Көмірдің қорлары және өндірілуі. Әлемдік энергетикалық кеңестің мәліметтеріне сәйкес, бүкіл әлемдегі көмірдің жалпы қосынды (немесе ақырғы шығарылатын) қорлары шамамен алғанда 5 трлн тонна шартты отыр болып анықталған (52%-ы тас көмірге, 48%-ы – қоңыр көмірге келеді), ал техникалық-экономикалық тұрғыдан дәлелденген, шығарылатын (немесе расталған) қорлары 1 трлн тоннаға жуық құрайды. Олар 88 елдің жер қойнауында барланған. Бұл кезде тек 6 елдің жер қойнауында ғана көмірдің әлемдік қорларының үштен екі бөлігіне жуығы шоғырланған.
Көмірдің барлық түрлерінің ең маңызды, елеулі қорлары Солтүстік Америкада (30%-ға жуық), Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінде (25%) және Азияда (25%-ға жуық) шоғырланған. Елдер арасында көмірдің барлық түрлерінің аса ірі қорларына Америка Құрама Штаттары (27%), Ресей (17%), Қытай (13%), Үндістан (10%), Австралия (8%-дан астам), ОАР (5%-дан аса) ие.
Әлемнің аса ірі көмір бассейндері болып (көмірдің жалпы қорлары бойынша) Тунгус, Лена, Канск-Ачинск (қоңыр көмір), Кузнецк, Печора – Ресейде, Рур – Германия Федеративтік Республикасында, Аппалач және Батыс – Америка Құрама Штаттарында, Украинада Донецк, Қазақстанда Екібастұз бассейндері табылады. Бұл ретте Тунгус және Лена бассейндері перспективалы болып саналадаы (осы кен орындарынан кен шығару қазіргі уақытта іс жүзінде жүзеге асырылмай отыр).
Дүниежүзінің қазіргі көмір шығару өнеркәсібінде көшбасшы орынға Азия аймағы шықты (50%-ға жуық). Ал көмірдің барлық түрлерін шығару бойынша көшбасшы елдер болып (тас және қоңыр көмірлер бірге): Қытай (2380 млн тонна, бұл әлемдік көмір шығарудың 40%-ына сәйкес келеді, 2006 ж.), Америка Құрама Штаттары (1054 млн тонна, 20%-ға жуық), Үндістан (447 млн тонна, 7%-ға жуық), Австралия (374 млн тонна, 7%-ға жуық), 7%-ға жуық), Ресей (309 млн тоннаға жуық, 5%-ға жуық), ОАР, Германия Федеративтік республикасы, Польша, Индонезия, Қазақстан табылады.
Көмірлердің сапалық құрамы, жекелей алғанда, қорлардағы тас көмірдің үлесі елеулі маңызға ие. Әлем елдерінің арасында отынның осы түрінің ең маңызды қорларына Америка Құрама Штаттары, Үндістан, Қытай, Ресей, Аустралия, Қазақстан ие. Тас көмірдің жыл сайынғы әлемдік шығарылуы – 5 млрд тоннаға жуық. Аймақтардың аумақтық пропорцияларындағы ең елеулі және маңызды өзгерістер көмір шығаруда ХХ ғасырдың екінші жартысында болды. Мысалға, тас көмір шығару Батыс Еуропа елдерінде өте күрт қысқарып кетті. Бір мезгілде Батыс Еуропаға және Жапонияға көмір экспорттауға бет бұрған елдерде (ОАР, Австралия) көмір шығару арта түсті. Шығыс Еуропа елдерінен бастапқыда КСРО мен Польшада тас көмір шығарудың өте жоғары көрсеткіштері байқалды. Бірақ 90 жылдары осы аймақтың елдерінде, әсіресе, олар бұрынғысынша көш басындағы ондықта тұрғанымен, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы республикаларында көмір өнеркәсібіндегі қатты құлдырау байқалды (қосымшадағы 6-кестені қараңыз).
Кокстелетін көмір шығаратын негізгі елдер болып Қытай, Австралия, Ресей, Америка Құрама Штаттары және Канада табылады.
Қоңыр көмірдің барланған қорларының және оны шығару көлемдерінің көп бөлігі дамыған елдерге келеді. Қорларының өлшемдерімен Америка Құрама Штаттары, Ресей, Үндістан, Қытай, Аустралия, Украина, Бразилия, Германия Федеративтік Республикасы, Түркия көзге түсуде. Шығарылатын қоңыр көмірдің негізгі бөлігі (4/5-тен астамы) оны шығарған жерге жақын орналасқан жылу станцияларында отын ретінде пайдаланылады. Қоңыр көмірді әлемдік шығару көлемі 1 млрд тоннаға жуық шаманы құрайды. Көшбасшы болып Германия Федеративтік Республикасы, Америка Құрама Штаттары, Ресей, Австралия, Қытай, Түркия, Польша, Чехия, Грекия, т.б. табылады.
Халықаралық көмір саудасы. Әлемнің аймақтары мен елдері бойынша көмірді шығару мен тұтынуда қалыптасқан ара қатынас осы қуат таратқыш саудасындағы негізгі экспорттық ағындардың қалыптасуын анықтап берді. 1950 жылдан бастап көмір экспорты 143 млн тоннадан 750 млн тоннаға дейін артты. 1960-1970 жылдардағы «мұнай қарбаласы» көмір экспортының айтарлықтай қысқаруына ықпал етті (1960 жылы – 108 млн тонна немесе әлемдік шығарудың бар болғаны 9%-ы), алайда одан кейін болған 1970-1980 жылдардың мұнай дағдарыстары қуат қорларын әлемдік тұтынудағы көмірдің рөлін қалпына келтірді және қандай да бір шамада нығайта түсті. Бұл ретте көмірді тасымалдау бағыттары өзгеріп отырды.
Көмірді сыртқы саудаға тасымалдаудың негізгі бөлігі теңіз көлігімен жүзеге асырылады. Жаңа жүк ағындарын ұйымдастырудың ең маңызды мәселесі – мамандандырылған айлақтардың инфрақұрылымын жасау.
Соңғы жылдары экономикалық жағынан дамыған көптеген елдерде көмір өнеркәсібі құрылымдық тұрғыдан дағдарысты болып шықты. Мәселен, алар болсақ, Батыс Еуропа елдерінің тас көмірдің әлемдік экспортындағы үлесі 50 жылдардан астап қазіргі уақытқа дейінгі кезен ішінде 35%-дан 2%-ға дейін қысқарды.
Осында экспортқа көмір шығарудың өсуі болып отырған Австралияда, Оңтүстік Африка елдерінде және Канадада көмір өнеркәсібі дамудың өзгеше тенденцияларымен көзге түсті. Мысалға, Австралия – көмір экспорттаушы елдер арасындағы әлемдік көшбасшы. Бұл бірінші кезекте Жапониядағы көмірге деген сұраныспен және Австралияның өзінде жағалауға жақын жерде ашық тәсілмен кен шығару үшін жарамды ірі кен орындарының бар болуымен байланысты. Оңтүстік Африка Республикасында көмір өнеркәсібінің дамуына және көмір экспорты көлемінің артуына ірі қорлардың (негізінен алғанда көмірлердің энергетикалық сорттарының) бар болуы да, мұнай мен газдың өз ресурстарының жоқтығы және елде арзан жұмысшы күшінің бар болуы да себепші болып отыр.
Тас көмірдің әлемдік саудасы 750 млн тоннадан асып түсті (олардың 70 млн тоннасы аймақішілік тасымалдауларға келеді, ал қалғаны – теңіз бойынша тасымалданады. Тас көмірді аса ірі экспорттаушы елдер: Аустралия, Индонезия, Қытай, ОАР, ТМД (Ресей, Қазақстан) Колумбия, Канада, Америка Құрама Штаттары. Ал ең ірі сатып алушылар (импорттаушылар): Жапония, Корей Республикасы, Тайвань және Еуропа Одағы елдері (Германия Федеративтік Республикасы, Ұлыбритания, Испания, Франция және т.б.).
Қазіргі уақытта теңізбен 180 млн тоннаға жуық кокстелетін (қара металлургияда пайдаланылатын) және 500 млн тоннадан аса энергетикалық (отын ретінде пайдаланылатын) көмір тасымалданады. Кокстелетін көмір нарығы жеткізуші елдердің шамалы санымен және бүкіл әлем бойынша сатып алушылардың кең шеңберімен ерекшеленеді. Бұл ретте халықаралық сауда арналарына шамамен алғанда көмірдің осы түрінің әлемдік шығарылуының шамамен 35%-ы келіп түседі.
Кокстелетін көмірді экспорттау бойынша көшбасшылар болып Австралия (65%), Канада (10%-дан аса), Америка Құрама Штаттары, (10%-ға жуық), Қытай, Ресей (6%) табылады. Кокстеуге арналған көмірлердің негізгі ағыны Азияға бағытталған, Азияның үлесіне әлемдік импорттың жартысына жуығы келеді. Кокстелетін көмірдің импорттық жеткізілімдерінің 1/3-ке жуық бөлігін Еуропа Одағы елдері алады.
Энергетикалық көмірлер нарығындағы негізгі ойыншылар деп негізгі жеткізушілер ретінде - Австралияны, ОАР-ды, Қытайды, Индонезияны және Колумбияны, негізгі сатып алушылар ретінде – Жапонияны, Корей Республикасын, Тайвань мен Германия Федеративтік Республикасын санауға болады. Осы елдердің әрқайсысы көмірдің әлемдік нарығының дамуына елеулі әсерін тигізе алады. Бұл ретте, кокстелетін көмірлермен болған жағдайдағыдай, нарық жағдайына ең көп әсерді ішкі тұтынудың өсуіне, жоғары сапалы көмірлердің жетіспеушілігіне және көлік шығындарының өсуіне байланысты көмір экспортын қысқартқан Қытай көрсетіп отыр.
Энергетикалық көмірдің әлемдік нарығы екі жеке жатқан – Тынық мұхиттық (300 млн тоннаға жуық) және Атлантикалық (200 млн тоннаға жуық) нарыққа бөлінеді. Азия-Тынық мұхиты аймағында Австралиядан, Индонезиядан және Қытай Халық Республикасынан бірінші кезекте Жапония мен Корей Республикасына жеткізілімдер басым болып келеді. Атлантика мұхиты арқылы ОАР, Колумбия, Ресей, Польша, Венесуэла көмірді негізінен алғанда Еуропа Одағы елдеріне, Америка Құрама Штаттарына және Орталық пен Оңтүстік Америка елдеріне тасымалдайды. Сапасы төмен, көмірдің энергетикалық сорттарының әлемдік саудасы артып келеді.
Сарапшылар көмірді әлемдік тұтыну артатын болады деп болжауда. Оның маңызы тек дамып келе жатқан елдер мен «өтпелі экономикасы» бар мемлекеттер үшін ғана емес, осында электр қуатын өндірген кезде көмір бұрынғысынша кеңінен қолданылатын, экономикалық жағынан жоғары дамыған елдер үшін де сақталып қалады (тек Америка Құрама Штаттарының өзінде ғана елде шығарылатын көмірдің жартысынан астамы электр энергетикасында пайдаланылады).
Достарыңызбен бөлісу: |