7
АРНАЙЫ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ СӨЙЛЕУ ДАҒДЫСЫН
ҚАЛЫПТАСТЫРУ АРҚЫЛЫ ТІЛІН ДАМЫТУ
Урымбаева Ардақ Джекеновна
Атырау қаласы, жалпы білім беретін Ғ. Мұратбаев атындағы орта мектебі
коммуналдық мемлекеттік мекемесінің дефектологы
Тіл кемістігі бар оқушылардың жүйелі сөйлеуін дамыту және оның
қарым–қатынас құралы екенін ұғындыру, байланыстырып сөйлей білуге
дағдыландыру арнайы мектептің оқыту үрдісіндегі ең күрделі мәселелер
болып табылады.
Логопедиялық сабақтағы мақсаттардың бірі–оқушыларды оқуға, сауатты
жазуға үйрету, негізгі тілдік ұғымдармен таныстыру, тіл дыбыстарын дұрыс
айтуға керекті сөйлеу мүшелерінің қимыл-қозғалыстарын жетілдіру, өз ойы
мен пікірін еркін жеткізе алатын дара тұлға тәрбиелеу. Сабақта оқушыларға
берілген жаттығулардың тек грамматикалық материалдар көлемімен
шектеліп қалмай, логикалық ойын, тілін дамыту, сонымен бірге жан-жақты
білім беру жағы да ескеріледі. Сондықтан, тапсырмалар қызықты, тартымды,
мазмұны терең болуы, оқушылардың жас ерекшелігіне сай келуі көзделеді.
Түзету оқуының ең басты бағыттары:
Дыбыстарды дұрыс айтылуын қалыптастыру (арнайы логопедиялық
әдістерді қолдана отырып, дыбыстарды дұрыс айтуға үйрету, дыбыстардың
артикуляциясын анықтау).
Фонематикалық есту қабілеттерін жетілдіру (дыбыстарды ажырата
білуге, есте сақтауға үйрету, артикуляциялық дағдыларды және
фонематикалық қабылдауын дамыту, дыбыстық талдау және жинақтау
қабілетін дамыту).
Тіл дамыту оқуына дайындық (оқу мен жазу).
Байланыстырып сөйлеуін дамыту. Мектептегі оқыту үрдісі тіл
дамытудан басталатыны белгілі. Тіл дамыту жұмысының мақсаты – оқу мен
жазуды үйрету. Тілі дамымаған баланың басқа да психикалық қызметтері
дамымайды. Әсіресе, жазба тілді дамыту маңызды, әрі күрделі мәселе.
Ауызекі сөйлеу тілінің патологиясынан басқа жазу тілдің бұзылуы болады.
Қандай да бала болмасын еш уақытта бірден дұрыс жазып және оқып кете
алмайды. Балалардың барлығы оқу мен жазуды үйренуінің алғашқы
сатысында азды-көпті қателерді жібереді. Сөйлеу тілі дұрыс жетілген
балалар мектепке дейінгі жастарында қажетті сөздік қорларын игереді,
сөйлеу тілінің грамматикалық түрлерін меңгереді, сөздерге дыбыстық талдау
жасай алады. Ал, сөйлеу тілдерінің түрлі патологиялары бар балаларда
бұлардың даму барысы кешеуілдеп артта қалып қояды.
Оқу мен жазу бір-бірімен тығыз байланысты болғандықтан, жазуындағы
кемістіктер оқуында да қатар жүреді.
Қазіргі уақытта балалардың оқуы мен жазуындағы кемістіктер сөйлеу
тілінің фонетика – фонематикалық және лексико – грамматикасының барлық
сыңарларының жалпы толық дамымауы салдарынан жиі болатындығы
анықталады.