Таным мәселелері
Конфуцийдің айтуыша, өздерінін табиғатына қарағанда адамдар бір-біріне өте ұқсас, бірақ өмірден алған дағды мен тәлім-тәрбие адамдарды әртүрлі қылады. Тек қана ең биік даналық пен ең шегіне жеткен ақымақтық тұрақты.
Конфуций білімді әртүрлі дәрежеге бөледі. «Ең биік білім -ол туа біткен білім. Одан төмен білім - игерілген, келесі қиындықтарды бастан кешіп алынған білім. Бірақ оңбаған адам басынан өткізген қиындықтардың өзінен сабақ алмайды», - деп өкінеді Конфуций.
Конфуций білімнің адам өміріне деген құндылығын жете көрсетті. «Барлық көргенің мен естігеніңді жүрегіңде сақта, қажымай-талмай оқудан тойынба, басқаларға біліміңді жеткізе біл», - деген нақыл сөздерді айтады. Конфуций ойынша, білім саласында ерекше моральдық тазалық керек. «Білгеніңді айт. Білмесең — білмеймін де. Тек осындай білімге деген көзқарас даналықты көрсетеді». Ойшылдың айтуына қарағанда, оқып-білудің өзі де өте қиын жұмыс, ол адамның дербес өзіндік оймен тоқуын талап етеді.
Конфуцийдің ілімін әрі қарай дамытқан Мен-Цзы болды.
«Егер тек қана окып, оқығанды ой елегінен өткізуге ұмтылмасақ, онда ол еш нәтиже бермейді. Ал күнбе-күнгі ой толғауы білім мен надандықты айырмайды. Аққан су сияқты, оған Батыс пен Шығыс бәрібір», - деген Конфуцийдің ойына қарсы шығып, Мен-Цзы «Аққан су Батыс пен Шығысты, расында да, айырмайды. Бірақ ол жоғарыға аға алмайды, тек кана төменге ағады. Сол сияқты адамдардың бәрі де жақсылыққа ұмтылады», -деп жауап береді.
Мен-Цзы адамдардың табиғи берілген басқа адамдарға деген аяныш, көңілін жұбату сезімі, ұяттық және ызалану сезімі, сыйлау және табыну сезімі, шындық және жалғандык сезімдері бар деген пікір айтады. «Осы сезімдердің негізінде адамды сүю, әділеттілік, тану-білу қабілеті қалыптасады. Ал жамандық адамның табиғатынан, ия болмаса Аспанның еркінен емес, өмірдегі тапшылықтан, аштық-жаналаштықтан пайда болады», деген пікір айтады.
Мен-Цзы айтқан мына нақыл сөзге көңіл аударайық.. «Мен өмірді бағалаймын, бірақ одан да қымбат - әділеттілік. Егер мен осы екеуін бірдей ұстай алмайтын жағдайда болсам, онда мен әділеттілікті таңдар едім».
Мен-Цзы Кун-фу-цзының адамды сүю принципін әрі қарай дамытуға көп көңіл бөледі. Біздің бүгінгі күннің ахуалына сай келетін мына нақыл сөздерді ойымызға тоқиық. «Құрметті Ван! Біз неге тек қана пайда жөнінде сөйлесеміз? Мен тек адамды сүю және парыз жөнінде айтқым келеді. Егер Ван мемлекеттің пайдасы жөнінде айтса, онда құзыр иелері өзінің үйін қалай байыту керектігін ойлайды. Қалғандары өз пайдасын қалай табу керектігін ойлайды. Мұндай жағдайда жоғарыдағылар мен төмендегілердің арасында ұрыс-керіс басталып, мемлекетке қауіп төнеді. Егер борыштан гөрі пайда табу басым болса, адамдар бірінікін-бірі тартады».
Сондықтан өкімет басындағылар қандай болса, халық та сондай. «Басшылар жел сияқты, ал қарапайым халық шөпке ұқсайды. Қайда жел үрлесе, шөп сол жақка майысады», - дейді Мен-Цзы. II ғ. б.з.д. заманда ресми мемлекет дініне айналып, Кун-фу-цзы ілімінің негізгі кұндылықтары осы уақытқа дейін Қытай мемлекетінің идеологиясының негізінде жатыр.
Фа-Цзя көне Қытайдың әлеуметтік-саяси философиясы
Көне Қытай философиясының тағы да бір ерекше ағымы - ол фа-цзя мектебі («фа» - заң). Бұл ағым, негізінен алғанда, конфуциандық ілімге қарсы бағытталған (әсіресе оның адам, мораль мәселелеріне)ілім.
Фа-Цзя мектебінің негізін қалаушы - Хань-Фэй-Цзы (280-233 б.ғ.д.). Ол өзінің болмыс ілімінде Даоны бүкіл дүниедегі барлық нәрселердің табиғи заңы ретінде карады: «Әрбір зат пен істің өзінің заңдары бар. Аспанның өз заңдылықтығы, ал адамдарды алатын болсақ, олардың өздерінің орнатқан заңдары бар».
Дао - жалғыз және бөлінбейді деген пікірдегі Хань-Фэй-Цзы сондықтан елбасы да тек өзіне ғана сенуі керектігін айтады. Даоның өзіне ұксас басқа ештеңе болмағаннан кейін, оны жалғыз дейміз. Сондықтан ақылды елбасы Даоның іске асқанын бағалайды. Әрі қарай елбасын Даоның қасиеттерімен салыстыра келе, оның қандай болу керектігін көрсетеді.
«Дао бос, қозғалмайды және жалғыздықта, сондықтан елбасы да бәрін өзінің ішінде терең сақтауы керек, адамдардың алдында ашылмағаны жөн. Елбасы даосын ешкім көрмеуі керек, ал оны қолдануды басқалар түсінбеуі керек», - деген пікір айтады.
«Фа-цзя» мектебінің ел басқару мәселелеріне келетін болсақ, олар адамның табиғатының өзімшілдігіне негіздеп, оны шешті. Мысалы, Хань-Фэй-Цзы, халық тек қана пайда мен жалақыны жақсы көреді де, жаза мен дарға асуды жек көреді. Ал оның бәрі елбасының қолында. Сондықтан елбасы қоғамда тәртіп орнатуы үшін, бәрін заң арқылы ретке келтіруі керек. Заң қысқа, әрбір адамға түсінікті болуы керек. Қоғамда жаза көп, құрметтеу аз болса - жақсы. Қайсыбір заңды бұзушылық қатты жазалануы керек. «Бірақ кімнің заңды орындамағаны, бұзғанын қалай білуге болады?» - деген сұраққа фа-цзя мектебі өз айлаларын алға салады. Ол үшін адамдар өзара бір-бірін бақылап жүрулері керек. Оны қалай істеуге болады? Ол үшін адамдардың жүрегіне қорқыныш сезімін кіргізу керек. Заң бұзған адамды жазалағанда, оны халық алдында жасау керек. Сондай жағдайда адамдардың өздері-ақ бір-бірін көрсете бастайды.
Фа-цзя мектебі заң мен басқару өнерін бір-бірінен айырып қарайды. Заңды қалай шығарып орындату керектігін біз жоғарыда айтып кеттік. Ал басқару өнері ше?
Басқару өнері елбасының жүрегінде өте терең тығылған. Елбасының ойын оның жанындағы ешкім де білмей, сандалуы керек. Өйткені «Елбасының ізін аңдып, арыстандар жүр». Егер ол өзінің құпиялығын жоғалтса, онда арыстандар (жанында жүрген басқа лауазым иелері) оны жеп қояды.
Елбасы бәріне самарқаулықпен қарап, еш нәрсе жасамауы керек. Оның күші - ештеңені жасамауда. Сонда ғана ол өзінің жауларының пиғылын біледі.
Осы «Фа-цзя» мектебінін талаптарын үкіметтің саяси идеологиясына айналдырып, Қытай императоры Цинь-Ши-Хуан өз елінде аса қатыгез басқару жүйесін орнатқан болатын.
Сонымен Қытай халқы көбінесе моральдық жолмен тәрбиеленгенмен, «заңдық» басқарудың да барлық қиыншылықтарын өз басынан өткізді. Соңында моральдық тәрбиені заң жолымен қоғамдық қатынастарды ретке келтірумен ұштастырды.
Фа-цзя мектебінде ашылған саяси технологиялар (tесһnе -грек сөзі, өнер) мыңдаған жылдар өткеннен кейін, тоталитарлық диктаторлық тәртіптер орнаған жерлерде кеңінен пайдаланылды.
Мысалы, Сталиннің қудалауының негізінде миллиондаған адамдар оның құрбаны болды. Оны біз әрқашанда өз есімізде сақтаймыз. Сонымен бірге көп адамдар сол құрбандарды уақытында көрсеткен, соларды бір жағынан көре алмай, екінші жағынан, біреуді көрсетіп өзінің өмірін сақтап қалуға тырысқан миллиондаған адамдарды есімізден шығарып жібереміз. Ал бұл сұрқиялықтың өзі мемлекеттік репрессиялық машинаның совет адамдарының жүрегіне тіпті адамдық емес, «хайуандық қорқынышты» еңгізгендігінен болды. Сталиннің елді басқару технологиясында да өзінің «құпиялығын» сақтауы, өз жанындағы мемлекеттік қызметкерлердің арасына «алауыздықты», өзара сенбеушілікті енгізіп, олар жөніндегі ақпарат жинау т.с.с. бәрі де «барлық уақыт пен халықтардың көсемінің» «фа-цзя» философиясын жақсы игергенін көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |