14. Жұмыс беруші немесе оның өкілі уақыт өте келе ауыр немесе адам өліміне әкеп
соққан жазатайым оқиғалар санатына ауысқан еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар
туралы – еңбек инспекциясы жөніндегі тиісті жергілікті органға, ал сақтандыру жағдайлары
туралы сақтандыру ұйымына хабарлайды.
5-БӨЛІМ. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЕҢБЕК ЗАҢНАМАСЫНЫҢ САҚТАЛУЫН БАҚЫЛАУ
21-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЕҢБЕК ЗАҢНАМАСЫНЫҢ
САҚТАЛУЫН МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ
191-бап. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік
бақылауды жүзеге асыру
1. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды
мемлекеттік еңбек инспекторлары жүзеге асырады.
2. Мемлекеттік еңбек инспекторларына:
1) Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік еңбек инспекторы – еңбек жөніндегі
уәкілетті мемлекеттік органның лауазымды адамы;
2) бас мемлекеттік еңбек инспекторлары – еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік
органның лауазымды адамдары;
3) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бас мемлекеттік еңбек
инспекторы – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың еңбек инспекциясы
жөніндегі жергілікті органының басшысы;
4) мемлекеттік еңбек инспекторлары – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың,
астананың еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органының лауазымды адамдары жатады.
3. Мемлекеттік еңбек инспекторлары қызметтік міндеттерін атқару кезінде заңмен
қорғалады және Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының
заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа алады.
4. Мемлекеттік еңбек инспекторына қызметтік міндеттерін орындауға кедергі
келтірген адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
5. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттiк бақылау
тексеру нысанында және бақылаудың өзге де нысандарында жүзеге асырылады.
6. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше
көзделмесе, тексеру Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге
асырылады.
Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру, сондай-ақ мұндай
оқиғаларды туындатқан себептерді жою жөніндегі іс-шаралардың орындалуын бақылау және
бақылау субъектісіне бару арқылы жүргізілетін бақылаудың өзге де түрлері шеңберінде
мемлекеттік еңбек инспекторлары жүргізетін тексерулер жұмыс берушіге алдын ала
хабарламай жүргізіледі және Қазақстан Республикасының мемлекеттік құқықтық статистика
мен арнайы есепке алу туралы заңнамасына сәйкес тіркелуге және есепке алуға жатпайды.
192-бап. Мемлекеттік еңбек инспекциясы қызметінің қағидаттары мен негізгі
міндеттері
Мемлекеттік еңбек инспекциясының қызметі жұмыскерлердің құқықтары мен
бостандықтарын құрметтеу, сақтау және қорғау, заңдылық, объективтілік, тәуелсіздік және
жариялылық қағидаттары негізінде жүзеге асырылады.
Мемлекеттік еңбек инспекциясының негізгі міндеттері:
1) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды
қамтамасыз ету;
2) қауіпсіз еңбек жағдайларына құқықты қоса алғанда, жұмыскерлердің құқықтары мен
бостандықтарының сақталуын және қорғалуын қамтамасыз ету;
3) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының мәселелері бойынша жұмыскерлер мен
жұмыс берушілердің өтініштерін, арыздарын және шағымдарын қарау болып табылады.
193-бап. Мемлекеттік еңбек инспекторларының құқықтары
Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды жүзеге
асыру кезінде мемлекеттік еңбек инспекторларының:
1) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын тексеруді жүргізу
мақсатында ұйымдар мен кәсіпорындарға кедергісіз баруға;
2) бақылау субъектісіне бару арқылы жүргізілетін бақылаудың өзге де нысандарын
жүзеге асыруға;
3) жұмыс берушілерден, жұмыскерлерден (олардың өкілдерінен) өздеріне жүктелген
функцияларды орындауға қажетті құжаттарды, түсініктемелерді, ақпаратты сұратуға және
алуға;
4) жұмыс берушілер орындауға міндетті нұсқамалар, қорытындылар беруге, сондай-ақ
әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар мен қаулылар толтыруға, әкімшілік жазалар
қолдануға;
5) өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша түсініктемелер беруге;
6) ұйымдардың, жекелеген өндірістердің, цехтардың, учаскелердің, жұмыс орындарының
қызметі және жабдықтардың, механизмдердің пайдаланылуы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті
қорғау туралы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес келмейтіні анықталған
кезде, оларды үш күннен аспайтын мерзімге, көрсетілген мерзім ішінде міндетті түрде
сотқа талап арыз бере отырып, тоқтата тұруға (тыйым салуға);
7) жұмыс орындарында белгіленген талаптарға сай келмейтін арнайы киімнің және
басқа да жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарының берілуі мен пайдаланылуына тыйым
салуға;
8) жұмыс берушіге (оның өкіліне) хабарлай отырып және тиісті акт жасай отырып,
арнайы киім үлгілерін, пайдаланылатын немесе өңделетін материалдар мен заттарды талдау
жасау үшін алып қоюға;
9) еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды белгіленген тәртіппен тергеп-
тексеруге;
10) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқудан, нұсқау
алудан, білімін тексеруден өтпеген жұмыскерлерді жұмыстан шеттету, сондай-ақ кінәлі
адамдарды жауаптылыққа тарту үшін жұмыс берушілер орындауға міндетті нұсқамалар беруге;
11) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын бұзу, мемлекеттік еңбек
инспекторларының актілерін жұмыс берушілердің орындамауы фактілері бойынша ақпаратты,
талап қоюларды және өзге де материалдарды тиісті құқық қорғау органдарына және соттарға
жіберуге;
12) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі білімді тексеруге қатысуға;
13) жұмыс берушілердің Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту
туралы заңнамасында және Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны
туралы заңнамасында белгіленген, шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібі мен шарттарын
сақтауы тұрғысынан тексеру жүргізуге;
14) жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша ішкі бақылау
жүргізуінің толықтығы мен анықтығын бақылауды жүзеге асыруға;
15) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды
жүзеге асыру кезінде азаматтармен және жұмыскерлердің өкілдерімен өзара іс-қимыл
жасасуға;
16) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге
асыруға құқығы бар.
194-бап. Мемлекеттік еңбек инспекторларының міндеттері
Достарыңызбен бөлісу: |