Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Хабаршысы, «Филология ғылымдары» сериясы №4(62) 2017 ж.
199
Драмалық туындыларда кейіпкерлердің ішкі-сыртқы қарым-қатынасын, мінезін дәл басып,
айқындайтын элемент – кейіпкер сөзі. Х.Кәрiмов: «Драмалық шығармалардағы бiрден-бiр басым сөз
кестесi – кейiпкерлер сөзi де, ара-тұра (бiр шығармада аздау, екiншiсiнде көбiрек) автор сөзi
(ремарка) де қолданылады. Кез-келген шығармадағы кез-келген кейiпкер тiлiне қойылатын басты
талап – кейiпкер сөзiнiң мазмұны мен түрi жағынан кейiпкердiң мiнезiне, психологиясына лайық
мәдени дәрежесiне сыйымды, өмiр тәжiрибесiне, өскен ортасына, кәсiбiне, оқиға болып жатқан
жағдайға т.б. сайма-сай етiп берiледi, … кейiпкердiң сөзiнен оның мiнезiн тануға мүмкiндiк туады»
[3, 11-14], – дейдi. Пьесадағы Темірбек, лақап аты Тимур – үйдің ортаншысы. Тік мінезді, қызу
қанды, ашушаң, дөрекілеу, бірақ еш арамдығы жоқ, адал, қамқор жігіт. Кейбір сәттерде
қызуқандылыққа салынып, мәселенің байыбына бармай, тез шешім қабылдайды. Әдемі киінгенді,
қыдырыс пен той-томалақта көңіл көтергенді ұнатады. Жалындаған жас жүрегі махаббаттан басы
айналып сүйіктісі Кәмиланы отбасынан, бауырларынан артық көріп кетеді.
Дулат Исабеков кейіпкерлерінің характері мен тағдырын тек таза тұрмыстық көзқараспен бағамдау
мүмкін емес. Оның қай кейіпкерін болсын, бір жақты түсіндіру қиынға соғады, өйткені оның қазақы,
аңқау да аңғал кейіпкерлерінің бойынан кәдімгі адамға тән барлық жақсылы-жаманды қасиеттерді
табуға болады. Жазушы қаламының ерекшелігі де осында: ол өз шығармаларында жалаң дидактика
ұсынбайды немесе кейіпкер іс-әрекетін талдамайды, бұның бәрін оқырман талқысына салады [4, 119].
Пьеса шиеленісті оқиғадан басталып одан әрі өрбиді. Алғашқы оқиға Темірбектің өзінің
құрбысын, нақтырақ айтқанда болашақ жарын үйіне қонақ ретінде әкелуден басталады. Кәмила
(Кама) – Темірбектің сүйген қызы, кейіннен әйелі болады. Темекі тартады, тілінің уы бар қыз. Өте
өжет жан, жүрген жерінде ұрыс-керіске ұшырап жағымсыз кейіпкер ретінде көрінеді. Әдеттегідей
сүйіктісінің үйінде де өзін тым еркін ұстап, құрбысы екеуі өмір сүру туралы философиялық ойларын
білдіріп үлгереді.
Келген қонақтардың бұл қылықтары Нәзилаға әсте ұнай қоймады. Ерке, тікмінезді Нәзила келген
бикештердің тым еркінсуін, Тимурдың тым әйелжандылығын жақтырмай, сөз арасында қағытып-
тиісіп отырады. «Қазіргі заманда жұрттың бәріне ұнай беру шарт емес» деген Кәмиланың сөзін қағып
алып, әп сәтте-ақ өзіне қайтарады. Ақырында, Кәмила сүйіктісінің ерке қарындасының қылықтарын
көтере алмай үйден кетіп қалады.
Ақкөңіл Қамажай бәрінің қас-қабағына қарап әлек. Ата-анасының жоғын білдіртпей, бауыр-
ларының қуанышына бірге қуанып, қайғы-мұңында демеу болып жүрсе де, ашу-ренішке жиі
соқтығыса береді. Кейде өзінің көңіліне ешкім қарамайтындығына ренжиді. Бірде Тимурдың
костюмін үтіктеп отырып, Кішкентай Ермек мектептен жылап келеді. Соны жұбатамын деп әлгі
костюм күйіп кетеді. Жиынға кеткелі жатқан Тимур мұны көріп «мамулясына» қатты ашуланады.
Достарыңызбен бөлісу: