ӨЗГЕ ТІЛДІ АУДИТОРИЯЛАРДА ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДА МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРДІ
ҰТЫМДЫ ҚОЛДАНУ
Қабошева Н.А.
(Қазақстан, Орал)
Өзге тілді үйретуде оқытушы алдында отырған әр студенттің қабілетін, жеке ерекшелігін ескере
отырып, педагогтік мақсаты мен тәжірибесіне, шеберлігіне байланысты оқытудағы тиімді әдіс-
тәсілдерді таңдап алатыны белгілі. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін үйренушімен сауаттылықты
қалыптастыру, сөз мағынасын ұғындыру, мәдениетті әрі мәнерлі сөйлеуге үйрету, шығармашылық
бағытта жұмыстанады.
Мемлекеттік тілді меңгертуде шұрайлы қазақ тілінің мол сөздік қорымен қатар, философиялық
мағынасы терең мақал-мәтелдерін молынан пайдалануға болады.
Мақал-мәтелдер – образды, ұйқасты, тұжырымды әрі үлгі-өнеге ретінде айтылатын жалпы
халықтық нақыл сөз. Мақал қай халықта да оның сан жылдар бойғы іс-тәжірибесінен туындайтын
даналық тұжырымдар екені белгілі. Ұлттық қазынаның бұл түрі қай кезде де өзекті, ендеше біздің
заманымызда да мақалдар құнды әрі қажет екеніне дау жоқ.
Университетімізде соңғы жылдары өзге тілді аудиторияда қазақ тілін үйретуде студенттерді екі
топқа (бастауыш, жалғастырушы) бөліп оқыту тәжірибесі қолданылып жүр. Осы орайда әсіресе,
жалғастырушы топта сабақ барысында мақал мәтелді кеңінен қолдануға мүмкіндік мол екенін айтқым
келеді, өйткені бұл топтарға қазақ тілін еркін түсінетін, бірақ өз ойларын айшықты жеткізу үшін
өздерімен көп жұмыс жасауды талап ететін студенттер топтастырылады.
Мақал-мәтелдердің тілі қарапайым және өте көркем, сөздік құрамы бар. Сөйлем құрылысы
жағынан жеңіл, әсерлі болып келеді. Халық мақал-мәтелдердегі қолданылған сөздердің тек қана
сыртқы сұлулығына қарамайды, сонымен қатар құрамындағы сөз мағынасының шебер, орынды
қолданылуына назар аударады. Мақал-мәтелдерді үйрету тіліміздің байлығын, сөйлем құрылысын,
дұрыс сөйлеу заңын жетік білу, тілді дамытып, баланың ой-өрісін кеңейтуге көп әсер етеді.
Қазақ тілін басқа ұлт өкілдеріне, орыс тілді бөлім студенттеріне оқытқанда, фонетика мәселесіне
жеке көңіл бөлу керек.
Қазақ тілінің ерекшелігіне тән дыбыстары бар мақал-мәтелді дұрыс айту дағдысын қалыптастыру
үшін мына жұмыстар жүргізіледі:
1. Оқытушының мақал-мәтелді, мәтінді оқып көрсетуі;
2. Магнитофоннан мәтін тыңдатып, одан мақал-мәтелдерді тапқызу;
3. Мақал-мәтелдерді тыңдату, қайталау, өз қатесін өзіне түзеттіру;
4. Мәтінді, мақал-мәтелдерді қайта оқыту жұмыстары;
5. Мақал-мәтелдерді мәнерлеп оқытуға жаттықтыру жұмысы;
6. Мақал-мәтелді өзінше айта білуге жаттықтыру жұмысы;
Мақал-мәтелдің дұрыс орфоэпиясын қалыптастыруда мәнерлеп оқытудың мәні зор. Мақал-
мәтелдерді дұрыс айта алмау оның тыңдаушыға түсініксіздігін туғызады, әрі тыңдаушыға дұрыс әсер
етпейді. Мақал-мәтелді мәнерлеп айтуға үйрету үшін, ондағы әр сөзді үндестік заңына бағына отырып,
дұрыс айта білуге жаттықтыру қажет. Мұнда мақал-мәтелдегі әр сөздің анық айтылуымен жұмыс
жасалады. Сонан соң мақал-мәтелдегі қиын сөз тіркесін айтқызып жаттықтыру да пайдалы.
Мақал-мәтелдер тәрбиелік жағынан да, студенттердің сөздік қорын молайтуда да теңдесі жоқ
мұра екенін мойындай отырып, қазақ тілі сабақтарында олармен жұмыстың сан түрін жүргізуге
болады.
Ескерер нәрсе, тапсырманың барлық түрінде де мақалды тіл үйренушінің өзіне аудартып немесе
орыс тіліндегі мағынасы ұқсас баламасын мысалға келтіре отырып, мағынасын ашып түсіндіріп
отырған дұрыс.
Мақал-мәтелдерге байланысты жүргізілетін мынадай жаттығу түрлерін атауға болады:
а) мақал-мәтелдің ішіндегі бір сөзді ауыстырып беріп, яғни қатесін студентке түзеттіру;
ә) мақал-мәтелдің кейбір сөзінің, сөздегі дыбысының орнына көп нүкте қойып, оны толықтырып
жазғызу;
б) қарапайым сөйлем мен мақалды қатар беріп, ажырату;
екі топқа бөліп, әр топқа белгілі бір тақырыптағы мақалдар айтқызып жарыстыру;
в) сөздерді орындарына қойып мақалды дұрыс құрастыру;
г) мақал-мәтелдің жартысы беріліп, оны аяқтау тапсырылады. Мысалы, мына мақал-мәтелдердің
екінші бөлімін тауып жазыңыз:
1. Білекті бірді жығар,.........
2. Өнерлі жігіт өрде озар, ....
3. Көре-көре көсем боларсың, ......
ғ) мақал-мәтел құрамындағы бір сөзді ғана атап, ол сөзі бар мақал айтқызу. Мысалы, «білім»
немесе «ана» сөзі бар мақал-мәтелдің мағынасы түсіндіріліп, қайталанады.
Мұндай жаттығуларды бұрын өтілген мақал-мәтелдерді бекіту, қайталау үшін қолдануға да
болады. Кейбір тапсырмаларды студенттер мақалдың мағынасын түсініп, айтылуын меңгерту
жұмыстары жасалғаннан кейін ғана жүргізген дұрыс.
Септіктерді өткенде қарапайым сөйлемдерден гөрі, мағыналы мақалдарды қолданған әрі
пайдалы, әрі қызықтырақ дер едім.
А.с. Денсаулық – зор байлық
І.с. Дарақының күлкісі қанбас, жалқаудың ұйқысы қанбас
Б.с. Жалқауға мың сылтау
Т.с. Темірді қызған кезде соқ
Ж.с. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің
Ш.с. Көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра
К.с. Еңбекпен тапқан мал тәтті
Мақалдар түрлі тақырыпты қамтиды, соның ішінде достық, ерлік, еңбек туралы мақалдарда сын
есімдердің тұнып тұрғанын осы тақырыпты өткенде шебер пайдалануға әбден болады:
Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар.
Еріншекке бүгіннен ертең оңай.
Арсызға алты күн мейрам.
Арлы арына қараса, арсыз жеңдім дейді т.б.
Студенттердің сөйлеу тілін дамытудағы жазбаша жұмыстардың бірі – шығарма жаздырту.
Сын есімдерді өткен кезде көбінесе студенттерге дос туралы шағын шығарма немесе біреуге
мінездеме жазып келуге тапсырма беремін. Адамның жақсы-жаман қасиеттерін сипаттайтын
мақалдардың тілімізде өте көп екендігін мысалмен түсіндіре отырып, студенттің үйде орындайтын
жұмысында да міндетті түрде кемінде бес мақалды пайдалануын талап етуге болады. Мақал-
мәтелдерді мазмұндама, шығарма құрамында орынды қолдануға да үйреткен дұрыс.
Тілімізде құрамында сан есімдері бар мақалдардың көп кездесетінін білеміз, мысалы:
1) Бірінші байлық – денсаулық,
Екінші байлық – ақ жаулық,
Үшінші байлық – он саулық.
2) Екі жақсы қосылса, өлгенінше дос болар
3) Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызыңнан құтылмайсың
4) Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,
Төртеу түгел болса төбедегі келеді
5) Айдағаны – бес ешкі, ысқырығы жер жарады
6) Жеті рет өлшеп, бір рет кес
7) Қызға қырық үйден тыю т.б.
Сонымен қатар синоним, омоним, антонимдерді өткен кезде мақал-мәтелдерді көбірек
пайдалануға болады:
1) Аштың жайын тоқ білмес
2) Жаман айтпай жақсы жоқ
3) Ақылды көндім десе, ақымақ жеңдім дейді
4) Аяғы кіші сүйгенін киер, аяғы үлкен сиғанын киер т.б.
Студенттердің сөздік қорын мақал-мәтел, нақыл сөздер арқылы байытуды мақсат ете отырып,
жұмыс түрлерін бірте-бірте күрделендіріп, олардың сұрақтарға мақал-мәтел арқылы жауап берулері
талап етіледі. Осылайша мақалдар арқылы жауап беруге әбден төселген студенттерге белгілі бір тілдік
жағдайға қатысты тапсырмалардан тұратын топшамалар беруге болады. бірақ мұндай жағдайда
студенттің тек қазақ тіліндегі мақал айтуын қатаң талап етпеймін, орыс тіліндегі баламасын айтып, оны
өз сөзімен аударуына да мүмкіндік беруге болады (себебі, бұл жерде баланың мақалдың мағынасын
жақсы түсініп, өмірдегі түрлі жағдайларда оны орынды қолдана білуіне мән беріледі).
Мысалы:
а) мектепте оқитын ініңіз сабақтың өте қиындығын айтып келді, мақалды қолдана отырып оған
қандай ақыл айтар едіңіз (оқу инемен құдық қазғандай)
ә) анаңыздың ақылына құлақ аспай, бір шаруаны екі рет орындауға тура келді. Сонда сізге
анаңыз ренжіп, қандай мақал айтуы мүмкін? (баста ми болмаса, екі аяққа күш түседі)
б) жазғы демалыста ата-анаммен бірге табиғат аясында демалдық. Жол бойы әкем жолдың
ұзақтығына қарамастан бұйым жасауға қажетті ағаш бұталарын терумен болды. Мен оған ренжіп едім,
ол былай деді: ....(Любишь кататься, люби и саночки возить – керек тастың ауырлығы жоқ)
Тіл дамытуда жазбаша жаттығулармен қатар сөйлеу жаттығулары қолданылмаса, жұмыс
нәтижелі болады деу қиын. Сондықтан сабақта студенттің өз ойын айтуына мүмкіндік жасап,
мазмұндауға мән берген дұрыс. Бұл бағытта берілген мәтіннің мазмұнын әңгімелеу - өте жиі
қолданылатын жұмыс түрі. Мәтінді толық және қысқаша мазмұндауға да болады. Әсіресе, мәтінді
мақал-мәтелге байланысты мазмұндау өте маңызды.
Орыс тілді студенттердің сөйлеу дағдысын дамыту үшін қолданылатын ұтымды әдіс – қатысым
әдісі. Себебі, қатысым әдісі арқылы студент пен оқытушы арасында қарым-қатынас жүзеге асады,
сөйлеу мәнері қалыптасады.
Сабақтың ең негізгі мақсаты - өзектілігі. Сабақта мақал-мәтелдерге байланысты берілетін
тапсырмалар,орындалатын жұмыстардың барлығы сөйлесім әрекетін жүзеге асыратындай бағытта
болуы керек. Баяндау, түсіндіру, ойландыру, жаттықтыру әңгімелесу т.б. тиімді әдістерді естен
шығармаған абзал.
Тақырыптың соңында студенттің өтілген мақал-мәтелдерді және грамматикалық заңдылықтарды
қаншалықты меңгергендігін анықтау мақсатында тест өткізуге болады.
Тест тапсырмаларын құрастыруда да әр оқытушы өзінше түрлі тапсырмалар бере алады, мысал
ретінде көрсетсек:
а) мақал-мәтел құрамындағы түсірілген сөзді берілген антонимі немесе синониміне қарап табу;
ә) мақал-мәтел құрамындағы белгілі бір сөз табын (сын есім, сан есім, есімдік) табу;
б) берілген мақал-мәтелдердің қай тақырыпқа сай келетіндігін көрсету;
в) мақалдың жалғасын табу;
г) орыс тілінде берілген мақалдың қазақша баламасын табу;
ғ) мақалдағы көп нүктенің орнына тиісті сан есімді қою;
Жалпы тест тапсырмаларының негізгі түрлері мынадай:
1.Балама тест. Мұнда берілген тапсырмаға студент «иә» немесе «жоқ» деп жауап бере алады.
2. Сәйкестендіру тесті. Екі бағанада орналасқан мақал-мәтелдерді мағынасына, мазмұнына
байланысты топтастыру;
3. Толықтыру немесе еске түсіру. Мақал-мәтелдердің сыңарын жазу;
4. Дұрыс жауабын таңдау. Достық тақырыбындағы мақалды табыңыз?
Жыл бойы мақалдарды үйрету жұмыстарын белсенді жүргізудің нәтижесінде, студент кез келген
шағын мәтінге жоспар құруда немесе мәтіннің мазмұнын түйіндеуде ойын мақалдап айтуды үйренсе,
оқытушының еңбегінің еш кетпегені деп бағалауға болады.
Қорыта айтқанда, мақал-мәтелдер арқылы сөйлеу тілін дамыту, ол үшін мақалдарды сабақта
тиімді пайдалану мақсатында сауатты қолданылған әдістемелік тәсілдер мен жоғарыда көрсетілген
жұмыс түрлері, тиімді ұсынылған ақпарат жақсы нәтиже береді.
Әдебиеттер:
1.
Айгужиева А.З., Кусанова А.Д.– Мақал-мәтелдердің тәрбиелік мәні. Павлодар, 2008ж.
2.
Табылдиев Ә.– Халық тағылымы. Алматы, 1992 ж.
3.
Қазақ мақал-мәтелдері. Алматы, «Ана тілі», 2001 ж.
4.
Айдарбаева Ғ.Б. - Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін мақал-мәтелдер арқылы үйрету. //«ҮІІІ Сәтбаев оқулары»
халықаралық ғылыми конференция материалдары мақала, 24 б., Павлодар, 2008ж.
Достарыңызбен бөлісу: |