Әлеуметтік жұмыс орындарының саны шектелмейді.
Әлеуметтік жұмыс орындарындағы жұмыс уақытша сипатқа ие болады. Азаматтардың әлеуметтік жұмыс орындарына қатысу ұзақтығы 12 айдан аспайды.
Әлеуметтік жұмыс орындары жұмыссыздар үшін құрылады, олардың арасында Заңның 20-бабы 2-тармағының 1) – 9) тармақшаларында көрсетілген адамдар басымдыққа ие болады.
Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган:
1) әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға сұраныс пен ұсынысты қалыптастырады;
2) әлеуметтік жұмыс орындарын құруға өтінім берген өңірлердегі ұйымдардың тізбесін (бұдан әрі – тізбе), ұйымдастырылатын жұмыс орындарының санын және нақты жұмыс шарттарын, төленетін еңбекақы мөлшерін және оларды қаржыландыру көздерін бекітеді.
Жұмыс берушілердің тізбесі қажетіне қарай күнтізбелік жыл ішінде жаңартылып отырады.
Халықты жұмыспен қамту орталығы бекітілген тізбеге сәйкес жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға және қаржыландыруға жұмыс берушімен шарт жасасады.
Жұмыссыздар әлеуметтік жұмыс орындарына қатысу үшін халықты жұмыспен қамту орталықтарына Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларына сәйкес өтініш пен құжаттарды береді.
Халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыссыздарға әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасу мәселесі бойынша консультация береді және олар келіскен жағдайда әлеуметтік жұмыс орнына жолдама береді.
Жұмыс беруші үш жұмыс күні ішінде халықты жұмыспен қамту орталығына жұмысқа қабылдағаны немесе қабылдаудан бас тартқаны туралы хабарлайды.
Жұмыс берушілер әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастырудың белгіленген тәртібін бұзған жағдайда әлеуметтік жұмыс орындарына қатысушыларға жалақының субсидияланған бөлігін төлеуге мемлекет жұмсаған шығыстарды жұмыс берушілердің бюджетке өтеуімен олармен жасалған тиісті шарт бұзылуға тиіс.
Әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілген жұмыссыздарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы қолданылады.
Бос орын пайда болған кезде және қатысушының келісімімен жасалған еңбек шартының мерзімі аяқталғанға дейін жұмыс берушінің бастамасы бойынша тұрақты жұмысқа орналастыруға рұқсат беріледі. Бұл ретте жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығына Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген мерзімдерде тұрақты жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтың көшірмесін жолдайды.
Әлеуметтік жұмыс орындарын қаржыландыруды халықты жұмыспен қамту орталығы әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан жұмыссыздарға еңбекақы төлеуге жұмсалған жұмыс беруші шығындарының бір бөлігін өтеуге субсидия беру жолымен республикалық немесе жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырады.
Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан жұмыссыздардың жалақысына берілетін ай сайынғы субсидия мөлшері экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды және пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақыны ескергенде жалақының белгіленген мөлшерінің 35 %-ын құрайды, бірақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда айқындалған ең төменгі жалақы мөлшерінен аспауға тиіс.
Мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін үкіметтік емес ұйымдар құратын әлеуметтік жұмыс орындарының жалақысын субсидиялау мөлшерін жергілікті атқарушы орган дербес белгілейді.
Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан жұмыссыздарға еңбекақы төлеуді жұмыс беруші еңбек шартында белгіленген мөлшердің негізінде нақты жұмыс істеген уақытына ай сайын жүргізеді.
Орындалатын жұмыстың көлеміне және күрделілігіне қарай жұмыс беруші өз қаражаты есебінен, қажет болған жағдайда, нақты орындалған жұмыс үшін қосымша үстемеақылар белгілейді.
Жастар практикасын ұйымдастыру
Жастар практикасы білім беру ұйымдары түлектерінің меңгерген кәсібі (мамандығы) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алуы мақсатында түлектер үшін ұйымдастырылады.
Жастар практикасы меңгерген кәсібі (мамандығы) бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының, оқуды аяқтаған кейінгі 3 жыл ішіндегі және жиырма тоғыз жастан аспаған түлектері қатарындағы жұмыссыздарға арналған.
Жастар практикасы барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда ұйымдастырылады.
Жастар практикасы тұрақты жұмыс орындарынан тыс және бос тұрақты жұмыс орындарынан тыс жүргізіледі. Мұндай жұмыс орындары ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда құрылмайды.
Жастар практикасы бойынша жұмыс орындарының саны шектелмейді.
Жастар практикасы бойынша жұмыс уақытша сипатқа ие болады. Жастар практикасының ұзақтығы 6 айдан аспайды.
Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган:
1) жастар практикасын ұйымдастыруға сұраныс пен ұсынысты қалыптастырады;
2) жастар практикасын ұйымдастыруға өтінім берген өңірлердегі ұйымдардың тізбесін, білім беру ұйымдары түлектерінің қатарынан тартылатын жұмыссыздардың санын, олардың еңбек жағдайын және еңбегіне ақы төлеу мен қаржыландыру көздерін айқындайды.
Ұйымдардың тізбесі жыл бойы қажетіне қарай жаңартылып отырады.
Халықты жұмыспен қамту орталығы бекітілген тізбеге сәйкес жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін жастар практикасын қаржыландыруға жұмыс берушімен шарт жасасады.
Жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығымен жасалған шарт негізінде жастар практикасын өту үшін жұмыс орындарын құрады. Жұмыс орындары түлектердің білім беру ұйымдарында меңгерген кәсібіне (мамандығына) сәйкес келеді.
Жастар практикасына қатысу үшін жұмыссыздар халықты жұмыспен қамту орталықтарына Жастар практикасын ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларына сәйкес нысан бойынша өтініш береді.
Халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыссыздарға жастар практикасын өту мәселесі бойынша консультация береді және олар келіскен жағдайда жастар практикасына жолдама береді.
Жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығына жұмысқа қабылдағаны немесе қабылдаудан бас тартқаны туралы хабарлайды.
Жұмыс беруші мен жастар практикасына қатысатын жұмыссыз арасында еңбек шарты жасалады.
Жастар практикасына жіберілген жұмыссыздарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы қолданылады.
Бос орын пайда болған кезде және қатысушының келісімімен жасалған еңбек шартының мерзімі аяқталғанға дейін жастар практикасына жұмыс берушінің бастамасы бойынша тұрақты жұмысқа орналастыруға рұқсат беріледі. Бұл ретте жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығына Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген мерзімдерде тұрақты жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтың көшірмесін жолдайды.
Жұмыс беруші жастар практикасына қатысушыға кәсіптік білімі мен жұмыс тәжірибесін беру үшін тәжірибелі қызметкерлер қатарынан тәлімгерді бекітеді.
Жұмыс берушілер жастар практикасын ұйымдастырудың белгіленген тәртібін бұзған жағдайда жастар практикасына қатысушыларға жалақы төлеуге мемлекет жұмсаған шығыстарды жұмыс берушілердің бюджетке өтеуімен олармен жасалған тиісті шарт бұзылуға тиіс.
Жастар практикасын қаржыландыру республикалық немесе жергілікті бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да көздерден жүзеге асырылады.
Түлектер қатарындағы жастар практикасына қатысушыларға жалақыны қаржыландыру еңбек шартына сәйкес алты ай ішінде жүзеге асырылады.
Республикалық немесе жергілікті бюджеттен айына субсидиялау, экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді қоспағанда, мөлшері 25 айлық есептік көрсеткішті (салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақыларды және банк қызметтерін ескергенде) құрайды.
Жергілікті бюджет қаражаты есебінен жастар практикасына жіберілген жеке тұлғалардың еңбекақысын қоса қаржыландыру және субсидиялау жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша жүзеге асырылады.
Мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына және жастар практикасына 2016 жылы «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде жіберілген адамдарға бұрын жасалған шарттардың мерзімдері аяқталғанға дейін осы Бағдарламаның шеңберінде әлеуметтік жұмыс орындарындағы жұмысын жалғастыруға және жастар практикасын өтуге құқық беріледі.
Қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру
Халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыссыздарды уақытша жұмыспен қамтамасыз ету үшін қоғамдық жұмыстарды ұйымдастырады. Қоғамдық жұмыстар жұмыскердің алдын ала кәсіптік даярлығын талап етпейді және әлеуметтік пайдалы бағыттылығы бар.
Қоғамдық жұмыстар жергілікті бюджет қаражаты және жұмыс берушілердің тапсырыстары бойынша олардың қаражаты шегінде қаржыландырылады.
Қоғамдық жұмыстарға қатысуға:
1) жұмыссыздардың;
2) жазғы демалыс кезеңінде студенттердің және жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларының;
3) жұмыстың тоқтап тұруына байланысты жұмыспен қамтамасыз етілмеген адамдардың құқығы бар.
Қоғамдық жұмыстарға қатысуға:
1) жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді алмайтын жұмыссыздар;
2) халықты жұмыспен қамту орталығында алты айдан астам есепте тұрған жұмыссыздар басым құқықты пайдаланады.
Адамдардың қоғамдық жұмыстарға қатысуы, олардың халықты жұмыспен қамту орталығында тіркелген күніне сәйкес кезектілік тәртібінде олардың келісімімен жүзеге асырылады.
Бағдарлама шеңберінде азаматтардың қатысу шарттары және қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібі Қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларында айқындалады.
5.3.2. Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру
Жұмыс күші тапшы өңірлерді жұмыс күшімен қамтамасыз ету, өңірлердегі диспропорция мен демографиялық теңгерімсіздікті жою мақсатында Бағдарлама шеңберінде өз еркімен қоныс аударуға жәрдемдесу есебінен еңбек ресурстарының аумақтық ұтқырлығы ынталандырылады.
Қазақстан Республикасының азаматтары, оралмандар және олардың отбасы мүшелері жаңа тұрғылықты жерге ерікті түрде қоныс аудару бойынша Бағдарламаға қатысушылар болып табылады.
Жаңа тұрғылықты жерге ерікті түрде қоныс аудару үшін:
1) жиырма тоғыз жасқа дейінгі жастар, оның ішінде балалар ауылдарының тәрбиеленушілері мен балалар үйлерінің, он алтыдан жиырма үш жасқа дейінгі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп интернаттардың түлектері;
2) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының түлектері оқу орнын бітіргеннен кейін үш жыл ішінде;
3) оқуды аяқтаған Бағдарламаның бірінші бағытына қатысушылар;
4) оралмандар;
5) жұмыс беруші – заңды тұлғаның таратылуына не жұмыс беруші – жеке тұлға қызметінің тоқтатылуына, жұмыскерлер санының немесе штатының қысқаруына, жұмыс берушінің экономикалық жағдайының нашарлауына әкеп соққан өндірістердің және орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемінің төмендеуіне байланысты жұмыстан босатылған адамдар басым құқықты пайдаланады.
Бағдарламаға қатысушыларды ерікті түрде қоныстандыру жұмыс күші көп облыстардан (бұдан әрі – шығу өңірлері) жұмыс күші тапшы облыстарға (бұдан әрі – келу өңірлері) жүзеге асырылады.
Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстары кейінгі 10 жылда облыстағы халық саны жыл сайын 2 %-ға артық өсетін және/немесе халқының тығыздығы шаршы метрге 6,4 артық адамды құрайтын шығу өңірлері деп айқындалған.
Бағдарламаға қатысушыларды қоныстандыру үшін өңірлер Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалады («Оралмандар мен қоныс аударушыларды қоныстандыру үшін өңірлерді айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 18 ақпандағы № 83 қаулысы).
Бағдарламаға қатысушыларды мемлекеттік қолдау көшуіне және тұрғын үй жалдауға (жалға алуға) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығыстарын өтеуге субсидиялар беруді қамтиды.
1) көшуге субсидия – әрбір отбасы мүшесіне отыз бес еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір рет;
2) тұрғын үйді жалдау (жалға алу) бойынша шығыстарды өтеуге субсидия – қалалық жерге қоныс аударғандар үшін он екі ай ішінде ай сайын:
2.1) бір адам үшін – жиырма еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
2.2) отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болған кезде –жиырма бес еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
2.3) отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде – отыз еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
3) тұрғын үйді жалдау (жалға алу) бойынша шығыстарды өтеуге және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге субсидия – ауылдық жерлерге қоныс аударулар үшін он екі ай ішінде ай сайын төлеу:
3.1) бір адам үшін – он бес еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
3.2) отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болған кезде – он сегіз еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
3.3) отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде – жиырма еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
Үкімет айқындаған өңірлерге келген оралмандарға субсидиялар шығу өңіріне және жұмысқа орналасу фактісіне қарамастан төленеді.
Жергілікті атқарушы органдардың 2017 жылғы 1 қаңтарға дейін ұсынған өтінімдері бойынша Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарына баратын Бағдарламаға қатысушыларды мемлекеттік қолдау мыналарды қамтиды:
1) көшуге субсидия – әр отбасы мүшесіне отыз бес айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне бір рет;
2) жұмыс беруші жұмысшыға қызметтік тұрғын үй ұсынған жағдайды қоспағанда, тұрғын үй, қызметтік тұрғын үй және жатақханалардан бөлме беру.
Бағдарламаға қатысушыларды мемлекеттік қолдау шаралары орын алған қоныс аудару және жұмысқа орналасу (нақты қоныс аударғандар) фактісі бойынша да, жоспарлы қоныс аудару фактісі (әлеуетті қоныс аудару) бойынша да көрсетілуі мүмкін.
Келу өңірлерінің халықты жұмыспен қамту орталықтары халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органға:
1) жұмыс берушілердің еңбек ресурстарына қажеттілігі;
2) жұмыс берушілердің кәсіптер бөлінісінде жұмыс күшіне сұранысын қанағаттандыру үшін қосымша еңбек ресурстарын тарту қажеттігі туралы ақпаратты ұсынады.
Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган шығу өңірлерінен қосымша еңбек ресурстарын кәсіптер бөлінісінде тарту жөніндегі ұсынысты қарап, өңірлік комиссияға жолдайды.
Келу өңірлерінің өңірлік комиссиясы шығу өңірлерінен қосымша еңбек ресурстары тартылатын кәсіптер тізбесін (бұдан әрі – тізбе) ҚР МК 01-2005 қызметтер сыныптауышына сәйкес бекітеді.
Тізбеге басым тәртіппен мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар шеңберінде іске асырылатын жобаларға тарту үшін білікті жұмыскерлердің кәсіптері қосылады.
Шығу өңірлерінен келу өңірлеріне ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу:
1) мемлекеттік қызметшілерге;
2) ҚР МК 01-2005 қызметтер сыныптауышының тоғызыншы тобына жататын біліктілігі төмен жұмысшыларға;
3) ҚР МК 01-2005 қызметтер сыныптауышының бірінші тобына жататын басшыларға қолданылмайды.
