376
жат ортаны өгейсінбей өзіндік пішінге ие бола келе, тіпті
жаңа сөз процесіне де, яғни сөзден сөз тудыру процесіне де
араласа алатын халге жеткен.
Ал төңкерістен кейінгі жердегі кірме сөздер мен интер-
терминдер тағдыры ə дегенде қазақ зиялыларының неше
алуан қақпақылына түсіп барып, ақыры сол сірескен қал-
пында өңін де, түсін де, шырайын да бермеген күйі қатар
түзеді.
Мұның өзі атам заманнан қалыптасқан тіл заңдылығына
қайшылықтар əкеліп, төл сөздеріміздің өзін айту мен жазуда
қисынсыз, бұзып қолданатындай сиықсыздыққа ұрындырды.
Міне, сондықтан да біз осы проблеманы өз тіліміздің даму
мен қалыптасу тұрғысынан түбегейлі ішіне кіре зерттеп,
емле ережелері мен терминжасам принциптерін түбірімен
қайта қарау керек деп түйеміз. Біздің бұл пікірімізді мына
төмендегі талдаулар мен топшылаулар дəлелдей түссе керек.
Терминологияның жалпы теориясы тіл мəдениеті про-
блемасымен қай жерде қиысып, қай жерде түйіседі, оның
бір-бірімен байланысы қандай? Мұның өмір танытқан, тіл
дамытқан табиғи заңдылығы бар. Терминолог белгілі бір
ұғымды білдірерлік əлденеше үлгінің ішінен біреуін ғана
таңдауға міндетті.
Жəне таңдалған термин сөз тіл заңдылығына сəйкес
болуға тиіс. Яғни əдеби тілдің нормасын сақтап, лексикалық
байлығымыздың қатарына қосылуы керек.
Əдетте отандық лингвистика деп жүрген бұрынғы Одақ-
тық тіл білімінде, қазіргі орыс тілшілері арасында терми-
нологияны əдеби тілден тыс жеке-дара қарауға тырысатын
ағым бар. Яғни мұны олар əдеби тілдің құрамдас бір бөлігі
деп емес, лексиканың өз алдына дербес жатқан саласы
ретінде қарайды.
Сондай-ақ жалпы халықтық тіл мен терминдік лексиканың
нормалық сипатын анықтау принципінде өзіндік айырма
бар екені байқалады. Алдыңғыны түрлі эксперимент жа-
сап, дұрыс-бұрыстығын анықтауға əбден болады. Ал термин
377
сөздерді бұлай əуреге салып жатудың қажеті жоқ. Ол нақты
терминдік мəнді арқалап, жекелік сипат алса болды.
Терминология жалпы лексикологиямен бара-бар, яғни
екеуі бір-біріне параллельді. О.С. Ахманова сөздігінде т.т.
сұраулықтарда мұны тілдің сөздік қор құрамын зерттейтін
тіл білімінің бір саласы деп анықтама берілуі тегін емес.
Француз ғалымдары, атап айтқанда, Дюбуа лексикология
қалыптасу үшін оның алдында лексикографиялық жұмыстар
болатынын, ал терминологияның əуелі терминографияны
(яғни терминологиялық сөздіктерді) қажет етпейтінін өзара
ерекшелік есебінде əңгімелейді.
Лексикологияның қарастыратын мəнді мəселесінің бірі
номинация (атауыштандыру) мен сөздер мағынасын тексе-
ру. Номинация туралы ғылым ономасиология деп аталса, сөз
мағынасын тексеретін саланы – семантика дейміз.
Жалпы терминология негізінен ұғымдар атауымен шұ-
ғылданады. Сонымен бірге сөздер мағынасына да бағыш-
тайды. Əйтсе де терминология үшін əйтеуір сөздің бəрі
емес, белгілі бір ұғымның дəл атауы боларлық сөздер қажет.
Терминологияның, термин сөздердің осындай өзіндік сы-
рын ескермей, жаппай жаңа сөз жасаумен айналысу қашанда
жаңсақтыққа, жалғандыққа апарады. Əңгіме түп негізден та-
райтын байырғы сөздер негізінде жасалуға тиісті арнайы лек-
сика жөнінде болып отыр. Осыдан келіп шығатын бір түйін
мынау: терминология мəселесімен шұғылданғысы келетін
маман лингвистикалық дайындықпен қатар белгілі бір пəнді
жете игеруге міндетті. Мұның үстіне сол тілдің жəне бірнеше
тілдің сөзжасам мүмкіндіктерін жақсы білгені жөн. Сонымен
бірге логика, информатика жəне лингвистикалық статистика
негіздерінен толық мағлұматы болуға тиіс.
Терминжасам мəселесімен айналысып жүрген қазіргі
талапкерлеріміздің іс-əрекеті осы талапқа толық жауап бере
ала ма? Əрине, жоқ. Бұл процестегі көптеген шалағайлықтар
осындай себептер салдарынан ба деп түйеміз. Əр алуан
ізденіс, əрекеттер бар. Мұндай əрекеттерден шаршаудың да
қажеті жоқ.
Ағылшындар парк ішіндегі жолдарды салмай тұрып,
адамдардың жүрген жерлерін бақылап, жолдарын сөйтіп ба-
рып адам жүрген соқпақтарға тас төсеп, жол салады екен.
Кейде терминжасам ісінде де осы принципті ескеріп отырған
жөн сияқты. Яғни жаңа жасалған терминдерді ə дегеннен
алтын тапқандай алақайлап ала жүгіретініміз бар. Сондай-
ақ жаңалықты жерден алып, жерге салып сынай жөнелетін
сиықсыздығымыз тағы бар. Олардың қолданыс өрісін біраз
бақылап, барлай түсу керек қой. Сонда ғана жаңадан пайда
болған терминдердің өміршеңдігін айқындай аламыз. Ен-
деше қазіргі баспасөз беттерінде беріліп жатқан жаңа үлгі-
ұсыныстар ат-тонды алып қашып «ойбай не дейсің, тілді
бүлдіріп жатыр, баяғыдан қалыптасқан интертерминдердің
бəрін аударып, оларды қолданыстан аластап жатыр» деп
байбалам салудың да реті жоқ. Бұл тіл жөнінде жылдар
бойы жіберіп келген қателіктердің орнын қайтсек толты-
рамыз деген əрекеттер. Алдын ала аттандап елді дүрліктір-
генше, жасалып жатқан əрбір жаңалықтың, жаңа қол-
даныстың байыбына баралық. Əрбір ғылым сұранысы мен
талап-талғамы тұрғысынан мұның қандай реті бар жəне
тіліміздің ішкі заңдылығына сəйкесе ме, жоқ па дегенді
есепке ала отырып саралаған жөн.
Жалпы біздің қоғамда, оның ішінде ғылыми мекемелер
мен білім беретін орындарда үйлестіру жұмысы мүлде мар-
дымсыз. Сонымен бірге тамаша өнім беріп отырған баспа-
лар жағдайы да солай. Соңғы кезде жасалып, жарияланып
жатқан сөздіктердің, тілашарлардың түр-түрі қолға тие бас-
тады. Бірақ осылардың бəрі бірдей мемлекеттік тіліміздің
деңгейін байқата ала ма, соған қызмет ете алар сапасы қалай?
Бұған нақты жауап беру қиын. Ал шығып жатқан сан алуан
оқулықтар мен оқу құралдары, сұраулық, əдістемеліктер т.т.
бүгінгі тірлігімізге ауадай қажет еңбектерді тіл мəдениеті
тұрғысынан қадағалап, саралап отырған кім бар? Қай меке-
ме, қандай ұйым мұны мойнына ала алады?
Достарыңызбен бөлісу: |