Шығармашылық жұмыстарды ұйымдастыру
Шығармашылық әрекет – оқушының өз жеке шығармашылық бағытын таңдау қажеттігін және шығармашылық өнім, нәтиже туғызуға бағытталған жауапкершілігін қамтитын әрекет. Ж.Аймауытовтың пікірінше, «адам өмірге өзіндік табиғи қасиеттерімен, қабілеттерімен келеді. Ал баланың бойындағы туа біткен қабілеттерді дамытатын – оқыту мен тәрбие. Неғұрлым баланың қабілеті мен талантын дамытуға ертерек көңіл бөлінсе, соғұрлым оны толық ашуға мүмкіндік туады. Бала бойындағы ерекше қасиеттерді үлкендер жеткілікті бағаламаса, ол өзгелер сияқты болып қалып қоюы мүмкін». Оқу іс-әрекетінде мұғалім мен оқушы тығыз байланыста болуы керек. Ол үшін мұғалім бар күш жігерін, педагогикалық шеберлігін оқушы бойындағы табиғи мүмкіндіктерді ашуға, үйлесімді дамытуға бағыттауы, шығармашылық тұрғыда дамуына жағдай жасауы қажет. Ал оқушы өз тарапынан белсенділік, дербестік көрсетуі, өзіне деген сенімділігі арқылы шығармашылық әрекетті қалыптастыра алады.
Шығармашылық - дәстүрлі және қалыптасқан ойлау желісінен өзгеше айрықша жаңа идеяларды әзірлеу үдерісі. Белгілі америкалық психолог А.Маслоудың пікірінше, бұл адамдардың барлығына тән, туа біткен табиғи қабілет болып табылады, алайда адамдардың басым бөлігі тәрбиесі мен оқуына және әлеуметтік тәжірибесіне байланысты оны жоғалтып алады. Күнделікті өмірде бұл шығармашылық қабілет әртүрлі тәсілдер мен заттарды пайдалану арқылы әдеттен тыс және ерекше тәсілдермен мақсатқа жету жолдарын және шешімдерін табу арқылы көрініс табады [2].
Шығармашылық қабілеттерді дамытудың алғышарттарына мыналарды жатқызуға болады:
шығармашылық қабілетінің деңгейін анықтау (топтау, бақылау, қалыптастыру);
қызығушылығын, таным белсенділігін арттыру;
оқушы мүмкіншілігіне сәйкес шығармашылық тапсырмаларды әдістемелік тұрғыда жүйелі түрде орындату;
шығармашылық қабілетін дамыту барысында қиындықтар мен қарама-қайшылықтарды есепке алып, зерттеу;
оқушының шығармашылық қабілетін кезең бойынша сатылап дамыту;
шығармашылық қабілеттерді дамыту жұмысын тәжірибе негізінде жинақтап, зерттеліп отырған мәселенің өсу динамикасын бақылау;
мұғалімнің ізденімпаздығы мен шығармашылығы.
Мұғалім осы шарттарды орындау арқылы шығармашыл тұлға тәрбиелеу бағытында табысты нәтижеге қол жеткізе алады.
Кез келген оқу әрекеттерін кері байланыспен аяқтау
Кез-келген білім алушы үшін маңызды ресурс - қағаз емес, электронды құрал емес, адами ресурс. Оқушылар жұмысты қандай деңгейде орындаса да, үнемі бағалануы тиіс, яғни мұғалім оқушыға үнемі тиімді кері байланыс беріп отыруы керек. Кері байланыс - белгілі бір әрекетті немесе оқиғаны түсіну, игеру, онымен келісіп, келіспейтіндігін көрсететін белгілі бір әрекет немесе оқиға туралы пікір, баға беру, жауапты реакция [2].
Оқушылардың қажеттіліктерін анықтау және қанағаттандыру жаңартылған оқу бағдарламасының оқу жоспарын рәсімдеуде маңызды болып табылады. Бірінші кезекте оқушылардың күшті жақтары мен олар кездестіретін қиындықтарды анықтап алу қажет. Бұл көп жағдайда оқушылардың ауызша жауаптарын бақылау арқылы және жазбаша жұмыстарын оқып тексеру арқылы жүзеге асады. Сонымен қатар, бұл ақпарат әр оқушының үлгеріміне көмектесетін жаттығуларды жоспарлау үшін пайдаланылады. Бұл үдерісті табысты етуге көмектесетін бірқатар элементтер бар:
- мұғалімдер оқушылардың қателік жіберуге қорықпай, тәуекелге бару мәдениетін қолдайды;
- мұғалімдер оқушыларға өз жұмысының сапасын бағалау тәсілдерін ойлап табуға көмектесу мақсатында барлық оқушылармен қарым-қатынас жасайды;
- мұғалімдер оқушылардың оқу мақсаттарына жетуіне мүмкіндік беру үшін оқу мақсаттарын белгілеу арқылы, мақсатқа жетуді бақылау және оқытуды түзету арқылы оқу үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етеді;
- мұғалімдер әртүрлі оқушылардың түрлі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін оқушылардың түсінуін бағалау тәсілдері мен оқытудың әртүрлі әдістерін үйлестіре қолданады;
- мұғалімдер оқушылардың жұмыстары туралы ауызша және жазбаша кері байланыс ұсынады, бұл кері байланыс уақтылы, айқын болып, нақты критерийлерге негізделеді.
Кері байланыс барысында мұғалім мен оқушы арасындағы сұхбатқа мән беріледі. Сұхбат барысында оқушының сөздік қоры молаяды. Қарапайым тілмен түсіндіруден бастап, деңгейі жоғарылаған сайын оқушы мазмұны күрделі сөздерді қолдануға бейімделеді. Мұғалім әр оқушының даму траекториясын қалыптастыру үшін олардың қабілеті мен сұранысына сай тиімді кері байланыс ұсына білуі қажет. Кейбір оқушылар белгіленген мақсатқа қол жеткізуі үшін арнайы көмекті қажетсінеді. Көмек ауқымы мен деңгейі де оқушы қажеттілігіне сай сараланған болуы тиіс.
Кері байланыс оқушылар арасындағы қарым-қатынастың жақсаруына да ықпал етеді. Сыныпта өз ойларын еркін жеткізе алмай, үндемей отыратын оқушылар да ашыла бастайды, оқушылар өз ойларын ашық түрде білдіреді, өз идеяларын, пікірлерін дәлелдеуге қызығушылықтары артады. Қажетті жетістікке жетуде кері байланыс қаншалықты жиі берілсе, соншалықты оқушының оқуға деген оң ынтасының артатыны байқалады.
Достарыңызбен бөлісу: |