Олар – бір-бірімен тығыз байланысты тілдік бірліктер. Мысалы, ат, тас, сат, ат-тас
дегендер – әрі буын, әрі сөз. Қазақ тіліндегі сөз бен буынға ортақ бір заңдылық бар. Ол –
көбіне сөздің р, л сонорларынан басталмауы. Мысалы: [ылақ] лақ, [ылашын] лашын,
[ылайық] лайық, [ілеген] леген, [үлек] үлек, [ыраң] раң, [ырыйза] риза, [ұрұу] ру, [ұрұух]
рух, [ырақат] рақат, [ірең] рең т.б.
Осыған сәйкес буын да [л], [р] сонорынан басталмай, ашық буыннан (жы-лы, қо-ра)
және й, у сонорларынан кейін келетін буындарды (қай-ра, ту-ра) еске алмағанда, қалайда
бір қысаң дауысты селбесіп айтылады. Мысалы: [көкүрөк] көкірек, мең-і-реу, бағылан
(бағлан емес), лобыл (лобл емес), жағ-ы-лан, кек-і-лік, [шүңүрөй] шүңірей, [құбұла]
құбыла т.б.
Тегінде, жоғарыда көрсетілген сөздердің (6-қосымша) көбіне ы, і әріптері арқылы
жазылуы <р>, <л> сонорларымен байланысты деуге болады. сөз басында [р], [л]
дыбыстарымен қалай да қысаң дауыстылар селбесіп айтылатындай, [р], [л] сонорлы
буындарының алдына да [ы], [ұ],[і], [ү] қысаңдары селбесіп қолданылады. Топырақ,
жапырақ, қапырық, қоңырау, мәміле, еңіре т.б. сөздердің сонорлы буындарының алдында
[ы], [ұ],[і], [ү] қысаңдарының жазылуы да сондықтан. Олай болса сәурік, емле, мемлекет,
т.б. сөздерді сәуірік, еміле, мемілекет түрінде жазу орынды емес пе? Бірақ бұлайша бір
жақты әліптемеге көшуге тіл шындығы жібермейді. Мысалы, сәуле, қайрақ, тура, тулақ,
бұйрық, байрақ т.б. сөздерді сәуіле, қайырақ, туыра, туылақ, бұйырық, байырақ деп
жазуға тура келер еді. Сондықтан кез келген сонорлы буынның алдынан ы [ұ], і [ү]
қысаңдарын жаза беру ақиқатпен үйлеспейді. Тегінде, мұндай қайшылықтың негізін <р>,
<у>, <й> сонорларының ерекшелігінен іздеуге тура келеді. Әдетте бұл дыбыстардың
консонанттар қатарына жататындығы даусыз. Аталған дыбыстарға аяқталған сөздер
тәуелдік жалғауын өзге де консонанттарға аяқталған сөздер тәрізді қабылдайтыны белгілі.
Мысалы: қар-ы, тау-ы, сай-ы, қағаз-ы, ат-ы, ықылас-ы т.б. Ал вокализмдерге аяқталған
сөздерге тәуелдік жалғауы -сы, -сі түрінде жалғанады: қала-сы, төбе-сі, аға-сы т.б. Бұл
парадигма бойынша р, й, у сонорлары дауыстылардан өзгешеленіп тұр. Енді мынадай
қызықты бір құбылысқа назар аударайық. р, й, у сонанттарына аяқталған сөз көптік
жалғауын (-лар, -лер), есімнен етістік тудыратын аффиксті (-ла, -ле) және сын есімнің –
лы,-лі, -лық, -лік қосымшаларын дауыстыларға аяқталған сөздерше қабылдайды:
қар-лар қар-лы
қар-лық сыр-ла қала-лар
тау-лартау-лы
тау-лық сый-ла қала-лық
сай-лар сай-лы сай-лық сай-ла желі-ле
Бұдан р, у, й сонорларының қауыстылардың қасиетіне біршама ұқсайтындығын
көреміз. Осы аталған сонорларды шартты түрде «жартылай дауысты» дыбыстар деуге
болады. Жоғарыда көрсетілген (6-қосымша) сөздердің жазылуындағы қайшылықты,
тегінде, осы ерекшелікпен байланыстыра қараған жөн тәрізді. Атап айтқанда, у, й, р
сонорларынан кейін р, л дыбыстары келетін болса, р, л сонорлы буынның селбеспелі
(протетический) ы, ұ, і, ү дауыстыларымен айтылуы (жазылуы) басы артық құбылысқа
айналады. Олай болатын себебі у, й сонорларының дауыстыға ұқсайтын қасиеті бар.
Сәуле, әуре, дәурен, айран, мейрам, бұйрық, арлан тәрізді сөздердің [ы], [ұ],[і], [ү]
селбеспелі дауыстысыз қолданылуы да сондықтан. Енді жоғарыда аталған сөздерді осы
заңдылық тұрғысынан қарасақ, бірсыпыра сөз: сәурік, мейлінше, наурыз, емеурін,
тегеурін, тәурәт, ғұрлы, бурыл, құрлы, самаурын т.б. дұрыс жазылған. Бірақ кейбір сөздің
әліптемесіне келгенде, оларды ы, і әрпі арқылы басы артық таңбалап жүргендігіміз
байқалады: салбуырын, (дұрысы – салбурын), тәйірі (дұрысы - тәйрі) т.б. Сөз тудырушы
--ым, -ім аффиксінің жалғануы арқылы жасалған сөздердің жазылуы (қайыр – қайырым,
мейір – мейірім, қойыл – қойылым, құрыл – құрылым, жайыл – жайылым жіне форма
тудырушы, сөз түрлендіруші қосымшалар жалғанғандығы сөздердің жазылуы қайыр-у,
майыр-у, айыр-ыс, қайыр-ыс т.б.) бұл қатарға жатпайды (§12).
<Ң> сонорынан кейін р, л дыбыстары келетін болса, көмекі естілгеніне қарамастан,
олардың селбеспелі дауыстылар арқылы қолданылуы міндетті. Мысалы, шаңырақ,
төңірек, саңылау т.б. Олай болатыны [ң] дыбысының әдеби тілдегі қасиеті «жартылай
дауысты» й, у, р сонорлары тәрізді емес, бұл дыбысқа аяқталған сөз қосымшалары басқа
да консонанттар тәрізді қабылдайды. Мыс.: тең-дік, тең-де (тең-ле емес), мең-ді (мең-лі
емес). Диалектілік қолданыста болмаса, әдеби тілде ң соноры л-мен тіркесуден қалай да
«қашып» отыруға тырысады да, бұл тенденция екі түрлі жолмен жүзеге асады. Біріншісі –
л дыбысының міндетті түрде д-ға алмасуы арқылы (саңлақ>саңдақ, түңлік>түңдік,
теңлеу>теңдеу, таңлау>таңдау, т.б., ал екіншісі –қысаң дауыстылардың селбесіп келуі
арқылы (саңылау, аңыл - аңда). Әдеби тілде ң сонорының л-мен тіркесуден «қашу»
тенденциясын ескерсек, сіңлі, қаңлы, саңлақ сөздерін (диалектілік қолданыста саңдақ,
сіңді деуі осы тенденцияға байланысты) сіңілі, қаңылы, саңылақ түрінде жазуға тиіспіз.
Сонымен, міне, «жартылай дауысты» сонорлардан (й, р, у) соң келген р, л, у
дыбыстары селбеспелі ы, ұ, і, ү дауыстыларынсыз жазылады. Ал өзге жағдайдың бәрінде
селбеспелі қысаңдардың жазылу себебі (әңгіме 6-қосымшадағы сөздер жайында) р, л
сонорлы буынның протезалық дауыстысыз қолданылмау қасиетіне байланысты. Бұл
жөнінде қазіргі қазақ орфографиясының негізгі бағыты дұрыс, тек емле, мемлекет,
мәслихат тәрізді сөздер, қалыптасқан дәстүрді еске алмағанда,
еміле, мемілекет,
мәсілихат түрінде жазылуға тиіс.
Сөздің буын жіктерінде түрлі сонор дыбыстардың шоғырлануы кезінде қысаң
дауысты абсорбцияға ұшырап, басы артық дауыстыдан сол сөздің арылып отыруға
ұмтылуының себебі бар. Ол – ашық буынның шектен тыс көбейіп кетуіне қарсы
тенденция.
Бұл жайында Б.А. Серебренников: «Ашық буынның шоғырлануы сөздің айтылуын
қиындатуы ықтимал. Оның себебін ашық буындағы дауыстылардың біршама созылыңқы
болып келу жағдайына орай түсіндіруге болады. Марий тіліндегі дауыстыларды
экспериментті зерттеу жабық буындағы дауыстылардың созылыңқылығы ашық буындағы
дауыстылардың созылыңқылығынан артық түсіп жататын бірде-бір жағдайдың
кездеспейтіндігін көрсетті. Ашық буын барлық жағдайда да дауыстылардың
созылыңқылығын арттыра түседі. Міне, осындай себепке байланысты әр түрлі тілдің
тарихында ашық буынның шоғырлануынан арылу, тым болмағанда, ашық буынның санын
азайту тенденциясының бар екендігін байқауға болады», - дейді де, бұған мынадай
мысалдар келтіреді: түрікше оғлу – оғул «ұл», көпрі – көпір, салыстыр: татарша купәр,
түрікше йанлыс – йанылыс«жаңылыс», түрікше қарсы – қарысы «қарсы, қарама-қарсы»
деген мағынада
16
.
Шындығында,
сәуірік, салбурын тәрізді сөздерді қысаң дауыстылармен күштеп
селбестіре айту физиологиялық тұрғыдан жеңіл болмаса керек. Бұл типтес сөздерді
орфографияда селбеспелі дауыстысыз жазу сөздің айтылу нормасымен де ұштасып жатар
еді.
§14. Қазіргі қазақ орфографиясындағы бірсыпыра сөздің әліптемесі ашық буынды
«азайту» тенденциясына сәйкес келеді. Мысалы: қызмет (қызымет емес), хикмет
(хикімет емес
), жаднама (жадынама емес
), құрмет (құрымет емес
), сахна (сахына
емес), мәлғұн (мәліғұн емес), зақмет (зақымет емес), зергер (зерігер емес), мәжнүн
(мәжінүн емес
). Осы аталған сөздердің қатарына орфограциялық сөздікте (1978ж.)
ы, і
әріптері арқылы таңбаланып жүрген кейбір сөздерді жатқызып, қысаң дауыстысыз жазуға
болар еді. Мысалы, олар мына тәрізді сөздер:
құшынаш – құшнаш ашына – ашна
қазымыр – қазмыр базына – базна
қазына – қазна лағынет – лағнет
Әрине, бұлардың қатарына қымыран, құмыра, саңылақ, бағылан, лобылу тәрізділерді
жатқызуға әсте болмайды. Өйткені бұл типтес сөздердің сонорлы буындарын селбеспелі
16Серебренников Б.А. Вероятностное обоснования в компаративистике. М., 1974. С. 166.