108
7–12 жастағы балалар ұзақ уақыттық дене еңбегіне, күш түсетін
жұмыстарға әлі қабілетсіз болады. Сондықтан бұл жаста ойын, дене еңбектерін
алмастырып отырған жөн.
Тәрбие процесінде балалардың кейбір теріс қылықтарын байқауға болады.
Мысалы, өзімшілдік, біреудің жақсы әдеттері мен істерін көре алмаушылық,
түрлі болымсыз себептерді сылтау етіп үй тапсырмасын орындаудан қашу және
т.б. Ал балалардың мұндай теріс қылықтарына жол бермеу, тәрбиешілердің,
ата-аналардың беделіне, біліміне, өмір тәжірибесіне байланысты.
Бұл жастағы балалармен тәрбие жұмысын дұрыс ұйымдастыру үшін
олардың төмендегідей ерекшеліктерін есепке алған жөн: сөзбен істің сәйкесті
болуын талап етеді; жөнсіз кінәлаудан жиркену сезімі туады; үлкен адамдардың
жіберген қателерін тез байқайды; арманшыл, қиялшыл болады; ұжымшыл
келеді; сенімді серік іздейді; өз мүмкіндіктерін, күшін асыра бағалайды; түрлі
спорт ойындарында өте ықыласты болады және т.б.
Бұл
ерекшеліктерді
оқу-тәрбие
жұмысының
барысында
сынып
жетекшілері, мұғалімдер айрықша бақылайды, зерттейді, тиімді етіп іске
асырудың әдістері мен тәсілдерін қарастырып, ата-аналарға дер кезінде көмек
көрсетеді.
Балалар арманшыл, қиялшыл болады, ұжымшыл келеді, сенімді серік
іздейді, өз мүмкіншіліктерін, күшін асыра бағалайды, түрлі спорт ойындарына
өте ықыласты болады.
Оқушылар іс-әрекеттерінің ең басты және жетекші түрі – оқу. Ол алдын-
ала жасалған жоспар мен бағдарлама бойынша мұғалімнің басшылығымен
жүйелі түрде іске асырылып отырылады. Оқу оқушылардың таным қабілетін
дамытады, дүниеге адамгершілік көзқарасын бірте-бірте қалыптастырады,
оқушының ой-өрісі кеңейеді, білімі тереңдейді, жауапкершілігі артып, ол
алдына қойған мақсатын орындауға талпынады. Осының нәтижесінде оқушы
еңбек етуге, ізденушілікке, келешекте арнаулы оқу орындарына түсуге қабілетті
болып шығады.
Адамның рухани дамуының көзі – еңбек. Еңбексіз даму жоқ. Еңбек –
адамның көркі, бақыты, қоғам байлығы. Педагогикалық тұрғыдан
ұйымдастырылып, жоспарлы түрде жүргізілетін еңбек баланы жан-жақты
дамытып, қалыптастырудың күшті құралы. Мектепте іс-әрекеттің бірнеше түрі
бар. Олар: баланың өзіне-өзі қызмет етуі; қоғамдық пайдалы еңбек; өнімді
еңбек.
Достарыңызбен бөлісу: