ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕЖЕЛГІ ТАРИХЫ
Адамдардың еңбек құралдарына байланысты археологиялық топшылау
бойынша тарихты үш үлкен дәуірге бөледі және оны шартты
түрде «ғасырлар деп атайды. Олар: тас (III млн. – б.д.д. III
мыңжылдық), қола (б.д.д. III мыңжылдық – б.д.д. VIII-VII ғғ.), темір
ғасырлары. Тас ғасыры өз кезегінде ерте тас ғасыры (палеолит), орта
тас ғасыры (мезолит), жаңа тас ғасыры (неолит) және өтпелі кезең
мысты тас ғасырына (энеолит) бөлінеді.
Әзірше бізге белгілі археологиялық мәлімет бойынша адамдар Қазақстан
аумағын шамамен миллион жыл бұрын мекендей бастады. Бүкіл тас ғасыры
бойы климаттық жағдайлар күрт өзгеріп тұрды. Соған орай адамдардың іс-
әрекеті бейімделу қарқынында жүрді деуге болады.
Біздің елімізде палеолиттік мәдениеттің екі таралу аймағын бөліп көрсетуге
болады: Сарыарқа мен Қаратау жотасы (Бөріқазған, Тәңірқазған, Қазанғап
және т.б.). Еңбек құралдары негізінен түрлі формадағы дөрекі және үлкен
шапқылар (бифастар – екі жақты, унифастар — бір) болды. Біртіндеп
анағұрлым кішірек және едәуір жақсы өңделген микролиттерге көшу
байқалды. Палеолит пен мезолит кезеңінің шаруашылығында аңшылық пен
терімшілік басты рөл атқарды. Аң аулаудың тәсілдері әртүрлі болды. Аң
аулау құралдарының дамуына ірі жануарлардың жойылуы үлкен серпіліс
берді. Қолайлы жерлерде алғашқы адамдар сүйектен жасалған үшкір сүңгір
(гарпун) мен қарапайым ілмектер (күршіктер) көмегімен балық аулаумен
айналысты.
Әрбір тас ғасыры (жекеленген кезеңдері) өзіне тән ерекшелігімен және
қасиетімен сипатталады. Еңбекке қаулысы бар көне адамды хомо хабилис –
епті адам деп атады, ол «олдувай» кезеңінің адамы. Келесі «ашель»
мәдениетінің адамы (б.д.д. 800-140 мыңжылдық) эволюция деңгейінде «хомо
еректус» — тік жүретін адам қалпында болды, ол отты пайдаланып аңшылық
пен терімшілікпен айналысты. Орта тас дәуірі еңбек құралдарын өңдеудегі
техникалық серпілісі байқалады, соған орай тас құралдарының ұлғаюы
көрініс тапты. Бұл адам отты алудың бірнеше тәсілін білді, ағаштан және
жануарлар сүйегінен жасанды тұрғын-жайлар – жер үстіндегі кепелер мен
жертөлелерді де құра білді және жыныстық жас мөлшеріне негізделген
мамандану еңбек бөлінісі пайда болды. Яғни, иницияциялар деп
жасөспірімдердің ересектер қатарына өту межесін білдіретін салттардың
кешенін айтады. Кейінгі палеолит дәуірі эволюция қарқынында биологиялық
кезеңі аяқталды деуге болады, ендігі жерде оның әлеуметтік негізі бастау
алды. Адам ол кезде жердің жан-жақты климаттық зоналарға таралды, нәсіл
мен нәсілдік топтар қалыптаса бастады. «Алғашқы адамдар тобыры» немесе
«көне қауым» құрылым орнына біртіндеп қоғамдық ұйымның неғұрлым
берік формасына орын беретін тұрақты иерархиялық бірлестіктер аналық ру
келді, ол адамды «хомо сапиенс» — саналы адам матриархат заманы келді.
Рудың аса маңызды белгісі эндогамия, яғни, ру ішіндегі некелік қатынастарға
тыйым салу болды. Некенің бастапқы формасы – топтық неке, бұл кезде
рудың барлық мүшелері (жігіттері) екінші рудың мүшелерімен (қыздарымен)
некеге тұруға құқылы және тиісті болды. Біртіндеп некелік қатынастардың
дамуы жұптық некенің қалыптасуына әкелді. Сүйек иненің пайда болуына
байланысты адам ол кезде киім тіге бастады. Сондай-ақ, жан түсініктердің
пайда болуынан діни көзқарастың қалыптаса бастағанын байқаймыз, олар:
тотемизм, фетишизм, анимизм, магияда да көрініс тапты.
Орта тас ғасыры (мезолит) климаттағы өзгерістермен белгілі, соған
байланысты жебе мен садақ және микролиттердің – тас пластиналарды алу
тәсілі пайда болды, еңбек құралдарын даярлау техникасында өзгерістер
болды.
Жаңа тас дәуірі (неолит) ұжымдық еңбек пен өндіріс құрал- жабдықтарына
ортақ меншік үстем болған жаңа құрылымға ие болды. Тайпалар өз атауы,
территориясы, диалектикасы және өзіндік мәдени- болмыстық ерекшелігімен
бейнеленді. Адам жасанды материал – қыш ыдыстарды даярлауды игерді.
Шаруашылықтың өнімді формалары: егіншілік пен малшылық пайда болды.
Мысты тас (энеолит) ғасыры Қазақстан территориясында жылқыны қолға
үйрету және бағу жүзеге асқан кезең (ботай мәдениеті). Ботайлықтар Еуразия
кеңістігіндегі алғашқы жылқы өсірушілер. Жайық-Ертіс арасындағы
энеолиттік қоныстардан орасан көп жылқы сүйектері табылды.
Этникалық мәселелері туралы айтсақ, сол заманда Қазақстан үнді- еуропалық
және орал-алтай қауымдастықтарының шығу аймағы болуы мүмкін.
Еуразияның барлық халықтары сол этникалық негізден шыққан. Алғашқы
жылқы өсірушілер жылқыға табыну дәстүрін және көшпелі тұрмыстың
негізін қалайтын бірқатар элементтер қалыптастырды. Олар қазақтар үшін
қасиетті «алаш» ұғымынан көрініс тапты.
Б.д.д. ІІІ-II мыңжылдықта Орталық Азия даласының тұрғындары қоланы
игере бастады. Қазақстанды қола дәуірінде мекен еткен тайпалардың
археологиялық ескерткіштері Андронов мәдениетіне жатады (алғашқы қазба
жұмыстары Андроново селосы жанында–Оңтүстік Сібірдегі Ачинск қаласы
іргесінде қазылып табылғандықтан, шартты түрде осылай аталып кетті).
Оның тараған аумағы Оңтүстік Сібір, Қазақстан, Орал және Орта Азия
жерлері. Ал Қазақстан территориясы Андронов мәдениетінің негізгі
орталығы болып табылады. Андронов мәдениеті Қазақстанда – Атасу,
Бұғылы, Нұртай, Беласардан; Шығыс Қазақстанда – Кіші Қойтас, Қанай,
Трушников; Солтүстік Қазақстан, Көкшетау облыстарында – Шағалы,
Степняк, Бурабай; Батыс Қазақстанда – Ұралысай т.б. жерлерден табылды.
Андронов мәдениетін зерттеген ғалымдар: А.Я. Тугаринов, С.А. Теплоухов,
М.П. Грязнов, К.В. Сальников; қазақстандық ғалымдар Ә.Х. Марғұлан, Қ.А.
Ақышев, А.Г. Максимова, С.С. Черников, А.М. Оразбаев.
Зерттеушілер Андронов мәдениетінің туындауын жергілікті энеолиттік
тайпалармен, енді біреулері Еділ бойындағы тайпалардың бері қарай
ойысуымен байланыстырады. Көптеген зерттеушілер Андронов мәдениетін
үнді-ирандық деп есептейді. Антропологиялық тұрғыда оларды еуропеоидтар
санатына жатқызады. Андроновтық тайпалар – тұрмыстық мәдени
ғұрыптары мен болмысының бірегейлігімен ерекшеленеді. Олар өзендердің
салалары мен таулардың етектерінде тіршілік етіп, мал шаруашылығы мен
егіншілікті жарыса дамытты, металлургияны өркендетті, әдет-ғұрыптары
ұқсас болып келді. Андронов мәдениетінің басты белгісі болып мәйітті
жерлеу кезіндегі әшекейлеу еді. Жерленген мәйіттің басын батысқа немесе
оңтүстік-батысқа қаратып өлікті бүктей жатқызып қойған. Олардың
түсінігінше: біріншіден – қабыры бар домалақ оба да әлем іспеттес болуы;
екіншіден — өліктің қабырда бүк түсіп жатуы нәрестенің жер-ана
жатырында жатқан күйі деп болжауы. Қабір іргелері ретінде тас плиталардан
құралған жәшіктер, олардың айналасына қырынан жерге қазылып қойылған
тас плиталардан қоршаулар жасалды. Мұндай қабір зираттарын қазақ
арасында «мықтың үйі» деп аталған. Кей – кездерде мәйітті өртеп жіберу
тәсілін де қолданды. Андронов мәдениетінің келесі белгісі – қыш ыдыстар
жасау, олар қалып көмегімен немесе қолдан жапсыру тәсілімен әзірленген;
бұл тәсіл бойынша әуелі ыдыстың түбі, сосын дөңгелектеп бүйірін, дөңгелек-
иінін және жоғарғы жағын орнатады. Құмыра жасауда оның түбі теп-тегіс
болып келсе, бейнеленген ою-өрнектерде геометриялық тәсілді қолдануда
еді. Андроновшылардың құмыра, көзелерін көркемдеп көрсететін ою-
өрнектері жүздеген жылдар бойы сақталған, олардың қолданған элементтерін
қазақтың қолданбалы өнерінен осы күнге дейін көруге болады. Андронов
мәдениетінің келесі ерекшелігі – арнайы әсемдендірілген металл
әшекейлердің формаларында еді, олар: алтынмен апталған дөңгелек
сырғалар, спираль тәрізді оралған білезіктер, самайға тағылатын
салпыншақтар, әртүрлі жүзіктер – зергерлік өнердің ғажайып үлгісі болып
табылады.
Андронов мәдениеті үш кезеңге бөлінеді:
Ерте қола дәуірі б.д.д. XVIII-XVI ғғ.
Орта қола дәуірі б.д.д. XV-XII ғғ.
Кейінгі қола дәуірі б.д.д. XII-VIII ғғ.
Орталық Қазақстанда 30-дан астам қоныстар мен 150-ден астам Андронов
мәдениетінің мәйіттері табылған. Бұл өңірдің тән сипаты – оның
монументалдығы, мазарларының күрделілігі, тас өңдеумен байланысты
құрылыс техникасының жетіле түскендігі. Ерте қола кезеңі – Нұра, орта қола
кезеңі – Атасу, кейінгі қола кезеңі – Бегазы-Дандыбай деген атауларға ие
болды. Солтүстік Қазақстандағы Петропавл қаласының маңындағы қоныстар
ерте қола дәуіріне тән ескерткіштерге жатады. Оның бір ерекшілігі – ежелгі
қалалардың алдын алушылар (протиптер) деп атауға келетін қоныстардың
пайда болуында еді. Солардың бірі – Челябинск облысы мен Қостанай
облысының шекарасынан орын тепкен Арқайым қаласы. Орта қола кезеңінде
үй құрылысы күрт өзгереді, қоныстардың өзіндік жоба-жоспары құрыла
бастады. Мысалы, тұрмыс кешені деп Батыс Қазақстандағы Тасты-Бұлақ
қонысын айтуға болады. Бұл жерде ондаған қорымдар мен қоныстар
табылған. Шығыс Қазақстандағы – Ертіс, Бұқтырма, Алтай және Тарбағатай
далаларында осындай ескерткіштер табылған. Оңтүстік Қазақстанда және
Жетісу өңірінде тасқа қашалған Тамғалы және Қаратау петроглифтері
шалқақтаған өнері көркемдік талғаммен, мейлінше шынайы жасалып
отырған. Оларда соғыс арбалары, садақ тартып тұрған адамдар, ғұрыптық
билерді орындап тұрған бишілер, барлық бейнелердің үстінен «күн басты
тіршілік иелері» тұр. Қаратаудағы – Таутары қорымы, Арал алқабындағы –
Тегіскен кесенесі – сан-салалы мәдениетті айқындайтын белгілердің бірі.
Андронов тайпалары келесі ұрпаққа негіз болатын мәдени іргетасын қалап
кетті. Ерте және орта қола кезеңінде олар отырықшы болған, аралас
шаруашылықпен шұғылданып, егін егіп, мал өсірген. Мал шаруашылығының
өнімділігін бір деңгейде сақтап, оның санын арттыру үшін мал ұстаудың
жаңа түрлері мен тәсілдері, соның ішінде жайлаулық тәсілі (жартылай
көшпелі) қалыптаса бастады. Сонымен, үй іргесіндегі тепсеңнен – жайлауға
көшу, одан көшпелі шаруашылықтың туындауы – қоғамның кәсіппен
айналысу қатынасына күрделі өзгерістер енгені айғақ болып отыр.
Келесі ерекшелігі, металды өңдеу елеулі орын ала бастады. Зерттеушілердің
пайымдауынша, кен өндіріп балқыту ісі орасан зор көлемде болыпты.
Мәселен, Жезқазған өңірінде 100 мың тонна мыс қорытылса, ал Өспен
руднигінде 200 мың тонна кен өндірілген. Көне металлургияның дамуына
сондай-ақ, Қазақстанның жер қойнауының байлығы да ықпал етті. Ежелгі
кеншілер кенді тотықтандыру тәсілін қолдана отырып, жыныстағы жез бен
қалайының қосындысын көбейте білген. Борпас жыныста кенді «қайлалап»
өндірсе, ал қатты жыныстарға «отпен өндіру» тәсілін қолданған. Сол сияқты,
ұзын штольнялар (жасанды үңгімелер) қазған кезде оған ағаш тіреулерді
пайдаланған. Уақталған руданы арнаулы пештерде балқытқан. Ондай пештер
Атасу, Суықбұлақ, Қанай ауылының қасындағы қоныстардан табылды.
Металл балқытумен бірге олар оны шыңдау, шекімелеу, қыспалау әдістерін
білген. Қолөнершілер шаруашылыққа және тұрмысқа қажетті құралдар: орақ,
балта, қанжар, найза, жебенің ұштарын жасаған. Металл өндірудің көлемі
оларды басқа аймақтарға экспорттауға мүмкіндік берді. Шаруашылықтың
дамуы артық өнім мен айырбастың кеңеюіне және осылайша байлықтың
көбеюіне ықпал етті. Бұл қоғамның әлеуметтік құрылымынан көрініс тапты.
Қоғамда ерлер басым маңызға ие болды. Патриархалдық отбасы үлкен рөл
атқара бастады. Қалыптасып жатқан мүліктік теңсіздіктің күшеюі, тайпа
ақсүйектерінің ішінен көсемдердің бөлініп шығу үрдістері, этномәдени
бірлестіктердің қалыптасуына ұйтқы болды. Әскери және шаруашылық
қажеттілігі бойынша күрделі тайпалық одақтар қалыптасты.
Сонымен, б.д.д. II мыңжылдықтың басында Қазақстан территориясында мал
шаруашылығын, егіншілікті және жоғары дамыған металлургияны
біріктірген өзіндік кешенді шаруашылық қалыптасты. Мәдени кешеннің
негізгі көріністері еңбек құралдары мен қару-жарақтардың сапасының күрт
жақсаруы, қола өндірісін игеру, ат әбзелдері мен жеңіл соғыс арбаларының
пайда болуы болды. Этникалық тұрғыдан, нәсілдің андрондық компоненті
Қазақстанның тарихында нәсілдік-гендік үрдісінде аса маңызды негіз болды.
Қола дәуірі мал өндірісінің шаруашылық ретіндегі даму кезеңі болып
табылды. Кетпенді егіншілік дамып, онда жаңа еңбек құралдары қолданыла
бастады. Б.д.д. II мыңжылдықтың орта шенінде Орталық Азияның далалық
бөлігінде бақташы тайпалар бөлініп шықты. Б.д.д. ІІ мыңжылдықтың аяғы
мен І мыңжылдықтың басында (кейінгі қола дәуір кезеңі) Қазақстанның
далалық аудандарының көпшілік халқы шаруашылықтың жаңа түрі –
көшпелі мал шаруашылығына ауысты. Тайпаның негізгі көпшілік
бұқарасынан малшылардың бөліктеніп шығуы – қоғамдық еңбектің алғашқы
ірі бөлінісі болды. Бойлық бойынша көшуге қалыптасу, өзін-өзі бағып, өз
аяғымен жүретін төрт түлікті аз күш жұмсап, мол өнім беретін шаруашылық
көзіне айналдыра білу, түптеп келгенде, салт атты көшпелілердің төлтума
таным-түсінігі мен мәдениетінің қалыптасуына, уақыт пен кеңістік туралы
дүниетанымының кеңеюіне, сөйтіп этномәдени болмысының даралауына
себепші болды. Көшпелілер сол кездегі өзінің отырықшы замандастарына
қарағанда әлеуметтік-мәдени деңгейі жөнінен әлдеқайда биік, әлдеқайда
қуатты болды.
Б.д.д. І мыңжылдықта Қазақстан аумағындағы андроновтықтардың
ізбасарлары сақтар болды. Ұлы дала тұрғындарының тіршілік тәжірибесі
көшпелі өмір салттан ғана бақыт табуға болатынына көз жеткізді, далалық
шаруашылық-мәдени типін саралап, дара болмысын қалыптастыруға себепші
болды. Сөйтіп, мал өндірісі негізгі шаруашылық түріне айналды. Адам еңбегі
анағұрлым өнімді болып, кең-байтақ жайылым жерлерді пайдаланып,
қосымша өнім өндіруге, оны сақтап иемденуге мүмкіндік берді. Мал мен мал
шаруашылық өнімдері айырбастық құнға ие болды. Мал шаруашылығының
негізгі 3 түрі: көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшылық қалыптасты.
Мыс, қалайы, қорғасын, алтынмен қатар темір өндіріле бастады. Одан ер-
тұрман әбзелдері (үзеңгі, ауыздық), қару-жарақ, тұрмыстық бұйымдардың
жаңа түрлері жасалды. Көшпелі тұрмыс жаңа баспана түрін – киіз үйді ойлап
табуға әкелді, арба, күйме қолданылды. Қола дәуірінде алғашқы рулық
қатынастың ыдырауы жалғасып, ертедегі таптық қатынас қалыптаса бастады.
Қауымдық меншікпен қатар ішінара малға және жерге деген отбасылық
меншік нығайды. Ру қауымға орын беріп, рулық институттар өз формасын
сақтай отырып, ертедегі қауымдық қатынастарға бейімделді. Ерте темір
ғасыры дәуірінде (б.д.д. І мыңжылдық) тайпалық одақ негізінде мемлекеттік
бірлестіктер қалыптасты.
Енді тайпалардың қоныстануы туралы жазба дерек мәліметтерге келсек
біздің дәуірімізге дейінгі VIII – III ғасырларда Қазақстан даласында сақтар
мен савроматтар үстемдік құрды. Олардың айрықша қару-жарақтары мен ат-
әбзелдері, киім-кешектері және өнерде «Аң стилі» деп аталатын өзіндік
ерекше қолтаңба-мәнерлері болды. Қазақстанның бұл ерте дәуір тарихы —
антикалық авторлар еңбектері мен ежелгі Иран патшалары қалдырған
жазбаларында жақсы сипатталған. Әсіресе, Қазақстан жерінде мекендеген
ежелгі көшпенділер туралы жазбаша деректі — Заратуштра пайғамбардан
қалған қасиетті «Авеста» кітабында шынайы мазмұндама көрініс табады. Ол
жалғыз құдайға сенім келтіретін әлемдегі алғашқы дін зороастризмнің негізін
салды. Зороастризм батыс және шығыс өркениеттерінің негізгі діндері
болатын иудаизм, буддизм, христиан, исламға бірқатар әсерін тигізді. Арий
тегінің Спитама руынан болатын Заратуштра Ұлы Даладағы Еділдің
шығысына қарай б.д.д. 1500-1200 жылдар аралығында, басқа деректерде
б.д.д. І мыңжылдықтың басында немесе б.д.д. VІІІ-VІ ғасырлар аралығында
өмір сүрген.
Авестаға жүгінсек Қазақстанның ұлан-ғайыр далаларында «жүйрік мінген
турлар» ғұмыр кешіпті. Турлар парсы деректерінде сақтар деп
аталады, бұл сөз «еңсегей бойлы еркектер» дегенді білдіреді. Антика
авторларының шығармаларында олар «скифтер» деген атпен мәлім болды.
Б.д.д. VІІ-І ғғ. Орталық Қазақстанды Тасмола мәдениетінің тайпалары —
исседондар, Батыс және Солтүстік Қазақстанда – б.д.д. VII-V ғасырдағы
савроматтар мен б.д.д. IV-ІІ ғасырдағы сарматтар, Шығыс Қазақстанды —
аримаспылар, Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанды — тиграхауда сақтары, Арал
маңын — массагет сақтары қоныстанды.
Сақ дәуіріндегі қоғамдық тіршілігінде халық жиналысы маңызды рөл
атқарды. Оған ер азаматтар қатысқан. Ер адамдардың орны ру-тайпасының
деңгейіне қарай анықталып отырды. Қоғамдық құрылымы: Үй басы, Ру басы,
Тайпа басы, Ел басы (патша) болып жіктелді.
Сақтардың этникалық процестерге қатысқаны айқын, олар қазақ, қырғыз,
өзбек, қарақалпақ, тәжік, сондай-ақ Ауғанстанның, Иранның, Үндістанның
және Қытайдың кейбір халықтарының этногенезі болып табылады. Сақтар –
қазақ тайпаларының көне ата-бабалары. Есіктегі қорғанынан табылған күміс
тостағанның сыртқы жағына 26 таңбалы екі жолға жазылған аса құнды
алфавитті руника жазуы табылды. Бұл жазуды оқыған белгілі түрік танушы,
филология ғылымының докторы, профессор Алтай Аманжолов былай
көшірді: «Аға, саңа очук! Без, чок! Букун ічре азук!..». Бұл былай
қазақшаланды: Аға, саған (бұл) ошақ! Бөтен (жат ел адамы), тізеңді бүк!
Халықтың қарыны тоқ (болғай)!
Сонымен Есік, Шілікті қорғандары, Түгіскен мен Ұйғарақ кесенелері,
сақтардың Шірік-рабат пен Баланды қалалары секілді сақ мәдениетінің
көрнекті ескерткіштерін археологтардың ашуы тағы бір кедергіден өтуге
мүмкіндік берді. Табылған жазбалардың, көрнекті өнер туындыларының
жәдігерлеріне сүйене отырып, біздің дәуірімізге дейінгі І-мыңжылдықтың
ортасында Қазақстан аумағында пайда болған көне сақ мәдениетін әлемдік
тұрғыда озық өркениеттердің бірі есебінде санап, дүниежүзілік тарихқа өз
ықпалын елеулі түрде тигізді деп айтуға болады.
Б.д.д. ІІ ғасырда Қазақстан аумағын мекен еткен тайпалар ерте мемлекеттік
билік құрылымын қалыптастырды. Бұлардың этникалық тарихы Орталық
Азияны сол кезге дейін үстемдік құрған сақ тайпаларымен тығыз байланысты
болған Үйсіндер мен Қаңлылар. Тиграхауд сақтардың жерін мұра еткен
үйсіндер Жетісуға Орталық Азияның түкпірінен келген еді.
Олардың территориясы өте ауқымды болды: солтүстігінде Балқашпен
ұштасса, батысында Таласқа тіреліп Қаңлылармен шектесті, шығысында
Ғұндармен шекаралас болды, ал оңтүстігінде Ферғанамен ұштасып жатты.
Оның негізгі орталығы Жетісудағы Іле аңғары, ал астанасы Чигучен
(Қызылалқап) Ыстық көлдің жағасында орналасты.
Үйсін тайпасы жөніндегі ежелгі қытай жазбаларында мәліметтер мен
деректер олардың бір кездерде Іле өңіріне келіп қоныстанғаннан кейінгі
уақытта аса күшті тайпалық мемлекет ретінде тарих сахнасына шығып, өз
тұсында едәуір ықпалды болғанын баян етеді. Қытай тарихшысы Сыма-Цянь
мен Бан Гудың «Ханнамасы» мен «Жылнамасында» мынадай деректер бар:
«Үйсін мемлекетінің жері … ұлан-байтақ кең, әрі жазық, жауын-шашыны
көп, ауа райы суық, тауларда қалың қарағай өседі. Егіншілікпен
айналыспайды. Малмен бірге жайылым-суат жағдайымен көшіп жүреді.
Әдет-ғұрпы ғұндарға ұқсайды. Бұл елде жылқы көп, байларында 4-5 мың
жылқы болады. Халқы қайсар, батыр келеді. Сенімсіздік істегендерге қатты
өшігеді, ұры-қарысы жоқ. Ең күшті мемлекет. ».
Үйсіндер билеушілерін Күнби (гуньмо) деп атаған. Ол елде тұтас әскери
және әкімшілік құқықтарды басқартатын мемлекеттік билік түрі болған.
Үйсіндер одағы көршілес тайпалардың экономикалық жаңа саяси өміріне де
зор ықпал етті. Мысалы, үйсіндер Солтүстік Қытайдағы Хунну (Ғұн),
Хорезмдегі Кангүй (Қаңлы), Памирдегі Кушан тайпаларымен араласты.
Үйсіндер жартылай отырықшы ел болған. Үйсіндерде мал шаруашылығы
мен егіншілік кәсібі қатар дамыды. Құлдық және феодалдық құрылыстың
нышандары басым рулық институттары бар ертедегі қоғамдық қатынастар
қалыптаса бастады, малға деген меншік нығайды. Малға, салт мінетін
аттарға, ыдыс-аяққа сонау сақ дәуірінде пайда болған рулық, қауымдық, жеке
меншіктік иелікті білдіретін таңба басу дәстүрі кең тарады.
