Отбасына кеңес берудің теориялық негіздері
Отбасы өмірінің көп қырлылығы түрлі деңгейдегі алуан түрлі теорияларды тудырады, сондықтан кез келген «бірлі-жарым, ерекше және арнайы» жағдайда кеңес беру нысанын құрайтын түсіндірмелі модельді табу қажет. Теориялар бір-бірін толықтырып, дамытып, отбасымен жұмыстың диагностикалық әдістері мен психологиялық ықпал етудің тәсілдерін қорландыра түседі. Осындай жағдайдан шығу үшін көптеген отбасына кеңес берушілер отбасылық кеңес берудің интегративті тәсілдемесін жасау қажеттігін ұйғарады.
Отбасымен жұмысқа психотерапиялық тәсілдемелерді жіктеу өлшемдері мыналар болып табылады:
отбасы қызметін және отбасы проблемаларын талдау «бірлігі»;
отбасының даму тарихын, уақытша ретроспективалары мен перспективаларын ескеру.
Осыған орай, екі негізгі тәсілдемені бөлуге болады: генетикалық-тарихи және отбасы тарихын есепке алмай-ақ оның өзекті (маңызды) күйін белгілеу. Отбасының тыныс-тіршілігінде мәселелердің және қиындықтардың туындау себептерін, оның дисфункциясын анықтауға бағыттылық.
Аталған өлшемдерді басшылыққа ала отырып, отбасымен жұмыс жасаудың белгілі бір тәсілдемелерін бөлуге болады:
Психоаналитикалық тәсілдеме. Тұлғаның дамуын және оның болашақтағы отбасылық өмірдегі табыстылығын анықтайтын бала-ата-аналық қатынастарға баса мән береді. Талдау бірлігі – тұлғаның серіктеспен қатынастары, оның негізгі паттерндері осы қатынастарда кездесетін эдипов кешені және Электра кешені. Некелік-ерлі-зайыптылық қатынастарда пациенттердің өз ата-аналарымен болған қатынастардың базалық модельдерін қайталауға бейсаналы ұмтылатындығы жорамалданады. Тұлғаның автономияға жетуі жәнеотбасымен қатынастарды қайта құру – терапиялық үрдістің басты мақсаты. Психологиялық жұмыс реконструкцияға және бұрынғыны жаңадан құруға, ығыстырылғандарды ұғындыруға бағытталған. Ерлі-зайыптылық қатынастар қиындықтарының симптомдары бұрынғы ата-анамен қарым-қатынаста шешілмей қалған шиеленістердің және басып тасталған ынтығулардың «маркері» ретінде қарастырылады.
Бихевиоральды тәсілдеме. Өзара алмасу (беру және алу) теңгерімінің маңыздылығы ескеріледі. Талдау бірлігі – отбасы мүшелерімен қарым-қатынастағы және өзара әрекеттесудегі тұлға болып табылады. Басты назар проблемалық жағдаятты шешу ептілігіне және арнайы орындаушы құзыреттілікті (коммуникация дәне проблемалық жағдаятты шешу дағдысы) қалыптастыруға аударылады. Мінез-құлықтық психотерапия аясында әлеуметтік үйрету теориясы (А.Бандура) және оперантты үйрену теориясы (Б.Ф. Скиннер) туралы айтуға болады. аталған теориялар бойынша отбасында проблемалардың туындауына әкелетін жағымсыз мінез-құлықты қалыптастыратын негізгі механизмдер отбасындағы мінез-құлықтың әлеуметтік модельдері, тиімсіз бақылау мен нығайту болып саналады.
Феноменологиялық тәсілдеме. Талдау бірлігі ретінде отбасылық жүйедегі тұлға қарастырылады. «Осында және қазір» принципі отбасында осы сәтте болып жатқан оқиғаларға шоғырлануды талап етеді. Вербалды және вербалды емес эмоцияға толы коммуникативті актілер жүйесі ретіндегі қарым-қатынас ақиқаттылығы психологиялық талдау және психотерапиялық ықпал ету нысанын құрайды (В. Сатир, Т. Гордон).
Жүйелілік тәсілдеме. Отбасы біртұтас жүйе ретінде қарастырылады, оның негізгі сипаттамалары отбасы құрылымы, рөлдерді бөлу, басқару және билік, отбасы шекарасы, коммуникация ережелері және отбасылық қиындықтар себептері ретіндегі қайталана беретін паттерндер, бұл тәсілдемеде көп жағдайда отбасының дисфункционалдығы қарастырылып, отбасылық жүйенің қайта ұйымдасу мәселесі шешіледі.
Отбасы психотерапиясының беделді бағыттарының бірі ретіндегі құрылымдық отбасы психотерапиясы (С. Минухин) жүйелілік тәсілдемесі принциптеріне негізделеді. Отбасы қатынастарды сақтауға (гомеостаз заңы) және дамытуға ұмтылатын жүйе ретінде қызмет етеді. Отбасы тарихы бірізділікпен әрі заңдылықпен бірқатар дағдарыстардан (некеге түсу, баланың өмірге келуі, баланың мектепке баруы, мектепті тәмамдауы және өзін-өзі анықтауы, ата-анадан сепарация және кету т.б.) өтеді.Дағдарыстардың әрқайсысы отбасылық жүйенің қайта ұйымдасуы мен қайта құрылуын талап етеді. Отбасы базисті жүйе ретінде қарастырылады, ол үш жүйеден тұрады: ерлі-зайыптылық, ата-аналық және сиблингті. Жүйе шекарасы мен әрбір жүйе ережелерден тұрады, бұл ережелер өзара әрекеттесуге кімнің және қалай қатысатындығын анықтайды. Отбасы дисфункциясы отбасының барлық мүшелерінің қажеттіліктерін қанағаттандыра алмауы ретінде қарастырылады, бұл отбасы мүшелерінің әлдебірінің симптоматикалық мінез-құлқынан көрінеді. Құрылымдық отбасы психотерапиясы бойынша отбасы мүшелерінің біреуінің мінез-құлқының бұзылуы және эмоциялық-тұлғалық азғындауы біртұтас ағза ретіндегі отбасы дисфункциясының көрсеткіші болып табылады. Терапевтің назары отбасының бұрынғы өткеніне емес, қазіргі сәтте жүріп жатқан процестеріне аударылады. Отбасы проблемаларын жеңу жолы – трансакцияның адекватты емес паттерндерін өзгерту, отбасының ескі жүйесін бұзу және отбасы қызметінің үйлесімін қамтамасыз ететін жаңа шегін орнату.
Аталған тәсілдемелерде сипатталған проблемалардың себебін табуға, оларды жеңу жолдарын іздестіруге қатысты көзқарастардың әртүрлілігіне қарамастан теоретикалық түсіндіруші модельдерден отбасы психотерапиясының жалпы мақсаттарын бөлуге болады:
отбасының рөлдік құрылымының икемділігін және рөлдерді бөлу ептілігін, арттыру;
билік және басқару мәселелерін шешудің қолайлы теңгерімін белгілеу;
ашық әрі айқын коммуникацияны орнату;
отбасы мәселесін шешу және жағымсыз симптомдардың айқындылығын төмендету;
Мен-концепциясын дамытуға және тұлғалық өсуге жағдай жасау.
Аса өзекті мәселе кеңес беру тиімділігін бағалау болып табылады, сондықтан оны бағалау өлшемдері мен оған сәйкес процедураларды айқындау қажет.Отбасына кеңес беру тиімділігін бағалаудың мазмұнды өлшемі отбасы мәселелерін шешудің табыстылығы болып табылады. Отбасы психотерапиясы тиімділігін (В.Н. Мясищев) бағалау параметрлерін кеңес беру тиімділігінің көрсеткіштері ретінде санауға болады: 1) симптоматикалық жақсарту дәрежесі; 2) клиенттің отбасы қиындықтарының туындауының психологиялық механизмдерін түсіну дәрежесі; отбасылық қатынастарды қайта ұйымдастыру дәрежесі; отбасы қызметінің тиімділігін қалыпқа келтіру және арттыру. Кеңес беру тиімділігінің бағасын анықтайтын басты нәтиже – клиенттің алдағы уақытта туындаған проблемаларды өз бетінше шешу қабілетінің жоғарылауы. Тиімділік отбасының әртүрлі деңгейде қызмет ету тұрғысынан да бағаланады. Біріншіден, отбасы төзімділігін арттырудың ұзақ мерзімді әсері деңгейінде, оның стрессогенді факторларға тұрақтылығының артуымен, өмірлік циклдегі нормативті дағдарыстарды шешу табыстылығымен бағаланады. Екіншіден, отбасы қиындықтары мен проблемаларын шешу деңгейімен бағаланады. Үшіншіден, біртұтас отбасының рөлдік құрылымын, қарым-қатынасын, ынтымақтығын және қажеттіліктерін толықтай қанағаттандыруды оңтайландыру деңгейімен, отбасы ұйымшылдығының және некеге қанағаттанушылықтың артуымен бағаланады.
Достарыңызбен бөлісу: |