Әр түрлі орындардағы өрт сөндірудің ерекшеліктері
Әр түрлі орындардағы өртті әр түрлі жолмен сөндіреді. Өрт кезінде ерікті өрт жасағының бастығы өрттің себебін анықтап, оның адамдарға, мал – мүліктерге тигізетін қаупін анықтап, оларды көшірудің мүмкіндіктерін жасап, тиісті нұсқау береді. Оның нұсқауларын өрт сөндіруге қатысушылар міндетті түрде орындауы тиіс.
Жанып жатқан майлы сұйықтарды (мұнай, май, мазут) көбікпен немесе судың майда тозаңымен сөндіреді. Қөбіктің ағысын жанып жатқан сұйықты шашыратпайтындай етіп бағыттауы қажет. Егер жанып жатқан сұйық ыдыстың ішінде болса, онда ыдысты қақпақпен немесе басқа жапқышпен жауып сөндіреді. Ол кезде ыдыстың қопарылуынан немесе ыстық заттың ыдыстан шашырауынан сақтану қажет. Жанып жатқан ыстық шалшығын жел жағында тұрып көбікпен жауып, құм шашады. Жақын жердегі ыдыстарды сумен суытып тұрады.
Жанып жатқан электр жабдықтарын бойында ток бар кезінде көмір қышқылымен сөндіруге болады. Желіден токты ажыратқаннан кейін сумен немесе көбікпен сөндіреді.
Ағаш заттарды сумен, оның ағысын жоғары жағындағы күшті жанып жатқан жеріне бағыттап сөндіреді.
Астық қоймасындағы өртті сумен, оның ағысын ағаш құрылымдарға, ал шашыранды суды астыққа бағыттап сөндіреді.
Гаражда, машиналарды қоятын қалқаларда өрт шыққанда оны сөндірумен бірге, машиналарды көшіру қажет. Машиналарды көшіргенде жанармай багының жарылу қаупінен сақтану қажет.
Жанып жатқан астықтың түбірін топырақ шашып, су құйып, таптап, жапқыштармен жауып сөндіреді. Егер от үлкен аумаққа жайылып кеткен болса астықты орып алып өртенген жерді 100 – 150м қашықтықта айналдыра жырту қажет. Өртті сөндіріп болғаннан кейін барлық өртенген жерді айдап тастау керек болады.
Көмір мен шымтезек қоймасында болған өртті сумен сөндіреді. Өрттің ошағын сөндіріп, оның қатарын ажыратады, бульдозермен, экскватормен айналдыра ор қазып тастайды.
Минералды тыңайтқыштар мен улы химикаттардың қоймасы өртенгенде оны сөндіру үшін су, көбік немесе көмір қышқылын пайдаланады. Олар жанғанда улы газдар мен булар бөлініп шығады. Сондықтан оларды жел жағында тұрып сөндіру қажет.
Өрт сөндіру кезінде қауіпті аймақтардағы адамдар арнайы костюмдер, резеңке етіктер мен қолғаптар киюі және тыныс алу мүшелерін қорғайтын құралдарды пайдалануы қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |