Түпнұсқада:
“Во дни сомнений, во дни тягостных раздумий о судьбах моей
родины – ты один мне поддержка и опора, о великий, могучий,
правдивый и свободный русский язык! – Не будь тебя – как не впасть
в отчаяние при виде всего того, что совершается дома? Но нельзя
верить, чтобы такой язык не был дан великому народу!” (И.Тургенев.
Избранные произведения, М., 1950, стр. 918).
Аударма:
“Туған елдің тағдыры не болар деп қайғырып, шерге бөккен ет
жүрек қан жылаған шақтарда, уайым-күдік молығып, қапалы көкірек
долығып, қақ айырылған шақтарда, уа, ұлағатты, құдіретті, адал,
дарқан орыс тілі – сен ғана серігім, сен ғанасың тірегім, сен болмасаң,
іш құсама жалғыз ем, ел халінің сиқы анау – мен түңілмей қайтер ем?
Жә, әзелде тілі зордың – елі зор, осы сынды асыл тілді абзал халық
болмас қор!” (“Қазақ әдебиеті”, 2 ноябрь, 1968, № 45).
Ең бастысы Тургенев жырының рухы, екпін-ырғағы әдемі
сақталып, дәл бодау, тең өрнек табылған. Ішкі ұйқас, толғау
айшықтары арқылы аударманың гөзәл үлгісі жасалған.
Мұхтар Әуезов қазақтар үшін ұлы эпопея авторы ғана емес,
ұлттық топырақтағы көп-көп істердің пионері, алғаш із салушы. Жаңа
дәуірдегі қазақ аударма мектебінің шын мәніндегі атасы - Әуезов таза
теориялық байламдар айтып қойған жоқ, шығармашылық тәжірибеде
аударманың классикалық түрлерін берді: “Отелло”, “Асауға тұсау”,
“Ревизор”.
Әйгілі романның екінші, үшінші кітаптарын жазып жүргенде,
басқа шаруаға бұрылмай, Тургеневке ден қойып, “Дворян ұясын”
аударуда мән бар. Айтылмыш романдағы әкелер мен балалар тартысы
Құнанбай, Абай қақтығысын еске салады. Кітап алғы сөзінде ұлттық
колоритті сақтау, бояуды бәз күйінді қалдыру талаптары ескертіледі.
1961 жылы шілде айында бейдауа дерт Москва түбіндегі
ауруханаға әкеп жыққан Мұхтар Әуезовтің көңілін сұрай әдебиетші-
ғалым Иосиф Брагинский барады. Әңгіме әдеби ықпал-әсер төңірегіне
ауысқанда Әуезовтің айтқаны:
“Сірә, сіз де орыс әдебиетінің маған тигізген әсер-ықпалы, берген
нәр, қосқан ажары жайлы жазатын шығарсыз-ау. Әлбетте, ұлан-ғайыр,
теңдесі жоқ әсер ғой ол. Бірақ сол қалай болды, сыр-сипаты, түр-түсі
қандай? Әрине, Максим Горькийді атайсыз, Лев Толстойды да. Десе де
маған зор ықпал еткен кім екенін білесіз бе? Таба алмайсыз?! –
Тургенев! Жеңіл қарап, бетін қарпымаңыз, мүмкін, ол әсер оңай
шалынбас та. Әдеби әсер – оп-оңай нәрсе емес, тек дүмбілездер ғана
оны қолмен ұстап, көзге түртіп көрсетпек болады. Шығармашылық
әсер ықпалы шыңырау тереңде, ол суреткердің жан-жүйесін тербетіп,
117
толқытып, екінші бір өзегіне айналып, басқаша сипат, айрықша
қасиетпен береді, бұл кез келген көген көзге байқала бермес.
Тургенев те дәл солай, мен оны өзгеден артық көріп, жастай сүйгем”,
(“Народы Азии и Африки”, 1961, № 6).
Асылы, Тургеневтің қазақ әдебиетіне әсері пәрменді һәм жанды
құбылыс. Табиғат көріністерін, лирикалық пейзажды психологиялық
тебіреністермен астастыра, жымдастыра бейнелеу, шетін сезім, тілдің
мінсіз тазалығы, әуезділік, ырғақ мәні секілді ұлы стилистке тән өрнек
құралдар, замана проблемасын дер кезінде көтеру, дәуір талабына
лайық әсем шығарма жасау дәстүрі – қазақ қаламгерлеріне үлгі.
Әсіресе лирикалық проза, мәдениетті проза талаптары бірінші қатарға
шыға бастаған бүгінгі күнде Тургенев ықпалы өсе түсері даусыз.
Достарыңызбен бөлісу: |