Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,
Көңілін көгертуге құл халықтың, - деп өмірлік
мақсатын айқындап, қазақ халқының ұлт ретінде өркендеп, мемлекет ретінде
дамуын көксеген ұлы ғалым Ахмет Байтұрсыновтың да қазақ халқын
оқу- білімге, тынымсыз ізденіске шақырып, алған біліммен шектеліп қоймай,
даналыққа жетуге үндейді:
Даналық - өшпес жарық, кетпес байлық,
Жүріңдер, іздеп тауып алалық та!(16).
А. Байтұрсынов үшін тұлғаны қалыптастырып, әлеуметтендіруге
ықпал ететін басты күш – даналық. Даналыққа ұмтылып, оған жеткен
адамның толыққанды тұлға болып қалыптасуға мүмкіндігі бар.
«Жан жүйесі», «Тәрбиеге жетекші», «Өнер таңдау», «Комплексті
оқыту жолдары» сынды ғылыми еңбектері, гуманизмге толы өлең-әңгімелері
арқылы қазақ педагогикасының дамуын жеделдеткен, тарихымыздағы
өнегелі тұлға – Жүсіпбек Аймауытов.
Ж. Аймауытов та ағартушылық дәстүрді жалғап:
Оқу,білім –жанған шырақ,
Ойласаң.
Үйренерсің,
Іздеп көрсең,
Қоймасаң.
Қу өнерді,
Бу беліңді,
Жігер сал.
Пайда аларсың,
Қаужанарсың,
Тоймасаң, -
деп келетін өлең жолдарында білім алуға, өнер үйренуге ұмтылуға
шақырды(17).
Ж. Аймауытов М. Дулатов, М. Жұмабаевтар секілді білімді
тұлғаны әлеуметтендіруші басты категория деп есептеді. Әңгіме,
өлеңдерімен қатар, «Қартқожа», «Ақбілек», секілді романдарының да негізгі
идеясы – болашақ білімді жастардың қолында.
Даңқты қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлы – педагогикалық
ойлар тарихында өзіндік орны бар ұлы тұлға. «Елім дегенде еміреніп,
жұртым дегенде жүгініп қызмет еткін» - Б.Момышұлы шығармаларының
негізгі қағидасы.
Мен істедім демеймін,
Мен істедім дегенше,
Мың істеді дегеймін.
Мың істеді дегенше,
Ер істеді дегеймін.
Ер істеді дегенше,
Ел істеді дегеймін.
Мен мыңдікі болмасам,
Ер елдікі болмаса,
Кім істеді дер едім? –
деп өз ой толғамында тұлғаның даму процесіндегі өзіндік «меннің»
қалыптасуына оны қоршаған ортаның ықпалын баса көрсетеді.
Б. Момышұлындағы «мың» ұғымы – тұлғаның қоршаған айналасы,
оның маңындағы өзге де жандар.
Б. Момышұлы тұлғаны әлеуметтендіруші категория етіп дәстүрді
алады. Яғни, өз халқының салт – дәстүрін, мәдениетін жетік білген адам
толыққанды, жан-жақты дами алады. Оның пікірінше, жан-жақты тұлға
ізетті, мәдениетті («Үлкенді ізетте, кішіні – күзетке»), адал («Адал болмай –
азаматпын демегін», «Ежелден ел тілегі – ер тілегі, адал ұл ер боп туса – ел
тірегі»), сөзіне берік («Екі сөзді болып елеңдеп жүргеннен, бір сөзді болып,
мерт кеткенің дұрыс», «Екі сөзді ер емес, серт – ер серігі»), ойшыл
(«Ойласаң қопара ойлағын, қорқа ойлаған – қорытындыға келмейді», «Қол –
ойдың құлы, ойы ұзақтың пікірі терең, сезімі сергектің көзі қырағы, жолы
ұзынның өрісі кең»), жүректі («Ерлік – елдің, жүректілік – жігіттің қасиеті»)
болуы қажет(18).
Қазақ халқының ұлы перзенті Нұрсұлтан Назарбаев ХХІ ғасырдағы
қазақ педагогикасын жаңа биікке көтерді. Мемлекет басшысы ретінде білім
саласына ерекше көңіл бөліп, елдің ертеңі жастар екендігіне баса назар
аударды. «Жас шамасына қарай жүргізілетін саясатта біз жастар мен
жеткіншек ұрпаққа, сондай – ақ жас отбасыларға көңіл бөлуді күшейтуге
тиіспіз» деп « Қазақстан -2030» стратегиясында нақты көрсетті (19).
«Мен сөзімді жастарға арнаймын. Мемлекет, өздерінің ата-аналарың
сендердің сапалы білім алуларың үшін қолдан келгеннің бәрін істейді.
Сондықтан, ел алдындағы, аға ұрпақ алдындағы жауапкершілікті
ұмытпаңыздар, ерінбей- жалықпай білім алыңыздар, жұмыс істеуді
үйреніңіздер. Біздің қоғамымыздағы әлі да бар жаманат атаулыдан жиреніп,
олармен келіспейтін болыңыздар, жалған әдеттен безіңіздер»(20).
Бұл Н. Назарбаевтың 2001 жылы Қазақстан Республикасы
тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған салтанатты жиналысты сөйлеген сөзі,
жастар алдына қойған міндеті. Қазіргі кезеңде Қазақстан жастарының жан-
жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалып, мемлекеттің сапалы адам
капиталының қалыптасуына ықпал етуде. Мұны Н. Назарбаевтың мына
сөздері растай түседі: «Шын мәніндегі бақытты кезеңде өмір сүріп жатқан
жастарға өзін таныту үшін мүмкіндіктер өте көп, бұл туралы аға ұрпақ
жастық жылдарда армандай алмайтын. Бүгінгі күн – талантты, жігерлі,
өзіне сенетін адамдардың, арманға бай және оларды жүзеге асыруға
ерік- жігері бар адамдардың уақыты. Мемлекет жастар үшін барлық
жағдайды жасап отыр. « Жастық шақ –бұл тамаша нәрсе; оны рәсуа ету
қылмыс....», - деген екен Бернард Шоу. Тек оқу, күш-қуатыңды аямастан
еңбек ету керек, сонда ғана ойлаған арманға жетуге болады»(21).
« Қазақстанның әлемдегі барынша дамыған 50 мемлекеттің
қатарына кіру жөніндегі барлық ойлар мен жоспарларды қисынды
қорытындысына жеткізетін де жастар болмақ.
Жастардың білімдері, күш-жігерлері мен еңбектері күшті де
өркенді Қазақстанды орнатуға жұмыс істейтініне сенім мол.
Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс.
Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса – ол елдің
еңсесі де биік болады. Өршіл, намысшыл жас отаншыл патриот келеді,
халқына, өз ұлтына адал қызмет етуге ұмтылады» деуі арқылы тұлғаның
өзіндік моделін айқындады(22).
Дамыған, бәсекеге барынша қабілетті тұлға моделі
Н. Назарбаевтың «болашақ қазақстандық» тұжырымдамасында айқын
көрініс тапты: «Оның көздері жаңа білімге құмарлықтан жанып
тұруы тиіс. Оның жүрегі Отанға деген қалтқысыз сүйіспеншіліктен
алаулап тұруы тиіс. Ол саламатты, жинақты және мықты болуы тиіс»(22).
Дамыған тұлғаның басты өлшемдері мыналар – кәсібилік,
отаншылдық, ұзақ мерзімді міндеттер қоюға қабілеттілік, оларды жаңа
жағдайда шеше алатын білімділік пен жігерлілік (20).
Қазақ халқының этнопедагогикасындағы әлеуметтенген тұлға
мәселесін жан-жақты зерделер кез келді. Аса бай фольклорлық мұра,
ұлттық дәстүрімізді қолдану арқылы тұлға қалыптастыру шараларын іске
асырамыз.
Достарыңызбен бөлісу: |