Нақты қоныс аударушылар үшін мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну тетігі:
1) Бағдарламаға қатысуға ниет білдірген, шығу өңірлерінен өздігінен қоныс аударған адамдар жаңа жұмыс орнына жұмысқа орналасқан сәттен бастап үш айдан кешіктірмей келу өңірлерінің халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгінеді;
2) келу өңірлерінің халықты жұмыспен қамту орталықтары үміткерлерге Бағдарламаға қатысу тәртібі және шарттары және мемлекеттік қолдау шараларын көрсету туралы консультация береді;
3) үміткерлер келіскен кезде келу өңірлерінің халықты жұмыспен қамту орталықтарына халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдарды ерікті түрде қоныстандыру қағидаларына сәйкес құжаттарды қоса бере отырып, нысан бойынша өтініш береді;
4) келген жеріндегі халықты жұмыспен қамту орталықтары 10 жұмыс күні ішінде үміткерлердің өтініштері мен құжаттарын Бағдарламаны іске асыру жөніндегі аудандық (қалалық) комиссияның қарауына жібереді;
5) аудандық (қалалық) комиссияның отырысы Бағдарламаға қатысуға өтініштер мен құжаттардың келіп түсуі бойынша өткізіледі;
6) Бағдарламаға қатысуға өтініш берген адамдардың құжаттарын қарау қорытындысы бойынша аудандық комиссиялар 10 жұмыс күні ішінде азаматтарды, оралмандарды Бағдарламаға қатысушылар құрамына қосу не қосудан бас тарту туралы ұсынымдар әзірлейді;
7) халықты жұмыспен қамту орталығы аудандық (қалалық) комиссиядан ұсынымдар алғаннан күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде өтініш берушілерді Бағдарламаға қатысушылар құрамына қосу не қосудан бас тарту туралы шешім қабылдайды (еркін нысанда);
8) келген жеріндегі халықты жұмыспен қамту орталықтары өтініш берушілерді Бағдарламаға қатысушылардың құрамына қосу не қосудан бас тарту туралы шешім қабылдаған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде ол туралы өтініш берушілерге хабарлайды;
9) халықты жұмыспен қамту орталықтары қоныс аударушылармен және/немесе оралмандармен жеке әлеуметтік келісімшарт жасасады;
10) үміткерлерді іріктеу өлшемшарттары халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдарды ерікті түрде қоныстандыру қағидаларына сәйкес айқындалады.
Әлеуетті қоныс аударушылар үшін мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну тетігі:
1) Бағдарламаға қатысуға ниет білдірген, шығу өңірлерінен қоныс аударуды жоспарлаған адамдар шығу өңірлерінің халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгінеді;
2) шығу өңірлерінің халықты жұмыспен қамту орталықтары үміткерлерге Бағдарламаға қатысу тәртібі және шарттары және мемлекеттік қолдау шараларын көрсету туралы консультация береді.
3) келу өңірлерінің халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдары шығу өңірлерінің халықты жұмыспен қамту орталықтарын келу өңірлері, қосымша еңбек ресурстары қажет кәсіптер, мамандарға қойылатын талаптар, жұмыс шарттары туралы ақпаратпен қамтамасыз етеді;
4) Бағдарламаға қатысуға келісім берген кезде үміткерлер шығу өңірлерінің халықты жұмыспен қамту орталықтарына халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдарды ерікті түрде қоныстандыру қағидаларына сәйкес құжаттарды қоса бере отырып, нысан бойынша өтініш береді;
5) шығу өңірлерінің халықты жұмыспен қамту орталықтары 5 жұмыс күні ішінде Бағдарламаға қатысушылардың құрамына қосу туралы ұсынысты келу өңірлерінің халықты жұмыспен қамту орталықтарына жібереді және ол туралы өтініш берушілерге хабарлайды;
6) келу өңірлерінің халықты жұмыспен қамту орталықтары 5 жұмыс күні ішінде үміткерлердің өтініші мен құжаттарын Бағдарламаны іске асыру жөніндегі аудандық (қалалық) комиссияның қарауына жібереді;
7) келген жеріндегі халықты жұмыспен қамту орталықтары өтініш берушілерді Бағдарламаға қатысушылардың құрамына қосу не қосудан бас тарту туралы шешім қабылдаған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде ол туралы шығу өңірлерінің халықты жұмыспен қамту орталықтарына хабарлайды;
8) келу өңірлерінің халықты жұмыспен қамту орталықтары қоныс аударушылармен және/немесе оралмандармен жеке әлеуметтік келісімшарт жасасады;
9) жаңа жерге қоныс аударғаннан және нақты жұмысқа орналасқаннан кейін Бағдарламаға қатысушылар келу өңірлерінің халықты жұмыспен қамту орталықтарына халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдарды ерікті түрде қоныстандыру қағидаларына сәйкес құжаттарды береді.
