Міндетті сертификаттау заң мен заңнамалық ережелер негізінде жүзеге асырылады және өнімнің (процестің, қызметтің) техникалық регламент пен стандарттардың талаптарына сәйкестігінің дәлелдерін қамтамасыз етеді. Міндетті сертификаттау қауіпсіздік, адам денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғауға бағытталғандықтан, міндетті сертификаттау қауіпсіздік пен экологияның тазалығын қамтамасыз ету болып табылады.
ҚР заңнамаларымен бекітілген міндетті сертификаттау – сертификаттау міндетті талап етілетін өнім мен қызметті сертификаттау жүйесі. Көбіне міндетті сертификаттау адамдардың, олардың мүліктері мен қоршаған орта қауіпсіздігіне әсер ететін өнімдерге қолданылып, міндетті сертификат рәсімделеді. Өнімді сертификаттау түрлі сертификаттау сұлбаларын қамтиды.
Ерікті сертификаттау. Ерікті сертификаттауға қауіпсіздік талаптары орындалуға міндетті емес өнімдер жатады. Бірақ сенімділік, эстетикалық көрініс, үнемділік және т.б. сияқты көрсеткіштерді тексеру арқасында ерікті сертификаттау жүргізу нарыққа сапасыз өнімдердің түсуіне тосқауыл болады.
Ерікті сертификаттау ҚР «Техникалық реттеу туралы» Заңына сәйкес, өтінім берушілер (өндірушілер, сатушылар, орындаушылар) еркімен өнімнің (қызметтің) стандарттар, техникалық шарттар және басқа да нормативтік құжаттардағы талаптарға сәйкестігін растау мақсатымен жүргізіледі. Ерікті сертификаттау заңды немесе жеке тұлға қалауы бойынша өтінім беруші мен сертификаттау органы арасындағы келісімшарт негізінде жүргізіледі. Ерікті сертификаттауға қажеттілік сертификаттау объектілерінің стандарттар немесе басқада нормативтік құжаттар талаптарына сәйкес еместігі өнім өндірушіні экономикалық мүддесін қозғаған жағдайда туындайды. Ерікті сертификаттау объектілері: өндірістік техникалық, әлеуметтік тұрмыстық (мысалы, кітап, журнал шығару, үй жиһазын шығару) өнімдері; материалдық, материалдық емес (мысалы, білім беру) қызметтері; қиратпай тексеру, материалдық байлықты бағалау, тұрмыстық қызмет көрсету және т.б. Сертификаттау қызметкерлері кәсіпорын сапа жүйесі ИСО 9001 үлгісі, экологиялық басқару жүйесі ИСО 14001 үлгісі, тамақ қауіпсіздігін басқару жүйесі ИСО 22000- HACCP үлгісі, ақпараттық қауіпсіздік басқару жүйесі ИСО 27000 үлгісі, өндірістегі қауіпсіздік пен денсаулық қауіпсіздігін басқару жүйесі OHSAS 18001 үлгісі бойынша жұмыс жасайды. Ерікті сертификаттау міндетті сертификаттаудың орнына жүрмейді және оның нәтижесі өнімді шығаруға немесе сатуға тыйым салуға негіз бола алмайды. Ол тұтынушыны өзіне қаратуға арналған. Міндетті сертификаттау өткен өнімді ерікті сертификаттау шамасында, міндетті талаптарды толықтыратын талаптар бойынша да тексеруден өткізуге болады. Мысалы, тіс сықпалары әсерінің тиімділігін тексеруге болады.
Қазақстан Республикасында отандық және импортталған жабдықтарды қолданудың міндетті шарты - Төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою бойынша Мемлекеттік инспекция рұқсатын алу үшін аккредиттелген сертификаттау органымен берілген сертификат. Заңнамамен бекітілген, қосымша міндетті сертификаттауға жататын жабдықтардың тізімі бар.
Қазақстан Республикасында сертификаттауды жүргізуге өкілетті орган болып:
1. Стандарттау, метрология және сертификаттау бойынша өкілетті орган – (Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Стандарттау, метрология және сертификаттау бойынша комитет (Мемстандарт);
2. Өнім, процес, қызметті сертификаттау бойынша аккредиттеу органы;
3. Аккредиттелген сынақ зертханалары (орталықтары);
4. Аккредиттеу саласында консалтингтік қызмет көрсету бойынша аккредиттелген ұйымдар;
5. Сертификаттау бойынша сарапшы-аудиторлар саналады.
Гигиеналық сертификат гигиеналық талдау жүргізілген соң беріледі. Гигиеналық сараптама нәтижесінде үлгінің қауіпсіз екендігі туралы шешім қабылданған соң гигиеналық қорытынды жасалынады. Бұл құжат өнімнің немесе өндіріс жағдайының адам денсаулығына қауіпсіздігін растайды. Көпшілік тауар топтарына гигиеналық сертификаттар бірінші болып рәсімделінеді. Сәйкестік сертификаты мен сәйкестік декларациясын тек гигиеналық қорытынды болған жағдайда ғана алуға болады. Міндетті түрде санитарлық эпидемиологиялық қорытынды (СЭЗ) рәсімделуі қажет тауарлар, көрсетілетін қызметтер мен жабдықтар тізімі бекітілген.
Қазақстан Республикасында өнім мен қызмет көрсетуді міндетті және ерікті сертификаттау белгісі – 10.3-сурет, 10.4-сурет. Бұл белгілер өнімнің мемлекеттің барлық стандарттарына сай екенін білдіреді.
10.3 - сурет 10.4 – сурет
Сәйкестік белгісі өнім қорабына, тауар жапсырмасына қойылады. Осындай қалпында сәйкестік белгісі тұтынушыны өнімнің сертификатталғанын, оның сапасы бекітілген стандарт талаптарына сәйкес екендігін және оған сәйкестік сертификатының рәсімделгенін сатып алушыларға білдіреді.
Берілген белгіде сәйкестік сертификатын берген сертификаттау органы туралы ақпарат бар. Әріптік және сандық белгілер сертификаттау органдарының нөмірлеріне сәйкес келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |