3. Татуластыру комиссиясы жұмыскерлердiң (олардың өкiлдерiнiң) талаптарын олар келіп
түскен күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешiктiрілмейтін мерзімде қарайды. Татуластыру
комиссиясының талаптарды қарау тәртiбi, қараудың көрсетiлген мерзiмiн ұзарту тараптардың
келiсiмi бойынша жүзеге асырылады және хаттамамен ресiмделедi.
4. Татуластыру рәсiмі процесінде татуластыру комиссиясы жұмыскерлермен (олардың
өкiлдерiмен), жұмыс берушiмен, жұмыс берушiлер бiрлестiгiмен (олардың өкiлдерiмен),
мемлекеттiк органдармен және өзге де мүдделi адамдармен консультациялар жүргiзедi.
5. Комиссияның шешiмi тараптар келiсiмiнiң негiзiнде қабылданады, тараптардың өкiлдерi қол
қоятын хаттамамен ресiмделедi, тараптар үшiн мiндеттi күшi болады және татуластыру
комиссиясының шешімінде белгіленген тәртіппен және мерзімдерде орындалады. Тараптардың
біреуі хаттамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда, басқа тарап хаттамада тиісті жазба жасайды.
6. Татуластыру комиссиясында келiсiмге қол жеткiзiлмеген кезде оның жұмысы тоқтатылады,
ал дауды шешу үшін еңбек төрелігі құрылады.
166-бап. Еңбек төрелігі
1. Еңбек төрелігін ұжымдық еңбек дауының тараптары татуластыру комиссиясының жұмысы
тоқтатылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде құрады.
2. Еңбек төрелігі мүшелерінің саны, оның дербес құрамы, еңбек дауын қарау тәртібі тепе-
теңдік негізде тараптардың келісімімен айқындалады. Еңбек төрелігі кемінде бес адамнан тұруға
тиіс. Еңбек төрелігінің құрамына мемлекеттік еңбек инспекторы, Ұжымдық еңбек дауларының
алдын алу және оларды шешу үшін еңбек төрелігі жөніндегі кеңестің өкілі, қажет болған кезде
басқа адамдар қосылуға тиіс.
Татуластыру комиссиясының мүшелері жұмыскерлердің қаралып отырған талаптары бойынша
еңбек төрелігінің құрамына кіре алмайды.
3. Еңбек төрелігінің төрағасын төрелік мүшелері өздерінің арасынан сайлайды.
4. Еңбек төрелігі ұжымдық еңбек дауын ұжымдық еңбек дауының тараптары өкілдерінің
міндетті түрде қатысуымен, ал қажет болған кезде басқа да мүдделі адамдар өкілдерінің
қатысуымен де қарайды.
5. Дауды қарау рәсімін еңбек төрелігі айқындайды және ол ұжымдық еңбек дауы
тараптарының назарына жеткізіледі.
6. Еңбек төрелігінің шешімі ол құрылған күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірілмей
төрелік мүшелерінің қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады. Еңбек төрелігі мүшелерінің
дауыстары тең бөлінген кезде төрағаның дауысы шешуші болып табылады. Шешім уәжді болуға,
жазбаша нысанда жазылуға және оған төрелік мүшелерінің барлығы қол қоюға тиіс.
7. Татуластыру комиссиясында ұжымдық еңбек дауы тараптары келісімге қол жеткізбеген
кезде, Қазақстан Республикасының заңдарымен ереуілдер өткізу тыйым салынған немесе
шектелген ұйымдарда еңбек төрелігінің құрылуы міндетті.
8. Еңбек төрелігінің шешімі ұжымдық еңбек дауы тараптарының орындауы үшін міндетті
болады.
9. Еңбек төрелігінің шешімі белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда, тараптардың дауды
шешуді сот тәртібімен жүзеге асыруға құқығы бар.
167-бап. Ұжымдық еңбек дауын делдалдың қатысуымен қарау
1. Ұжымдық еңбек дауын делдалдың қатысуымен қарау тәртібі ұжымдық еңбек дауы
тараптарының келісуі бойынша айқындалады.
2. Тараптар делдал ретінде өздеріне қатысты тәуелсіз ұйымдар мен тұлғаларды айқындайды.
Әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық, салалық, өңірлік комиссиялар
ұжымдық еңбек дауы тараптарының келісімімен ұжымдық еңбек дауларын реттеу жөніндегі
жұмысқа орталық және жергілікті атқарушы органдардың, қауымдастықтардың және басқа да
қоғамдық бірлестіктердің басшылары мен жұмыскерлерін, жұмыс берушілерді, сондай-ақ тәуелсіз
сарапшыларды тарта алады.
Делдалдарды тарту жағдайларының бәрінде олардан делдалдық етуге жазбаша келісім
алынуға тиіс.
168-бап. Тараптардың ұжымдық еңбек дауы бойынша келісімге қол жеткізуінің
салдарлары
1. Ұжымдық еңбек дауының тараптары арасында дауды делдалдың қатысуымен немесе онсыз
шешу туралы келiсiмге қол жеткiзiлген барлық жағдайларда аяқталмаған татуластыру рәсiмдерi
тоқтатылады, ал тараптар арасындағы келiсiмнiң шарттары дауды шешудiң шарттары болып
есептеледi.
Ұжымдық еңбек дауының тараптары қол жеткiзген келiсiмдер жазбаша нысанда ресiмделедi.
2. Тараптар арасында даудың шешілуі туралы келісімге қол жеткізу, егер ереуіл жарияланған
болса, оның тоқтатылуына алып келеді.
169-бап. Ұжымдық еңбек дауының шешілуімен байланысты кепілдіктер
Татуластыру комиссиясының мүшелері ұжымдық еңбек дауын шешу жөніндегі келіссөздерге
қатысқан уақытта жалақысы сақтала отырып, жұмысынан босатылады.
Жұмыскерлердің, олардың бірлестіктерінің ұжымдық еңбек дауын шешуге қатысатын өкілдері
ұжымдық еңбек дауын шешу кезеңінде тәртіптік жазаға тартылмайды, басқа жұмысқа
ауыстырылмайды немесе солардың өкілдік етуіне уәкілеттік берген органның алдын ала
келісімінсіз жұмыс берушінің бастамасы бойынша олармен еңбек шарты бұзылмайды.
170-бап. Тараптардың және татуластыру органдарының ұжымдық еңбек дауларын
реттеу жөніндегі міндеттері
1. Тараптардың ешқайсысы татуластыру рәсімдеріне қатысудан жалтаруға құқылы емес.
2. Ұжымдық еңбек дауында реттелмеген келiспеушiлiктер тараптардың назарына жазбаша
нысанда жеткiзiлуге тиiс.
3. Егер жұмыс берушінің өкілі өкілеттіктерінің жеткіліксіз болу себебінен ұжымдық еңбек
дауы тараптарының келіспеушіліктерін реттеу мүмкін болмаса, жұмыскерлердің талаптары
мүліктің меншік иелеріне, ұйымдардың, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағында
орналасқан, мүлкінің меншік иелері шетелдік жеке немесе заңды тұлғалар не шетелдік қатысатын
ұйымдар болып табылатын ұйымдардың құрылтайшыларына (қатысушыларына) немесе
акционерлеріне қойылады.
4. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында көрсетілген рәсімдердің нәтижелерімен келіспеген
жағдайда, жұмыскерлер өз мүдделерін қорғаудың заңда көзделген өзге де барлық тәсілдерін
пайдалануға құқылы.
5. Жұмыс беруші:
1) жұмыскерлердің осы Кодекстің
164-бабының 3-тармағына
сәйкес ресімделген талаптарын
алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде ұжымдық еңбек дауының туындағаны туралы, ол
түпкілікті шешілгенге дейін ахуал туралы кейіннен апта сайын хабардар ете отырып, еңбек
инспекциясы жөніндегі жергілікті органды хабардар етуге;
2) осы Кодекстің талаптары сақталмай жүргізілетін ереуілдердің басталғаны туралы Қазақстан
Республикасының прокуратура органдарын және еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органды
бір күн ішінде хабардар етуге міндетті.
171-бап. Ереуіл өткізу құқығы
1. Егер татуластыру рәсімдері арқылы ұжымдық еңбек дауын шешуге қол жеткізілмесе,
сондай-ақ жұмыс беруші татуластыру рәсімдерінен жалтарған не ұжымдық еңбек дауын шешу
барысында қол жеткізілген келісімді орындамаған жағдайларда, жұмыскерлер ереуіл өткізу
туралы шешім қабылдай алады.
2. Ереуіл өткізу жөніндегі шешім жұмыскерлердің (олардың өкілдерінің) жиналысында
(конференциясында) қабылданады.
Жұмыскерлер жиналысы, егер оған ұйым жұмыскерлерінің жалпы санының жартысынан
астамы қатысса, заңды деп танылады.
Конференция, егер оған хаттамалық шешімдерге сәйкес жұмыскерлер сайлаған делегаттардың
кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп танылады.
Жұмыскерлер жиналысының (конференциясының) шешімдері дауыс берушілердің көпшілік
дауысымен қабылданды деп есептеледі. Жұмыскерлер жиналысын (конференциясын) өткізу
мүмкін болмаған кезде жұмыскерлердің өкілді органының ереуілді өткізуді қолдайтын
жұмыскерлердің жартысынан астамының қолын жинап, өз шешімін бекітуге құқығы бар.
3. Ереуілді жұмыскерлер (олардың өкілдері) уәкілеттік берген орган (ереуіл комитеті)
басқарады. Бірнеше жұмыс берушілердің жұмыскерлері (олардың өкілдері) бірдей талаптар
қойып, ереуіл жариялаған жағдайда, оны осы жұмыскерлер өкілдерінің бірдей санынан құрылатын
бірлескен орган басқаруы мүмкін.
4. Ереуілге қатысу ерікті болып табылады. Ешкімді ереуілге қатысуға немесе ереуілге
қатысудан бас тартуға мәжбүрлеуге болмайды.