86
ұйыстырушы, ұйымдастырушы факторларға ортақ табиғи мекен, ортақ
өмір-тіршілік көздері, ортақ мәдениет, ортақ дәстүр, ортақ психология
және тіл жататыны белгілі. Тілдің «ұлт анасы» болуын оны сүйіп өскен
ұл-қыздарымен қатар, әр алуан себептермен осы ұядан тәркіленіп, алыстап
кеткендерді, не өз қағынан жеріген киіктей, «ана тілі» деген құдіретті
күшті мойындамай жүрген нигилистерді, не қоғам дамуының әсерінен
бұл ұлттық құндылықты бағалай алмай жүрген «жаңа қазақтардың т.т. өз
құзырына алуы деп түсінген жөн.
Елбасының ана тіліміз табиғи болмысы мен болашағы туралы бұдан
басқа да айтқан пікір-тұжырымдары баршылық. Біле білсе, олар елімізде
жүргізіліп отырған мемлекеттік тіл саясатының негізгі де өзекті мәселелерін
баяндайтын, ана тіліміздің бүгіні мен алдағы болашағын болжалдайтын
бағдарламаның қысқа жобасы іспетті: «Қазақстанның болашағы - қазақ
тілінде!».
Ана тіліміздің табиғи болмысы қадір-қасиеті, алайда бұл келтірілген
қанатты сөздер сипаттамасымен ғана шектелмесе керек. Ана тіліміздің
атқаратын барша қоғамдық-әлеуметтік қызметтерінің ішінде шоқтығы биік
тұрған, аса елеулі тағы бір қызметі – оның ұлттық мәдениетіміздің негізі,
ұйытқысы болу қызметі. Осыған орай, әңгімеміздің негізгі мақсаты «Ел
мәдениеті тілден басталады» деген қанатты сөздің тіл құдіретіне қатысты
мән-жайын айқындай түсуге байланысты.
Әрбір халықтың өз ана тілі бар. Ол – жеке адамның ойлап тапқан
туындысы емес, барша ұлтқа ортақ, соның төл перзенті. Сондықтан да болар,
ана тілінің барша болмысы, тіпті оның әрбір дыбысы мен жалғау-жұрнағы
сол ұлттың әрбір шынайы азаматына танымал, мәдени-әлеуметтік өмірде
өзіндік мәні бар киелі ұғым.
Ана тілін әркім-ақ қолданады, бірақ ол жеке адамның қарақан басы
үшін жасалған дүние емес. Әдетте, бұл сауалға лингвистика ғылымының:
«ана тілі – этникалық қауымдастық мүшелерінің өзара түсінісіп, байланыс
жасауға қажетті қатынас құралы» - деген жауабы дайын тұратыны белгілі.
Бұл да – шындық. Бірақ ана тілінің атқаратын қызметі тек сол ғана
ма? Тілдің коммуникативтік қызметтерінен басқа ерекше атауға тұрарлық
эстетикалық және коммулятивтік қызметтері тағы бар емес пе? Тілдің
эстетикалық қызметі белгілі этникалық қауымдастықта қалыптасқан
көркемөнердің (сурет, сәулет, бейне, музыка т.б.) небір ғажайып үлгілерін
тіл арқылы бейнелеп жеткізуде, табиғат пен қоғамдық өмірдегі небір
ғажайып құбылыстарды сөздің құдіретті күшімен әсірелеп танытып,
адамның жан дүниесіне эстетикалық ләззәт сыйлаудан айқын байқалса,
87
бұрынғы өткен ата-бабаларымыздан ұрпағына рухани мұра болып қалған
мол қазына – ақыл-парасат, аталы сөз, даналық пен өсиет-тағылымдардың
баршасы тіліміздің коммулятивтік қызметі арқылы үзілмей жалғасып
отырады.
Тіліміздің бұл екі саладағы, өзара астарлас әрі тығыз байланысты
қызметтері ұлттық мәдениетіміздің ғасырлар бойы дамуындағы үзілмес
өзегі, қайнар бұлағы болып саналады. Тілдің осы бір абзал қызметі
тәркіленген қауымда ұлт мәдениетінің сақталуы да мүмкін емес, ол
да жоғалады. Ал, мәдениетсіз қауым – ол есте жоқ ескі замандардағы
жабайылардың бір тобыры ғана.
Осы орайда елдігіміздің негізі – ұлттық мәдениетімізге, ал ұлттық
мәдениетіміздің негізі – ана тілімізге тікелей байланысты екендігіне
ерекше көңіл аударған жөн.
Біз әдетте: «тіл – мәдени мұраның үзілмес өзегі», «тіл – мәдени
қазынаның қайнар бұлағы» деген ұғымдарды жиі қайталаймыз. Сондағы
мақсат: Мемлекеттік тілдің абыройын арттырып, мәртебесін көтере түсу
үшін ғана емес, сонымен қатар «ана тілі» атты сирек кездесетін, тіпті
бір жойылса, қайтып тіріле қоймайтын феноменнің ең алдымен ұлттық
мәдениетімізге тікелей қатыстығын, оның бұл салада атқарып келе
жатқан абзал қызметі бар екенін бүгінде егемен ел, тәуелсіз мемлекет
болып, айы оңынан, жұлдызы солынан туып отырған қазақ қауымының
есіне салып, оның осы бір ерекше қасиетін, жауапты міндетін дұрыс
бағалай білуге шақыру.
Ана тіліміздің ұлттық мәдениет саласында атқарып келген
қызметтерін ғылымда «оның коммулятивтік міндеттеріне жатқызады»
дедік. Олардың ең бастысы – этникалық қауымдастықтың басып өткен
барша өмірі мен бүгінгі болмысының арасын үзбей жалғастырып, рухани
көпір болуы. Демек, тілдің бұл қызметі - халықтың тарихи санасы мен
жадын білдіреді деген сөз.
Ұлттық мәдениетті, әдетте, «материалдық (заттық) және рухани
мәдениет» деп екіге бөліп қарау дәстүрі бар. Тіл бұлардың екеуіне де
қатысы бар және өзі де ұлттық мәдениеттің үлкен бір саласы болып
саналады. Ұлттық мәдениетке әсіресе тіл негізінде дамитын рухани
мәдениетімізге халқымыздың ғасырлар бойы қалыптастырған бай ауыз
әдебиетінің сан алуан үлгілері, небір дүлдүл ақын-жырауларымыз бен
шешен де ділмар дана бабаларымыздың кейінгі ұрпаққа қалдырған бай
мұрасы, ертегі, қисса, әңгімелері мен мақал-мәтел, тағылым-тәрбиелі,
аталы сөздері жататыны белгілі.
88
Міне, осыншама мол рухани дүниеміз ана тіліміздің жоғарыда
көрсетілген коммулятивтік қызметі арқасында түгелдей қағазға
хатталмаса да, халқымыздың жадында сақталып, бүгінгі ұрпаққа жетіп
отыр.
Осыншама мол дүниенің болашақ ұрпаққа қалай және қай қалпында
сақталып, қандай жолдармен жетіп отырғаны бүгінге дейін көп сөз бола
бермейтін. Өйткені кешегі партакратиялық идеологияның ұстанған
принципі бойынша өткендегінің бәрі, әсіресе оның өзекті саласы
саналатын рухани дүниесі бүгінгі күннің талабына сай келе бермейтін
қажетсіз мұра ретінде көбісі беті ашылмай, ашылса да, оқырман қолына
жетпей, архивтердің сөрелерінде жылдар бойы шаң басып жатқаны
баршаға белгілі.
Міне, сол мәдени мұраға деген әділетсіздік енді ғана, тәуелсіздікке
қолымыз жеткен елімізде ғана, оң шешімін тауып отыр. Ұлттық тіл де,
сол тіл арқылы өсіп-өнген ұлттық мәдени мұра мен басқа да өркениет
нышандары тек тәуелсіз елде ғана дамитындығына жұрттың көзі жете
бастады.
Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз бастамасымен
қабылданып, тікелей қамқорлығының арқасында бүгінде жүзеге
аса бастаған «Мәдени мұра» атты мемлекеттік бағдарламаны қазақ
халқының мәдени өмірінде бұрын-соңды болмаған мәні мен мақсатын
бірден жеткізіп айту қиын ғажайып тарихи оқиға деп қарауға болады.
Осы бағдарламаны өз басым егемендігімізді алғаннан кейінгі бар
болғаны он-он бес жылдың ішінде тәуелсіз мемлекет болып қалыптасқан
Қазақстан экономикасын дамытып, елдігін жер жүзіне танытып, рухани-
мәдени революция іспетті келелі де игілікті өзгерістерге бетбұрыс деп
білемін.
Мені «осы бір ғаламат әрекеттің астарында нендей идея жатыр,
ол рухани-мәдени өмірімізге нендей жақсылық әкелмекші?» деген ой
көп мазалайды. Сонда менің өзіме таныс қазақ қауымының кешегі,
бүгінгі және ертеңгі жағдайын, оның рухани-мәдени өміріндегі шешімі
табылмай шиеленіп жатқан күрделі мәселелерді көз алдыма елестете
отырып, ойланып-толғана келе өзімше көңілге түйгенім мыналар:
Біріншіден, «Мәдени мұра» бағдарламасы, әсіресе оның рухани
мәдениетке қатысты саласы, бүгінде әлем танып отырған және саны
күн сайын көбейе түскен танығысы, білгісі келетіндердің Қазақстан мен
қазақтардың кім болғанын, кім екенін айқындауға байланысты тарихи
сауалға берілер нақтылы жауап.
Достарыңызбен бөлісу: |