Жергілікті атқарушы органдардың 2017 жылғы 1 қаңтарға дейін ұсынған өтінімдері бойынша Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарына баратын Бағдарламаға қатысушыларды мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну тетігі
1) шығу өңірлерінде тұратын қатысуға үміткерлер көшуге өтінішпен халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінеді, халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдарды ерікті түрде қоныстандыру қағидаларында көзделген құжаттарды қоса береді;
2) халықты жұмыспен қамту орталығы қоныстандыру өңірлеріндегі жұмыс берушілердің қажеттіліктерін ескере отырып, Бағдарламаға қатысушылардың құжаттарын қатысуға іріктеу өлшемшарттарына сәйкестігі тұрғысынан қарайды, өтініш берушілермен көшудің ықтимал нұсқаларын келіседі және қоныстандыру үшін өңірдің халықты жұмыспен қамту орталығына 10 жұмыс күні ішінде құжаттарды жібереді;
3) қоныстандыру өңірлерінің халықты жұмыспен қамту орталықтары үміткерлердің өтініштері мен құжаттарын 10 жұмыс күні ішінде Бағдарламаны іске асыру жөніндегі аудандық (қалалық) комиссияның қарауына жібереді.
4) қоныстандыру өңірлерінің халықты жұмыспен қамту орталықтары өтініш берушілерді Бағдарламаға қатысушылардың құрамына қосу не қосудан бас тарту туралы шешім қабылданған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде шығу өңірлерінің халықты жұмыспен қамту орталықтарын хабардар етеді;
5) Бағдарламаға қатысушылар тізіміне енгізілген адамдар мен қоныстандыру өңірлерінің халықты жұмыспен қамту орталығы арасында әлеуметтік келісімшартқа қол қойылады, ол көшу бойынша әлеуметтік қолдаумен қатар, жаңа жерде жұмысқа орналасу жөніндегі іс-шараларды қамтиды;
6) әлеуметтік келісімшарт талаптарының орындалуын халықты жұмыспен қамту орталығы бақылайды.
Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдарды ерікті түрде қоныстандыру қағидаларына сәйкес растайтын құжаттардың негізінде қоныстандыру өңірлерінің халықты жұмыспен қамту орталықтары Бағдарламаға қатысушыларға көшуге және тұрғын үй жалдауға (жалға алуға) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуге субсидияны карт-шотқа ақша аудару арқылы төлейді.
Бағдарламаға қатысушыларды ерікті түрде қоныстандыру бойынша шараларды қаржыландыру республикалық немесе жергілікті бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да көздерден жүзеге асырылады.
2017 жылы Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарына қоныс аударатын Бағдарламаға қатысушылар үшін тұрғын үй салу және/немесе сатып алу халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдарды ерікті түрде қоныстандыру қағидаларына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында Бағдарламаға қатысушылар үшін тұрғын үй және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар салуды қаржыландыру құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі уәкілетті орган арқылы жүзеге асырылады.
Жергілікті атқарушы органдар халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдарды ерікті түрде қоныстандыру қағидаларына сәйкес жергілікті бюджет қаражаты есебінен қоныс аударушылар үшін жатақханалар салуды және/немесе тұрғын үй сатып алуды жүзеге асырады.
Салынған жатақханалар мен сатып алынған тұрғын үйлерге, оның ішінде «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде, Бағдарламаға қатысушыларды қоныстандыру тәртібі халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдарды ерікті түрде қоныстандыру қағидаларында айқындалады.
5.3.3. Жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаң құру
Бағдарламаның осы бағыты жұмыс іздеу және персоналды іріктеуге жәрдемдесу үшін «Еңбек биржасы» еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық базасын құруды көздейді.
«Еңбек биржасы» еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық базасында:
1) әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесінің бөлігі болып табылатын және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған «Еңбек нарығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесіндегі (ААЖ);
2) жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктерінің дерекқорындағы;
3) жұмыс іздеу және персоналды іріктеу интернет порталындағы (бұдан әрі – портал) деректер қамтылған.
«Еңбек нарығы» ААЖ жұмысқа орналастыруда делдалдық көрсету, мониторинг жүргізу және есептілікті қалыптастыру және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялауды қоса алғанда, халықаралық өзара іс-қимыл мақсатында халықты жұмыспен қамту орталықтарының қызметін автоматтандыруға арналған.
Достарыңызбен бөлісу: |