Қазақстан жерінде тарихта елеулі із қалдырған ірі мемлекеттік
құрылымдардың бірі — Қаңлы мемлекеті. Бұл туралы алғаш рет б.д.д. II
ғасырдағы жазба деректерде айтылады. Осы деректерге сүйенсек, бұл
мемлекеттің территориясына Оңтүстік Қазақстанның ауқымды аймағы мен
Ташкент ойпаты кіреді. Шығысында Талас бойы, батысында Арал өңірімен
ұштасып отырады. Бірлестік билеушісі Дуанның (Ферғана) астанасы Эрти
қаласынан солтүстік-батыста ірге тепкен Битянь қаласында орналасқан.
Ғалымдардың бірі түркі тілдес десе, екіншілері Иран тілдес халық деседі.
Қуатты мемлекеттік бірлестік болған. Шаруашылықтың маңызды бір саласы
мал өсіру болған. Хорезм, Арал өңірі, Ташкент оазистерінде суармалы
егіншілік жетекшілік орын алды. Дәнді дақыл егіп, бау-бақша өсірген. Елді
мекендерінің қоныстарынан бидай, бидай сақтаған ыдыстар, қол диірмен,
астық пен бау-бақша өнімдерін сақтайтын құмыралар табылды. Жерді темір
кетпендермен өңдеген, жер өңдеуге сүйектен жасалған құралдар да
қолданылған. Жетіасар аймағында өзеннен егістікке қарай келте тартылған
(40-50 м) арық, атыз, әуіт және кішігірім су бөгендерінің орны табылды. Оған
қосымша аң, балық аулауды да кәсіп еткен. Қаңлылардың материалдық
мәдениеті негізінен қоныстар мен обалардың орнынан табылған заттар
бойынша анықталып отыр.
Орталық Сырдария аймағында (Шаш, Отырар, Қаратау) тараған қаңлы
материалдық мәдениеті тарихи әдебиеттерде Қауыншы, Жетісай, Отырар-
Қаратау мәдениеті делінсе, ал І мыңжылдықтың басынан бастап
Сырдарияның төменгі ағысында бұлармен тектес Жетіасар мәдениеті деп
аталады. Жетіасар мәдениетінің жұрттары көлемінің кеңдігімен,
орналасуының айрықшалығымен және материалдық мәдениетінің
ерекшелігімен сипатталады.
Қазір ондаған қаңлы қоныстары белгілі. Ең ірі ескі қоныстардың бірі –
Алтыасар. Ол трапеция пішінді болып келген төбе секілді. Алтыасар, Ақтөбе,
Қарауылтөбе сынды қоныстарды зерттеудің нәтижесінде оны мекендеген
халықтардың өмірін, мәдени табыстарын байқауға мүмкіндік туды. Қаңлы
қоныстарында көптеген тұрғын үйлер мен шаруашылыққа қажетті
құрылыстар болған. Олардың сыртына дуалдар соғылып, ор қазылған.
Кірпіштен тұрғызылған монументальді құрылыстар, архитектурасы күрделі
ғимараттар мен ою-өрнектер ежелгі қаңлылық мәдениетінің жоғары
дәрежеде болғандығының бір айғағы. Үй шаруашылығы кәсіпшілігінен
ұсталық пен қыш ыдыстар жасау ісі, түрлі зергерлік өнер мен тас, сүйек
өңдеу өнері кеңінен тараған.
Қаңлылар одағында дамыған әлеуметтік-саяси иерархиялық құрылым
археологиялық қазбалардан айқын көрінеді. Оларға сан-салалы әкімшілік-
саяси аппаратпен байланысып жатқан жоғары дамыған әскери ұйым да тән
болды. Осы негізде үйсін және қаңлы тайпалық одақтарына — мемлекеттік
құрылымға тән жекеленген белгілермен ерте мемлекеттік нышандары бар:
әкімшілік, күштеу аппараты, әскери ұйым биліктің мықты жүйесі
қалыптасты.
Достарыңызбен бөлісу: |