұнын нақты педагогикалық міндеттерге көшіру іскерлігі;
- білім беру барысында кәсіби іс-қимылдардың логикалық жағынан тиянақталған жүйесін құрып, жүзеге асыра білу іскерлігі;
- білім беру компоненттері мен факторларының арасындағы өзара байланысты анықтап, орнату, оны іске қоса білу іскерлігі;
- педагогикалық іс-әрекет нәтижелерін есепке алып, бағалай білу іскерлігі.
Бұларды бір ізбен, жүйелі түрде жүзеге асыру педагогтің кәсіби іс-әрекетінің аяқталған циклін жүзеге асырудың моделін құраса, психологтың кәсіби құзыреттілік моделінің нысандық (әрекеттік) компоненті болып психологиялық көмек жатады. Бұл компоненттің стратегиялық деңгейі клиентке психологиялық көмек көрсетудегі іскерлігінен көрініс береді, яғни өзінің негізгі іс-әрекеттеріне қарай бұл профилактикалық, диагностикалық, түзетуші-дамытушы, эксперттік-кеңес берушілік жүйе немесе кешенді психологиялық көмек болуы мүмкін. Модельдің бұл компонентінің тактикалық деңгейі кәсіби ойлауымен байланысты. Оперативтік деңгейге іскерліктің төмендегідей циклы енеді:
- клиенттің психологиялық мәселені анықтап, психологиялық міндеттер қоя білу іскерлігі;
- психологиялық көмек көрсету үдерісінде кәсіби әрекеттердің логикалық жағынан тиянақталған жүйесін құрып, жүзеге асыра білу іскерлігі;
- клиентке көрсетілген психологиялық көмек компоненттері мен факторлары арасындағы өзара байланысты айқындап, орната білу іскерлігі;
- кәсіби қызмет нәтижелерін есепке алып, бағалай білу іскерлігі.
Осыған орай, психологиялық көмек көрсету үдерісіндегі психологтың кәсіби іс-әрекетінің аяқталған циклы модельденеді.
Модельдің пәндік компоненттерінде бірлесе-бөліскен іс-әрекет өнімі бейнеленеді. Материалдық игілік өндірілетін өндіріске қарағанда, педагог пен психолог еңбегінен, білімалушының білімінен, клиенттің психикалық, психологиялық саулығынан көрінетін рухани игілік бастау алады. Бұл білімалушының немесе клиенттің ішкі дүниесінен орын алады, сонымен бірге алғашында рухани игілік тиісті маманмен бірлесе орындалады, оның меңгеруіне қарай сол игіліктерді өз бетімен жасауға бағыттайды.
Кәсіби құзыреттіліктің дамуы болашақ маманның стратегиялық, тактикалық және оперативтік іскерліктер кешенін меңгеру қабілетіне тиесілі. Бұл жерде “меңгеру” деген ұғым бір нәрсені берік сіңіре ұсынып, үйрену деген мағынаны білдіреді. Кәсіпті меңгеру пәні кәсіби құзыреттілік болып шығады.
Кәсіби құзыреттілікті қалыптастыруда жоғарғы оқу орны кезеңінің өзіндік ерекшелігі болашақ педагог маманының кәсіпті меңгерудегі іс-әрекеті алмастырып отыратын екі сатыдан тұрады:
- кәсіби құзыреттілікті меңгеру сатысында болашақ педагог кәсіби білім беру процесінің басқа субъектілерімен (оқытушы, курстастармен, өзіндік даму субъектісі ретінде өзімен т.б.) ықпалдасады;
- кәсіби құзыреттілікті қолдану сатысында болашақ педагог маман ретінде кәсіби көмек пен қызмет арқылы білімалушылармен ықпалдасады.
Кәсіби құзыреттіліктің әр деңгейінің мазмұны кәсіби іскерлік арқылы байқалады.
Кәсіби құзыреттілікті қалыптастыру – болашақ педагог маман ретінде жас ұрпақтың шығармашылық қабілеттерін дамыта отырып ойлаудың, интеллектуалдық белсенділіктің жоғары деңгейіне шығуына, жаңаны түсіне білуге, білімнің жетіспеушілігін сезінуге үйрету үшін ізденуге бағыттауды қалыптастырудағы күтілетін нәтижелер болмақ.
Қорыта келгенде, кәсіби құзыреттілік болашақ педагогтың білім, біліктілік, дағды, кәсіби ұстанымдарының қалыптасуымен сипатталады. Осыған орай, мамандарды даярлауда құзыреттіліктің төмендегідей түрлерін есепке алған жөн:
- Арнайы немесе қызметтік кәсіби құзыреттілік жоғары кәсіби деңгейде қызметті меңгерумен және тек арнайы білімді игеріп қоймай, сонымен бірге оны тәжірибеде қолдануды білумен сипатталады.
- Әлеуметтік кәсіби құзыреттілік кәсіби қоғамдастықта қабылданған кәсіби қарым-қатынас тәсілдерін, біріккен кәсіби қызмет және серіктестік әдістерін игерумен сипатталады.
- Жеке кәсіби құзыреттілік өзін-өзі көрсету және өзін-өзі дамыту әдістерін, кәсіби деформацияға қарсы тұру құралдарын меңгерумен сипатталады және осыған маманның өз кәсіби қызметін жоспарлауды, өз бетімен шешім қабылдауды, проблеманы көруді енгізеді.
- Дара (индивидуальды) кәсіби құзыреттілік өз-өзін басқара білу тәсілдерін, кәсіби өсуге дайындық, кәсіби қартаюға берілмеу, кәсіби мотивацияның табанды болуы қасиеттерін меңгерумен сипатталады.
Достарыңызбен бөлісу: |